Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3775 0 пікір 2 Қыркүйек, 2011 сағат 04:31

Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ, Философ-публицист. Қазақ «құлдық санадағы халық» па? (Жалғасы)

Құлдық сананың қазаққа ең түсінікті бастапқы белгісі - «ләпбай». (Бұл сөз қазақ ұғымында «бұлжытпай орындауға әзірмін!» деген әрекетті бейнелейді). Шыңғыс Айтматовтың атышулы романындағы мәңгүрт тек бір ғана «ләпбаймен» тіршілік ететін («өмір сүретін» деуге қимай тұрмын), қожайыны айтса болды туған анасын да өлтіруге даяр еді. Мәңгүрттің «құлдық санасында» ешуақытта да ел мен жұрт, Отан деген ұғымдар болмайды.  Сонымент  бірге, жанашырлық, аяушылық, күйзелу мен тебірену деген сезімдер де оның бойынан мүлдем жоғалған. Мінеки, нағыз құлдық сана деп осыны айтар едік. Ал енді, көптеген жерде лауазымды яки танымал тұлғалардың дәл осындай сана түрін өз халқына тұтас теліп отырғандары нендей себептен екен? Оларға өз халқын бұлай қаралау не үшін қажет? Ең оңайы: «ел-жұртқа танымал азаматтар болғандықтан - өздердерінің қандай патриоттар екенін көрсету үшін қажет» десе болар еді. Бірақ олай дей алмаймыз. Себебі, оның аузындағы «қазағымы» оның шын ниетінен шығып отыр! Оны сезбеу мүмкін емес. Сонда қалай болғаны, мәселе қалай қарай бұрылып бара жатыр?..

Құлдық сананың қазаққа ең түсінікті бастапқы белгісі - «ләпбай». (Бұл сөз қазақ ұғымында «бұлжытпай орындауға әзірмін!» деген әрекетті бейнелейді). Шыңғыс Айтматовтың атышулы романындағы мәңгүрт тек бір ғана «ләпбаймен» тіршілік ететін («өмір сүретін» деуге қимай тұрмын), қожайыны айтса болды туған анасын да өлтіруге даяр еді. Мәңгүрттің «құлдық санасында» ешуақытта да ел мен жұрт, Отан деген ұғымдар болмайды.  Сонымент  бірге, жанашырлық, аяушылық, күйзелу мен тебірену деген сезімдер де оның бойынан мүлдем жоғалған. Мінеки, нағыз құлдық сана деп осыны айтар едік. Ал енді, көптеген жерде лауазымды яки танымал тұлғалардың дәл осындай сана түрін өз халқына тұтас теліп отырғандары нендей себептен екен? Оларға өз халқын бұлай қаралау не үшін қажет? Ең оңайы: «ел-жұртқа танымал азаматтар болғандықтан - өздердерінің қандай патриоттар екенін көрсету үшін қажет» десе болар еді. Бірақ олай дей алмаймыз. Себебі, оның аузындағы «қазағымы» оның шын ниетінен шығып отыр! Оны сезбеу мүмкін емес. Сонда қалай болғаны, мәселе қалай қарай бұрылып бара жатыр?..

Бірақ бұл сұрақтың жауабын алыстан іздеп қажеті жоқ сияқты.  Мақаламыздың басында  авторитарлық қоғамда қоғамдық сана фрагментарлы* күйде болатынына біршама тоқталдық емес пе? Мінеки, соның көрінісі «қазақтың құлдық санасы» туралы айтушы осы кейіпкерлеріміздің ойлау тәсілдерінен табылып отыр. Ол «қазақ құлдық санадан арылған жоқ» дей отырып, өздері сіңісіп кеткен жүйе қалыбында, яғни, фрагментарлы тұрғыда ойлайтындарын паш еткенін байқамайды. Әрине, жеке пікір ретінде, оның айтқан ойы өткір - әркімнің де намысын қытықтайды. Ал егер «зерттеу обьектісі» (қазақ халқы) тұрғысынан алсақ - тура демагогияның өзі болып шығады.

 

Енді осыны таратып айтып көрейік: Авторитарлы билік үшін халықтың бұйығы болғаны - ең маңызды шарт. Ол үшін қолдан келгеннің бәрі жасалынады. Себебі, сонда ғана билік халықтан біршама тәуелсіз болуға қол жеткізеді. Өз мақсатына алаңсыз қол жеткізген билік қана, немесе, сол биліктің «отымен кіріп, күлімен шығатын» тұлға ғана өз халқына қарата оның бұйығылығын «құлдық санадан арыла алмай отырған халық» деп бағалауға,  халыққа осындай «үкім» шығаруға қабілетті. Бұндай жағдай халық ты тек басқару үшін жаратылған объекті деп қарайтын жағдайда ғана пайда болады. Ал тағдырына оған «жол көрсету» бұйырған элита өзінің әрекеттерінің дұрыс екендіктеріне шек келтіруі былай тұрсын, өз шешімдерінің дұрыстығына күмәндану қабілетінен де ажырай береді, сөйтіп,   әлгіндей тұжырым  жасауға мәжбүр болады. Ал халықты қоғамның басты субъектісі санайтын демократиялық мемлекеттерде жағдай тіптен өзгеше.

Сонда дейміз-ау, егер біздің елде барлық шешімдер халықпен ақылдасып қабылданып жатса, ал халық қазба байлықтардың шетелдіктерге   су тегінге сатылуына рұқсат етіп  жатса; халық жерден өз еркімен бас тартып, оны биліктен байлық жасап отырғандарға өткізіп беріп жатса;  тілі мен ділінен жеріп, одан тезірек құтылуға асығып жатса; ұлдарын казиноға, қыздарын «жезиноға» жетектеп апарып жатса - сонда ғана оны «құлдық санадан арылмаған» деп кінәлауға болар еді. Және де «ондай халықтың болашағы жоқ» десек артық айтпаған болар едік! Жойылып кетсе, болашақ тарихшылар «өз обалы өзінен болды» деп шешер еді...

 

Бірақ олай болып жатқан жоқ қой! «Құлдық сана» демей-ақ қояйық, тарихта әбден тепкі көріп, санасы сансырап бұйығы күйге түскен халықты оның билігі «еңсесін көтеремін!», «ездік санадан құтқарамын!» деп шын ниетімен бел шешіп кіріссе - кәнеки! Оның орнына өз халқының бұйығылығы мен төзімділігін пайдаланған көп шенеуніктер «өз қалауымен» басқару жүйесін орнатып, байып қалуға жанталасуда. Бұл әрекет олардың тұмшаланған тіршілігінің ортасында қалыптағы жағдайға айналып барады. Ал, шын мәнісінде, ол жүйеге «жағдайды» сақтау үшін жуас халықты одан әрмен езе түсуден басқа амал жоқ... (Ескерту: халықтың еңсесін басушы «ездік сананы» «құлдық санамен» ешқашан шатастыруға болмайды. Шындығында «ездік сананың» емі бар болса, «құлдық сананың» емі жоқ! Еңсе көтерілсе - ездік сана біртіндеп Ғарифолла Есім ағамыз айтып жүрген «елдік санаға» шырқап көтеріле алады. Бірақ, өкінішке орай, ол кісі «елдік сананы» «жүзеге асқан арман» дейді, ал  біз оны «жүзеге асуы тиіс арман» дер едік).

Сонда - «құлдық сана» кімде: қарсыласуға дәрменсіз халықта ма, әлде, байлық пен билікке көздері тұманданып, бүкіл болмысымен соның құлына (қазақ оны «құлқынның құлы» деп дәл мағынасын беріп қойған) айналғандарда ма? Сөз басында айтылған «ләпбай» кімнің аузында қазір?

...Міне, осы бір қарапайым ақиқатты ұққаның өзінде - кез келген адам қоғам туралы түсінігінде талай жерге барып қалар еді...

 

Мақаланы жазу кезінде «құлдық сананың өкілі» Төлеген деген жігіт келе қалды. Әркімнің қытығына тиетін тақырып болған соң, оған жата жабысып, пікірін білуге асықтық. Ол былай деді: - «Билікте жүргендер өздерін мұнарланған шыңға шығып алғандай сезінеді, халықтың алдында өздерін астам ұстауға тырысады. Кешегі көше сыпырушыны билікке қосып жіберсең, ертесіне ол әлгіндей болып шыға келеді. Оның түсінігінде билік бір бөлек те, халық аморфты тұлға ретінде - екінші бөлек. Олар осы халық болмағанда оған ешқандай лауазым атаулы бұйырмасын   ұқпайды. Ұққысы келсе де ұқпайды, себебі, ол жақтағы қойылатын талап солай.

 

Ал енді осылардың қайсысы «құлдық санамен» ауырады - халық па, әлде, халықты жолға салушы «элита» ма? Меніңше, биліктегілер қожайынының айтқанымен жүріп-тұруға үйренген. Өйткені оларды халық емес, қожайын тағайындаған. Оның үстіне, билікке келгендерді бір мақсат - билік арқылы байып қалу әрекеті біріктіреді.

 

Құлдық сана дегенді өз сөзіммен түсіндіріп көрейін. Ең жоғарғы билеуші бүкіл халыққа «Жатыңдар!» деп бұйрық етіпті делік. Халық жата кетті. Ал билеуші бір жұмыстарымен алаңдап, бұйрығын кері қайыруды ұмытып кетсе керек. Бір уақыттан кейін жата-жата жалыққан халықтың арасынан біреу шығып: «Ау халайық, өстіп жата береміз бе? Билеушіміз бірдемеге ұшырап қалмаса, «тұрыңдар!» деп айтар кезі болды ғой» - дейді. Сол сөзден кейін әр жерден біреулер: «Қой, ең болмағанда тұрып темекімізді тартып алайық» - деп көтеріле бастайды. Аз уақыттан кейін халық түгелімен тұрып алады. Қараса біреулер әлі жатыр дейді. Сөйтсе, олар «жоғарыдан тұр деген сөз болған жоқ» деп жатқан бастықтар мен бастықсымақтар екен...

Олай болса «құлдық сана» кімде болғаны? Халықта ма, әлде, өздері басымен байланған биліктің сойылын соғып жүргендердің өздерінде ме? Міне, қызық сұрақ осы! Сондықтан жоғары трибунадан «құлдық санадағы халық едік» деп сарнағандарды демагогтар демегенде кім дерсің?!»

 

Одан кейін автобуста кондуктор болып жүрген жігітке қолқа салдық: - «Айтшы, осы сен құлдық санадағы адам емессің бе?» - деп. Ол алдымен бізге аңырайып қарады, сәлден кейін көзін аларта қарады да: «Құл-пұлыңды білмеймін! Мен өз бетіммен күн көріп жүрген адаммын!» деп  қысқасынан қайырды...

...Бұдан көретіндеріңіз - ешқандай теорияны меңгермеген қарапайым халықтың даналығы осы екендігі. Одан «құлдық сананың» иісі де сезілмейді...

 

Реті келіп отырғанда айта кетейік, ел арасында айтылып жүрген тағы да бір мынадай   әңгіме бар: - Бірде дін жолына қатты түскен, «болдым-толдым» деген жігіт еліне барған екен. Барса, елдегі ақсақалдар әруақтарына құран бағыштап дегендей.., әйтеуір өз білгендерімен дінін ұстап жүрсе керек. Содан жігітіміз «адасып жүрген» Құдайдың құлдарын тәрбиелемекке Һәм өзі «ең дұрыс» дейтін дінге салып жібермекке ниет етіп, жұртты құдайы тамаққа шақырады. Тамақ желініп жұрт сыртқа шыққанда - бұл өз уағызын бастап кеп береді. Қыза келе: «мұсылман дінінде суретке табыну - Аллаға серік қосу», - дейді екпіндеп. Жүгіріп барып үйдің төрінде ілулі тұрған әкесінің суретін алып шығады да: «Дінге бұрылсақ осылай болайық, ағайын! Жаратушымыз Аллаға серік қосуды доғарайық, ағайын!» деп суретті жерге бір-ақ ұрады. Әйнегі быт-шыт болған әке суреті желмен домалапты... Мұны үнсіз бақылап тұрған бір ауыл ақсақалы шыдамы таусылып: «Әй, найсап! Ата-баба аруағын қорла деген қай дінде бар еді!» - деп ашуға булығып ақырып жіберіп, бұрылып кете барыпты...

 

Мінеки, тіптен қасиетті дін «Адам - Алланың құлы» дегенімен - жалпы діндар қауымның өзі мынадай «құлдықты» қаламайтын болып шықты...

Жалпы,   осы мағыналас сұрақтар адамзат үшін мәңгілік сұрақ болып келеді. Біздің ұлы бабамыз әл-Фараби де кезінде, мың жылдан аса уақыт бұрын, бұл мәселе туралы терең толғанысқа барған екен.

Ол: «Діннің арқасында (бұл жерде дінді білім мен пиғыл мағынасында алу керек. - Ә.Б.)   көкірегі ояу адамдардың баршасы да көздеген мақсаттарына жетуге мүмкіндік алады» - дей отырып, ел билеудің қаншалықты жауапкершілікті іс екенін талдап береді. Біз Ұлы бабаның ойларын назардан тыс қалдыруды жөн көрмедік. Себебі, халықты ұлықтайтын, оның еңсесін көтеріп ел етуші бірден-бір күш осы - ел басқару болып табылады:

 

- «Егер ел билеуші шынайы қайырымдылықтың жаршысы бола білсе, онда оның халықты басқарудағы басшылық қызметі де сан-алуан жақсылық істерге толы болады. Дәл осындай игілікті мақсатты ойдағыдай жүзеге асыра білгенде ғана елбасының өзі де, оның қол астындағы әрбір адам да шексіз бақытқа кенеледі. Мұндай жағдай нағыз бақыттың өзі...

 

- Ал ел билеуші надандықтың жолына түссе болғаны, ол міндетті түрде өзінің ойындағы арам пиғылдарын жүзеге асырудың жолдарын қарастыра бастайды. Сөйтіп, оның қызметінде билік пен мансап, тәкаппарлық пен намысқойлық, байлық пен масайраушылық басты орынға шығады. Дәл осындай жолға түскен ел билеуші шын мәнісінде бақытты болмаса да, өзін тым бақытты сезінеді. Мұндай ел билеуші тікелей өзіне бағынышты адамдардың («басыбайлы», «құл» дегенге келіп тұр - Ә.Б.) көмегі арқасында өз үстемдігін баянды етіп қана қоймай, оны одан әрі нығайта түсуге жанталасады. Алайда ел билеуші халқының қолын берекеге жеткіздім деп есептегенімен де, шын мәнісінде бұл игі мақсат жүзеге аспаған күйінде қалып қояды. Мұндай пиғылдағы ел билеушілер, әдетте, басқалармен салыстырғанда. өздерін ерекшеміз деп санайды.

 

- Жаңылыстар мен қателіктерге ұшыраған ел билеуші өзінің халықты басқарудағы қабілеттері мен даналық қасиеттерінің жоғары екендігіне шек те келтірмейді. Дәл осылай болмаса да, оның өзі де, одан қалды оның қол астындағылар да дәл осылай ойлауға мәжбүр болады. Мұндай жағдайда ел билеушінің өзі де, оның елі де шынайы бақытқа қолдарын жеткізбесе де, оны сезінгендей күй кешеді. Халықты басқарудың дәл осы сипаттағы жолдарының жалғандыққа негізделгеніне қарамастан, бағынышты халық оны көп жағдайларда сезінбей де қалады. Сондықтан да болар, олар ел билеушінің бойында рақымшылық пен даналық мол екендігіне кәміл сенеді. Мұндай көзбояушылықты билеуші де, оның қарамағындағылар да жан дүниесімен нағыз бақытқа санайды. Сөйтіп, олар ел билеушіні қолдау арқылы оның көкейіндегі надандық пен білімсіздіктен туындаған мақсаттарының кейбіреулерінің орындалуына жағдай да туғызады». (Әлемдік философиялық мұра. Әл-Фараби мен Ибн Сина философиясы. Алматы, «Жазушы» баспасы, 2005. 47-48 бб.).

Өкінішке орай, Әбунасыр әл-Фараби бабамыздың айтқан ескертулерін оның бүгінгі ұрпақтары ескермей, ол көрсеткен қателіктерді айна-қатесіз қайталап отырғанына таң қаласың! Әрине, Ұлы Бабаға емес, бүгінгі ұрпақтарына! (Ал ұлы адамдардың ойы да ұлы, мәңгілік ақиқаттар ғой). Бүгінгі ел басқару ісіне араласқан қандастарымыздың көбі өз қолдарына өзгеден емес, өз бабасынан мұра болып қалған ұлы ойды, хрестоматиялық ақиқатты ұстай отырып - бар тіршілігін оған қарама-қайшы құрып жатқанына қалайша өкінбессің! Сірә, бұл жерде мәселе ол кісі айтқан биліктің біліктілігі мен пиғылына келіп тіреліп жатса керек...

Дегенмен, пиғылы бөтен дейін десек - билікте жүргендердің бәрі дерлік Әл-Фараби бабаның тікелей ұрпақтары екенін қайда, қалай жасырамыз...

 

Шығыс әпсанасында айтылатын «Періштені жолдан тайдырған» не нәрсе болды екен?...

Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ

Философ-публицист,

«Абай-ақпарат»

( Соңы)

*Тоталитарлық қоғамда өмір сүретін шашыраңқы сана    фрагментарлық сана деп аталады.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5347