Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2340 0 пікір 10 Қазан, 2011 сағат 05:51

Кәрібай МҰСЫРМАН. Мағжанның сәуегейлігіне сенемін

Жыр пайғамбары атанған Мағжанның сәуегейлігіне қайран қаламын. «Сағындым» атты өлеңінде ұлы ақын:
Қалың елім, қалың қара ағашым,
Қайраты мол, айбынды ер алашым.
Өзі-ақ құлар, сырың берме, сабыр қыл,
Ақымақтар байқамаған шамасын, - деп қылышынан қан тамған кеңестік империяның да күні таусылып, өзі-ақ құлап тынатынын алдын ала болжап айтып кеткен емес пе?!
Осылайша, ана тіліміздің қилы замандағы қиын тағдырына қарамастан, нұрлы жұлдыздай ешқашан өшпейтінін, түрік балаларын бауырына тартатын сәулелі күндері туатынын керемет сеніммен айтып кеткен.
Құдайға шүкір, қазақ тілінің осыдан 20 жыл бұрынғы жағдайын бүгінгімен салыстырсақ, сең сөгілгендей серпіліс барлығына көзіміз жетері анық. Әсіресе, Кеңес өкіметі тұсында ұлтсыздандыру саясаты ерекше екпінмен жүргізілген Қызылжар өңірінде мемлекеттік тілімізге деген көзқарас түбегейлі өзгеріп, көңілге үлкен үміт ұялататын бетбұрыс басталғандығы айқын байқалады.

Жыр пайғамбары атанған Мағжанның сәуегейлігіне қайран қаламын. «Сағындым» атты өлеңінде ұлы ақын:
Қалың елім, қалың қара ағашым,
Қайраты мол, айбынды ер алашым.
Өзі-ақ құлар, сырың берме, сабыр қыл,
Ақымақтар байқамаған шамасын, - деп қылышынан қан тамған кеңестік империяның да күні таусылып, өзі-ақ құлап тынатынын алдын ала болжап айтып кеткен емес пе?!
Осылайша, ана тіліміздің қилы замандағы қиын тағдырына қарамастан, нұрлы жұлдыздай ешқашан өшпейтінін, түрік балаларын бауырына тартатын сәулелі күндері туатынын керемет сеніммен айтып кеткен.
Құдайға шүкір, қазақ тілінің осыдан 20 жыл бұрынғы жағдайын бүгінгімен салыстырсақ, сең сөгілгендей серпіліс барлығына көзіміз жетері анық. Әсіресе, Кеңес өкіметі тұсында ұлтсыздандыру саясаты ерекше екпінмен жүргізілген Қызылжар өңірінде мемлекеттік тілімізге деген көзқарас түбегейлі өзгеріп, көңілге үлкен үміт ұялататын бетбұрыс басталғандығы айқын байқалады.
Сонау 1990 жылы Петропавлда «Қазақ тілі» қоғамының жергілікті белсенділері «қаладағы орыс мектептерінің жанынан алғаш рет қазақ сыныптарын аштырамыз» деп бастама көтеріп, сол жылы мектеп табалдырығын аттайтын балалары бар 80 қазақ отбасын тізімге алып, үй жағалап үгіт жүргізген-ді. Сонда 20 шақты ата-ана: «Қазақ тілі кімге керек? Орыс тілін білмейтін адам ертең нан таба алмай, далада қалады. Біз баламызды орыс тілінде оқытамыз» деп бір-ақ қайырып, есіктерін тарс жапқан. Ал ұлтжанды азаматтардың жанайқайы саналарына сәуле түсірген 60 шақты ата-ана сол жылы мектепке баратын қарадомалақтарын қазақ сыныбына беруге уәде еткен. Алайда көпшілігі сөздерінде тұрмай, ақыры күзде 20 мыңдай қазағы бар шаһардан ана тілінде білім алуға шын ықылас білдірген небары 15-ақ отбасы табылған. Сөйтіп, қаладағы №3 орыс мектебінің жанынан 15 қазақ баласының басын әрең қосқан алғашқы қазақ сыныбы ашылған еді.
Кейінірек Қызылжар қазақтарының өтінішімен көрнекті жазушы, Петропавл қаласының құрметті азаматы Сафуан Шаймерденовтің Үкімет басшыларына жолығып, ел аманатын орындауға аянбай атсалысуының арқасында облыс орталығында 320 орындық классикалық гимназияның қабырғасы қаланды. Сол кездегі облыс әкімі қалалық оқу бөлімінің бастығынан: «Түбінде 320 орын тарлық етпей ме?» деп сұраған көрінеді. Сонда ол: «Осыны толтыратын шәкірт табудың өзі оңайға түспейін деп тұр. Бұдан үлкен мектептің қажеті жоқ біздің қаладағы азғантай қазаққа» деп азар да безер болыпты. 1996 жылы ашылған сол білім ордасындағы оқушылар саны бертінгі оқу жылдары 1 мыңнан асып жығылып, оларды екі ауысыммен оқытуға көшуге және қосымша ғимарат іздестіруге тура келді.
Қазақ тіліне деген жаппай бетбұрыстың дүмпуімен Тәуелсіздік жылдарында Петропавл қаласында жаңадан бес қазақ мектебі ашылып, олардың жалпы саны алтыға жетті. Ал қалада соңғы салынған 1100 оқушыға арналған қазақ мектеп-гимназиясы 2007 жылы пайдалануға берілген болатын. Содан кейін әлемдік қаржы дағдарысы килігіп, петропавлдық ата-аналар қолқалап сұрап жүрген жетінші қазақ мектебін салуға қаржы бөлінбей қалды. Осыны ескерген облыс әкімі Серік Біләлов 2008 жылғы мұғалімдердің дәстүрлі тамыз мәслихатында қала басшыларына оқушылар саны азайған орыс мектептерінің жанынан қазақ сыныптарын ашу жөнінде тапсырма берген еді. Содан бері қаладағы 12 орыс мектебінің жанынан қазақ сыныптары ашылып, олар аралас білім мекемелеріне айналдырылды. Оларда өткен оқу жылында 400 қаракөз бүлдіршін өз ана тілінде білім алды.
Жасыратыны жоқ, Петропавлдағы қазақтардың үлес салмағы 20 пайыздан енді ғана асқандықтан, мұндағы тілдік орта орысша болып қалып отыр. Балаларға мектеп пен отбасынан тыс орындардың көпшілігінде орыс тілінде қарым-қатынас жасауға тура келеді. Аулаларында араласатын тетелестерінің де дені - ұлты басқа балалар. Сондықтан таза қазақ мектептерінде оқитын оқушылардың өзі де орыс тілін тұрмыстық сөйлесу тілі деңгейінде, ал қазақ тілін әдеби тіл деңгейінде қатар меңгеру үстінде. Мұғалімдер болса, сабақтардың арасындағы шағын үзілістерде бір-бірімен орысша сөйлесуге бейім тұратын оқушыларды өзара қазақша тілдесуге шақырып әлек болып жатады. Осы тұрғыдан алғанда, таза қазақ мектептеріндегі тілдік ахуалдың аралас мектептердегіден асып тұрғаны шамалы. Демек, Петропавл қаласындағы қазіргі нақты жағдайда бос орындар жеткілікті орыс мектептерінің жанынан қазақ сыныптарын ашып, оларды аралас мектепке айналдыруды құптамаудың қисыны жоқ сияқты. Оның үстіне бүгінгі таңда орыстілді оқушылардың да мемлекеттік тілді меңгеруге деген ынта-ықыластары айтарлықтай екендігін де ескермей болмайды. Мәселен, өткен оқу жылында облысымыз бойынша, ұлты басқа 312 ата-ана өздерінің ұл-қыздарын қазақша оқытуды жөн көріпті. Олардың қатары жылдан-жылға қалыңдап келе жатқанын да айтқан жөн.
Бұған қоса, ана тілімізге мемлекеттік тіл мәртебесі берілгеннен кейін Қызылжар өңіріндегі қазақ ауылдарындағы ата-аналар арасында кеңінен үгіт-насихат жүргізудің арқасында Кеңес өкіметі тұсында орыс тілінде оқытуға көшірілген 94 қазақ мектебі түгел қалпына келтірілді. Ал биылғы оқу жылында 6 аралас мектеп таза қазақ тілінде оқытуға көшірілді. 20 жыл ішінде ана тілімізде тәлім-тәрбие беретін ондаған жаңа мектептер мен сыныптар, балабақшалар ашылды. Облыстағы мектепке дейінгі мекемелердің бәрінде мемлекеттік тілді үйрету қолға алынды. Осындай игілікті істердің нәтижесінде, өткен оқу жылында жалпы орта білім ордаларында қазақша оқыған қазақ балаларының саны 62 пайызға дейін жетті.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясының үстіміздегі жылғы сәуір айында болған ХVІІ сессиясында сөйлеген сөзінде: «Басым бағыттардың бірі - барлық этнос өкілдерінің қазақ тілін меңгеруіне ықпал ету болып қала береді. Біз 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандықтардың саны 80 пайызға жетсін, ал 2020 жылға қарай одан да көп болсын деген мақсат қойдық. 10 жылдан кейін мектептеріміздің түлектері қазақ тілінде 100 пайыз сөйлейтін болуы тиіс» деп қадап айтты.
Ал арамыздағы тым сынампаз ағайындардың Президент айқындаған осынау айбынды міндетті жүзеге асырудың нақты жолдарын қарастырып, білекті сыбана іске кірісудің орнына, оған күмән келтіріп, қазақ тілінің тағдыры қыл үстінде деп қара аспанды төндіріп жүргені мәлім. Меніңше, мұндай сары уайымға салынудың қисыны шамалы. Өйткені өзге өңірлерді айтпағанда, қазағының саны бүгінгі күні небары 34 пайызды әрең құрап отырған біздің облыстың өзінде ана тілінің кеңес заманында бітеліп қала жаздаған бұлағының көзі қайтадан ашылып, көктемде мұзы еріген Есіл өзеніндей қозғалысқа келіп, алға жылжып аға бастағанын көрмеу көрсоқырлық болар еді.
Жуырда Көкшетау қаласында өткен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының V құрылтайында сөйлеген сөзінде Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің алдағы уақытта қабылданатын тіл туралы жаңа заңға мемлекеттік қызметшілер үшін мемлекеттік тілді білудің міндеттілігі туралы бап енгізуге күш саламыз деп уәде бергені, көңілімізде маздаған үміт отын үрлей түскендей әсер етті. Міне, осындай орынды талаптар қойылған «Мемлекетік тіл туралы» заңды қабылдау - ана тіліміздің қолданылу аясын одан әрі кеңейту бағытындағы келесі бір аса маңызды қадам болары кәміл.
...Өз басым, өзгенің емес, ұлы Мағжанның сәуегейлігіне сенемін.

Кәрібай МҰСЫРМАН,
Қазақстан халқы
ассамблеясының мүшесі,
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы
Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы

http://www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=10290&Itemid=2

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5450