Жексенбі, 24 Қараша 2024
Әдебиет 5944 4 пікір 19 Сәуір, 2020 сағат 13:40

«Әдебиет әлеміндегі жұмбақ жан»

(Жазушы Адам Мекебаевтың жеке архивтік қоры туралы)

«Сенің есіміңді Адам деп кім қойды» деген сұрақтың жауабын естігенде замандасы, жазушы Бексұлтан Нұржекеев қайран қалыпты. Танымал жазушы Адам Мекебаевтың азан шақырып қойған аты Ұзақбай екенін білгенде қатты таңырқайды. Адам Мекебаев: «Әскерге аттанған ағамның аты өшпесін деп, өзіме айдар қылып таңып едім», - деп жауап береді. Қос жазушы бас қосқанда көпке беймәлім құпияның осылайша сыры ашылыпты. Шындығында, шығармасымен дүйім жұрттың жүрегін жаулап, әдебиет әлемінде қайталанбас қолтаңбасын қалдырған «Адам» кім?

Халыққа «Адам» деген атпен танымал болған жазушы Ұзақбай Мекебаев 1940 жылы 19 сәуірде Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Ақжар ауылында дүниеге келген. 1957 жылы орта мектепті бітіріп, 1960 жылы Қызылорда қаласындағы Гоголь атындағы Педагогикалық институтқа оқуға түседі, бірақ екі жылдан соң Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетіне жылы оқуын ауыстырады. Сөйтіп филология факультетінің 5 курсына жеткенде Республикалық жастар газеті «Лениншіл жасқа» (1965ж.) қызметке алынып, ол жерде бір жылға жуық жұмыс жасап, көп ұзамай туған қаласы Қызылордаға оралады (1966 ж.). Шығармашылықпен айналысуын бір сәтке тоқтатпаған жазушы Қызылорда облыстық Халық шығармашылығы үйінде методист, кейін облыстық мәдениет басқармасында, ал 1968 жылы облыстық музейде ескерткіштерді қорғау жөніндегі аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істейді. Кейіннен Қызылорда облыстық Халық шығармашылығы Үйінің директоры (1971-1973 жж.), республикалық «Қайнар» баспасында (1973-1975 жж.), «Жазушы» баспасында (1975-1981 жж.), Қазақ КСР Мәдениет министрлігінде жетекші инструктор (1981-1982 жж.) сонымен бірге Мәскеу қаласындағы Жоғарғы Әдеби курста (1985-1987 жж.) оқи жүріп, 1987 жылдан бастап «Жұлдыз» журналында жауапты қызметтер атқарады. Адам Мекебаев сол кездегі КСРО Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанған.

Жазушының «Жадыра», «Жезтырнақ» повестер жинағы (1970 ж.), «Дала мінезі» деген атпен өлеңдер мен поэмалары (1976 ж.), «Құпия қойма» (1979 ж.), «Періште келіншек» (1983 ж.) т.б. романдары кітап болып жарыққа шыққан. Көптеген шығармалары орыс тіліне де аударылған.

Ең маңыздысы қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Алматыда орналасқан «Орталық мемлекеттік архивке» 1988 жылы Адам Мекебаев бірқатар құжаттарын мемлекеттік сақтауға өз қолымен әкеліп табыстаған екен. Жазушының архивтік қоры көлемі жағынан өте шағын. Олардың қатарында: «Періште келін», «Дауылы кенеттен көтерілетін теңіз» романдары, «Жезтырнақ», «Бойжеткен» атты повестері, «Азамат», «Мың болғыр кісі» деп аталған очерктері, «Ақын ақтарған сыр» атты мақаласы, сонымен қатар аудармалары, жеке құжаттары, пікірлері, хаттары бар. Құжаттары 1960-1987 жылдар аралығын қамтыған.

Жазушы Адам Мекебаев өмірде салмақты адам болған екен, оның ерекше тұлға екендігі журналист Итен Қарымсақұлының «Емен бойлы, кемел ойлы қаламгер» деген мақаласында жазылған. «Адам Мекебаев! Бұл әдебиет әлеміндегі жұмбақ жан. Әркімге, әр жерде сырын аша бермейді, ойын шаша бермейді»,- депті.

(А. Мекебаевтың «Періште» деген романы. 1974-1982 жж. ҚР ОМА, 2139 қор, 1 тіз., 2-іс.)

(А. Мекебаевтың «Періште» деген романы. 1974-1982 жж. ҚР ОМА, 2139 қор, 1 тіз., 2-іс.)

(А. Мекебаевтың «Дауыл»  атты әңгімесі. [1975] ж. ҚР ОМА, 2139 қор, 1 тіз., 22-іс.)

(Адам Мекебаевтың өмірбаяны. ж/б. ҚР ОМА, 2139 қор, 1 тіз.,  66-іс.)

Гүлназ Рахмет,

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, «Орталық мемлекеттік архив» РММ жеке тектік архивтер мен тарихи-құжаттық топтамалармен жұмыс жасау бөлімінің архивисі.

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1499
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3269
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5650