Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2023 0 пікір 17 Тамыз, 2011 сағат 07:41

Нұрлан Қабдайұлы. Цирк

Алматы деген аты зор ғой. Шешесі қырық жыл бұрын жыртыстан алған жарым метр қыж-мыж матаның шетін жыртып, жүз қабаттап орап қолтықтың астынан жөрмеп берген бес-он теңгені дүниенің байлығын қолтықтағандай терши қысып, бір көйлек, бір дамбал салған боқшасын арқалап, борсаңдай жеткен бозөкпе де, мұнда жүрсе, түкпірде қалғандарға төбедей болып көрінеді. Әйтеуір, Құдайдың алдында ұятты болмасын дегендей, қағба тұтпайтындарына шүкір. Әйтпесе, айттым ғой, Алатаудың башпайына шаншылып, мұрын астындағы мың жылдық шаһарды ақпаратпен ауыздандырып тұрған телебашниядай аспандап кеткенсің. Жан бағам, жұмыршаққа жұғым іздеймін деп жүріп, Алматының көк түтініне емес, алас-қапас тірлікке өкпе қабындырарыңды қайдан білсін олар. Оның үстіне осы не бітіріп жүр екен деп сынай қараған сүйекшатыстың көзіне, сыртқы жүніңді қампайтып, сидаң қағарың және бар.

Алматы деген аты зор ғой. Шешесі қырық жыл бұрын жыртыстан алған жарым метр қыж-мыж матаның шетін жыртып, жүз қабаттап орап қолтықтың астынан жөрмеп берген бес-он теңгені дүниенің байлығын қолтықтағандай терши қысып, бір көйлек, бір дамбал салған боқшасын арқалап, борсаңдай жеткен бозөкпе де, мұнда жүрсе, түкпірде қалғандарға төбедей болып көрінеді. Әйтеуір, Құдайдың алдында ұятты болмасын дегендей, қағба тұтпайтындарына шүкір. Әйтпесе, айттым ғой, Алатаудың башпайына шаншылып, мұрын астындағы мың жылдық шаһарды ақпаратпен ауыздандырып тұрған телебашниядай аспандап кеткенсің. Жан бағам, жұмыршаққа жұғым іздеймін деп жүріп, Алматының көк түтініне емес, алас-қапас тірлікке өкпе қабындырарыңды қайдан білсін олар. Оның үстіне осы не бітіріп жүр екен деп сынай қараған сүйекшатыстың көзіне, сыртқы жүніңді қампайтып, сидаң қағарың және бар.

Жарым дүниенің қызығы дипломы бардың дипломатында жүргендей көрінетін баяғының бай заманы оқыра тиген құнажындай құйрығын көкке шаншып, безіп жоғалғалы қай заман. Осы күнде қандай да бір кәсіп иесі екеніңе куәлік берер қос бет қатырма қағазды қос қабаттап жинасаң да, жарым паралық жылпос таныстың пысықайлығындай септігі тимес-ау сірә. Диплом бар, таныс жоқ. Болса да тамырын басып, аңқасын жібітерлік дәрмен кем, жұмыс сұрай барған жерлері оқу бітіргеніне әлі ай толмаған жас кадрдан стаж сұрап станын терлетіп, қадірін қашыра берген соң, бауырым артымнан келіпті. Алматыға. Ал қайт дейсің ендеше деп борбайды дыр-дыр қасып жатып ап, жамбас ұйытатын заман емес. Жұмыс қарастыру керек. Қол ұстасып тентіресек қопарып-ақ тастайтындай танауымыз делдиіп көшеге шықтық. Табан астына шоқ болып түсіп, тірі адам тұрмақ термометріңнің тілін салақтатып жіберетін Алматының аптабынан бас сауғалап, көлеңкеден көлеңке қуып, безіп отырып «Қазақ әдебиетіне» келдік. Сондағы Елдар інішектің қасына шошайтып кеттім, баурымды. Өзі де компьютердің маманы, газеттің дизайнын үйрене берсін деп. Бірінші қабатқа түссем тас қабырғаның тастай лебіне миын желдетіп Бейбіт құрдасым отыр екен. Жөн сұрастық. Сөзден сөз шығармаса ішкен сырасы ішіне жұқпайтын қылжақбас неме:

- Сендер осы нешеусіңдер? - дейді.

-  Онбыз.

-  Шалдарың өліп кетсе де, біраз шаруаны тындырып кеткен екен де. Біз төртеу ғанамыз.

- Есесіне, сендердің шалдарың тірі жүр ғой - дедім. Күледі. Қоштасып көшеге шықтым. Тап бір тыныштықтың пердесін дар айырып, ыстығы аралас

ызыңымен-ақ кісіні шыбжың қақтыратын тамұқтың қара қазанына күмп бергендеймін. Бір жаққа асығып бара жатқан, бір жақтан асығып келе жатқан мазасыз адамдар. Мазасыз адамдарды мықшита тиеп, бірінің демімен бірін шыжғырып жоғалатын «резеңке» автобустар қою кептелістің қойнына тұмсық тығып, бір сәт бүйірі солқылдап, үйездеп тұр. Айналдыра-айналдыра бояуы көшкен кинолентаның көре-көре жауыр болған ақжемтір кадрындай үйреншікті көріністен құтылғанша асығасың. Ондайда ақтүтек боранда адастырмай әкеп ауылдың үстінен түсіретін мініс аттай әйтеуір, майтабанның майын сұрамайтын екі аяққа ерік беріп, сосын ойыңды баяғы бір заманда өтіп кеткен басқа бір дүниенің елесіне жетектетіп қоя бермесең, қыршаңқы қылып тынады...

...Цирк дегені бигудиін жаңа тастағандай бұйра-бұйра, өз құлағын өзі басып кетіп, омақа асатындай көрінетін бір ақ ит, бір қара ит ерткен бір еркек, бір әйел, бір балаң жігіт екен. Үш орыс. Үш орыс үш жүздің қазағын дәрегейіне шақ көрмеген кешегі паң күні көзден бір-бір ұшып, бүгін сол қазаққа өнерін сатпаса аштан өлеріне қорлана ма, әлде үрпиіп жолында тұрған біздерге қарап, осы ауылдан өтірік те болса езу тартатын тірі жан таба аларына күмәндана ма, жүздері сынық. Құдды күлкінің хабарын естірткелі түсіп жатқандай. Енді қайтсын. Елді торықтырып, ерді зорықтырып біткен тоқсаныншы жылдардың тоқырау кезі. Аренадағы әр қимылға меңірейе қарап, бірде ішек-сілесі қатқанша күліп, бірде ішегін тарта сілтідей тына қалып, маймылдың қолтық қасығанына да қол шапалақтап жататын қаланың баяғы қалың көрермені жоқ. Күнкөрістің жалғыз дәнекері - айлықтың арасы ай емес, маусым аралап кеткен. Қалалықтар тұрмақ, әйтеуір малы бар ғой, малы болған соң майлығы да кебе қоймаған шығар деп әспенсітетін ауыл қазағының өзіне бірлі-жарым сауын сиырдың ауын бақтырып қойған алмағайып заман. Дегенмен, бәрі бір ыңыршағы айналып жатып та ырысын күйттеп ыңыранып жататын ауылдың аты ауыл. Базар мен екі араға ұлтаны қажалып, сайқымазақтан ары саталақ кепке түскен қалалықтарға қадір кеміп, ауыл-үйдің қотанын жағалып, көң сапырып кеткені содан болса керек, көшпелі цирктің. Жоғарғы елдің әмиянына әжім түсіріп, енді төменгі елдің қалтасын саууға шыққан беттері екен. Дәметкен келіншектей омырау сыздағанда, біздің ауыл да аяқ суытып, аптатып аларға жарап қапты.

Аренаға мектептің спортзалын лайық көріп, арқалып келген асай-мүсейлерін сонда тасып кіргізді. Басқы көшенің желді ауыздары аяққы көшенің салпы еріндерін лакаторша баққан шағын ауылдың айтушың кім деп ауыз таңдамайтын тегін өсегімен жетектескен жарнама шіркін, ресмиінен бұрын тарап үлгерді. Түске дейін бір қойылым, түстен кейін бір қойылым. Бақыры барлар шұбыра кіріп, батылы барлар қосақ арасынан саңылау іздеп босағада ошарылып тұр. Батылсыз, бақыры да жоқ біз секілділер, е, сонда не қызық бар дейсіңмен көңіл жұбатып, үйді-үйіне қайқайып барады...

...Алқын-жұлқын кіріп кеп, боқшасын босағадан төрге атқан кенже бауырым қазан-аяқты адаспай тауып, қара нанды қарбытып-қарбытып асап жіберіп, сосын ұрты бұлтыңдап қайтадан есікке беттеген. Жолай бұрышта тұрған флягқа аялдап, жарты шөміш жылымыш суды қылқ-қылқ еткізіп қотарып алды.

- Әй, қайда кеттің?

- Школға. Әншейінде алдыға салып айдап апаратын сол школға енді неғып

аңсары ауа қалғанын.

- Онда не бар?

- Цирк кепті, соған барам. Цирк тап өзін іздеп келгендей аптығады.

- Оны қай ақшаңа көрмексің?

- Ақша керек жоқ.

-  Е...

- Жетімдерге тегін екен. Бір үйден бір бала... Мұғалім өзі айтты. Біз күлдік.

Шешем күрсінді. Мұғалмнің «бір үйден бір жетім...» дегенді ішінен айтқанына шүкір. Өлген әкесінің арқасында тегін қызыққа қарқ болған cәби неме, өмір әлі талай «сыйын» тегін үлестірерін қайдан білсін. Құлдыраңдай шауып жоғалды... Сол күні кешке ойдағыдай ойын көрсеткен көшпелі цирк, басқа ауылдың да «жетімдерін түгендеу» үшін жолға шығыпты.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502