Қытай ойыны және Серікжан Бияши миссиясы
1945 жылы қазан айының 24-і күні АҚШ, Ұлыбритания және Совет одағы сынды соғыста жеңген одақтас елдердің Сан-Франциско жиынның ұйғарымы бойынша Біріккен ұлттар ұйымы құрылып, жарғысы қабылданды. Осы жарғының 1-бөлім 2-тарау 4-тармағында былай деп атап көрсетілді: «Біріккен ұлттар ұйымына мүше елдер өзара халықаралық байланыста күш көрсетіп, қару қолдануға болмайды немесе Біріккен ұлттар ұйымының мақсатына сай келмейтін әрқандай сылтаумен мүше елдердің территориялық тұтастығы мен саяси дербестігіне нұқсан келтіруіне болмайды». Осы жарғы қабылданған 75 жылдан бері Біріккен ұлттар ұйымына мүше болып, өзара дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан елдер осы принципті ұстанып келеді.
Осы аралықта дүние қым-қуыт өзгерді. Әлемдік соғыстар болмаса да өңірлік қақтығыстар болып тұрды. Супер державалар өз мүдделерін алдыға қойып, БҰҰ жарғыларын аттап кеткен кездері де аз болмады. АҚШ БҰҰ жарғыларын басшылыққа алып, Кореяға, Вьетнамға, Иракқа, Ауғанстанға, Сирияға әскер кіргізді. Совет одағы Шығыс Европа елдеріне, Ауғанстанға басып кірді. Советтың заңды мұрагері Ресей де тыныш жатқан жоқ. Грузияға, Украинаға әскер кіргізіп, Қырымды аннексиялап алды. Қытай Кореяға, Вьетнамға әскер кіргізді, Индиямен шекарада қақтығысты. Әрине, осы шапқыншылықтар мен қақтығыстардың бәрі халықаралық ұйымдар мен бейбітшілікті қалайтын халықтардың қатаң айыптауларына, экономикалық санкцияларына ұшырады. Кісілік құқық, еркіндік, демократия сынды адамзатқа ортақ құндылықтардың жалпыласуы, ақпарат технологиясының қарқындап дамуы кеңістікті қысқартып, адамзат санасына зор өзгеріс алып келді. Зорлық-зомбылық азайды. Диктаторлар аяқтарын аңдап басатын болды. Бірінші дүниежүзілік соғыс аяқтаған соң біраз империялар ыдырап, көптеген отар елдер өз тізгінін қолына алса, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін де көптеген әскери державалар өз иеліктерінен бас тартып, тәуелсіздік – отар елдердің ұраны мен мұратына айналды. Қырғи қабақ соғыстың аяқталуы Шығыс Европа мен Совет одағының аумағында шыт жаңа мемлекеттерді дүниеге әкелді. Міне осы кезден бастап, әлем саясаты идеологиялық қақтығыстан діндік, мәдениеттік қайшылыққа өтті.
Империялар тарихқа айналған, қуатты державалар заман ағымымен санаса бастаған, әлемге ғылым мен техниканың, қуатты экономиканың өктемдігі жүре бастаған заманда Цин империясының жұрнағында өніп шыққан буржуазиялық республиканы қарулы күшпен аударып тастап, коммунистік диктатура орнатқан, халқын бір шыбықпен айдап, бір формада ойнатқан, тіпті бір қазаннан ас ішкізген қытай ұлтшыл коммунистері құрған, аты республика заты диктаторлық режим, ұрпақтары бүкіл байлық пен билікті меншіктеп алған, бұл күнде әлемде екінші экономикалық қуатты елге айналып, барлық экономиканың, жоғарғы технологияның жетістігін бөгде ойлайтындар мен өз құқығын талап ететін саны аз ұлттарды жаныштауға, жер бетінен құртуға тыраштанып отырған бірден бір ел Қытай халық республикасы.
Олар ашық ойлы екінші ұрпақ басшысы Дэн Сяопин ақсақалдың ортаға қойған реформа, есік ашу саясаты мен дамыған Батыс елдерінің экономикалық және жоғарғы технологиялық көмегінің арқасында үлкен табысқа жетті. Бірақ, 40 жылдан кейін 5-ұрпақ басшысы Си Цзиньпин билікке келгенде тарих кемесін кейінге бұрып, Маоның солшыл саясатын бойтұмар қылып, өзінің, партияластарының мүддесін ұлттық популизммен бүркемелеп, ішкі-сыртқы дағдарыстың ортасында қалды. Америка мен Батыс көп жылдан бері қолданып келе жатқан «бейбіт өзгерту» стратегиясын өзгертіп, 1989 жылғы Тяньаньмэнь қырғынында қолданбаған қатаң экономикалық санкцияны қолдануға мәжбүр болды. Шынын айту керек, бұған дейін АҚШ пен Батыс Қытайға қатаң шара қолданбады. Қытайдың қазіргі қалыптасқан территориялық тұтастығы мен иелік құқығын құрметтеді. Тек демократия, кісілік құқық гуманизм тұрғысынан сындар айтты, талаптар қойды. Қытай компартиясының дара билігіне қарсы тұрған бөгде ойлайтындарды, қозғалыс көсемдерін еліне паналатты. Түрлі қорлардың атымен қаржылай көмек берді. Далай-ламаның, Лю Сяобоның Нобель бейбітшілік сыйлығын алуына ықпал етті. Рәбия Кадыр ханымды Ақ үйдің төріне шығарып, бұрынғы ұйғыр көсемдері жетпеген биікке жеткізді. 1989 жылы 4 маусымдағы Тяньаньмэнь қанды оқиғасынан кейін Батысқа саяси баспана тілеп кеткен сол кездегі Қытай коммунистік партиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Чжао Цзяьнның кеңесшісі, Қытай коммунистік партиясы орталық комитетіне қарасты саяси стратегиялық зерттеу институтының директоры Ян Цзяци мырза соңғы жылдары Қытай билігіне баға бергенде былай деген еді: «Қытай коммунистік партиясы диктаторлық жолдан бас тартып, еркін сайлауды жолға қойып, азаматтардың құқығын құрметтесе, шетелдегі барлық демократиялық күштер бірігіп, конституциялық мемлекет құруға даярмыз. Бұл жөнінде Тайванның пікірі о бастан анық, Тибет көсемі Далай-лама мен ұйғыр көсемі Рабия Кадыр да Қытайдың қазіргі территориясын сақтай отырып, аты-затына сай ұлттық автономия болып бірігуге даяр екенін талай мәрте айтты. Тек бұл ұсыныс, жобаға Қытай компартиясы даяр емес».
Қытай өркениеті әлемдегі 4 өркениеттің ішінен бүгінге дейін жалғасып отырған бірден бір өркениет. Қытай жазуы пайда болғаннан бастап бүкіл тарихын, айналасындағы елдердің тарихын өз мүддесіне лайықтап, бейімдеп жазып хаттап келеді. Әсіресе, оларда қоғамдық ғылым кемеліне келе дамыған. Бүкіл тарихын адам зерттеу тарихы деуге болады. Енді міне тарихи сананың жаңғыруы, өркениет пен ғылымның түлеуі оларды тарих саханасына шығарды. Әлемдік ойынға қатысып, әлемдік тәртіпке өз қағидасын енгізді. Әрине, Қытай коммунистері де ақымақ емес. Олар бейбіт замандағы саяси күреске, дипломатиялық арбасуға әбден пысып жетілген. Билік үшін қан төккен 28 жылда, билікті тартып алғаннан кейінгі 70 жылда талай қиын қыстаудан жол тауып шықты. Халықаралық оқшауланудан, ел ішіндегі тұрақсыздықтан, ұлттық бөлшектенуден өздерін құтқарып қалды. Интернет жалпыласып, ақпарат ағыны әлемді жақындастыра түскен, адамзатқа ортақ құндылықтар стандарты бір ізділікке бет бұрған мына заманда қытайлар да әдіс амалдарын өзгертіп, жаңа ойын тәртібіне ыңғайлана бастады. Оның басты көрінісін өзгеше ойлайтын демократтар мен тибет, ұйғыр ұлтшылдарына қолданған саясатынан анық байқаймыз.
Қытай компартиясының өз ішінде билікке таласып, жікке-жікке бөлінгенде бәрінің оң жамбасына келетін, момын кандидат, қолға жағымды сақа ретінде таңдалған Си Цзиньпин билікке отырған соң өнерін көрсетті. Әуелі жемқорлықты сылтау етіп, қарсыластарын саясат алаңынан «тазаласа», екінші кезекте партия жарғысына, Конститутцияға өзгеріс енгізіп, ішкі саясатта жеке басқа табынуды, сыртқы саясатта әлемге доқ көрсетуді бастап кетті. Оның: «Биліктегі кезімде Тайвань, ұлт, дін мәселесін түбегейлі шешемін» деген астам сөзі ел арасында желдей есіп жүр. Әрине бұл мақсатты тезірек іске асыру үшін оған өздері дайындаған Конституция, саны аз ұлттарға арналған автономия заңы, халықаралық ұйымдардан алған міндеттемелері, қол қойған хаттамалары үлкен кедергі болып тұр. Бұл үшін сылтау керек. Сылтау – терроризм. Терроризм – адамзаттың ортақ жауы. Компартияның ортасынан шыққан, қаржылық мүмкіндігі мол балама оппозициялар пайда болып, олар әлемдегі өзгеше ойлайтын демократтар мен кісілік құқық қорғаушыларды бір-біріне айдап салып, қырық пышақ қылды. Далай-ламанының Индиядағы қуғындағы үкіметіне балама радикал, тәуелсіздікті талап ететін, керек болса террормен айнысатын «ұлтшылдар» пайда болса, Түркияда, Америкада жасақталып, Жапонияда екі рет құрылтайын өткізген Рабия Кадырдың «Дүниежүзілік ұйғырлар конгресіне» балама тәуелсіздікті талап ететін, ұйғыр халқын қарулы күреске, террорға шақыратын қуғындағы Шығыс Түркістан үкіметі АҚШ-тың Вашингтон қаласында құрылды. Бұл екі балама үкіметтің нақты ісінен айғай-аттаны көп, негізгі жұмыстары өзінен бұрын құрылған ұйымдарды қаралау, соларға жала жабу, берекесін кетіру. Іске аспайтын, халықаралық ұйымдардан қолдау таппайтын жобаларды ортаға қойып, үндеу жариялау. Қуғындағы Шығыс Түркістан үкіметінің бас штабы Вашингтонда құрылса да негізгі жұмыстары Түркияда, Араб елдерінде, Орта Азия мен Қазақстанда қанат жайып жатыр. Олар Қытай геноцидіне қарсы ешқандай нақты шараларға бармаса да интернет ақпарат кеңістігін пайдаланып ұзақ жылдар бойы шетелде ұйғыр мүддесі үшін күресіп жүрген бірнеше ұрпақтың күрескерлеріне жала жауып, шабуыл жасады. Олар туралы неше түрлі жағымсыз ақпараттар таратты. Қытай коммунистік билігі Шынжаңға орнағанда өз командасымен Түркияға қоныс аударған Айса Юсүіп Алыптегін мен оның баласы, Түркияда ержеткен, БҰҰ жанындағы «Отаны жоқ ұлттар» комитетінде жұмыс істей жүріп, «Дүниежүзілік ұйғырлар конгресінің» негізін қалаған Еркін Алыптегінге, «Дүниежүзілік ұйғырлар конгресі» айналасына шетелде шашырап жүрген ұйғыр саяси күштерін жинап, Батыстың қолдауына ие болған, Жапонияда 2 рет құрылтай өткізіп, Ақ үйде Буштың қабылдауында Далай-ламамен бірге болған Рабия Кадырге «Қытай жансызы», «Қытай мүддесі үшін жұмыс істейтін адам» деп өсек таратты. Бұл ұйымнан басқа «оқу-ағарту қоғамы», «Ғұламалар бірлестігі» қатарлы ұйымдар да қара есекке теріс мінгізілді.
Бір қызығы тегі күмәнді жаяу батырлардан құрам тапқан осы ұйымның айналасында Түркияда туып өскен, төңірегіне қадыры аз, көлденең табысты тым жақсы көретін біраз қандастарымыз бар екен. Айналасымен өзара кикілжіңі көп, «көсемдері» үнемі өзгеріп тұратын осы «үкіметте» Айдохан Құбылей, Бабуслам Октан, Қызырбек Қайратолла қатарлы қандастарымыз шетінен министр екен. Ол аз десеңіз, бұл министрлер сол кездегі «президент» Әбдіуәли Жан мен «премьер министр» Энуар Ұйсын Тұран арасында мынандай келісім болыпты: «Болашақта Шығыс Түркістан республикасы тәуелсіздік алғанда ұйғырлар солтүстіктегі Іле, Алтай, Тарбағатай 3 аймақты қазақтарға қайтарып береді. Олар дербес ел бола ма, әлде Қазақстанға қосыла ма, сол кезде халық болып шешеді». Бұл келісім заңды нотариустан өтіпті мыс.
4 министрдің бірі - Бабуслам Октан(Babusselam Okutan)
Енді Өмірхан Алтынның маусым сайын Қазақстанға шапқылайтынын, Қалман Қосжігіттің Алматыда жанқиярлықпен жұмыс жасап жатқанын, Әбдіуоқап Қараның анда-санда көзге түсетінін, Қуандық Шамахай мен Ауыт Мұқибектің Жарқын 7 үшін жанын беруге бар екенін, Нұхан Сұлтанбай мен Гүлісхан Домалайдың Түркияға қарап әлсін-әлі мөңірейтінін түсінген, түйсінген шығарсыздар. Әрине бұл кісілерде кінә жоқ, дақпырт-дабыраға сеніп, айсбергтің үстін көріп, астына үңіле бермейді. Тіпті қазақтың мүддесін түгендеп жүрміз деп біледі. Жоғарыда айттық Қытайда гуманитарлық ғылымдар кемеліне келген, тарихта көшпенділерге соғыста кеткен есесін келіссөздерде қайтарып алып отырған. Қазір де қара жаяу емес, ел тас санаса олар құм санайды. Олар дүниеде үлкен өзгеріс болып жатқанын беске біледі. 40 жылдық реформа мен есік ашу саясаты Қытай халқының өмірін өзгертіп ғана қоймай, санасына сәуле түсірді. Маоның дара билігі, зорлық-зомбылығы, сананы тұмшалауы халық жүрегіне жол таппады. Экономика өскен соң халықтың да талабы жоғарлап келеді. Әлемнің техникалық, заттық табысын игеріп ғана қоймай, жаңа құн көзқарасын да тұтынғысы келеді. Сонымен бірге қытайдың өз ішкі-сыртқы қайшылығы асқынып, шешілмес түйіншекке айналып кетті. Сыртқы қысым, ішкі қайшылық қабаттаса келе, Қытайды қулыққа көшуге, уақыт ұтуға мәжбүрледі.
ҚХР 1949 жылы құрылғанда олардың жан саны 400 миллионның үстінде болса, осы халық 30 жылда еселеп өсіп 800 миллионға жетті. Осы қарқын бәсеңдемей, ғасырдың алғашқы 10 жылдығында 1 миллиард 400 миллионның межесін көрсетті. Өткен ғасырдың 80 жылдарынан бастап «отбасын жоспарлау» саясатының нәтижесі енді көріне бастады. Сонымен халықтың қалаға шоғырлануы, экономика мен мәдениеттің өрлеуі, адамдардың рахат өмірге деген талпынысы халықтың өсімін табиғи тежеді. Осыны байқаған Қытай өкіметі Қытай ұлтына да екінші бала сүюге рұқсат беріп, халықтың қартаю, еңбек күштің азаю процесін тежемекші болып еді күткен үміт ақталмады. 2018 жылда ешқандай өсім болмай, халық саны кеми түсті. Осы үдеріс жалғаса берсе, халық санының ең жоғарғы көрсеткіші жарыққа шыққан өткен ғасырдың 60, 70, 80- жылдарында дүниеге келген ұрпақ тарих сахнасынан шегінетін кезеңге жақындай түседі. Өсім тоқтаған, заттық игіліктену басым орынға шыққан Қытай Үндістан мен мұсылман елдерін алдыға салып, кәрі құрлық Еуропа мен Жапонияның кебін құшады, мамандардың межесі 600 миллион. Қытайда экономика шектен тыс «қызып кетіп», 3 миллиард адам сиятын тұрғын үй салынған, АҚШ 90 жылда тұтынған цементті 10 жылда игерген. Көлік магистралі шырмауықша оралған, өнім сұраныстан асып кеткен. Ұлттық әлеуметтік қайшылық мейілінше шиленіскен Қытайды қабат-қабат қиындық күтіп тұр. Міне сондықтан да 1921 – 2021, 1949 – 2049 екі ғасырлық жоба атанған «Қытай арманының» басты мақсаты осы межеге жетпей ұлтты, дінді, территорияны бір тұтастандырып, халықтың қарнын тойдырып, құдіретті жұңхуа ұлтын құрмақшы. Бұл межеден өтіп кетсе, Совет одағының, Югославияның, тарихта болған тағы басқа империялардың аяғын құшып, паршаланып кетуі мүмкін. Дүңген, Моңғол, Джуанзу автоном райондары негізінен қытайласып болды. Олардан келер қауіп жоқ. Жерінің қазба байлығы мол, аумағы кең тибет пен ұйғыр халықаралық заңдар мен ұлттық құндылықтарға арқа сүйеп қарсылық көрсетуде. Оларды бас салып жаныштай алмайсың, сылтау керек. Сылтау – БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі бес тұрақты мүшесінің бірі, кедейлікпен күресте миллиард халықты асырып отырған, барша халыққа ортақ Конституциясы бар, дін еркіндігі жолға қойылған, ұлттық өзін-өзі басқару заңы бар, халықаралық құжаттарға қол қойған дербес, тәуелсіз республиканың тұтастығына, қауіпсіздігіне қатер төндіру, террорлық актілер жасау. Дәлел бар, логика тастай. Егер ұлттық, діндік бөлшектеушілер болмаса, террорлық оқиғалар туындамаса, пәлен жылдық Қытай дәстүрі бойынша оларды қолдан ұйымдастыруға болады.
70 жылдық тарихта, әсіресе соңғы 40 жылда Қытай барлық салада дамыды. Бұрын сылап-сипап ұстап келген бодан елдерді жуасытудың теориясы да, тәжірибесі де әбден пысықталды. Үйлесімдік пен теңдікке құрылып, сіңіріп кетуге дағдыланған Қытай өркениеті, ми «жууға», сана торлауға бағытталған компартия идеологиясы саны аз ұлттардың жастарын қатарына көптеп тартты. Сонымен жоғарыдағы айтқан балама ұйымдар құрылып, жер шарының әр нүктесінде мүлтіксіз сәйкесіп жұмыс істеп жатыр.
Осы арада көптен бері назарымызды аударып келген екі адамды ерекше атап өтейік. Екеуі де ұзақ жылдар қоғамдық ортада көмескі атпен жүрген, бірақ жұмыс істеу тәсілдері өте ұқсайтын адамдар. Әрқашанда бір-біріне қолдау көрсетіп отырады. Екеуі бірдей белсеніп ҚХР Шынжаңда мұсылмандарға қатаң діндік, саяси, экономикалық қысым басталғанда ұлт, дін туын көтеріп сахнаға шықты. Айналасына біраз жақтастар жинаған соң өздерінен бұрын және қатарлас қоғамдық жұмыс істеген азаматтарға ымырасыз шабуылдар жасады. Ұзақ жылдар бойы әлеуметтік желіде «Жарқын 7» деген бүркеніш атпен жүрген Серікжан Бияшұлы 2017 жылдан бастап, Ата жұрт ерікті жастарының арасына кіріп, шешендігімен, қаржы көзін табудағы пысықтығымен, пікірі ұқсамайтын адамдарға тәсіл талдамай шабуыл жасайтын мейірімсіздігімен, өтірікті кез-келген уақытта құрастыратын суайттығымен көзге түсті. Ол сөйтіп екі ел арасында қиналып жүрген қарапайым халықтың ақыл-есін айран етсе, сөз қуып, өсек теріп өмірде жолы болмай жүрген алаяқтардың алқауына бөленіп, көсеміне айналды.
Екіншісі – Зүмүрат Тұрсын, Норвегияда тұрады. 2018 жылдың наурызынан бастап оның белсенділігі артты. Әсіресе Белгиядағы 5 мың адамдық Қытайға қарсы шеруде көзге түсті. Осыдан кейін шетелдегі ұйғыр диссиденттерінің арасына балдай батып, судай сіңіп кетті де олардың арасын қырық пышақ қылды. Бұл әйелдің шын аты Зүлфия екен. Үрімжі қаласында туып өсіп, Ланжоу Батыс терістік университетінде білім алған. Үрімжіде жұмыс істеп жүріп, тұрмыс құрған соң қытай офицерімен әуейі болады. Соңынан отбасын тастап Европаға келеді. Бұл әйелдің де өмірі Серікжан Бияш сияқты жұмбаққа толы. Тек жұмыс тәсілі мен қытайға деген махаббатында, ақшаға деген тәбетінде, жалақорлық пен суайттығында, сөз сөйлеу мәнерінде, отты кісі қолымен көсейтін аярлығында, тәжірибесіз жастар мен аңғал адамдарды өз мақсатына ың-дыңсыз бағыттай білетін сұрқиялығында кереметтей ұқсастық бар.
Серікжан Бияш (Жарқын Жеті)
Зүмүрат(Зүлфия) Тұрсын
Ғасырдың алғашқы 10 жылдығында Қытайдың 4-ұрпақ басшылығының сәл-пәл кеңшілігі кезінде Шынжаңда саны аз ұлттардың өнері, мәдениеті, әдебиеті, интернет кеңістігі өз әдетінше жалпыласып, дамыды. Осы кезде «Жарқын жеті Қаракерей» деген бүркеніш есім жастардың назарын аударды, пікір таласқа тамыздық болды. Мәскеуден тартып, Шығыс Азия, Орта Азияның арасын қауындықтың жолы қылған бұл азамат көрген-білгенін «Мың бір сапармен» шежіреледі. Сол кезде қазақ, орыс баспасөзіндегі актуальді тақырыптар болған дін, еврейлер, жарна, масондар, көші-қон туралы тақырыптарды құлаштап көшіріп, әдеби нормаға келмейтін көше тілімен естелік жазды. Мұның өзі жастардың назарын аударды. Ертеректегі ұйғыр тарихшысы Тұрғын Алмастың 3 кітабына жүрген цензура, Илхам Тоқтының «ұйғырлар – интернетте» деген сайтына қойылған шектеме бұған жүрмеді. Қытай диссиденті Лю Сяобо 2008 жылы Қытай Конституция қозғалысын құрам деп қайтадан 10 жылға сотталғанда, бұл жігіттің бетінен жел қаққан жоқ. Қайта өз сөзімен айтқанда «вичат пен қазақ тілді интернеттің патшасы» болып жүрді. Айналасына ақ жүрек, арманы биік қазақтың ұл қыздары топтасты. Олар ел аралап, пікір алмасты. Көші-қон, дін негізгі тақырып болды. Тіпті Юнан жақтан дүңген кәсіпкерлерді Баркөлдегі Акмият молдаға таныстырғанын «Мың бір сапарда» мақтана жазады. 2017 жылы Акмият молда қолға алынып, түрмеде қайтыс болғанда әлгі бүкіл мұсылманның жанашыры ол жөнінде жақ ашпады. Күнде жариялап жататын видео үндеулерінде атап өтпеді. Ондай оқиға болмаған сияқты позиция ұстанды. Керісінше ертеректе Күнесте басқа себептермен сотталып кеткен Кенжебай молда түрмеде өлді, Асан Әбеу ұсталды, әнші Отанбек Еңсехан қамалды деп өсек таратты. Шынжаңдағы заңсыздықтар жөнінде ешқандай дәлелді, тұшымды ақпараттар таратқан жоқ, қайта дәлелденбейтін, қарапайым халықты үрейлендіретін, түршіктіретін, ұлт пен ұлтты, ру мен руды, әлеуметтік топпен топты араздастыратын ақпараттар таратты. Қытайда жүргенде айналасына топтасқан 20-дан артық қыз-жігіттің бәрі сотталып кетіп, мұның соқа басы Қазақстанда батыр болып жүргенін байқаған бұрынғы тораптастары таң қалып, әлеуметтік желіде сұрақ қойған еді, үнсіз қалды. Қайта «фейк мүриттері» арқылы оларға «Қытайдың жансызы», «Қытайдың ақшасына сатылған» деп, жала жапты. Жыл басынан бері елімізге Қытайдан 40 мыңға таяу қандасымыз келіп орналасты. Міне осы кісілер арқылы сотталып кеткен сол боздақтардың жартысының аты-жөнін білу мүмкіндігі туды:
1, Кәкаша Тұрсынхан, Пекин заң университетін бітіріп, сол қалада жұмыс істеген. 2010-2014 жылдары С. Бияшты Пекинге көп рет шақырып, Қазақ студенттеріне талай лекция тыңдатқан. 2018 жылы қолға алынған. Басқа дерек жоқ.
2, Сарқытжан Салық. Шынжаң Санжы облысы Мори ауданында мұғалім. 2010-2013 жылдарда С. Бияшты Үрімжіде күтіп алып, Морида мешіттерде лекция оқытқан. 10 жылға сотталған. Қазір қалған жағдайынан дерек жоқ.
3, Нұржан мұғалім. Тарбағатай аймағы Шиху қаласы 3-орта мектебінің мұғалімі. Вичат группаларында Серікжанның уағызын бөліскені үшін 2017 жылы қолға алынып, 2019 жылы бостандыққа шыққан.
4, Есхат. Іле педагогикалық универсиетінің 3 курс студенті. Вичатта С. Бияштың уағыздарын көп таратқаны үшін 2018 жылы қолға алынып, 8 жылға сотталған. Сол кезде жасы небәрі 21-де еді.
5, Балғын. Іле аймағы Моңғұлкүре ауданында мұғалім. С. Бияшпен өте жақын қарым-қатынаста болғаны үшін 2017 жылы қамалған. Қазір жағдайы белгісіз.
6, Дүйсен Бағдал. Шынжаң телевизиясында жұмыс істеген. Бияштың аты шулы группасында болғаны үшін 2017 жылы қолға алынған. Қазірше басқа дерек жоқ.
7, Манат. Алтай аймағы Буылтоғай ауданынан. Тек сотталғаны туралы ғана дерек бар.
8, Ерзат. Бұл адамның сотталғанын басқа дерек аз.
9, Жұмабек, Алтай қаласы, Алахақ ауылынан.
10, Табыс, Алтай аймағы Қаба ауданын.
11, Мейір, Тарбағатай аймағы Толы ауданынан. Тарбағатай денсаулық сақтау мекемесінен.
12, Бекзат, Тарбағатай аймағы Дөрбілжін ауданынан.
13, Кенжехан дәрігер. Санжы аймағы Құтыби ауданынан.
14, Тоқан, Санжы аймағы Құтыби ауданынан.
15, Адал, Санжы аймағы Шонжы ауданынан.
16, Айнұр, Бұратала қаласы тұрғындар комитеті.
17, Тергеусіз, Бұратала қаласы Арасан ауданынан.
Бұл қолымызға там-тұмдап жеткен деректер. Осы боздақтардың туыстары, таныстары шығып жатса, қалған деректермен бөлісуді үміт етеміз.
Әрине, «сыбырлағанды Құдай естімей ме» дегендей барлық сұмдық пен сұрқиялықтың ашылатын кезі болады немесе сыр береді. Қытай арнайы қызметі демократтар мен ұйғыр, тибет халықтарына арнап құрған қақпанының тереңге жасырған тыңшылары арқылы сәтімен қапқан кезі болды. Оның себебі мен салдарын жоғарыда баяндадық. 2017 жылы Серікжан Бияшпен бір офиста болған жігіттердің айтуынша, С.Бияш шешім қабылдардың алдында оңаша бөлмеге барып, бейтаныс кісілермен әуелі сағаттап ұйғыр тілінде сөйлесіп одан кейін тағы сол межеде қытай тілінде сөйлесіп алады екен. Ал кейін әлеуметтік желіде тараған Нұр-Сұлтанда тұратын Арман деген жігітпен әңгімесінде Қытайда саяси лагерьге кіріп шыққан үш жігітке Қытай арнайы қызметі арқылы Қытай мемлекеттік кәсіпорыннан әр адамға миллион доллар алып беретінін, шарт: олар ауыздарын жабу керектігін құпиялап айтады. Міне, осыдан-ақ, Қытайдың саяси ойынында жүрген С.Бияштың миссиясын әбден білуге болады. Ғасырларға созылған бодандық сана мен алапат аштық, репрессия бізді жойып жібере алмады. Қанымызға сіңген жауынгерлік рух, Абайдың ақыл-ойы, Алаштың саяси ағартушылық бағыты бізді мың бір кесепаттан сақтап келді. Оң мен солды, ақ пен қараны парықтауға дағдыландырды. Қытайдың ұзаққа салған қармағы мен көрші «аюдың» тығырыққа тірелгендегі оқыс мінезі, АҚШ пен Батыстың өз мүддесіне құрылған ойындары, биліктен шеттетілген оппозиция өкілдерінің орайшылдығы – бәрі-бәрі келіп билік транзитінің ауысуы кезінде тоқайласты. Біраз карталар ашылып, мақсаттардың сұлбасы көрінді. Еліміздің саяси стратегтері мен құқық қорғау орындары Солтүстіктегі көршінің мүддесін ескере отырып, ұлт атын жамылған, өз мүддесіне келгенде тәсіл талғамайтын, арсыз ойыншыны орнына қойып, қожайындары мен жақтастарының алдында тірі саяси өлікке айналдырды. Арба сынып, өгіз өлген жоқ. Көп жылғы көп векторлы саясаттың тағы бір жеңісіне куә болып, жемісін игіліктендік.
Қосымша: Abai.kz ақпараттық порталы еркін ақпарат алаңы. Мұнда ой жарыстырып, пікір алмастыруға әркім құқылы. Алдағы уақытта мақалада есім-сойлары аталған жекелеген азаматтар редакциямызға жауап беруге ниетті болса, олардың да пікірін беруге әзірміз.
Қорған Тұранұлы
Abai.kz