Ғаббас Қабышұлы. Дайрабайдың көк сиыры ма?
Әдебиетіміздің алыбы болған Бейімбет Майлинді еске алып: «Аруағыңнан айналайын Би-аға-ай!» деп отырмын. «Даудың басы - Дайрабайдың көк сиыры» деген әңгімесі есіме түскені. Колхоздастыру кезінде аудан өкілінің «білгішітігі» ұстап, мүйізі, құлағы бар мал баласын сыпыра тізіп жазғанда соның ішінде Дайрабайдың «бір өзі бір шелек сүт беретін көк сиыры да кетіпті» дейді ғой Би-аға. «Мал ашуы - жан ашуы», Дәкең қорасындағы жападап-жалғыз «көк сиырдың кегін» алуға кірісіп, дөкей атаулының алдында қатты сөйлей бастайды. Ол кісімен алғаш рет 1930-ншы жылы колхоздың мектепте ашылған бір жиналысында танысқанымыз былайша емес пе:
«...Сұрауға сөз берілді.
-Менің сұрауым бар! - деп, түксиген қара кісі орнынан ұшып тұрды. Елтірі қара тымақты партаға алып ұрды. Бұл Дайрабай еді.
-Ал көк сиыр басталды! - деді жұрт.
-Көк сиырдың дауынан құтылар күн болар ма екен?
-Айта беріп қайтеді екен?!.»
Әдебиетіміздің алыбы болған Бейімбет Майлинді еске алып: «Аруағыңнан айналайын Би-аға-ай!» деп отырмын. «Даудың басы - Дайрабайдың көк сиыры» деген әңгімесі есіме түскені. Колхоздастыру кезінде аудан өкілінің «білгішітігі» ұстап, мүйізі, құлағы бар мал баласын сыпыра тізіп жазғанда соның ішінде Дайрабайдың «бір өзі бір шелек сүт беретін көк сиыры да кетіпті» дейді ғой Би-аға. «Мал ашуы - жан ашуы», Дәкең қорасындағы жападап-жалғыз «көк сиырдың кегін» алуға кірісіп, дөкей атаулының алдында қатты сөйлей бастайды. Ол кісімен алғаш рет 1930-ншы жылы колхоздың мектепте ашылған бір жиналысында танысқанымыз былайша емес пе:
«...Сұрауға сөз берілді.
-Менің сұрауым бар! - деп, түксиген қара кісі орнынан ұшып тұрды. Елтірі қара тымақты партаға алып ұрды. Бұл Дайрабай еді.
-Ал көк сиыр басталды! - деді жұрт.
-Көк сиырдың дауынан құтылар күн болар ма екен?
-Айта беріп қайтеді екен?!.»
Сол жылғы Дайрабай - бүгінде Мұхтар Шаханов та, Дәкеңнің сондағы көк сиыры - бүгінгі біздің қазақ тіліміз бе деймін. Мұхтар бастаған тіл жанашырлары биліктің мемлекеттік тілді Алдар көсенің әләуләйі мен хәләуләйіне айналдырып алғанына тағы бір мәрте наразылық білдіріп, халыққа, басқа ұлт пен ұлыс өкілдеріне: «Конституцияға қарсы әрекеттер тоқтатылсын!» деп хат жазып едік, ол әлдекімдерге аспаннан әлемді жалмар албасты түскендей сұмдық болды. Әлдекімдердің айқұлақ айқайшысы - орыстілді гәзеттер «жау жеттілеп» өре түрегелді. Әдеттерінше: «Орыс тілін құртқалы жатыр! Орыстарды кемсітті! Орыстарды Қазақстаннан қумақшы!..» деп дабылдатты.
«Время» гәзеті хатта қолы тұрғандардың ішінен өзінің қармағына ілінеді-ау дегендерді жер-көктен жанталаса іздеп: «Мен неге қол қойғанымды білмей қалдым», «Мен орыс тіліне ешқашан қарсы шықпаймын!», «Мен өзге тілдерді тұсап қоюды қолдамаймын!» деп сырғақтағандарды, ал қол қоймағандардың арасынан қол қойғандарға қарсы сөз айта алады-ау дегендерді де іздеп тауып, олардың: «Бұлары дұрыс емес!», «Бұл хаттары да - құр мылжыңдық!», «Мен пәлен рет қолқалағандарына көнбедім, қол қоймадым!» деген «тарихи пікірлерін» жиып-теріп, фото- суреттерімен қоса жариялап, өй, тағы бір рахаттанды-ау.
«Республика» гәзеті: «Дау-дамайлы хат қоғамды қақ жарды» деп сүйінші сұрай аттандады. Онысы - шындықты тап басып айту емес, кәдімгі сәуегейсу. Қоғам қақ жарылған жоқ, қоқан-лоққыға құмар кейбіреулер ғана кеңірдегі жыртыла айқайлады (гәзет егелеріне керегі де сол болған).
Әйтеуір, қашанда қазақтарды іліп-шалып қалуға әуес орыстілді баспасөз тіл жанашырларының хатын әлі де «іреп-сойып», лай судан қаймақ іздеп әуре. Ал қашанда солардың қабақтарына қарағыштап отыратын қазекемдер мен мәзекемдер қосыла қиқулап жатыр. Анау әлгі Е. Ертісбаев деген атышулы айтқыш мырза: «Бұлары - Конституцияға қарсы қимыл!» деп көктен көң жаудырардай жұлқынды. Аузы әрқашан жүйрік бұл шенеунік Конституциямызды дендеп оқымаған, оқыса да тоқымаған тәрізді, әйтпесе, ол Конституциямызда Қазақстан азаматтарының ой еркіндігіне, сөз бостандығына кепілдік берген арнаулы бап барын көрсе керек еді, біздің хатымызды Конституцияға қарсы қойып қиқуламас еді, яғни, осынау «тұжырымымен» тап өзі Конституциямыздан аттап кетпеген болар еді.
Хатқа қол қоймағандар сонысын ғажап көрегендікке, ерлікке баласа, қойған қолынан айнығандар: «Анау бір сөйлемнің барын білмей қор болдым!» деп, көзін де, өзін де қайда жасырарын білмей шала бүлінді.
Ал «анау бір сөйлем» не еді? Ол Конституцияның 7-бабындағы екінші тармақты, яғни, орыс тілі - ресми тіл деген сөйлемді алып тастау туралы талап еді. Рас, ол сөйлем сәл келтелеу жазылды, оны жалғастырып: тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясында республиканың мемлекеттік тілі - қазақ тілі; ал орыс тілі - ұлтаралық қатынастар тілі делінгені өте дұрыс болатын, орыс тіліне сол мәртебесі қайыра берілсін, деуіміз керек еді. Сан ұлт-ұлыс өкілдері бас қоса өмір сүруші Қазақстанда ұлтаралық қатнастар тілі, дәнекер тілі болу үлкен мәртебе емес пе?!
Иә, тұңғыш Конституциямызда мемлекеттік тіл біреу ғана - қазақ тілі еді, бірақ, кейінде биліктің құлағын ұстап отырғандар орыс ағайындардың ренішіне «мемлекеттік мән» беріп, 7-баптың екінші тармағын: орыс тілі -ресми тіл, деп түзетті.
«Мемлекеттік тіл» мен «ресми тілдің» аты басқа болса да, заты біреу - Қазақстанның ішкі-сыртқы мәселелерінің бәрін шешуде қолданылатын тіл деген сөз. Сол «түзету» жергілікті халықтың - қазақтың өз елінде өзінің тілін мемлекеттік мәртебеде көре алмай, толық қолдана алмай келе жатқанына баршамызды еріксіз куә етіп қойды. Өз басым осы тұрғыда демократиялық «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев мырзаның бір сөзіне риза болдым. Ол ҚазТАГ тілшісімен әңгімесінде: «Бүгінгі Қазақстанның тірлігі орыс тілінсіз болмайды, сондықтан біздің міндетіміз қазақ тілін әсте орыс тілін шетқақпайлау арқылы күшейту емес, қайта қазақ тілін орыс тілінің деңгейіне көтеру», депті. Риза болу себебім, біріншіден, Ұлы дала мен Русь заманынан беріде өмірбақилық құдайы көрші, тіпті құдандалы туыс та болып кеткен орыс халқының тілі бізге қашанда қажет. Тіл жанашырларының жиындарында да: «бізге орыс тілі керек емес» деген шикі пікір ешқашан айтылған жоқ. Екіншіден, қазақ тілінің дамуы сөз жүзінде ерен, іс жүзінде «әттең!» екенін көріп-біліп жүрген Азат біздің жалған жақтаушыларымыздың телпегін теріс кигізіп: «...қайта қазақ тілін орыс тілінің деңгейіне көтеруіміз керек», деп ақиқатты айтып салды! Дұрыс-ақ!
Ертісбаевқа да, оның о жағы мен бұ жағындағыларға да сұрағым: қазақ тілін Дайрабайдың көк сиырына теліп дау шығаруды қашан қоясыңдар? Заңды мемлекеттік тіліміздің мұң-мүддесін айта бастасақ: «Ал көк сиыр басталды... көк сиырдың дауынан құтылар күн болар ма екен... айта беріп қайтеді екен?!» деп теріс қамшылаудан шынымен ұялмайсыңдар ма? Әлде ақын Мұхтар Шаханов екі қолына бір жұмыс, өлең-дастандарына тақырып таба алмағандықтан «Қайран қазақ тілім!» деумен босқа шаршап жүр деп ойлайсыңдар ма? Әлде Мұхтар да әнеубір ақын-жазушыларша биліктің асты-үстін сипалап, бұйырар-бұйырмас атақ-шенді санап алып жүрсін дейсіңдер ме? Қазақстанды алымсынбай, қазақты адамсынбай бейәдеп сөйлейтін, былапыт жазатын ішкі-сыртқы керауыздарға үн-түнсіз жасқана қарап отыруды немесе ыржалақтап құшақтаса кеткенді қашан қоясыңдар?
Керауыздарға келсек, Қазақстанның мемлекеттік тілі тұрғай, Қазақстанның өзін, қазақ халқын менсінбеу, кемсіту, қазақтың асын ішіп, дастарқанын тіліп кету - солардың арғы арсыздарын айтпағанда, бергі бетсіздері де кәсіп етіп жүрген көрсоқырлық. Мысалы, орыстың «ұлы жазушысы» Солженицын, Ресейдің «ұлы саясаткері» Жириновский сияқтылар қазақта тіпті жер де болмаған деп борандатты емес пе? Солженицын өліп тыншыса да, оның саяси мұрагерлері - жириновскийлер, Қазақстанға, қазаққа қарсы жаппай шабуылға шыға алмағанмен, бұрыш-бұрыштан жылтыңдап, аласұра айқайлап-ұйқайлап жүр. Солардың әзірше соңғы біреуі - Максим Акимов деген «оқымысты» russiankz. info интернет сайтында жарияланған «К российским соотечественникам в Казахстане. Русские, очнитесь!» деген мақаласымағында тұлан тұта былай депті: «...Давайте разбираться в чем дело. А дело в том, что до прихода русских в степной край, оседлого населения здесь не было, не было вообще. Возможно, где-то на юге территории нынешнего Казахстана, существовали единичные небольшие поселки, но городов не было, никакой цивилизации не обнаружиловалось. Русские (и прочие славяне), прибывающие из внутренних губерний России, являлись первыми поселенцами, первым постоянным населением региона. Именно они и могут считаться коренным населением Казахстана...».
Ғұлама бабамыз Махмұд Қашғаридің 1082-жылы «Әлемнің домалақ картасын» («Круглая карта мира») жасап, онда бүгінгі Орта Азия мен Қазақстанның жер бедерін, қалаларын ғылыми анық мәнерлеп сызғанынан хабар-ошары болмаған, болса да әдейі білмегенсіген Солженицынның сайқалдық елесіне елітіп жүрген көп шуылдақтың бірі - мынау М. Акимов қазақтардың тарихына да, тіліне де, әдебиетіне де жауығып, «мәдениетсіздер, ұлтшылдар» деп түтігіп, қазақ жеріндегі орыстарға: «Русские, очнитесь, нужно возвращать ситуацию в нормальное русло, возвращать все на круги своя, ведь вы у себя дома, вы первыми начали строить дома в этих степях!» деп ұлып отырып ұран тастапты.
Бұл не? Жай ғана сандырақ па? Жоқ, бұл - Қазақстандағы қазақтар мен орыстардың арасына әдейілеп, ашық от тастау! Бұл - қырқысқа, қырғынға шақыру! Бұл - жын атқан шовинизм! Бұл - елін, жерін, мемлекеттік тілін құрметтеуші қазақтарды тағыда тұншықтыруды көксеу! Бұл - казачествосын үстем етуді көздеп қоқырақтап жүрген казактарды; «Отанымыз - Россия, президентіміз - Медведев!» деп мантырап жүрген қайсыбір кеудемсоқ орыстарды желіктіру, ұлтаралық байланысты шиеленістіру, арандату!
Қазақ тілі жанашырларының хатын төбелеріне түсетін бомбадай көрген орыстілді гәзеттер: солженицын-жириновский-кузьмин-мироглов-акимов... сияқты сухиттардың сұмпиғылды сөздеріне неге назар аудармайды, қанталап тұрған қаскөйлік ниеттерін неге айыптамайды? Жымысқы саясатпен үрит, соқтап қашанғы үнсіз қала береді? Интернет сайттары арқылы қазаққа жынкөбігін құтырына шашып жатқан көргенсіздеріне неге тиым сөзін айтпайды?
КСРО кезінде орыс тілі одақтас республикалардың бәрінің мемлекеттік тілі болды. Ол одақ ыдырап, сондағы әрбір ұлт республикасы тәуелсіз мемлекетке айналғаннан кейінгі жерде орыс тілі оларда баяғы мемлекеттік тіл дәрежесінде бола беруі керек пе еді? Қисын қайда? Шовинистер осыны түсіну керектігін ойламайды да, орыс тілін ортақ ту ете беруді көксейді, ал ол пиғалдарына қарсыларды «ұлтшылдар!» деп ойбайлайды. ХVIII-XIX ғасыр философторы ұлтшылдықты шовинизм тудыратынын айтқан болатын.
Абай мен Пушкиннің, Шоқан мен Достоевскийдің, Әуезов пен Шолоховтың, Қаныш пен Семидаловтың... аруақтарын бірдей әспеттейтін қазақта жерін мекендеуші өзге ұлт-ұлыстың адамдарын өзекке тебу, тілін, дінін кемсіту сияқты әбестік болған емес, болмайды да. Қазақ - көршісін құдайдай сыйлайтын халық. Қазақстаннан тыс жерде шығатын әпербақан алаөкпе гәзеттерге дауа жоқ, ал өзіміздегі орыстілді баспасөздің осыны білгені, бізге сығырайып қарамағаны, қит етсе қара шоқпар ала ұмтылмағаны керек. Өзара сыйластық - ата-бабамыздан бері бірге өріліп келе жатқан қымбат сезімдеріміз! Біз, халыққа хат арнағандар, осы сезімнің қадірленуі керектігін, алыс-жақындағы шовинистердің арандатуларына жол бермеуіміз ортақ парыз екенін айттық және әлі де айтамыз да, талап етеміз де!
Ал мемлекеттік тіл «жырын» жиырма жыл «жырлап», тағы он жыл айтуды жоспарлап қойған берекесіз биліктің «жыраулары», сендер керегі жоқта жел-құйын шақырып желпінбей, тебен инеден темір таяқ жасауды көксемей жүрсеңдерші!
«Абай-ақпарат»