Төлен Әбдікұлы. Парасат майданы (жалғасы)
4
26 наурыз...
Тегiнде менi бiр қырсық айналдырып жүр. Түнде өте жайсыз түс көрдiм. Қараңғы каридормен келе жатыр екенмiн деймiн. Жолда жатқан - зат иә тiреу екенi белгiсiз - әлде бiр кедергiлердi айналып өтiп, құлап қалмау үшiн, әлсiн-әлсiн сипалап, қолымды қабырғаға тiреймiн. Шамасы бiрдеңеге асығып келемiн. Бiр кезде әлдеқандай өткiр зат - қабырғаға қадаулы тұрған қанжар болуы мүмкiн - мойнымды орып өттi. Еш жерiм ауырмаған соң, iлгерi жүре бергем, кенет басымның бұлғақтап кеткенiн сезiп, қолыммен ұстай алдым. Басым боп-бос - бiр терiге ғана iлiгiп тұр. Бiр қолыммен қабырғаны сипалап, бiр қолыммен басымды ұстап, iлгерi жылжимын. Жүруге ыңғайсыз, сәл сүрiнсем, басымды түсiрiп алатын секiлдiмiн. Қараңғы каридордың таусылатын түрi жоқ. Осынау жанды қинаған азапты жүрiс ендi ешқашанда бiтпейтiндей көрiндi... Бiр уақытта қонақ үй секiлдi ғимараттың iшiне кiрдiм. Фойедегi орындыққа отырып, басымды iлiгiп тұрған жерiнен бiржола жұлып алып, келесi орындыққа қойдым. Өтiп бара жатқандар маған бұрылып қарайтын секiлдi. Ыңғайсызданып басымды газетпен жаба саламын. "Мынау ұят болды-ау,- деймiн iшiмнен.- Мұны қайтiп жасырамын?"
Қайда барарым да белгiсiз. Газеттiң шетiн ептеп көтеремiн де, басымның сол күйi жатқанын көрiп, қайтадан жаба саламын. Әлгiден қалай құтыларымды бiлмей отырған адам секiлдiмiн... Өстiп жатып оянып кеттiм.
4
26 наурыз...
Тегiнде менi бiр қырсық айналдырып жүр. Түнде өте жайсыз түс көрдiм. Қараңғы каридормен келе жатыр екенмiн деймiн. Жолда жатқан - зат иә тiреу екенi белгiсiз - әлде бiр кедергiлердi айналып өтiп, құлап қалмау үшiн, әлсiн-әлсiн сипалап, қолымды қабырғаға тiреймiн. Шамасы бiрдеңеге асығып келемiн. Бiр кезде әлдеқандай өткiр зат - қабырғаға қадаулы тұрған қанжар болуы мүмкiн - мойнымды орып өттi. Еш жерiм ауырмаған соң, iлгерi жүре бергем, кенет басымның бұлғақтап кеткенiн сезiп, қолыммен ұстай алдым. Басым боп-бос - бiр терiге ғана iлiгiп тұр. Бiр қолыммен қабырғаны сипалап, бiр қолыммен басымды ұстап, iлгерi жылжимын. Жүруге ыңғайсыз, сәл сүрiнсем, басымды түсiрiп алатын секiлдiмiн. Қараңғы каридордың таусылатын түрi жоқ. Осынау жанды қинаған азапты жүрiс ендi ешқашанда бiтпейтiндей көрiндi... Бiр уақытта қонақ үй секiлдi ғимараттың iшiне кiрдiм. Фойедегi орындыққа отырып, басымды iлiгiп тұрған жерiнен бiржола жұлып алып, келесi орындыққа қойдым. Өтiп бара жатқандар маған бұрылып қарайтын секiлдi. Ыңғайсызданып басымды газетпен жаба саламын. "Мынау ұят болды-ау,- деймiн iшiмнен.- Мұны қайтiп жасырамын?"
Қайда барарым да белгiсiз. Газеттiң шетiн ептеп көтеремiн де, басымның сол күйi жатқанын көрiп, қайтадан жаба саламын. Әлгiден қалай құтыларымды бiлмей отырған адам секiлдiмiн... Өстiп жатып оянып кеттiм.
Өзiме өзiм келе алмай, жүрегiм тарсылдап бiраз жаттым. Менi таңқалдырған нәрсе - басымды өзiмнен бөлек қойып, қайтып ойлап, қайтып көрiп отырғаным. Қисыны келмесе де, анық нәрседей әсер етедi.
Ұзақ уақыт ұйықтай алмадым. Терезеден құлаған әлжуаз жарық бөлме iшiндегi қараңғылықпен астасып, iрiген бiрдеңедей, не жарық емес, не түнек емес, көзперде қаракөлеңкеге айналған. Әлде қайдан болмашы жел келiп тұр.
Көрген түсiм қусаң кетпейтiн шыбын секiлдi. Көзiмдi жұмсам болды, кесiлген жерiнен қызыл етi көрiнiп, орындық үстiнде шалқалап жатқан өз басымды қайта-қайта көремiн.
5
27 наурыз...
Дүниедегi ең жаман нәрсе - адамның өзiнен өзi қорқуы. Ондайда iшкi әлемiң қатерi көп қалың орманға ұқсайды. Бiр адассаң, қайтып шығуың неғайбыл. Адасқан сайын қорқынышың ұлғайып, қорқынышың ұлғайған сайын, өзiңдi өзiң бөтен адамдай сезiнесiң.
Ақыры өз iнiнен өзi шошыған тышқандай мен де өзiмнiң жан сарайымнан сыртқы әлемге қашып шығамын. Анық тiршiлiк қанша қатыгез болса да, қарасыны көп, алданышы бар: қаптаған адам, күннiң нұры, тоқтаусыз қимыл, толассыз үн. Сыртқы ортамен өзiңдi байланыстырып тұрған бiр тамырды өз бойыңнан сезген кезде әу бастағы табиғи түйсiк-таным қайта оралып, онымен бiрге үмiтшiл тiлек, мақсат та қайта ұялайды. Мендегi қазiргi бiрiншi мақсат - өзiме хат жазған құпия кiсiнi тауып алып, жасырынбақ ойынын тоқтаттыру. Жау тылында жүрген барлаушыдай аяғымды аңдап басып, ауладағы адамдардың әр қайсысының жүзiне зер сала қараймын. Бетiме бiр қараса-ақ болды, жазбай танитын секiлдiмiн.
Бейтаныс құрбымды iздеп жүрiп, бiр байқағаным - бiз шын мәнiнде өмiрге тым атүстi қарайды екенбiз. Атүстi қарайтынымыз сонша, тiптi қасымызда жүрген адамдардың кiм екенiн бiле бермеймiз. Мен мән бермей жүрген кезде аулада жүрген адамдардың бiр бiрiнен айырмашылығы шамалы болып көрiнетiн. Сүйтсем, олар бiр бiрiне мүлде ұқсамайтын жандар екен.
Сыртынан қарағанда сөзге сараң, сабырлы көрiнетiн сирек шашты ақсары кiсi нағыз мылжыңның өзi болып шықты - өзiн таныстыру үшiн алыстан ата-бабаларын таратып, әрқай-сысының ерлiгiн баяндап, бiр атасының патшаға барғанын, бiр атасының ғұлама ғалым болғанын айтып, жеңiмнен ұстап жiбермей, әбден зықымды шығарды.
Қасқа басын самай шашымен жапқан толықша жiгiт: "Әй, бауырым, қазақта менi бiлмейтiн жан жоқ, өзiң қайда жүрген адамсың?"- деп өзiме дүрсе қоя бердi.
Ендi бiреуi тiптi науқас екен: "Мен Айса пайғамбармын, көктен түстiм, менен қорқып бәрi жабылып, осында тығып қойды. Оны ұйымдастырып жүрген - Бiрiккен Ұлттар Ұйымы,"- деп ақылға сыймайтын бiрдеңенi айтады.
Күн көзi жылына бастады. Бiрақ көлеңкенiң ызғары әлi басылмаған. Ылғалды көктем лебi науқас адамның демiндей сезiлiп, әлдеқайдан сыздықтаған шаншу жел анда-санда ұйтқып өткенде, тәнiң түгiлi жаның да түршiккендей болады.
Түске тақағанда аулада төбелес болды. Еңгезердей сақалды бiреу шашы жалбыраған жас жiгiттi сабап, жұрт әрең дегенде айырып алды. Төбелестiң себебiн әр кiм әртүрлi айтады. Медбикенiң айтуынша, әлде бiр себеппен аулаға шыққан бас дәрiгер жас жiгiтпен амандасқан екен, соған ыза болған сақалды дәу "менiмен сәлемдеспей, сенiмен неге сәлемдеседi" деп бас салып сабаған секiлдi.
Қарап отырсаң, аурухананың ауласындағы тiршiлiк пен сыртқы тiршiлiктiң арасында үлкен айырма жоқтың қасы.
Түстен кейiн менi дәрiгер қабылдады. Орындыққа шаншылып тiк отыратын шағын ғана көзiлдiрiктi жiгiт. Бiр жерi аурып отырғандай адамға әлде бiр қиналысты жүзбен қарайды. Сөйлеген сөзiнен тәжрибелi, бiлiмдi маман екенi байқалып тұр. Менiң қан қысымымды өлшеп, жүрегiмдi, өкпемдi тыңдағаннан кейiн, көңiл күйiмдi, жалпы жағдайымды, өткен өмiрiмдi сұрап әңгiмеге тартумен болды. Жабырқаған көңiлiн көтеру үшiн сөйлесетiн адам iздеп отырған секiлдi. Ақыры ауа райы, өткен түнде тоқтап қалған ыстық су тағы сол сияқты ұсақ-түйектi сөз қылып, артынан медицина туралы әңгiмеге көштi. Психика патологиясы туралы ұзақ лекция оқыды. Әсiресе, тұлғаның екiге жарылуы... Яғни бiр адам бойында екiншi тұлғаның пайда болуы. Мәселен, бiреу - жақсы отағасы, ұқыпты қызметкер, ал түнгi сағат 12-ден әрi қауiптi қылмыскер: әйел зорлап, кiсi өлтiруi мүмкiн. Жақында бiр ұшқыш жас қыздарды зорлап, қайсы бiрiн мерт қылғаны үшiн ұсталған. Және мұндай қылмыспен бiрнеше жылдар бойы шұғылданған екен. Жұртқа сыйлы, зиялы қызметкердiң қылмысқа толы тағы бiр жасырын өмiрi кешiп жүргенiн ешкiм де бiлмеген. Мұндай мысалдар аз емес. Яғни адам iшiнде мiнезi бөлек, дүниеге көзқарасы бөлек екiншi тұлғаның пайда болуы - бұл адам психикасындағы паталогия.
Ал, мен ойлаймын: мына заманда, қалыпты жағдай мен шектен тыс құбылыстың мидай араласып кеткен тұсында, дерт пен денсаулықтың ортасына шекара қою мүмкiн емес. Айталық, бiр тiсiң аузыңа сыймай кетсе - паталогия, ал кеше ғана күйiп-жанған ғашықтар мен қанды көйлек достар аяқ астынан бiр бiрiне опасыздық жасап жатса - паталогия емес, бұл - тiршiлiкке тән қалыпты жағдай. Және осындай ұғымға да, қағидаға да етiмiз үйренген. Әйтпесе, адамгершiлiк мұратыңды сатудан артық қандай паталогия болуы мүмкiн?
Бүгiнгi әлеуметтiк мiнез-құлық: өзiнен басқаның бәрiн иттiң етiнен жек көретiн өлермен өзiмшiлдiк, жексұрын мақтаншақтық, жаны ашымас қатыгездiк, мейрiмсiздiк, iштарлық - паталогия емес пе?
Бойдағы мiнi шашынан көп болса да, өзiмен күресiп жүрген бiр адамды көрмейсiң. Көшеден жүз адамды ұстап алып, сырлассаң, жүзi де әлдекiмнен қиянат көрушiлер болып шығады. Сонда қиянат жасаушылар қай жақта жүр?
6
31 наурыз...
Бүгiн тағы хат алдым. Өз сорыма өзiм жетiп тынатын шығармын. Коридордағы столдың қуысына қарамауға ант берсем де, әлдебiр соқыр сезiм жетегiнен шыға алмадым. Күнi бойы өзiмдi өзiм тежеп жүргенмiн. Бесiн кезiнде столға келiп, астыңғы қуысына қолымды созғанда, саусағыма iлiккен хатты көрiп, қылша мойнынан тұзаққа iлiккен аңдай сiлейдiм де қалдым. Менi бiр нартәуекел сезiмнiң иектегенi рас едi. Егер осы жолы хат жоқ болып шықса, iштей арбасқан жекпе-жекте сәл-пәл тыныстап, күш жиғандай болар едiм. Менiң көзге көрiнбейтiн қарсыласым алдымды орап кеттi.
"Бейтаныс құрбым,- дейдi баяғыша,- сiзден жауап алмаған соң, екiншi рет хат жазып отырмын. Сiздiң күнделiгiңiздi оқығаныма тағы да кешiрiм сұраймын.
Менiң ұққаным - сiз iзгiлiкке сенесiз де, зұлымдыққа сенбейдi екенсiз. Менiңше, екеуiне де сену керек. Дүниенi ұстап тұрған осы екi күш қой. Өмiр атты арбаның екi жетегi болса, бiреуi - зұлымдық. Бiрақ ол, сiз ойлағандай, адамға тек жамандық әкелетiн зиянды нәрсе емес. Айталық, мойындалған қағида бойынша, зұлымдықтың бiр өкiлi - ажал. Бiрақ ажал болмаса, жер бетiнде қандай тiршiлiк болар едi? Ауру өлмесе, кәрi өлмесе, қарақшылар, адамзатқа қасiрет әкелген тирандар өлмесе, не болар едi? Тозақ қана болар едi. Өлiмнiң арқасында ғана өмiр мәңгiлiк тоқтаусыз үрдiске айналып отыр. Екiншiден, бойымызда кiсi өлтiре алатын қатыгездiк болмаса, қанiшерлерден өзiмiздi қайтiп қорғар едiк? Немесе, жыланның өзiнен де, уынан да зәремiз ұшады, ал одан адам өмiрiн сақтап қалатын қанша дәрi жасалады? Ендеше, ешбiр күшке "жақсы", "жаман" деп алдын ала айдар тағуға болмайды. Тек бiз ол күштермен тоғысқан кездерде бiзге олардың пайдасы тие ме, әлде зияны тие ме - жақсы иә жаман деп жүргенiмiз осы жағы.
Ендi өтiрiк пен жалған туралы. Өтiрiктi жек көремiз. Ал сол Өтiрiк адамдармен айтысатын болса: "Ау, ағайын!- дер едi.- Бәрiңнiң күн көрiп отырғандарың менiң арқам емес пе? Ыңғай шындықты айтамын десеңдер, баяғыда тоз-тоз болып құрып кететiн едiңдер. Менiң арқамда қанша рет жан сақтадыңдар, әлi де қанша жан сақтап жүрсiңдер. Өтiрiк айтпай бiр күн өмiр сүре алмас едiңдер." Өтiрiк осылай десе, ешқайсымыз да аузымызды аша алмас едiк. Үйткенi Өтiрiктiң айтып отырғаны - шындық.
Сен күнделiгiңде тазалық туралы көп жазасың. Мен осындағы бiр адамнан естiген әңгiмемдi айтайын.
Зиялы қауымнан шыққан бiр әйел еркегiнiң көзiне шөп салған. Қайтып, қалай деп бас қатырмай-ақ қояйық. Күнде көрiп, естiп жүрген нәрселер. Бiрақ ең өкiнiштiсi - әлгi әйел жыныс ауруына ұшырап қалған. Бәлкiм ақылға салса, сабырға жүгiнсе, емделiп, жазылып та шығуға болар едi. Алайда, қатты күйзелген бейшара ендi өзiн күйеуiне лайықсызбын деп ойлап, қайғыға шыдамай, асылып өлген. Ерi баласымен артында қалды. Күйеуi қатты қайғырыпты. Оған ең қатты батқаны - өзiн керемет таза көрiп, соған лайық бола алмағаны үшiн, өзiн өзi өлтiрген әйелiнiң сұмдық өкiнiштi қателiгi. Күйеуi әйелiн ешқашан өлiмге қимайтын, кешiруге әзiр едi. Үйткенi ондай тазалық оның өзiнде де болған емес. Ғажайып таза болмай-ақ, пенделiк кемшiлiкпен-ақ бақытты болып тұра беруге болатын едi. Ендi ол бақытты қайтару мүмкiн емес. Не деген қате ұғым?! Дүниенi бүлдiретiн осындай қате ұғымдар. Қиялда ғана бар, ал өмiрде орындалмайтын тазалықпен өз санамызды өзiмiз улағанда, не бiтiремiз? Не деген ақымақтық?! Күйеуiнiң қайғысында шек жоқ. Оқиғаның бас-аяғы осы.
Адамзат бақытты болу үшiн, ең алдымен, өзiнiң кiм екенiн анық бiлуi керек. Яғни өзiнiң әулие емес, күнаһар пенде екенiн мойындауы керек. Оны мойындамайынша, ешкiм мәңгi рухани азаптан арыла алмайды.
Осыны ойлағанда, маған бақыт құсы қол созым-ақ жерде тұрғандай көрiнедi. Сол бақыт құсының сiзге де қонуын тiлеймiн.
Мен сiзден күдерiмдi үзбеймiн. Әлi де хат күтемiн.
Бейтаныс құрбыңыз".
Қолым дiрiлдеп хаттың соңғы жолдарын әрең оқыдым. "Сабыр, сабыр!"- деймiн өзiмдi өзiм басуға тырысып. Бiрақ үрей қысқан сезiмдер, ойлар бет-бетiмен тым-тырақай қашқан аңдар секiлдi, менiң ырқыма бағынбайды. Ақыры "аңдардың" бетiн қайырып, iшкi дүниемдi бiр жүйеге түсiргендей болдым. Бiрақ қорқыныш бұлты тарайтын емес. Апыр-ау, бұл не нәрсе? Менi мазақ қылып жүрген бiреу ме? Әлде басқа сыры бар ма?
Сабырымды шақырып, сабама түскеннен кейiн, хаттың мазмұнына ой жiбердiм. Менiң бойымдағы алғашқы соқыр үрей ендi iшкi азапқа, рухани мазасыздыққа айналды. Себебi хаттағы кесепат ой-пiкiрлерде шындықтың белгiлерi жоқ емес едi. Қауiптiлiгiнiң өзi де осында. Дүниедегi ең жаман нәрсе - бiрыңғай жалғандық емес, шындық араласқан жартылай жалғандық. Ең қатерлi адам - бiрыңғай жексұрын емес, бойында аздап та болса жақсы қасиеттерi бар жексұрын. Ондай "жақсы" жексұрындармен күресу он есе қиын.
Алайда мен оның негiзгi бағытының дұрыс емес екенiн жақсы бiлемiн. Егер барар жер, айталық, шығыста болса, батысқа қарай жүрген адам қанша тапқырлық, қажырлылық, айлакерлiк көрсеткенiмен, ол жердi ешқашанда таба алмайды. Ал табу үшiн алған бағыттан бас тарту керек.
Бiр адамның әрi жаман, әрi жақсы болуы дүниеде iзгiлiк пен қиянат деп аталатын кереғар екi күштiң бар екенiн жоққа шығара алмайды.
Егер бiр аттың түсi әрi ақ, әрi қара болса, оны ала деп атайды. Бiрақ ол ақ пен қара деп аталатын екi түстiң бар екенiн жоққа шығара алма ма? Жоқ. Тек екi түс бiр аттың бойына сыйысып тұр. Ендеше iзгiлiк пен қиянатты бiр бойына сыйдырған қанша құбылыс болса да, ол екеуi бiр ұғымға айнала алмайды.
Хаттың iшiнде адамды ойландыратын басқа да қызық ойлар бар. Бiрақ қызық ой қызықтауға ғана жақсы. Шын мәнiнде, ақиқаттан ауылы алыс жатыр.
Өмiрдiң жүрекжарды мәнi мен мағынасы туралы қырқысқан күресте қызық пен көркемдiкке орын жоқ. Бiзге керегi - тек ақиқат, қатал да сұрқай, анық ақиқат. Ақиқатттың бiр жауы - сұлулық. Ақылсыз сұлу адам, опасыз сұлу әйел, алдамшы сұлу сөз... Жалғандық көбiне сұлулықты жамылып жеңiске жетедi. Қаншама әдемi айтылған, қиыннан қиыстырылған жалған ойлар жеңiлтек жолбасшыдай адамдарды адастырып жүр.
Р.S. Готфрид Бенн: "Гегель, Дарвин, Ницше - мiнеки, миллиондаған адамдардың өлiмiне себеп болған кiм десеңдер, осылар. Сөз қылмысы кiсi өлтiргеннен де ауыр, айтылған ойдың зардабын ерлер мен тобырлар көтередi."
(Жалғасы бар)
«Абай-ақпарат»