Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3690 0 пікір 12 Қазан, 2011 сағат 07:29

Зұлхарнай СЕЙІТОВ: Қазақ тағам­дарын ұлттық брендке айнал­дыру үшін арнайы қаулы, не мықты заң керек

Қазақтың бал сусыны қымызды зерттеуге бүкіл ғұмырын арнаған Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, биология ғылымдарының докторы, профессор Зұлхарнай Сейітовпен жақында, Алматыда жолығып, көкейде жүрген бірқатар сұраққа жауап беруін өтінгенбіз.

- Зұлхарнай Сейітұлы, ұста пышаққа жарымайтынның кері келіп, барымызды бағалап көрсете алмағандықтан ба, біріміз бал қымыз, біріміз сары қымыз деп тамсанып жүрген қымызымыздың авторлық құ­қы­ғы Ганс Цольман деген немістің қанжығасында кетіпті. Сіздің бұдан хабарыңыз бар ма?

Қазақтың бал сусыны қымызды зерттеуге бүкіл ғұмырын арнаған Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, биология ғылымдарының докторы, профессор Зұлхарнай Сейітовпен жақында, Алматыда жолығып, көкейде жүрген бірқатар сұраққа жауап беруін өтінгенбіз.

- Зұлхарнай Сейітұлы, ұста пышаққа жарымайтынның кері келіп, барымызды бағалап көрсете алмағандықтан ба, біріміз бал қымыз, біріміз сары қымыз деп тамсанып жүрген қымызымыздың авторлық құ­қы­ғы Ганс Цольман деген немістің қанжығасында кетіпті. Сіздің бұдан хабарыңыз бар ма?

- (Ғалым ойланып отырып қалды.) Қымыз­дың әлемдегі бірінші патенті қазақта. № 330. Мұны бір деп қойыңыз, екінші - құрғақ қымыз ұнтағының, үшін­ші - шұбаттың, төртінші - қойы­тылған қымыздың, бесінші - бие саума­лының, алтыншы - шұбат ұнта­ғының, жетінші - бие сүтін анық­тайтын әдістің, сегізінші - қазақ бальзамының патенті біздің қолы­мызда тұр. Патент туралы әңгіме қозғап жүрген бауырла­рым тірі Сейітовті шақы­рып сұра­са, тоқ­санға қараған жасым­ды елемей, барып айтып берер едім. Мен қымызды зерттегелі 60 жылдан асып кетті. Талай емен есікті аштым, төрде отырған аза­маттарға «Біздерде мынандай бар, мынан­дай бар» (Сұлтан­­махмұт) дедім. «Жақсы» деген сөздерді естіп, үмітімді үкіледім. Сағым сынған тұстар да, қолым­ды бір сілтеп, теріс айналған сәттерім де аз емес. Артынан ұлттық рухы атойлап тұрған бір азаматты көріп қалсам, не жылы сөзін естісем, қайтадан атқа қондым.

- Арақ дәуірлеп, сыра қолдан түспей тұр­ғанда ескіліктің сар­қын­шағы деген қы­мызды зерттеуге қалай келіп жүрсіз?

- Мен жоғары білімді Омбыда алдым. Бүкіл факультетте жалғыз қазақ едім. Қолда барда алтын­ның қадірі болған ба?! Кеудеңде сәуле болса,  сыртта жүргенде ұл­тым, жұртым дегенде на­мыстан жүрегің тайдай тулайды. Мен өзгелерге халқымның жақсы үлгі­сін мақта­нышпен айтатын едім. Оны дәлелдейтінмін. Ұлттық сусыны­мыз қымыз деп кеуделейтінмін. Жоғары оқу орнын сүт өнімдерінің инженер-технологы деген маман­дық бойынша бітірдім. Бұл 1951 жыл болатын. Содан мені аспи­рантураға қалдыр­ды. Диссертация тақырыбы қы­мыздың адам ден­саулығына пай­дасы туралы болды. Жетекшім өте білімдар профессор Я.­С.Зайковский еді. Ол кісінің жары Надежда Николай­қызы да профессор еді. Ол Щучинск, Көкше­тау қалаларындағы туберкулез диспансерінде медбике болып­ты. Менің талпыны­сымды екеуі де қуана құптады. Тақырыпты бекіту үшін оқу орнының ғылым жөнін­дегі прорек­торына бардық. Ол «біз ХХ ғасырда, атом дәуі­рінде өмір сүріп жатырмыз. Ал сендер артқа кетіп, скифтер тұ­тын­­ған қымыздан ғылым жаса­мақ­­­­­сыңдар ма? Бұл алға ұмтылу емес, кейінге шегіну ғой», деп мұрнын шүйірді. Жетекшім оның айтқанына келісті. Мен көніңкі­ремеп едім, таласып қайте­сің, бы­лайша зерттей бер деді. Сөйтсем, Зайковский ашық пікірлері үшін орталықтан өңірге қу­ылған ға­лым болып шықты. Диссертация­ны қорғап, кандидат деген атақты алған соң, елге қайтуға біржола бекіндім. Алматы­ға келіп, жоғары оқу орындарын аралап көрдім. Сол кезде бұрынғы Зоотехни­калық мал дәрігерлік институ­тының ректоры, атақты ға­лым Фазыл Мұхамедқалиев екен. Ол кісі үй беремін, кел деді. Маған керегі де сол еді.

Отаныма келген соң, жатпай-тұрмай қымыз­ды зерттеу ісін тереңдете бердім. Ақыры 1958 жы­лы қымыздың құрғатылған ұн­та­ғын алуға қол жетті. Бұл баспа­сөзде жарияланды. Содан бір күні Алматы қалалық атқару кеңесінің төрағасы Ахмет Әділов шақырып жатыр деді. Бардым. Еңсесі биік, ер тұлғалы азамат екен. «Білім және еңбек» журналынан кептірілген қымыз жайлы мақаланы оқыдым. Жақсы екен, елге керек, қазаққа керек тағам ғой бұл. Егер сен осыны дұрыс жолға қойсаң, Алматының дәл ортасынан өзіңе арнап үй салып беремін. Күнде­лікті тірлікте не керек екенін айт» деді. «Қымызды кептіретін құрал-жабдық керек еді» дедім именіп. «Ол қайда бар, қайдан алуға болады?» «Ростов қаласында бар» деп едім, ол бір орынба­са­рын шақырып, ақылдасты. Сөй­тіп, екі инженерді Ростов қала­сына ісса­парға жіберіп, тапсырыс берді. «Жұмысым ілгері басатын болды. Алматының қақ ортасын­да салын­ған үйде тұрамын» деген үміт, шіркін, кеудені кернегенде төбе шашым желп-желп етті. Алайда, бұл үміт су сепкендей басылды. Ұлт құндылығына ұйыт­қы болуға ұмтылған Ахмет Әділов басқа қызметке ауысып кетті. Сең соққан балықтай бо­лып, мен қала бердім.

- Құрғақ қымыздан кейін қымызды ұзақ сақтау әдісін ойлап таптыңыздар емес пе?!

- Мұның да қиындықтары аз болған жоқ. Кеңес дәуірінің кенеуі кетіп бара жатқан тұсы еді. Солай болса да, қымызды ұзақ сақтаудың жолын қайтсек табамыз деген ниет көңілден бір сәт кетпейтін. Теория жүзінде алғышарттар бар. Енді оны тәжірибеде жүзеге асыру керек. Менімен қатар қой шаруа­шығын зерттеген белгілі ғалым, Дегерес қойын өсірген профессор, марқұм Еркін Есентаев та ат са­лысты. Қымызды зерттеу үшін жыл­қымен айналысатын үлкен шаруашылық керек еді. Оны да тапқан сол Еркін болды. Бұрынғы Жезқазған облысы, Жаңаарқа ауда­нына қарасты «Жеңіс» совхо­зында бие байлап, қымыз баптайтын адам­дар бар болып шықты. Сауын биенің ұзын саны 400-ден асады. Жұрттың ілтипатына бөленіп жүрген сол азаматтар да маусым­дық жұмыста жинаған қымызды қайтсек ұзақ сақтаймыз деп жүріп­ті. Оларда тәжірибе мол, бізде теория бар. Ойымыз бір жерден шық­ты. Ауыл алтын бесік қой. Кейде біз өзімізді зор санаймыз. Сол ауылдан оқымаса да тоқығаны көп адамдар кездесті. Бибіжамал деген әйелдің бармағы бал десе жарасар. Ұстаған қымы­зын ішсең, іше бересің. Өзі де ақықтай тап-таза жан екен. Онымен бірге жүрген Өркен, Апақай­лардың да жөні бө­лек. Ізетті, инабатты. Олар маған қазағымның баяғы асыл­дары­нан қалған көздей, сарқыл­майтын сар­қыт­тай көрінді. Ортақ жұмысты түсінісіп, бес қолдың саласындай, бір кісінің баласындай болып ілгері жылжыттық. Береке-бірлікке ұйыған жерде еткен еңбек, төккен тер зая кеткен бе? Ақыры қымызды бір жыл сақтаудың әдісін таптық. Оған көз жеткең соң, 6 литр қы­мызды жұмыс бөлмеме әкеліп қойдым. Он ай өткен соң қымызды ішсек, сол қалпы. Бұған біреу сенді, біреу сенбеді. Енді құжатпен дәйектеуге бекіндім. Ауыл шаруа­шылығы министрлігіне қарас­ты стандарттау, метрология және сертификаттау комитетіне апардым. Бастығына кіріп, қо­лымда ерекше қымыз барын, алайда, оны тексертуге қаражатымның кемшін екенін, профес­сордың айлығы 7 мың теңге болып тұр­ғанын жеткіздім. Иман жүзді адам екен, мұндай дүние тегін жасалады, тегін сақталады деді. Содан 3 ай сайын менің көзімше қымыз құрамын тексеріп отырды. Көздері жетіп, көңілдері сенген соң қоры­тын­дысын шығарып, алты адамға патент берді. Ден­саулық сақтау министрлігі де қымыздың адам ағза­сына тек қана пайдасы бар деп қорытынды шығар­ды. Ендігі міндет өндіріске енгізіп, ха­лыққа жеткізу. «Жеңіс» совхо­зында өзіміз білетін қымыз бар.

- Бұл тәуелсіздігімізді алып, жаңа дәуір басталып, кеткен есемізді қайтарсақ, жоғы­мызды түгендесек, деп шарқ құрып жүрген жылдар емес пе еді.

- Дұрыс айтасың. Көптен кө­кейде жүрген шаруаның енді оң­тайы келетін шығар деген көте­ріңкі көңіл-күймен осы бізді қолдайды-ау деп кейбір мекемелерге үш профессор отыра қалып өтініш хат жазамыз. «Жақсы, тамаша, жауап береміз» дейді. Бірақ бәрінің үні артынан құмғып, қайта шықпай қалады. Дұ­рыс ұғынбай жүр ме деп, алдарына барамыз. Сыпайы қарсы алып, әдемі сөзбен келген жолға салады. Содан 1994 жылы Нұрсұлтан Назарбаев­тың аты­на жағдайымызды айтып, өті­ніш жібердік. Елбасыға риза­мыз. Ұшан-теңіз жұмысына қара­май, бізге жылы жауабын берді. «Кө­мек­­тесіңдер, бұл қолдауға тұрады» деп Премьер-Министрдің орынба­са­рына (А.Есімов), Эконо­ми­ка министріне (Ө.Шүкеев) тап­сыр­ма беріпті. Олар оны «Қазагробанкке» жіберіпті. Сол тұста шұбатқа да патент алғам. Бұл кезде қымыз бен шұбаттың пайда­сын жақсы біліп алған неміс жұрты, оның еліміздегі елшілігі сыртқа қымыз шығарса­ңыздар, біз алуға дайынбыз деп жүрген. Өз есебіміз бойынша жұмы­сымыз жүріп кетсе, жылына Германияға 2 тоннадай қымыз жіберуге мүмкіндігіміз бар дегенбіз. Түркия қазақтары 1000 тонна жіберіп тұрады екен. Сөйтіп, жоспар-жоба жасап жүргенде, атал­мыш банк басшылығы, «Сиырды кепілге ал­маймыз» деп жауап жіберіпті. Біз: «Айналайындар-ау, өтініш хат­тың ішінде сиыр деген сөз атымен жоқ», деп шыр-пыр бола­мыз. Елба­сы қол­дап отыр дейміз. Олар: «Бір уәж айтуымыз керек қой, оның үстіне ақша біздікі, беру-бермеу өз құқығы­мыз» дейді шімірікпестен. Сонымен бұл іс бітіп, жазған құлда жазық жоқ. «Эксим­банкке» «ауыз салдық». 900 мың доллар несие сұрадық. Олар: «Алдымен бізге экспертиза жасау үшін 145 мың доллар әкеліп беріңіз­дер, содан соң барып, сіздерге несие береміз» деді. Ондай ақшамыз болса сендердің алда­рыңа келіп, неміз бар дейміз.

Мен қымыз үшін кімге өтініш­пен шықпадым. Вице-премьер Алек­­сандр Павловқа 12 ұсыныспен хат жаздым. Ол сол кездегі тиісті министрлерге (С.Мыңбаевқа, Қ.Кө­шербаевқа) зерттеп, ұсыныс­тарың­ды беріңдер депті. Кезекті ауыс-түйіс бастал­ды да, 12 ұсыныстың біріне де жауап ала алмадым.

- Сол кезде болу керек, профессор Еркін Есентаевтың «Егемен Қазақстанға» мақаласы шық­­қан. Оны жұрт жылы қабылдады. Жақсы жаңалық деп таныды...

- Иә, осы мақаланы оқыған сол кездегі Жезқазған облысының әкі­мі Қажымұрат Нағманов бізді ар­найы шақырды. Аудан басшы­ла­рын түгел жинап, «Елбасы облысқа келген сапарында ғалым­дардың ұзақ сақталған қымызын ішіп көріп, жоғары бағалады. Бұл үлкен байлық. Аяқ астында қалдыруға болмайды. Қолдау керек. Өңірдегі қымыз өндіру ісіне 1 миллион доллар бөлуді қарасты­райық», деді. «Бәрекелді, еңбегіміз жана­тын болды!» деп бөркімізді аспанға аттық. Амал қанша, қырсыққанда қымыран іриді деген­нің кері келді. Қ.Нағманов Шығыс Қазақстан облысына әкім болып ауысып кетті. Жезқазған жабылды, Қарағанды облысына қосылды. Ендігі облыс басшысы қымызға қырын қарай­тын болып шықты.

- Нарық заманына ерте бейімделген жеке кәсіпкерлер қа­рай­ласпады ма?

- Біз жоғарыдағылардың ары итеріп, бері жыққанынан шарша­ған соң ұлттық дүниеге сергек қарайтын азаматтарға қолқа сал­дық. Тіпті, кейбіреулері өздері тал­пы­ныс жасады. Мысалы, Алатау баурайының азаматы Құрман Жаңаарқа ауданына жақын Жарық стансасында өз кәсіпкерлігін қы­мыз өндіру бойынша бастап кеткенде, әй, бір жасап қалдық. Біз берген технология бойынша лаборатория, қымыз сақтайтын орын әзірлеп, мини зауытты іске қосты. Барып көрдік,  ендігі үмітіміз өзің­де деп қайттық. Бірақ жергілікті жердегі ашкөздік оның ісін ілгері бастырмады. Кетіріп тынды. Құр­ман қажырлы жігіт болатын. Алған бетінен қайтпады. Хан­тәңірдің баурайындағы Кеген-Қарқара өңі­рі­нен ұйымдастырды. Тағы да мини зауыт жасақтады. Ашылу сал­танатына қатыстық. Сәттілік тіледік. Мен сол рәсімде: «Ағайындар, осының бәрі Құрман­ның маңдай тер, табан ақысымен келіп отыр. Қазір жоғарыдан ақша құйылып жататын бұрынғы колхоз, совхоз жоқ. Оның үстіне бір жерде бай­лаулы тұрған жүздеген биені де кездестірмейсің. Әр адамнан, әр ауылдан қасықтап, шөміштеп жи­най­ды. Жиналған қымыздың бәрі талапқа сай бола бермейтіні және бар. Осыны ескеріп, елге бір пайдам тисін деген жігітке жұмыс істеуге мүмкіндік жасаңыздар дедім. Алайда Құрманның 2 жылдан кейін ол жерден де тауы шағылып, ауылына қайтты. Бірақ көңілін жасытпай, келін екеуі әлі алға ұмтылумен келеді. Аман болса, түптің түбінде ол азамат мақсатына жетеді деген ойдамын.

Мен - қымыз, шұбатпен айна­лысамын дегендерге патент иесі ретінде тарлық жасамай, қам­қор­лық көрсетіп келе жатқан адам­мын. Семейде Асқар деген жігіт осы істі әдемі бастады. Тағы да барып, ақ батамды бердім. Мен ешкімнен ештеме дәметкен емеспін. Елге керек, ұлтқа керек десе, қымыз сақтаудың технологиясын, стандартын ұсынам. Кейде осы жаңалықты ашуға үлкен еңбек сіңірген анау қияндағы ауылда жатқан азамат­шаларға, Еркін Есентаев марқұмның жарына қарай­ласып қойыңдар деймін.

- Германияда өндірілген қы­мыздың дәмін татып көрдіңіз бе?

- Балам Мюнхенге сапармен барғанда әкелді. Біреудің артынан сөз айту ағаттық. Амал не, көңі­лімнен шықпады. Біздің елден өз атамекеніне кеткен немістер жыл­қы асырап, бие саууды жақсы меңгерген. Жалпы, сергек халық қой. Біздің Отанымыздан еліне барған бір азамат жылқы жинап, бие байлап, қымызмұрындық жасап, Қазақ­станның бір кездері сол елде елшісі болған Ерік Асан­баевты шақырыпты. Сол шараға қатысқандар: «Қымыздары нашар, бірақ зауыты, жері, күтімі керемет» деді. Бізде жерден кенде емеспіз. Ал анандай қамқорлықта жетілдіре берсе, жақсарып кетері сөзсіз. Біз ұлттық сусыны деп көлгір­симіз. Бұл бір жағынан рас. Екінші жағынан сол қымыздың қадіріне жетіп, бабын келтіріп, баяғыдағы дәрежесіне жеткізе алмай, қор қылып жатырмыз.

- Не істеу керек? Қандай жұмысты атқар­сақ, қымызды ұлттық брендке айналдырамыз?

- Өзің айттың ғой, депутаттар «Қазақтың дәстүрлі білімдері» туралы заң керек дегенін. Бұған мен де қосыламын. Иә, бізде ұлттық құндылықтарымызды шегелеп қоятын құжат жоқ. Ресейдің қол астында отырған Саха рес­публикасы қымыз туралы заң қабыл­дап алған. Сол Ресейде қы­мыз өндіретін 80-нен аса фирма болса, тек қымызбен емдейтін 48 санаторий жұмыс істейді екен. Біз кеңес уақытында қазақтың құртын ғарышкерлерге бергенбіз. Олар қайта оралғанан кейін - бұл неткен керемет дәм деген. Сол құр­тыңыз да ескерусіз қалып барады. Қазақ тағам­дарын ұлттық брендке айнал­дыру үшін арнайы қаулы, не мықты заң керек. Сөйтіп, сақтама­сақ барымыздан айырылып қалуы­мыз мүмкін. Мен бұл туралы Парламент Мәжілісінің төрағасына (О.Мұхамеджанов) арнайы хат жібергем. Ол өткен жылы болатын. Өзінің қолына тиді ме, тимеді ме білмеймін. Әлі күнге жауап жоқ. Француздар өзінің коньягін, шам­панын әлдеқашан бренд жасап алды. Ондай мысалдарды бұл арада көптеп келтіруіме болады.

- Бүгін қамданбасақ, ертең қапы қаламыз, ұлттық тағам­дарымызға сәл ғана өзгеріс енгізіп, бұл біздің брендіміз деп шыға келетіндер аз болмайды дейсіз ғой.

- Әрине, о, не дегенің. Бардан адасу оңай, жоқты табу қиын. Өзгелер жоқтан өлермендікпен бар жасайды. Немістердің тірлігі оған дәлел. Біз бардың қадіріне жетпей жатырмыз. Әлем елде­рінің таға­мын жегенге мәзбіз. Оның әрқай­сы­сының артында аюдай ақырып, иесі тұр. Не істеу керек деп сұрадың ғой.

- Иә.

- Ендеше, айтайын. Біріншіден, жылқы өсіруді мемлекеттік дәре­жеге көтеру керек. Қазақтың байтақ даласында алалы жылқы баяғы ата-бабаларымыздың дәуі­рін қайтала­маса да жете қабыл болып, сыңсып жатуы тиіс. Сонда қымызы­мыз нағыз брендке айналады. Екінші, қымыздың жақсы стандартын жа­сауымыз керек. Үшінші, техноло­гиясын жетілдіруге ерекше көңіл бөлгеніміз жөн. Қазір қымыз, шұбат өндіруге, сатуға кез келген жерде шүлен үлестіргендей рұқсат беріліп жатыр. Қымыз бен шұбаттың сапа­сына ешкім мән бермейді. Осының кесірінен қымыздың аты болған­мен, заты күмән. Мұндай жағдайда ол қалай ұлттық брендке айналады?

Құнын түсірмей, қадірін асы­рамыз десек, қымыз бен шұбатқа рұқсат беруді бір жүйеге келтіруіміз керек. Кез келген жерде сата бер деуге тыйым салынып, еліміз бойынша екі-үш орында ғана рұқсат қағаз беретін мекеме болса, қане. Сатылатын қымыздың сапа­сын қатаң қадағалайтын сауат­ты лабораториялар ұйымдас­тырып, ол есепте тұруы керек. Әркім өзінің екі биесінің қымызын базар­ға, не жол бойына ала жүгірумен ұлттық бренд жасай алмаймыз. Жабайы сауда қымыздың да, шұбаттың да көсегесін көгерт­пейді. Сонымен қатар, жыл бойы бие сауу ісін де қолға алатын уақыт жетті. Егер лауазымды мекемелер бұл игілікті іске ден қойғандарға қаржылай қарайласып, құқықта­рын қорғап жатса, ел ішінде жұмысты дөңге­летіп әкететіндер бар. Бастағысы келеді, бірақ ая­ғына шығара ала­мын ба, жолда омақаса құлаймын ба деп мықты сенімді серік ете алмайды. Алма­тының түбіндегі Панфилов совхо­зында бір кездері жыл бойы бие сауып, қымыз ашыту үрдісі болған. Кейде біз өткеннің бәріне, әй, қойшы деп қарайтынымыз бар. Жаманнан жиренгенмен, жақсысынан үйренейік. Әсіресе, ұлтқа қажет жұмысты жұмған жұдырықтай болып бірге атқарсақ, ұтылмас едік. Бұл ұр­паққа үлгі болып қалар еді. Тіпті, жаз айында құрғақ қы­мызды тонна-тонна етіп жинап алсақ, қыс бойы сусыннан тарық­пас едік. Құрғақ қымыз­дың да бие сүтінен алынатынын, оның да маусымдық бал сусынымыздан бір де кем емес екеніне мен кепілдік беремін.

- Өзіңіз меңзегендей, қымыз­дың шөл қандырар сусын екені белгілі. Емдік қасиеті де бөлек қой.

Иә, қымыз қасиетті тағам ғой, қымызда химиялық қоспа жоқ, өзге ішіп жүрген сусын­дарда, ең аяғы лимонадта химиялық қоспалар жетіп артылады. Қымыздың қасиетін өткен мыңжылдықта әлемге таны­мал зиялылар мойындаған. 1858 жылы Самарада Николай Постников деген дәрігер қымызбен емдеу маусымын ұйымдастырғаны тарихтан мәлім. Ұлы суреткерлер Лев Толстой мен Антон Чехов келіп, сол жерден ем алыпты. Сонда олар, шіркін, қымызды жыл бойы сақтап ішсек қой, деп армандапты. Тіпті орыс ғалымдарына ұсыныстар да жасаған. Ғалымдар қымызды ұзақ сақтаудың жолын іздестірген, бірақ таппаған. Кезінде қазақ жерінде қымызбен емдейтін Бурабайда, Алматыда, Семейде, Оралда - ұзын саны 15-тей санаторий болған. Қазір олардың бір де біреуі жұмыс істемейді. Себебі, қымыз жүйелі әзірленбейді.

- Ана сүті мен бие сүті ұқсас деп едіңіз бір мақалаңызда. Осы туралы айтар уәжіңіз қандай?

- Сұрағың орынды қойылып отыр. Бие сүті мен ана сүтінің айырмашылығы аз. Мен мұны көптен бері айтып келемін. Бие сүтінен балалар тағамын жасау жөнінде бағдарлама да жасадым. Елбасына хат та жаздым. Мына Ресей жылына бие сүтінен 500 тонна тағам әзірлейді.

- Оны түбі түркі тұқымы саналатын башқұрт бауырлар  жасап жатыр емес пе?

- Иә. Олардың бұл тірлігі бізге  үлгі болса, қане. Жалпы, өзге жұрт­тардың жоқтан бар жа­сауға деген талпынысы мені қайран қалды­рады. Осы күні балалар арасында сырқат көп деп жата­ды. Жас ана баласын жарыт­пайды дейді. Соған бие сүтінен тағам жасап берсек, жылқы тектес халықтың ұрпағы тегіне тартпай қоймас еді. Ана сүті мен сиыр сүтінің айырмашылығы өте үлкен. Биологиялық құрамына қарағанда С витамині сиыр сүтіне қарағанда, бие сүтінде әлдеқайда көп. Тұрақты түрде қымыз ішкен адамның иммунитеті артады, сирек ауырады. Екіншіден, бие сүтіндегі поли­қанықпаған май қышқылда­ры болады. Бұл адам ағзасына өте пайдалы. Қан айналымын жақ­сартады. Сол секілді бие сүтінде лактоферрин атты ақуыз бар. Бұл  ақуыз түйе сүтінде жоқ. Қазір Ресей ғалымдары осы ақуыздан қатерлі ісікке дәрі жасап жатыр. Әлгі ақуыздың 1 грамы 4 мың АҚШ долларына тең. Маған заман­дастарым: «Қымыз өндірісі қар­қын­ды дамыса, бай адам сен боласың» дейді. Мен оларға «Лактоферриннен дәрі жасауды жүзеге асырсақ, байыр едім. Сендерге де пайдам тиер еді» деймін. Әлгі 1 грамды дәріге айналдыр­саңыз, 10 мың доллар табыс әкелетіні және бар. Бұл аз десеңіз, қымыздың ұшан-теңіз пайда әкелетініне мына бір деректі айтсақ та жеткілікті. Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық универси­тетінің про­фес­соры Махаббат Түсіп­беков­тың есептеуінше, мұнай өндіруге жұм­сал­ған 1 доллар 7 доллар пайда әке­леді екен. Ал біздің әдіс бо­йынша қымызға кеткен 1 доллар шығын 25 доллар пайда келтіреді. Жер астындағы мұнайдың бір кездері бітетіні анық. Қазақтың байтақ даласы аман тұрса, уақыт өте келе жер бетіндегі ұлттық бай­лықтар, ұлттық тағамдар сол мұнайдың орнын басатын бола­ды. Ендеше,  мен ұлттық құн­дылық­тарымызды мәңгіліктің мәңгілігі дер едім.

Бие сүтінің қуаты алапат қой. Ол ем болмайтын сырқат жоқ. Туберкулез, бауыр, ішек-қарын, жүй­ке жүйесі, иммундық жүйе, жүрек қан-тамырлары - осылай кете береді. Бұған қоса  қымыз қуаты келешекте ұлттық демо­графияға да дүмпу әкелер еді. Қымыз ішкен адамның жаны мен қаны  арақтан, сырадан тазарады.

- Сыра еркектік гормонды азайтса, қымыз арттырады екен. Сөйте тұрып, елімізде 4 млн. 800 мың литр сыра шығарылатын көрінеді. Қы­мыз туралы мұндай дерек жоқ қой.

- Қазір ерлер арасында белсіздік көп деп жүр. Оған таза қымыз бен шұбат бірінші кезекте ем болатынына иманым кәміл. Қы­мыз­дың құдіреті сол емес пе, бабын келтіріп ішсең әріңді кіргізіп, ажарыңды ашып, көркің жұрт­ты қы­зықтырады. Оған ата-баба­ларымыздан қалған тарихи суреттерді, өткен ғасырдың ба­сындағы айтулы тұлғалардың кескін-келбетін көз алдыңа елес­тетсең жетіп жатыр. Енді тағы бір үміт сәулесі жылт етті. Соған өз көмегімді бере алмасам да, сөз көмегін жасап жатырмын.

- Ол қандай үміт сәулесі?

- Айтайын, соңғы жылдары жас болса келді деп көбінде үнсіздеу жүр едім. Бірақ өзегіңді жа­рып шыққан соң, 60 жылдан аса өміріңді арнаған­нан кейін маған керек емес десем де, қазақ үшін қажет қой деп, зерттеуімді жалғас­тырам ғой баяғы. Шәкірт­теріме білгенімді айтамын. Осыны аяғына жеткізіңдер деймін. Сонымен тағы қанат­тана бас­тадым. Себебі, елімізде қы­мыз өндіруді қолға алсақ деп талпынып жатқан мықты жігіттер кө­бейіп келеді. Бұл мені қуан­тады, жігерлендіреді, жасаң­ғы­ратады. Кеудеме үміт отын жағады. Павлодарда бір ініміз осы қымыз­дан сауығып кеткен соң, оның емдік қасиеті өзгелерге де тисін деп емхана салып жатыр екен. Көбінің несиеге қолдары жетпей, тұралай­тыны бар.

Қазір елге белгілі заңгер, ұлт руханиятына жанашыр болып, жеке адамдарға демеушілік көр­се­тіп жүрген Бекет Тұрғараев деген азамат қымыз өндіруге бел шеше кірісіпті. Бүкіл жоба-жоспарын алды­ма жайып салып, бұған қандай көмегіңіз бар деді. Мен ондай азаматтан немді аяймын. «Маған көк тиынның керегі жоқ. Ел үшін осыны биікке көтер. Қазақтың бренді жаса, қарағым!» деп батамды бердім. Қымыз өндіру, ұзақ сақтау технологиясын, стан­дартын қо­лына ұстаттым. Несие де алған көрінеді. Алдымен Қазы­ғұрт­тың баурайын жылқыға толтырсам дейді. Бие сүтін өңдейтін зауыт салмақ ниетті.  Мен көптен қымыз бен шұбатқа нанотех­нологияны ендірсем деп армандап жүретін едім. Мына­дан кейін соның тиімді жол­дарын қарастыра бастадым. Егер бұл тәжірибеде дәйектелсе, қы­мыз бен шұбаттың сапасы артып, дайындау тәсілі заман талабына сай жетіліп, ұзақ сақтау мерзімі бір жыл емес, бірнеше жылға созылар еді.

- Зұлхарнай аға, жақсы істің жемісті болуына біз де тілектеспіз. Патентін қолыңызға ұстап отырған шұбат туралы да айта кетсеңіз.

- Осыдан 11 жыл бұрын Израиль елшілігі Алматыда түйе шаруашылығы туралы үлкен ха­лы­қ­аралық конференция өткізді. Германия, Франция, Египет ел­дерінің өкілдері, өз мемле­кеті­міздің азаматтары қатысты. Түйе шұбатын сақтау әдісі туралы мен оларға баяндап бердім. Сол ал­қалы жиынға қатысып отыр­ған Атырау облы­сының бұрынғы әкі­мі Серікбек Дәукеев содан кейін мені арнайы шақырды. Түйе бар жерлерді үш күн бойы армансыз аралатты. «Сіздің еңбе­гіңізге шетелдіктер ерекше мән беріп жат­қанда, біз неге оны елеусіз қалдырамыз» деген әңгі­месін айтып, мерейімді өсірді. Ақша бөлді. «Бізге жас ұрпақ­тың денсаулығы керек. Сондық­тан облыстық бюджет есебінен өңір мектебінде білім алып жатқан оқушыларға күнде бір кесе шұбат беріп отыру керек» деп қаулы шығарды. Үш ай өтпей жатып ол басқа жұмысқа ауысты. Жақсы бастама аяқсыз қалды. Қазір түйе баққандар да, бие баққандардың қатарында қоңыртөбел тірлік кешуде. Ме­нің осы жанайқайымның аста­рын­да не жатқанын айтар болсам, Отанымыз Дүниежүзілік сауда ұйымына бүгін болмаса да, ертең кірері анық. Сонда бізді осы қымыз, шұбат, өзге де ұлттық тағамдар әлемге таныта­тынына сенімім зор.

- Қымызды сақтау мен баптау жайынан да аз-кем хабардар ете кетсеңіз.

- Қашанда шыны ыдыс пайдалы. КСРО дәуірінде сұйық тағамның бәрі шыны ыдысқа құйылатын еді ғой. Қымыз шы­ны ыдыста бір жыл сақталса, полиэтиленде бес ай ғана тұра­ды. Одан асса бұзылады. Себебі, ол органикалық зат қой. Қымыз құрамындағы қышқылдар оны ерітіп, реакцияға түсе бастайды. Шұбат шыны ыдыста 5 ай, полиэтиленде 3 ай шыдайды.

Қымыз қасиетті дедім ғой.  Өткен жылы орыс тілді бір басылымда Еуропаны қымызға қарық қыламыз деген сынайда мақала басылыпты. Бұл артық әңгіме. Тіпті күлкілі. Білмей ай­тылған сөз. Қымыз бұлақ болып ақса да, олар айтқанын орындай алмайды. Өзіміз жарымай отыр­ғанда еуропалықтар, ал қымыз­дарың қайсы десе не дейміз? Қайталап еске салам, қымыз бен шұбатқа тұспал әңгіме жарас­пайды. Қысы-жазы бір тынбай ағатын өзен мен бұлақ сарқы­лып, көл ортайып бара жат­қанда, қымыздың қадыр-қасие­тін, қа­лай алынатынын білмейтіндерге қарсылығымды білдіре кетсем, ешкім бұл қалай дей қоймас. Өйткені, қымыз бен шұбат туралы менде том-том мағлұмат­тар, өмірлік тәжірибе бар. Оның үстіне судың тұны­ғын, шөптің сонысын жейтін жылқы киелі жануар. Не болса соны талғамай жұтып, ағыл-тегіл сүт бере бермейді. Ол бапты қалайды, бабын келтірсең ғана бал сүтін береді.

Қымыз сапасына келсек, көңілім алаң. Жоғарыда да айт­тым-ау деймін, аты қымыз, заты бөлек. Ақша деп жанталасқандар су да, сары су да, сиыр сүтін де қосады. Бие сүтінің сапасын арнайы құрал болмаса, адам танымастай етіп жіберді. Нағыз қымызды ашыту процесі жатқан бір әлем.

Сөз соңында айтарым, қы­мыз бен шұбат дертке мың бір дауа екенін ұмытпаған жөн. Сон­дық­тан да қымыз бен шұбат меди­цинасын жаңғырту қажет. Ендігі жерде өткен кемшілігімізге салауат айта отырып, елдік істі ел бо­лып қолға алсақ, бел шешіп, білек түріп кірісетін азаматтар көбейсе, ұлттық брендтеріміз ешкімнің қанжығасында кетпес еді. Менің бар ойлағаным осы ғана.

- Тағылым алар, ой салар, ұлттық рухты серпілтер, мазмұнды әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Сүлеймен МӘМЕТ.

http://www.egemen.kz/315685.html

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5504