Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәселенің мәні 8606 6 пікір 6 Желтоқсан, 2019 сағат 11:35

Зейнеткерді бейнетке салуға болмайды!

ҚР Еңбек және халықты

әлеуметтік қорғау министрі

Б.Б. Нұрымбетовке!

Құрметті Біржан Бидайбекұлы!

Биыл «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңының «Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшiн еңбек өтілін есептеу» деген 13-бабына жаңа тармақ қосылып, зейнетақы тағайындау кезінде «Қазақстан Республикасына тарихи отанында тұрақты тұру мақсатында келген этностық қазақтардың шығу еліндегі еңбек қызметі» есепке алынатын болды.

Сөйтіп, 28 жылда шешілмеген түйін тарқатылып, зейнет жасындағы Қазақстан азаматтығын алған қандастарымыздың зейнетақысы белгілі мөлшерде көбейтіліп берілуде.

Бұл – өз кезегінде, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей пәрменімен Үкіметіміздің шеттен оралған қандастарымыз үшін жасалған тағы бір зор қамқорлығы деп есептеймін!

Бірақ, осы тармақтың атқарылуы барысында туындаған екі мәселені Сіздің назарыңызға салып, зейнеткерлердің зенетақы рәсімдеудегі қиыншылығын шешіп беруіңізді өтінуіме тура келіп отыр.

Бар мәселе – аудандық жұмыспен қамту орталығы шеттен оралған қандастарымыздың еңбек өтілін дәлелдейтін құжат талап еткенде туындап отыр.

Өкінішке орай, Қытай Халық Республикасынан оралған зейнет жасындағы қандастарымызда ондай құжат жоқ.

Бар болғаны, Қытайда Үкімет қызметінде болып, зейнетке шыққан азаматтарда «Зейнеткерлік куәлік» бар. Тек қана мемлекеттік қызметтен зейнетке шыққандарда ғана!

Ал, былайғы малшы-дихандарда «Еңбек кітапшасы» немесе «Зейнеткерлік куәлік» дегеніңіз атымен жоқ. Себебі, Қытайда оларға зейнетақы тағайындалмайды. Соңғы жылдары жәрдемақы ғана беріліп жатқан көрінеді. Жалпы, Қытайдағы тәртіп солай.

Сол себепті, малшы-дихан, зауыт жұмысшылары, бір сөзбен айтқанда қарапайым ауыл адамдары өзінің бұрынғы тұрғылықты жерінен еңбекке қатысқан жылын дәлелдейтін «Анықтама» ғана әкеле алады.

Еліміздің өңірлердегі аудандық жұмыспен қамту орталығы қызметкерлері ауылда қара еңбекпен жанын бағып, сосын Қазақстанға оралған зейнеткерлерден Қазақстандағы стандартталған «Еңбек кітапшасы» секілді құжат немесе «Зейнеткерлік куәлік» талап етіп жатыр екен.

Осыған байланысты, бүгінгі таңда Қытайдан оралған ата-апаларымыз  әлі күнге дейін зейнетақысын рәсімдей алмай, Үкіметтің заңдастырылған қамқорлығынан қағылуда.

Сізден осы мәселені өз назарыңызға алып, Қазақстан Республикасына тарихи отанында тұрақты тұру мақсатында келген этностық қазақтарға зейнетақы тағайындау және жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы бұйрығыңызды қайта қарап, Қытайдан орлған зейнет жасындағы қандастарымыздың тек «Зейнеткерлік куәлік» және еңбек өтілін дәлелдейтін «Анықтама» ғана ұсына алатынын баса ескеруіңізді сұраймын.

Бұл – бір!

Екінші, аталған жаңа тармақшадағы «еңбек қызметі» деген ұғым Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексінде пайдаланылмаған.  Есесіне, Еңбек Кодексінде «еңбек өтілі» деген ұғымға заңдық анықтама берілген.

Сол үшін, Қазақстан Республикасына тарихи отанында тұрақты тұру мақсатында келген этностық қазақтардың шығу еліндегі «еңбек қызметі» деген сөзді «еңбек өтілі» деп өзгерту керек деп есептеймін.

Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңының «Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшiн еңбек өтілін есептеу» деген 13-бабының   15) тармағында Қазақстан Республикасының аумағындағы және одан тыс жерлердегі жоғары оқу орындарында, оның ішінде даярлық курстарында, арнаулы орта оқу орындарында, училищелерде, мектептерде және кадрлар даярлау, біліктілікті арттыру және қайта мамандандыру курстарында, аспирантурада, докторантурада және клиникалық ординатурада, сондай-ақ рухани (діни) білім беру ұйымдарында оқыған жылдары да еңбек өтілі болып есептеледі екен ғой?!

Ендеше, осы тармақшада Қазақстан Республикасына тарихи отанында тұрақты тұру мақсатында келген этностық қазақтардың да шығу еліндегі жоғарыда көрсетілген санаттағы оқу орындарында оқыған жылдары  «еңбек өтілі» болып қамтылуы керек қой?!

Сол үшін, 13-бабының   15) тармағын «Қазақстан Республикасына тарихи отанында тұрақты тұру мақсатында келген этностық қазақтарды қоса есептегенде, Қазақстан Республикасының аумағындағы және одан тыс жерлердегі жоғары оқу орындарында, оның ішінде даярлық курстарында, арнаулы орта оқу орындарында, училищелерде, мектептерде және кадрлар даярлау, біліктілікті арттыру және қайта мамандандыру курстарында, аспирантурада, докторантурада және клиникалық ординатурада, сондай-ақ рухани (діни) білім беру ұйымдарында оқу;» деп толықтыру керек!

Құрметті Біржан Бидайбекұлы!

Қазіргі таңда, Өзіңіз білесіз, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы және көш-қон мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»  Заңының жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жұмысы жүріп жатыр.

Зейнеткерді бейнетке салуға болмайды! Заңдар мен нормативтік құжаттар тез түзетілуі керек!!

Осы орайда, аталған екі мәселені Мәжілістегі Жұмыс тобының талқысына салуға және заңдастыруға ықпал етуіңізді сұраймын!

Құрметпен,

Ауыт Мұқибек, 

ҚР Президенті жанындағы

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі.

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5345