Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3305 0 пікір 8 Қыркүйек, 2011 сағат 16:34

Өзіне тән мінезі бар болатын

...Ол жылы Қасым жиырма бесте болатын. Жасы нағыз жігіттік дәуірге кірсе, ақындық сапары ұзақ жолға түсіп еді. Сол жылдар жазылып, өзі қайтыс болғаннан кейін ғана жарық көрген «Хан тәңірі», «Сабыр етші» сияқты өлендері ақынның ұзақ сапары сәтті болатынын айқындай­ды. Мұның алғашқысында шұбалаңдық байқала тұрса да, тіл байлығы қандай:
«Хан тәңірі жатыр еді ұйықтап,
Айды жастап, көк көрпесін тұйықтап.
Хабаршысы сұлу сағым сылаңдап,
Жетіп келді тым асығыс бұлаңдап,
Жайлап жылжып жүрді сағым жағалап,
Хан тәнірінін койны-конышын аралап,
Кенеттен бұлт бір ұлып, бір абалап
Төкті жасып кұйды нөсер сабалап...»
Ал «Сабыр етші» деп аталып, оған жал­ғас аты қойылмай кеткен және бір ұзақ өлеңі ақынның жастық сырларынан хабар береді. Атсыз өлеңі:
«Қарай-қарай көзімнің нұры бітпес,
Айта-айта көнілімнің сыры бітпес,
Жалын жүрек, жасын тіл, жас ақынның

...Ол жылы Қасым жиырма бесте болатын. Жасы нағыз жігіттік дәуірге кірсе, ақындық сапары ұзақ жолға түсіп еді. Сол жылдар жазылып, өзі қайтыс болғаннан кейін ғана жарық көрген «Хан тәңірі», «Сабыр етші» сияқты өлендері ақынның ұзақ сапары сәтті болатынын айқындай­ды. Мұның алғашқысында шұбалаңдық байқала тұрса да, тіл байлығы қандай:
«Хан тәңірі жатыр еді ұйықтап,
Айды жастап, көк көрпесін тұйықтап.
Хабаршысы сұлу сағым сылаңдап,
Жетіп келді тым асығыс бұлаңдап,
Жайлап жылжып жүрді сағым жағалап,
Хан тәнірінін койны-конышын аралап,
Кенеттен бұлт бір ұлып, бір абалап
Төкті жасып кұйды нөсер сабалап...»
Ал «Сабыр етші» деп аталып, оған жал­ғас аты қойылмай кеткен және бір ұзақ өлеңі ақынның жастық сырларынан хабар береді. Атсыз өлеңі:
«Қарай-қарай көзімнің нұры бітпес,
Айта-айта көнілімнің сыры бітпес,
Жалын жүрек, жасын тіл, жас ақынның
Сүйгеніне арнаған жыры бітпес», - деп басталады да, өзінің құмар болған қыздан көңілі қайтып, опық жеген өкінішін баяндайды. Сыршыл да, шыншыл махаббатты айрықша қасиет тұтатын ақын қыздан түңіліп, көңіл күйінің ренішін дәптеріне ғана жазған екен. Қанша үйренісіп, сырласа жүрсек те, жастық жалынның мұндай қалтарыс жайларын ашып көрген жоқ еді. Отыз сегізінші жылы бір күні өте көңілді, шабытты бір сәтін байқадым. Екеуміз Максим Горький атындағы паркке шыққанбыз. Жоқтан өзгеге күліп, қай-қайдағы бір өткір сөздер тіліне оңай оралып келе жатты. Сол қалпында, өткен бір сырын ашып-ақ салғаны ғой.
- Кеше кеште бір қызыққа душар болдым, - деп іркіліп қалды да, - қызық емес пе? - деп мырс етіп күліп алды. - Оралда бір қызға құмар болғаным барды. Болмашы бір нәрседен соңымнан сөз еріп, комсомол жиынында талқыға түстім. Әлгіден кейін бұрын тонның ішкі бауындай болып жүрген қызым теріс айналып жүре берді. Қатты ренжідім. Мұңымды күнделігіме шақтым да қойдым. Қайтем, амал нешік!.. Ал кеше сол қызымды көріп қалғаным ғой. Жайраңдап өзі келіп қол алысты. Іш-бауырыма кіріп барады. Ғажап та қызық. Басыңа бір іс түскенде теріс айналып, жақсы кезіңде жыландай мойныңа оралатын қызға не айтарсың? Махаббат, шіркін махаббат...
Осыны айтып кідіре бергенде, бір сұрақты қойып қалғам:
- Несі бар, сүйген адамыңның ондай қатесін кешесің де. Өзің бойдақсың. Үйленерсің, тіпті?
Қасым тіктеп қарады да:
- Шын айтасың ба? - деп өзіме сұрау қойды. Мен күліп келе жатыр едім. Құбылысымды аңғара қойды:
- Бәсе... Ойнап айтып келе жатыр екенсің ғой. Меніңше, махаббат әрі берік, әрі өте нәзік нәрсе. Қылы үзілсе жалғау жоқ та, бір берілген адамнан өзгеге бұрылу жоқ. Ана қызға деген махаббатымның қылы үзіліп калған-ды. Енді қайтып жалғармын? Ал оның махаббаты талай үзіліп, талай жалғанса кім біліпті... Үйлену асығатын жай емес. Іздеп жүрмін. Қаталасып адасуым да мүм­кін. Бірақ тапқанша шаршамаспын. Шын махаббатым қазір табылды - өлеңім бар. Мүмкін тіпті одан артык сырласым өмірде болмас та...
Осындай көңілді сәтінде қатар жүрген досынан ештеңені де ірікпестен, бар шынын ақтарып салатын. Түптегі бір ойларын, не жайында жазатынын да ортаға салып отырушы еді. Оның «Өлеңнен артық сырласым мүмкін болмас та. Шын махаббатым - өлең» дегені рас та еді. Жоғарыда айтып өттік, оның ең алғашқы алған нәрі: халық жырлары, халықтың ән-күйлері, музыка, домбыра, гармонь, скрипка; ел аузындағы өнегелі сөз - мақал-мәтелдер болса, ақындығының сәбилік шағында бұл қорларды бойына сіңіріп тілін байытып, ұстартып, ел өмірінен оқып, тоқып алды да, отыз бес-отыз алтыншы жылдардан бастап, әдебиет классиктерін кұныға зерттеп, Пушкин, Лермонтов, Шевченко, Байрон, Руставели, Низами, Маяковский шығармаларын көп аударды.
Осыдан кейін-ақ Қасымның ақын­дығы күшейіп жүре берді. «Бурабай толқындары», «Көкшетау» сияқты әлеуметтік маңызы бар ұзақ өлеңдері, «Жамбыл тойында», «Құпия қыз», әуелі «Азғынбаев», кейіннен «Бикеш» болып түзетілген дастандары отыз бесінші жылдардан қырқыншы жылдарға еңкейген дәуірде ақынның жыл сайын бой салып бірден-бірге есейіп қалғанын байқататын еді. Бұл еңбектерінің қай-қайсысы болса да қалай туғандығы жөнінен сол кезде қатар жүрген жолдастарына мәлім еді. Бізге де мәлім.
Соғысқа дейінгі ең ұзақ, әрі мәнді еңбегі, әсіресе, «Құпия қыздың» тарихы көз алдымызда. Отыз тоғызыншы жылы Ленин комсомолының жиырма жылдығы тойланатын болды. Соған арнап Қазақстан комсомолының Орталық Комитеті алдын ала повесть, поэмаларга бәйге жариялады. Жасырын атпен бәріміз де жарысып кеп кеттік. Жиырма жылдық өткеннен кейін барып жюри­дің қорытындысы шықты: поэмалардан Қасымның «Құпия қызы», Диханның, Қалижанның, Қапанның поэмалары, менің «Арман ағысы» атты повесім сыйлыққа ілінді. Әлі есімде: Қазақстан комсомолының Орталық Комитеті онда осы күнгі Үкімет үйінде болатын. Бір сәтті кеште бәріміз алғыспен қатар сыйлығымызды алып қайттық. Ал қыр­қыншы жылы комсомол баспасы поэмаларды бір бөлек етіп басып шығарды. Бәйге қорытындысы жарияланбастан бұрын газет, журналдар бетінде аталған поэмалар да, жеке повестер де кейі тұтас, кейі үзінді есебінде басылған-ды.
Қысқаша түйсек, меніңше, Қа­сым­ның творчестволық үш мектебі болды дер едім. Бірінші мектебі - жоғарыда айтылған халық қайнары, екінші мектебі - әдебиет классиктері, үшінші мектебі - ең үлкен мектеп - большевиктік бас­пасөз. Әрине, жаратылысында дарыны жоқ адам канша төпелегенмен ақын болмайды ғой. Оған ешкім де дауласа алмас. Әйтсе де ақынды өсіретін, жетілдіретін өз заманы, ортасы, өмірден оку, тоқу. Тап осы жөнінде көп жылдар баспасөзде қызмет ету Қасымға шын мағынасындағы мектеп болды.
Ол әуелі «Қызыл әскер», «Екпінді құрылыс», «Лениншіл жас», одан соң «Социалистік Қазақстан» газеттерінде жалғасынан он шақты жыл қызмет етті. Газетте қызмет етудің пайдасы көп. Бір мақала жазудың өзінде қанша материалды ақтарып, қаншама ойлар кешіп, пікіріңді түйіндеп аласың. Бір мәселе жайында ойланып келген түйініңді кейіннен кестеге, бейнеге айналдырсаң көркем шығарма туып қалуы ғажап емес қой. Иә, бір очерк, иә, бір фельетон материалдарынан да үлкен шығармаға негіз төселуі мүмкін. Оның үстіне газет жұмысы іскерлікке, ел өмірін неғұрлым жақсырақ білуге талпындырады. Қасым осындай іскер болып өсті. Жарияланған бас мақала, очерк, ия, фельетон, сын макала өз алдына, хат қорыту, аудармамен де жиі шұғылданып, газеттің кәдімгі «қара жұмысын» ол көп атқарды. Күнбе-күнгі келелі жиындарда да, ел арасында да көп болды. Соның бәрі Қасымды ел өмірімен, партиямыздың әр кезде алға қойған ұлы мақсаттарымен тығыз байланыстырды. Қасым осының пайдасын көріп, тел өсті.
Бірақ та әркімде әртүрлі мінез болады ғой. Ол ерекше дарқан, өзі жөн деген жақтан аумайтын бір бет, кезі келгенде оны-мұныға қарайламайтын ақ көңіл де аңқылдақ, сәби мінезді жігіт болды. Сенген адамына жүрегін де суырып бергендей адал жан еді. Отыз сегіз, отыз тоғыз, қырқыншы жылдары, қырық бірінші жылы майданға кеткенше өте-мөте жұп жазбай бірге болатын жолдас­тары - Қалижан, Қапан, Әнуар Омарбеков, Жұмағали Саин, Қабыш Сирановтар еді. Ішінде біз де бар едік. Әнуар - өте бір күлдіргі, жүрген жерін мәз ететін, өзі жақсы әнші, әзілкеш жігіт еді (майданда қаза тапты). Ол қайтыс болғанда Қалижан жақсы өлең жазды:
«Жігіт еді әзілі бар, әні бар,
Жігіт еді біздің ерке Әнуар.
Жігіт еді, боздағы еді халқымның
Еркін ерке жайраңдаған жаны бар».
Осы өлеңді Қасым мінезіне арнап айтуға да болар еді. Оның өзі жазған «Ақын мінезі» деген өлеңінде өз басына лайық айтылған сөздер бар:
«Акынның ала құйын мінезі бар,
Жанының желі жоқтар қайтып ұғар...
Сары аяз сақырлаған үскірікпін,
Кейде жаз, кейде күзбін, кейде бұлтпын...
Табиғат анама мен тартып туғам,
Туғанда күн нұрымен бетім жуғам...»
Шындығында да, табиғаттың аума­лы-төкпелі, кейде ашық, кейде жауын мезгілдеріндей еркін де, ерке, жайраңдаған жаны бар Қасым, әр орайда әртүрлі мінез көрсететін. Қырқыншы жылы үйленгеніне жыл толмай-ақ, ал­ғашқы некелі болған әйелінен айрылып кетті. Ол мінезін оғаш көрдік те, сөктік те. Бірақ қайыспады. Дәлелі қандай еді? - «Қосылмай жатып жалған сөйлейтінін біліп қалдым. Бара-бара небарқадар таптырады?!». Бірқатар жолдастары оған өкпеледі. Өз дегенінен басқаны ол жөн көрген жоқ. Сол бетінше катты сынаған жолдастарына ренжіп жүріп, армияға аттанғанында да, тіпті майданда жүргенде де бір кездегі ренішін ұмытпады.
Әлбетте жолдастық сын бір басқа ғой. Кейбіреулер Қасымға жаманат тағылған кезді пайдаланып, оны мұқату ниетінде болмағанды болды деп өсек-аяң таратқан жайлар да бар еді. Ондайға жаны төзбейтіп сәби мінезді Қасым майданда жүріп Ғалиға жазған алғашқы хатында:
«Заманның жеңіл ауыз жеңтелмені,
Мақтар ед өліп кетсем ертең мені.
Қисайып, қыңырлықпен келем өлмей
Батқан жоқ соғыстың да от шеңгелі»,-
деген бір өткір сөздерді де шығарып еді. Мұнда тұрған қате жоқ. Ақынның өзіне тән мінезін ашып тұрғаны айқын.

 

Қаңтар, 1956 жыл

Ғабдол СЛАНОВ

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5437