Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3668 0 пікір 25 Қазан, 2011 сағат 05:59

Сайлау Байбосын. Аймауытов - Алаштың айбозы

 

Аласапыран заманда арсыз саясаттың шырмауында ажал тырнағына ілігіп, арман арқалап кеткен Алаш қайреткерлерінің бірі - Жүсіпбек Аймауытов. (Ел іші ол кісіні Оймауыттың Түсіпбегі деп атаған). Сан қырлы дарын иесі Аймауытовтың жазу-сызумен шындап айналысқан оншақты ғана қана жыл ішінде әдебиетте қалам тартпаған жанры жоқ десе де болады. Проза, поэзия, драма, публицистика, аударма, әдеби сын саласындағы еңбектерін былай қойғанда, халықтың сауаты аздау кезде  «Тәрбиеге жетекші», «Психология», «Жан жүиесі және өнер таңдау» секілді күрделі ғылыми еңбектер тудырған. Өткен ғасырдың 18-19 жылдары Семейде М.Әуезовпен бірлесіп «Абай» журналын шығарған, Абайдың шығармашылығы, оның ақындық ортасы жайлы мақалалар жазған. Жазушылығына келер болсақ, қазақ прозасында «Жүсіпбек стилі»  -  поэтикалық стилді қалыптастырған қаламгер екені өз алдына бір әңгіме.

 

Аласапыран заманда арсыз саясаттың шырмауында ажал тырнағына ілігіп, арман арқалап кеткен Алаш қайреткерлерінің бірі - Жүсіпбек Аймауытов. (Ел іші ол кісіні Оймауыттың Түсіпбегі деп атаған). Сан қырлы дарын иесі Аймауытовтың жазу-сызумен шындап айналысқан оншақты ғана қана жыл ішінде әдебиетте қалам тартпаған жанры жоқ десе де болады. Проза, поэзия, драма, публицистика, аударма, әдеби сын саласындағы еңбектерін былай қойғанда, халықтың сауаты аздау кезде  «Тәрбиеге жетекші», «Психология», «Жан жүиесі және өнер таңдау» секілді күрделі ғылыми еңбектер тудырған. Өткен ғасырдың 18-19 жылдары Семейде М.Әуезовпен бірлесіп «Абай» журналын шығарған, Абайдың шығармашылығы, оның ақындық ортасы жайлы мақалалар жазған. Жазушылығына келер болсақ, қазақ прозасында «Жүсіпбек стилі»  -  поэтикалық стилді қалыптастырған қаламгер екені өз алдына бір әңгіме.

Жүсіпбектің көпшілік біле бермейтін тағы бір қыры - режиссерлығы. 1915 жылы Семейде тұңғыш рет «Біржан-Сара» айтысын сахнаға лайықтап өңдеп, спектакль етіп қояды. Әуезовпен бірігіп, Семейде «Ес-Аймақ» театр труппасын ұйымдастырып, қазаққа бұған дейін бейтаныс сахналық өнерді дамытып, кейін халыққа белгілі болған талай өнерпаздың алғаш тұсауын кескен де Жүсіпбек екенін әркім біле бермейді. Ол кезде репертуардың да тапшы уақыты, Жүсекеңнің драмалық туындылары сол кезде Семей сахнасына деген қажеттіліктен туған ба екен деп ойлайсың.

Өз заманының ойы озық, санасы биік азаматы қаламгерлікпен ғана шектеліп қалмай, қоғамдық,  мемлекеттік жұмыстармен де айналысқанын белгілі. Ахмет Байтұрсыновтармен «Алаш» партиясын құрысып, кейін заман ыңғайына қарай Коммунистік партияның қатарына өтеді. Қазақ АҚСР Халық ағарту коммисариаты коммисарының орынбасары, Семей губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі, Шымкент педтехникумының директоры секілді қызметтер атқарады. Дегенмен, Семей қалалық мұрағатының құжаттарынан байқағанымыз, Жүсекең ол кезде тек губерниялық оқу бөлімін ғана емес, жер қатынастары және юстиция бөлімдерін де қоса басқарыпты.

Торғайдағы ашыққан елге мал жинап апарам деп, басы дауға шатылғанын тарихтан білеміз.

Аймауытов ғұмырбаянының айтылмай жүрген тағы бір тұсы -  орыс тіліне жетік болған оның Орынбордың кадет корпусында педагогика мен психологиядан сабақ берген кезі. Негізі 1926 жылдың шамасы болса керек. Қазір бұл оқу орны И. Неплюев атындағы Орынбор кадет корпусы деп аталады.

Азғана ғұмырында тек ұлтым деп кеткен Жүсіпбектің өткен өміріне көз жібере отырып және ел адамдарының әңгімесіне құлақ түрсек, ол сәл мүмкіншілік болса, тек туған халқына жақсылық жасауды  ғана көздегенін аңғарамыз. Семей губерниялық оқу бөлімін басқарып жүрген кезінде өзінің інісі Жақыпбек және Баян елінің ұл-қызы аралас бір топ баласын Саратов қаласындағы педтехникумға жіберіп оқытады.

Тағы бір атқарған үлкен ісі - өзі Семейде қызметте жүрген уақытында ел тірлігін қайтсем алға сүйреймін, халықтың қайтсем көзін ашам, қайтсем мәдениетке бейімдеймін деген оймен Қызылтау төңірегінен «Мәдени кіндік» («Культурный центр») деген ауылдың іргесін тұрғызыпты. Бұл ауылда ел ішін мәдениетке тартатын «қызыл бұрыш», жетім балаларға арналған интернат, мектеп, тіпті тіс жұлатын дәрігерге дейін болғанын көзімен көрген қариялар жыр қылып айтып отырады екен. Ауылдың тірлігі тоқтап қалмас үшін сол төңіректегі Қозған-Күлік елінің дәулетті адамдарын ұйымдастырып, арнайы кесте жасап, әлгілер «Мәдени кіндікті» кезектесіп ас-сумен, азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған. Жүсіпбектің көзі кеткесін, «халық жауы» ұйымдастырған «Мәдени кіндіктің» де іргесі құлайды. Қазір кәдімгідей екі-үш көшеден тұрған осы ауылдың орны әлі де жатыр. Соңғы үйлерінің кірпішін  тың көтеру уақытында  бұзып алып, Баянның басына әкеліп құрылысқа пайдаланса керек.

Жүсіпбек Аймауытовтың көп айтылмай жүрген тағы бір қыры - оның сазгерлігі. Талай жылдар халық әні деп айтылып жүрген «Екі жирен» әнін Жүсекеңнің көзін көрген Қызылтаудың шалдары кезінде: «Бұл Түсіпбектің «Екі жирені ғой», дейді екен. Одан бөлек ел ішінде көп айтылатын «Кәмилә» атты ән жайлы С.Сейфуллин атындағы Қарағанды драма театрының әртісі болған Жәмилә Шашкина апамыз: «Бұл әнді Жүсіпбек Аймауытов кезінде ғашық болып, менің әпкем Кәмиләға арнап шығарды»,-дегенін баянаулдық өлкетанушы Рамазан Нұрғалиев естіген екен.

Өкінішке орай, ақталғанына 20 жылдан асып бара жатса да, Жүсіпбектің шығармашылығы мен өмір жолы әлі де жете зерттеліп, зерделенбей келеді. Оның үстіне өзі туып-өсіп, қанат қаққан Баянаула елінде осы уақытқа дейін Аймауытовты еске салатын бірде-бір белгінің болмауы көңілге кірбің түсіріп жүретін. Тіпті кезінде өзі туған Қызылтау өңіріндегі Жосалы совхозына Жүсіпбек есімі берілгенімен, кейін әлдебір себептермен ол Жуантөбе болып өзгеріп кеткен екен.

Өткенде осы олқылықтың орны толып, Баянауыл аудандық мәслихатының шешімімен аталмыш ауылға қайтадан Жүсіпбек Аймауытов есімі берілді. Ең бастысы -  мәдениет үйінің алдына жазушының ескерткіш-бюсті орнатылды. Кезінде арман қуып, алыс кеткен Жүсіпбек араға ондаған жылдар салып, туған еліне қайта оралды.

Атап айта кетерлігі, осы мәдени шараны барынша қолдаған С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры Ерлан Арын бір топ ғалымдарды арнайы жіберіп, рухани көмегін аямады.

Ескерткіш түбінде тебірене сөйлеген ел ақсақалдары, шара барысында ғылыми конференция өткізген Қырықпай Алдабергенов, Еңлік Жұматаева, Айтмұхамет Тұрышев, Сәуле Мамытова секілді ғалымдар бұл шара Жүсіпбектанудың бастамасы болсын деген тілектер айтты.

Баянауылдықтар мен әр аймақтан осы мәдени шараға келген меймандар мүсіннің орынатылуына қаржылай көмек жасап, демеуші болған Алматы вагон жөндеу зауытының президенті, Қызылтау елінің тумасы Дүйсенбай Дүйсеновке, жұмыстың авторы, екібастұздық мүсінші Баян Қайнышеваға мен Ақертіс Зекебайұлына, қашанда осындай шарапаты мол шаруалардың басы-қасында жүретін баянауылдық азаматтар Рамазан Нұрғалиев пен Ақантай Ермековтерге алғыстарын білдірді.

 

«Абай-ақпарат»

 

Жүсіпбек Аймауытовтың ескерткіші ашылғанда оқылған өлең

 

...Дарынымен даласына нұр беріп,

Кеткен алыс оралмайтын күнге еріп,

Баянаула, есігіңді аш, әнекей,

Оймауыттың Түсіпбегі* тұр келіп!

 

Басын иіп келіп тұрған іргеңе,

Түсіпбегі Оймауыттың кім деме.

Арысың еді алай-түлей заманда,

Алып кеткен ажал атты бір кеме!

 

Оймауыттың Түсіпбегі... кім еді?

...Ел деп соққан, жер деп соққан жүрегі.

Құрбан болған қызыл қырғын ішінде,

Қызылтаудың қыран тектес ұлы еді!

 

Қызылтаудан... құрбан болған әз ұлың,

Білмейді ешкім кінәсін де, жазығын.

Бар айыбы - қазақ деген жұрт үшін,

Қара сөздің қағып кеткен қазығын.

 

Бар айыбы... қанат қағып жыраққа,

Жете алмады жетем деген мұратқа.

Өте алмады тағдыр атты өткелден,

Байланды да жалғыз түйір бір оққа.

 

Қызылтаудың құдіреті бар қанында,

Сол Жүсіпбек қайта келді, қабылда.

Жанын алған НКВД жендеті,

Тәні қалған белгісі жоқ қабырда.

 

Сол Жүсіпбек - өз бауырың, өз балаң,

Жазмыштың жазуынан озбаған.

Қызылтауы қала берген артында,

Қара інгендей ботасына боздаған.

 

Сол Жүсіпбек - өз ұланың, нар ұлың,

Шашып өткен шартарапқа жарығын.

Ере алмаған кейбіреулер шаңына,

Көре алмаған кейбіреулер дарынын!

 

Сол Жүсіпбек - теңіздейін теп-терең,

Тереңінде текті сөзі көктеген.

Алашының маңдайына сыймаған,

Бағасына ешкім әлі жетпеген!

 

Қара сөзде тыңға салған түренін,

Қадыры мен қасиетін біл оның.

Баянаула, қайта оралды өз ұлың,

Бауырыңнан беремісің бір орын?!

 

Кере қарыс маңдайына қара да,

Жатырқама, жатыңа оны санама.

Жүсіпбегің аман кеткен бір кезде,

Тасқа айналып қайта келді араңа.

 

Баяу басып Баянына жеткенде,

Тани ма оны, танымай ма көп пенде?

Тас жүректі заманына өкпелеп,

Тұнжыраған тасқа айналып кеткен бе?

 

Сәл-сәл ғана мұң шырмаған түр-өңін,

Сол Жүсіпбек, қолдан ұшқан түлегің.

Баянаула, өзіңді іздеп келіп тұр,

Боздағыңа беремісің бір орын?!

 

Сайлау Байбосын

 

*Қызылтау елі Жүсіпбекті-

Оймауыттың Түсіпбегі деп атаған

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383