Жексенбі, 24 Қараша 2024
Естелік 3723 3 пікір 26 Наурыз, 2020 сағат 11:40

«Көпен қазақ қалжыңбастарының ішіндегі қасапшысы»

Көпен көптің адамы

Жалғанда жалғыз ер бар Көпен деген,
Адам жоқ мұның сөзін көтермеген.
Басын кесіп аламын біреу айтса,
Көпені Оспанханның бөтен деген.
Бата беріп аузына түкіргенмін,
Содан кейін Көпенім жөтелмеген...

«Көзі шегір көз шәкіртіме», деген сатираның падишасы Оспанхан Әубәкіров 1985 жылы. Әрі қарай кеттік:

Кім білмейді Әмірбеков Көпенді,
Әзілімен танытады әкеңді.
Бір қарасаң - Алдар көсе атасындай пып-пысық.
Бір қарасаң - Қожанасыр атасындай «әпенді»
Кім білмейді Әмірбеков Көпенді,
Күлкісімкен танытады .. көкеңді...
Шығардың ба-
«Сіз» деп жүріп кіп-кішкетай қатесін,
Шығарады-
«Іздеп жүріп» сенің үлкен қатеңді?», - деген сатираның саңлағы Әбдіраштың  Жарасқаны 1992 жылы. Әрі қарай кеттік:

Жақсымен де жұғысқан,
Жаманмен де ұғысқан.
«Таз емес қой» десең де,
Тазшаменен туысқан.
Қасқырмен де ұлысқан,
Жолбарыспен жұғысқан.
Бір жаманы - бұл Көпен.
Менімен де туысқан!», - деген, поэзияның падишасы Қадыр Мырза Әли 2007 жылы. Әрі қарай кеттік:

Күлесің кеп,
Күлкіге бір тоймайсың,
Қанша таяқ жедің,
Неге қоймайсың?
Ажалыңа асық болған қарғадай,
Аспандағы бүркіттермен ойнайсың!», - деген айтыстың бапкері, ақын Жүрсін Ерман. Әрі қарай кеттік:

«Көпен қазақ қалжыңбастарының ішіндегі қасапшысы. Кімді «бауыздаса» да, нені паршаласа да жанын ауыртпай «жанын» ала біледі. Қасапшы болу да хас шеберден кем өнер емес. Көпен шын сатирик, шын суреткер», - деген  танымал актер Тұңғышбай Әл-Тарази. Әрі қарай тағы:

«Көпен Әмірбеков десеңіз жұрттың бәрі біледі. Неге десеңіз, бұл аузын ашса аузынан шоқ түседі. Ол шоқ, адамды күйдірмейді, күлдіреді. Оның өзі үлкен өнер. Жыртылған көңілді жамайды, мұңайған көзді жадыратады. Тіпті қиын-қыстау кезеңнің өзінде де елге қуат береді. Өзі өтімді, сөзі жалынды. Әрбір сөзінің салмағы бар. Егер де осындай азаматтар көп болса біздің халықтың бақыты», - деген атақты жазушы Шерхан Мұртаза.

«Бір өзі бір театрға айналған Көпен ол тек сатирик, ақын ғана емес, өзінің жазғандарын өзі орындаушы Петросянымыз...», - деген қоғам қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Ең бастыларын ғана іріктедім. Көпен туралы айтылғандарды жинақтап бастырса 2-3 том кітап. Әрі қарай айтпаймын. Тоқтаймын. «Мен дөкеймін» деген атақты ақын-жазушылардың, «мен күштімін» деген саясаткерлердің, «мен танымалмын» деген өнер адамдарының Көпенге берген бағасы т-у-у  анау жақта, аспанда, өте жоғары. Сол айтқандардың барлығының келтіретін түйіні қандай? Бәрі де бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай: «Көпен түріне қарасаң аңқау, алданғыш бала сияқты. Ал ісіне қарасаң дана сияқты. Ол елдің жәйін өз жәйінен бұрын ойлайды. Өз қамын былай қойып, өзгенің  қамын көбірек жейді» дегенмен қорытынды жасайды. Бұл айтылғандарға 300 процент (пайыз дегім келмейді, почему то) қосылам және қол көтеріп келісем.

Келісетінім - Көпенді сонау  түбіт мұрт студент кезінен жақсы білем. Ешкіммен қақаң соқаңы жоқ, тыныш жүретін. Сөйтіп жүріп студент кезінде-ақ, танымал болды. Уытты сатирасы «Лениншіл жас» газетінің бетін бермейтін. Соңғы курста оның «Аты жоқ кітап» атты сатиралық жинағы шыққан. Өй, сондағы бір біздің курстың қыз-жігіттерінің дүрілдегенін айт. Қолда Көпеннің  жұқа кітабы. Бәріміз бірімізден біріміз тартып алып, бетіне үңілеміз. Қағазын парақтаймыз. Курстасымыз, кішкентай қыз Мариям Танашева бұл кітапқа дардай етіп «Лениншіл жасқа» рецензия жазды. Мариям да мықты. Алдында сабақ берген курстастардың біреуі кітап шығарып, біреуі оған рецензия жазғанына Темірбек Қожакеев риза болған. Міне, сол кезден бастап-ақ,  өз басым Көпекеңді үлкен дәрежеде құрметтеймін.

ҚазГУ-ді бітірдік. Жан-жаққа тарадық. Көпеніміз туу Қиыршығыстағы Владивосток қаласында екі жылдық әскери-партия мектебіне кетті. Оқуға кетті ме, жоқ әскери борышын өтеуге кетті ме, ол жағын білмеймін. Білетінім: сол жерде иттерді үйрететін бөлімнің жауынгерлерімен келісіп, бір итпен құшақтасып суретке түскен. Неге түскені тағы белгісіз. Сол итпен құшақтасқан суретті Шымкенттегі Мариямға салады. Суреттің астына «Мариям, мынау менің сенен кейінгі ең жақын досым. Өзі ұрғашы...», деген. Көпеннен хат алған Мариям бұған не күлерін, не ашуланарын білмей: «Әп, бәлем, Көпен, бір келерсің, сосын көрсетермін саған», депті. Сол итпен екі жыл өткен соң әрең қоштасып елге оралды-ау, Көпекең. Алған шені мықты.  Ол жақта да тыныш жүрмей командирлердің ішек сілесін қатырып, көжесін қақалдырып, жөнді ішкізбеген ғой. Күлкіні, әзілді орыс жұрты бізден де артық жақсы көреді емес пе. Көпенді қимай-қимай шығарып салған.

Көпекең келе сала саяси сатиралық «Ара» журналының бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, сосын бас редакторы болады. Бұл бас редакторлығының лауазымы бөлек тақырып. Қызығы мен шыжығы қатар болған. Оспанхан көкесінің аузына түкіргенін көрсеткен Көпен шенді, шекпенділерді аямай сатиралық садаққа іле берген, түйрей берген. «Қойсай, байқасай», дегенді көзге ілмеген. Биліктегі шен-шекпенділер Көпеннен құтылу үшін пәленбай жыл тарихы бар «Ара» журналын жауып тастаған. Содан сол журнал әлі жабық. Оған қысылған Көпекең жоқ. Сол уақыттарда «Қымызхана», «Тамаша» әзіл-оспақ, ойын-сауық отаулары ашылып дүрілдеп тұрған кез. Соған ең белсенді автор болып, сатиралары қойылымда жарқырады. Кейін өзі «Көпен келе жатыр..», пародиялық әзіл-сықақ театрын ашты.  Шота-Аман Уалиханды, Заманбек Нұрқаділовты, Олжас Сүлейменовті, Шерхан Мұртазаны, Мұхтар Шахановты, Роза Бағланованы, Роза Рымбаеваны, Мақпал Жүнісованы, Тұңғышбай әл Таразиды пародиялады. Пародияны да түсінетіндері, түсінбейтіндері бар. Көпекеңе «Сенікі жөн», дей қойғандары  мұнда да шамалы.

Көпен мұның алдында 1978 жылы Мәскеуде, 1980 жылы Ташкентте өткен Бүкілодақтық жас сықақшылар фестиваліне қатысып, басқа ұлттың ел-жұртына да танымал бола бастаған. Оның «Правда» баспасынан шыққан  «Надейся и жди», «Крохотные звезды», атты орыс тіліндегі ұжымдық жинақтарға енген әзіл-сықақтары тәп-тәуір дүние екен, деп орыс сатириктері жоғары бағалап, лауреат атанған.

Көпенде дамыл жоқ. Ылғи іс сапарда жүреді. Бүкіл Қазақстан облыстарында ең кемі үш-төрттен болған шығар. Мен Торғай облысының орталығы Арқалықта жүргенде сол қалаға келді. Кездестік. Астанаға қоныс аудардым. Мұнда кездестік. Сондықтан ба, басқа курстастармен салыстырғанда  Көпенді жиірек көріп, кездестірем. Оған әрине, қуанып қалам. Курста екеуміз бір топта оқыдық. Екеуміз де сатира тақырыбынан Темірбек Қожакеевтен диплом жұмысын алып, екеуміз де «беске» қорғадық. Әлгі көп журналистер «Шерханның шинелінен шықтық», дегендей, Көпен екеуміз де Қожакеевтің қоңыр күпісінен шықтық. Қыздың сатирасы қырсық болады- ау, мен сатира тақырыбында кейде қылаң етіп, қылт етіп, кейде сылаң етіп, сылт етіп  көрінем де, арасында жоқ боп кетем. Көпен болса басқа тұлға ғой. Өзімді онымен салыстыра алмаймын. Көпен жәй-күйімнің бәрін аңғарғыш. «Осы қыз таныла берсінші дей ме, «Арада» жүргенде сатирамды үзбей жариялап, мені жарқыратып көрсетудан танбады. «Қазақ әдебиеті» газетінің сатиралық бұрышын басқарғанда да қатардан қалдырған жоқ. Телеарнада Көпеннің басқаруымен бұрын өмірден өткен танымал тұлғаларды еске алатын «Көзкөрген» атты арнайы хабар жүргізді. «Өріс, сатирик ағаларыңды білесің ғой, солар туралы естелік айтып бер», деп, оған да шақырды. Әйтеуір, тырнақтай мүмкіндігі болса, тыным бермей танымдық хабарға қатысуыма, сатиралық басылымдарда көрінуіме ылғи да сүйрелеп, алға тартып жүргені. Міне, осындай орталарда «Мына қыз кім?», деп мені ыммен сұрайтындарға Көпен: «Бұл қыз күшті сатирик қой. Менің курстасым. Қожакеевтен екеуміз сатирадан диплом қорғадық. Мен «төртке», Өріс «беске» қорғап шыққан қыз», дейді. Үнемі осы сөзінен жаңылмайды және. Атағы жер жарған Көпен өзін әдейі төменірек, мені жоғарырақ қояды. «Екеуміз де «беске» қорғап едік», десе, мәртебем онша байқалмай қалуы мүмкін ғой. Соны  тереңірек білетін Көпен, мені білмейтіндерге әдейі айтады. Ондағысы мені көтеру, мені биіктету. Қалай риза болмайсың курстасыңа, қалай сүйсінбейсің!

Көпен мақтауымды келтіріп тұрған соң танымай тұрғандар маған басқаша көзқараспен, бастарын иіп, құрметпен қарай бастайды. Кейде бұған қысылам. Қысылсам да төбем көкке көтеріліп қалатыны анық. Немесе: «Ей, бұл қыз өзі жазбайды, жазса бар ғой анау-мынау сатириктерің жолда қалып қояйын деп тұр», деп қосымшалап қоятыны тағы бар. Міне, Көпеннің жұрт дегендегі жүрегі, көрсеткен ілтипаты, құрметі мен жақсылығы. Сөз етпегім негізі бұл емес.

Көпен көркем мінезді жігіт. Кім менен «Көркем мінезді жігіт қандай?», деп сұраса мен Көпенді көрсетер едім. Енді жариялап отырмын. Ол қарапайым. Кеуде көтеру деген жоқ. Бүкіл адамдармен тең дәрежеде сөйлеседі. Оларды тыңдай біледі. Өзін де оларға тыңдата біледі. Ер, әйел, қыз-келіншек, қария, қарт, бозбала, жігіт ағасы бәрі-бәрімен тіл табысқыш. Өзінің атақ, даңқы, дәрежесіне қарамай елпілдеп сәлемдесіп, халін сұрап кез келген ортаға сынадай кіріп кете береді. Және кіммен сөйлессе де ортақ тақырыпты кеулетіп, жандандырып, әлдендіріп, түрлендіріп, түлетін жіберуге шебер-ақ.  Кейде осыған таң қалып басымды шайқаймын.

Көпен ерекше феномен. Біреуге көмек беруге жаны құштар. Содан ол жанына ләззат алады. Қазақстанның барлық өлкесіне іс сапарлап жүргенде  сонда тұратын, не жұмыс істейтін курстастардың жағдайын біліп, көмек қажет болса жәрдем беруге өзінің бар беделін жұмсайды. Көпенді  күтіп жүрген жергілікті  әкім-қаралар аянсын ба, Көпеннің бір ауыз сөзін жерге қалдырмай өтінішті табан астында орындап береді. Міне, азаматтық! Басқа жұрттарды  атамай-ақ өзіміздің арамыздан –ақ мысал келтірейікші. Курстастарымыз Айкөрген, Сейітбай, марқұм Қонай, Мариям, тағы кім еді ұмыттым... Бәрінің кейбір отбасылық жағдайларына Көпеннің тікелей көмегі тигені бар.

Мен бір күні Көпенге:.

- Көпеке, пәленше саған «иттік» жасаған. Мен білем. Бірақ, сен соған қарамастан оған үнемі жақсылық жасап жүресің. Неге?, - дей бергенде сөзімді бөліп:

- Жамандыққа жақсылық жасауды Тәңіріміз де қолдаған.. Оған әдейі жақсылық жасай берем. Қолымда тұрған соң аянайын ба. Мүмкін бір күні өзі түсінер, сосын ұялар, ал ұялмаса өзі білсін!, - деді. Ол осы пікірінен әлі өзгермей келеді.

Қазір жас сықақшылар театры көбейді. Сахнада тез бедел алып кетуі үшін олар кейде Көпенді шақырады. Уақыт тауып оған Көпекең барады. Пікірін айтады. Халық Көпеннің төбесін көрген соң әлгі театрдың әртістеріне де, Көпенге де риза болып қайтады. Мұның сыртында небір өнер саласы бойынша өткізілетін түрлі конкурс-байқауларға қазылар алқасының төрағасы, кейде қатардағы төрешілігіне Көпен міндетті түрде шақырылады. Қатысады. Сонда сайысқа түскендердің әлсіздеу жағына да қосымша бал қойып, жоғары шығып кетуіне қолдау көрсетіп отырады.

Бір күні Көпекең курстастар чатына (желідегі топ - ред.) «Жайдарман» әзіл-сықақ отауында отырғанын айтып, артынша бір топ қыздармен түскен суретін салып жіберіпті. Өрімдей әдемі қыздар қып-қызыл киініп алыпты. Ортасында көңілі шаттанған Көпеніміз. «Біздің курстағы жетпісті алқымдаған, одан әрі асқан жігіттердің, Көпекеңнің бұл тұрысына іштері өртеніп, қызыға да, қызғана да қарап отыр-ау»,- деп мен Көпенге:

Сенсің бе, Көпен, расында,
Қып-қызыл қыздар қасыңда.
Дәл осындай «Жайдарман»,
Болмады-ау, шіркін жасыңда.
Жүре бер жүйрік Көпен-ай,
Емессің бізге бөтен-ай,
Қыздардан қызып қуат ал,
Бұл уақыт та өтеді-ай..
Құрдастар жүр-ау қызығып,
Тұрғанда қыздар тізіліп.
Қызыл гүлдей қыздарға
Ойлары тұр-ау бұзылып?..- деп бір  ауыз өлең жолдамаймын ба... Мақсатым, сатирикті әзілмен қажау, сөйлету ғой. Оған қысылар Көпекең бар ма, лезде  маған: «Өріс, өлеңің тамаша екен. «Жайдарманнан» жаңа шықтым. Алғашқы шумағына мына сөзді тіркеп жібер:

Жетпіске келген шағыңда,
Жетеңде тұрар жүз үміт,
Баяғыдай қарайсың,
Бір тамшыдай үзіліп.
Жанардағы сөзіңді
Тұрады іштей қыз ұғып.
Қалқатаймен қоштасып,
Қайтасың үйге сызылып,
Таңда тарқар сәт қайда,
Жатасың-ау кіжініп!...», - депті, менің айта алмағанымды аузыма салып. Бұған не дерсің? Сонда «Жайдарман» қыздарымен бірге болып, үйге қайтып бара жатқан уақыты түнгі сағат 12-нің шамасы. «Таңға дейін болмадым-ау», деген өкінішін білдіргеніне күлесің. Міне, біздің Көпекеңнің әзіл-сықақ отауларымен араласы, жұмысы. Бұл да оңай шаруа емес.

Көпеннің білмейтіні жоқ. Құдай-ау, бәрін есіне ұстағыш, сақтағыш. «Пәлен жылы Пәленшекең былай деген. Сонда Түгеншекең оған былай деген», деп атақты адамдардың өзара қызу диалогтарынан сыр шертіп отырады.

Талайдың мерейтойын тойлап, шығармашылық кешін ұйымдастырып, сөзін сөйлеп, арнау әзіл жырымен арғымақша шауып жүрген Көпекең де биыл көктемде жеті белеске жетіп қалыпты-ау! Көпеннің 50 жас, одан соң 60 жас мерейтойында күттім. Нені? Құдай-ау, «Қазақстанның Оспанханнан кейінгі көзге түсер, әзіл-сықақтың падишасы Көпен Әмірбекке, жалпы қазақ сатириктеріне  Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы неге берілмеске?!» деп. Сол он жыл бұрын ойыма келген оралымды ойлар, ақ тілегім бір-екі ауыз жыр болған. Осы өлеңді тағы бір қайталаудың қазір де жөні бар сияқты.

Бағаланар ма сатира 

Орыстар жиі жылап, жиі күлсін,
Бір-бірін сүйер болса сүюі шын.
Бағалап сатирасын сары алтындай
Өледі Петровы мен Ильифі үшін.

Түріктің Әзиз бейі Несинін айт,
Танылған жарты әлемге есімін айт.
«Әз Әзиз падишасы әзілдің» деп
Тербеткен туған елі бесігін айт.

Көпен - Бей емес еді осал адам,
Күлкіден езу шіркін босамаған.
Садағы бар тілінің, оғы бардеп
Көпенге мәртебені жасамаған.

Талай жын жым болып ед «Арадағы»,
Талай сұм құм болып ед даладағы.
Ым мен жым, қу менен сұм бірігіп ап  ,
Көпенге оң көзбенен қарамады.

Курстас, қайран менің Көпенім-ай,
Қыртысты тегістейтін өтегім-ай,
Несиннен нең кем еді, бағаласа
Мемлекеттік сыйлыққа көтеріп-ай?!

Өріс  Яшүкірқызы,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын.

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3265
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5602