Гүлбаршын Айтжанбай. Ұлылар жатқан жер ұмыт қала бере ме?
Алматы қаласындағы Райымбек бабаның кесенесімен қапталдаса жайғасқан Орталық зират қазақ үшін қасиетті. Бұл қорымға ұлы Абайдың перзенті Әбіш - Әбдірахманның денесі қойылған.
Алматы қаласындағы Райымбек бабаның кесенесімен қапталдаса жайғасқан Орталық зират қазақ үшін қасиетті. Бұл қорымға ұлы Абайдың перзенті Әбіш - Әбдірахманның денесі қойылған.
Заманымыздың заңғар жазушысы ұлы Мұхаң - Мұхтар Әуезовтың, Қаныш Сатпаев, Шәкен Айманов, Ілияс Омаров, Күләш Байсейітова, Қасым Аманжоловтардың да жүрегі мәңгі тыныстап жатыр бұл жерде. Көзі тірісінде жақсы мен жайсаңның басын қосып жүретін ұлы жазушыны үзеңгілес інілері жалғыз қалдырғысы келмегендей. Өткен ғасырдың басында құйрықты жұлдыздай жарқ етіп өте шыққан Саттар Ерубаевқа да осы арадан орын бұйырыпты. Алайда 1970 жылдардың орта шенінен бастап о дүниелік болған қазақтың игі жақсыларының «Кеңсай» зиратына жерлене бастаған күнінен бастап бұл қорым биліктің көзінен де, көңілінен де таса бола бастады. Мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қаржының мардымсыздығынан зират күтімі туған-туысқандарының мойнында қалды. Кейінгі толқын тарихи құндылығын естен шығарып, «орыс зираты» деген көзқарастың жетегінде кете ме деген қауіп те жоқ емес.
Бұл туралы Мұхтар Әуезовтың ұлы Мұрат Әуезов былай дейді:
- Қыркүйек айының 28-жұлдызы әкемнің туған күні. Туған күнінде артында қалған ұрпақтарынан өзге еске алып, басына барған жан болмады. Жұмабай Шаяхметовтың, Әліби Жангелдин немесе Дина Нұрпейісованың нақ осы қорымда жерленгенін екінің бірі біле бермейді. Олардың қабіріне апарар жол жабылып қалған. Қазақтың маңдайалды азаматтары жерленген қорымды мемлекет өз қамқорлығына алар кез келді: туысқан Әзірбайжан елінде әрбір қонақ келіп көретін екі тағылымды қабірстан бар: бірі - шаһиттер қабірстаны, екіншісі - ұлттық пантеон. Бұл олардың ұлттық мәдениетінің бір бөлшегі ретінде қалыптасып кеткен. Бұл үрдісті өзбек, түрікмен бауырларымыз да қолға алды. Жазушылар одағы, Алматы қаласының әкімшілігі осында жерленген қайраткерлердің картасын жасап, оны айшықты жерге орнатып қоятын кез келді. Күні ертең мемлекеттілігіміздің қалыптасуының басы-қасында жүрген тұлғаларымыздың нақ осы қорымда жерленгені естен шығып, қатардағы зират есебінде қалуы әбден мүмкін. Мұнда жерлеу рәсімдері күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Күні ертең Әуезов - Сатпаев, Аймановтардың бейітіне апарар соқпақ та темір қоршаулардың ортасында қалуы мүмкін, - дейді.
Орталық зират меңгерушісі Ерболат ӘПЕНҰЛЫНЫҢ айтуынша, 1975 жылдан бері зират ресми түрде жабық.
- Негізінен, зиратқа қаза болғандар қабылданбайды. Бірақ ішінара жерлеу рәсімдері өтіп жатады. Олар бір кезде ері қайтыс болып әйеліне немесе керісінше, балалары заңдастырып алып қойған бос орынға жерлеп жатады, - дейді меңгеруші.
ҚАСЫМНЫҢ ҚОРЫМЫ ҚАРАУСЫЗ ТҰР...
Орталық зиратқа осыдан 55 жыл бұрын жерленген ақынның басына жақындай алмай төңірегінде біраз айналшықтап жүрдік. Зиратқа апаратын жалғызаяқ жолға шарбақ қоршаулар түсіп жабылып қалған. Мұнда Қасым ақынның жерленгенінен мүлдем бейхабар қорым қызметкерлері оның қай тұста жатқанын дөп басып айта алмады. «Ақынның 100 жылдығы республика көлемінде тойланды. Мерейтой алдында басына келіп, Құран оқытып кеткендер болды ма?» деген сауалымыз да жауапсыз қалды.
- Қасым ақынның жырымен өскен қазақтың бірімін. Осында жұмыс істеп келе жатқаныма оншақты жылдың жүзі болды. Бірақ оның мұнда жерленгенін білмеппін және соңғы бес-алты жылда іздеп келген жан болмады, - дейді зираттың байырғы қызметкері Алмасбек Жұрынов.
- Ей, тәкаппар дүние!
Маған да бір қарашы,
Танимысың сен мені,
Мен Қазақтың баласы, - деп жанындай сүйіп өткен ұлтының болмысын бір-ақ шумақ өлеңге сыйдырған өр ақынның зираты тым қарапайым. Бір кезде басына қойылған мәрмәр белгінің де қиюы кетіп, шөге бастаған. Көп болып қолға алмасақ, атақты ақынның осында жерленгенін айғақтап тұратын жалғыз белгі де көз алдымызда ғайып болмақ. Салыстырғымыз келмесе де Пушкин тауының етегінде, Святогорск монастыріндегі Пушкиннің, Пятигорскідегі Лермонтовтың зираты еске оралды. О дүниелік болғанына екі ғасырға жақындап қалған қос ақынға арналған мерейтойлық шаралар күні бүгінге дейін олардың зиратының басынан басталады. Оларда коммуналдық шығынды мемлекет өз жауапкершілігіне алған.
- Жолға шығар күні әкеміздің басына келіп, Құран бағыштадық. Әкеміздің Қарқаралыда өткен тойына Алматыдан екі вагон қазақтар барды. Басына келіп кеткендер жайлы естімедім. Дәстүр бойынша мұндайда марқұмның басына келіп, аруағына Құран бағыштап барып жолға шықпаушы ма еді. «Ештен кеш жақсы» деген. Әкемнің туған күні - 8 қазан. Алматы қаласы әкімдігі мерейтойдың Алматыда жалғасатынын хабарлады. Кем-кетіктің орны сол кезде толықтырылар. Ақынын құрметтеген Алаш жұртына Алла разы болсын! Әкеміздің жүз жылдығы қарсаңында бұқаралық ақпарат құралдары жаппай жазып жатыр. Ешкімнен ештеңе дәметпейпіз. Тек Алматыдан әкеміздің атына жөні түзу көше бұйырса деген жалғыз арманымыз бар. Қазіргі Қасым Аманжолов атындағы көше тірі жан аяқ баспайтын, ұзындығы 3-4-ақ квартал тұйық көше. Ал Қасым ақынның қазақ поэзиясына қосқан сүбелі үлесі мұндай сиықсыз көшемен бағаланбаса керек. Бұл біздің көп жылдан бері көкейімізде жүрген арман, - дейді Қасымның артында қалған қыздары Жанна мен Дариға Аманжолова. Айтпақшы, Қасым ақынның тойы басталар кезде, зират басындағы 50 жылдық кәрі терек тамырымен қопарылып, құлап түскен. Зират қызметкерлері ақынның екі қызын шақыртып алып, өз күштерімен тазалауды өтініпті.
Біз «Қасым ақынның зираты неге көзден таса қалған? Мерейтой шеңберінде зират басына келіп, ретке келтіріп, аруағына Құран бағыштауға мүмкіндік болмады ма?» деген сауалды ақынның мерейтойлық комиссиясының басы-қасында жүрген Ғалым ЖАЙЛЫБАЕВҚА қойдық.
- Рас, той алдында ақынның басына бара алмадық. Бірақ оның қайда жатқанынан хабардармын. Осыдан бес-алты жыл бұрын барып, аруағына бағыштап, Құран оқып кеткенмін. Қасымның тойы аяқталған жоқ. Қазан айының аяғында Алматыда жалғасады. Қарағандыда ақынға ескерткіш қойылды, әке-шешесінің басы жаңғыртылды. Алматыда өтетін мерекелік бағдарламада сіздің газет көтеріп отырған мәселелер ескерілетін болады, - дейді Ғалым Жайлыбаев.
... Оған біз де сенгіміз келеді.
КҮЛӘШТІ ІЗДЕЙТІН ҰРПАҚ БАР
Күләш Бәйсейітованың басына бару да қиын. Күміс көмей әнші небәрі 22 жасында Қазақстанның халық артисі, ал 24 жасында КСРО халық артисі дәрежесіне ие болған өнер саңлағы ретінде тарихта мәңгі қалды. Зират қызметкері Алмасбек Жұрынов ән әлеміне талпынып жүрген жас балалардың ата-аналарымен бірге ән - апамыздың дүниеге келген, дүниеден өткен күндері басына келіп Құран бағыштап кететінін айтады. Басына келіп жүрген жас балаларды біз де көрдік.
Рас, дүниеде мәңгілік ештеңе жоқ. Уақыты келгенде тас мүжіліп, темір де тозады. Уақыт өте келе қажеттілікке байланысты ескі қорымдарды жою үшін Үкіметтің арнайы қаулысы қажет. Ата-баба басына белгі қойып, жазу қалдыру кешегі Күлтегін заманында да болғанын тарихи жәдігерлер дәлелдейді.
Бірақ біздің айтпағымыз басқа. Аруақты сыйлаған елміз. Қайраткерлерді құрметтеу олар жерленген жерден басталады. Ендеше, ұлылар жатқан қорым ұмыт қалмаса екен...
«Айқын» газеті