Жұма, 22 Қараша 2024
Әдебиет 6781 6 пікір 2 Мамыр, 2020 сағат 12:52

Төзім

(Әңгіме)

Жергілікті әкімдіктің алдына жиналған қара құрым халықтың айғайы барған сайын күшейіп, айналаның азан-қазанын шығарып жатыр. Кәрі-жас, қыз-қырқын, еркек-әйел демей бәрі ауыз жабатын түрлері жоқ. Кейбір жастар бір қатарға топтасып алып:

- Жер керек!

- Өз үйімізді салуымызға жер телімі берілсін!

- Отыз жыл күткен кезегімізге неге жетпейміз?

- Баспанасыздарға 10 сотық жер берілсін!

- Әкім қайда, алдымызға келсін! - деп, дауыс қосып, хормен айғайға аттан қосып тұр.

Қолына дауыс зорайтқыш ұстаған бір жас жігіт жиналған жұртқа басу айтуға тырысып, сөзін орысша бастап еді:

- Қазақша сөйле!

- Орысшаңды қалтаңа салып қой!

- Мұнда бір де орыс жоқ.

- Қазақша айт, айтарыңды!

- Әкімді шақыр! - деп, жиналған топтың алдыңғы легі тап берді. Жас жігіт сасқанынан өзінің азын-аулақ сөздік қорын барынша сарқа жұмсап, қазақ тілінің ережесін белден баса отырып:

- Мен айтат! Сиз шуламаит, аким қабылдаит. Он адам керек болыш. Ишке кирет, мен иртип апарат! Тез тарап кетеит! - деп еді, жиналғандардың бірқатары қарқылдап күліп мазақ етсе, қалғандары одан ары дүрлігіп кетті:

- Әй, андағың не деп шүлдірлеп тұр-ей?

- Өй, мынаны... сөзінің түрін қарашы-ей!

- Сақау ма, не пәле, өзі?

- Әкімнің өзін кел деп тұрмыз, әй, мәңгүрт! Шықсын, бері! - деп анталаған жұрттың алдында абыржып кеткен әкімнің көмекшісі жас жігіттің маңдайы тершіп кетті. Екі көзі алақ-жұлақ етіп қатты сасқаны соншалық, әлде біреуді іздеп жан-жағына жалтақтады. Сол сәтте орталық есіктен шыққан біреу қасына келе қалды. Көмекшінің бозарып кеткен жүзіне болмашы қан жүгіріп, қолындағы дауыс зорайтқышын қасына келген көк костюмді, ақ жейделі, қызыл галустіге ұстата қойды. Оны аузына тақаған қызыл галстуктісі:

- Құрметті халайық! Көшені бастарыңызға көтермей сәл тынышталайық! Сабырға келейік! Араларыңыздан өкіл етіп он адам сайлаңыздар, біз әкімнің қабылдауына апарайық! - деді.

- Олай болмайды, қарағым! Тағы да ана жолғы секілді азғана адамның аузын жауып, бізді алдап соқпақшы ойларың бар ғой. Бұл жолы ол қулықтарың жүрмейді! Әкімді шақыр, осында көптің көзінше ашық сөйлесеміз! Әкім келмесе, тарамаймыз!- деді, топтың алдында тұрған бір ұзынтұра кісі.

Осы сәтте әкім және оның орынбасарлары, басқарма басшылары, сот, прокурор, қауіпсіздік және ішкі істер шендісі бар бәрі ұзын үстелдің басына қаз-қатар тізіліп, сырттағы оқиғаны қарсы қабырғадағы монитордан бүге-шігесіне дейін көріп тұр. Ішкі істер басқармасының бастығына бұрылған әкім:

- Әнеу бір немені әлі ұстаған жоқсыңдар ма? - деп, жиналған топтың алдындағы әлгі Ұзынтұраны көрсетті.

- Ұстағанбыз ғой... - деді де, ірі шенді офицер күмілжіп қалды.

- Ұстасаңдар ол мұнда қайдан жүр? - деп, әкім көзін алартты.

- Он бес тәулік жатты, кеше ғана босап шықты ғой.

- Так не пойдет... тағы бірдеме ойластырыңдар! - деп әкім бұйырды да жиналғандардың жуан ортасындағы еңгерзедей алып денелі жасы отыздар шамасындағы бір жігітті көрсетті. Қасында бір қарт әйел тұр. Ірі планда зорайтылып көрсетілген әлгі азаматқа отырғандардың назарын аудартқан әкім:

- Мына бір жігітке өз басым қатты разы боламын - деді.

- Неге? - деп, таңырқай сұраған прокурорға:

- Әр жиын сайын осы жігіт қасындағы кемпірмен бірге келіп осылай қарап тұрады. Бірақ, бір рет те ауыз ашпайды. Айғайлағандарға қосылмайды, бәрін тыңдап, жан-жағына қарап тұрады да жұрт тарағанда үн-түнсіз қайтып кетеді. Өзі бір мың болғыр төзімді жан екен. Мына дегбірсіз айғайшыларды қой! Сөзге тоқтамайтын бір пәлелер, қаптаған өңшең бүлікшілер. Нағыз толеранттылықтың озық үлгісін осы жігіт көрсетіп тұрған жоқ па? - деді.

- Иә, иә. Рас айтасыз, осы жігітті мен де аңғардым - десіп, отырғандардың бәрі дерлік қосыла құптасты.

Көшеде өтіп жатқан оқиғаның әрбір қимылы мониторға көз тіккендердің бәріне айпарадай көрінеді және айтқан сөздері де анық естіліп тұр. Көк костюмді мен әкімнің көмекшісіне жиналған жұрт илана қояр түрлері жоқ. Ұрандатулары жиілеп, қатарлары да көбейе түсті. “Әкім жер телімін бере алмаса, доғарысқа кетсін!” деп дауыс біріктіріп айғайға басушылар көшені басына көтере бастады. Әкім отырған креслосында тыпыршып кетті де, орынбасарына бұрылып:

- Сен шығып ретте! Араларынан жиырма адамнан тұратын өкіл сайлатып ал да, осында ертіп әкел! Олармен келісімге келген соң қалғандарын таратып жіберуге тап солардың өздерін жұмсаймыз! Өзің де білесің ғой, сексеуілді сексеуілмен ұрмасаң сындыра алмайсың. Қане, барып кел! - деп бұйырды.

Орынбасары қасына екі көмекшісін ертіп тысқа шықты. Жұрт алдына барып, біраз көсіліп сөйлемекке ұмтылып еді, онысынан ештеңе шықпады. Әбден ашынып алған халық ауыз аштырмағаны былай тұрсын, орынбасардың өзін тықсырып жіберді.

- Тым құрығанда, бір ауыз сөз айта алмай кері бұрылдың ғой - деп әкім кабинетке қайта оралған орынбасарына қабағын түйіп зілденді.

- Бұл жұртқа не жабысқан? Кеңсеге басып кіруден тайынатын түрлері жоқ. Тіпті, жеп қоя жаздады, басеке! - деп, орынбасар да өзінше ақталып әлек.

Екі көзін экранға қарай бұрған әкім оның ақталмақ болған уәжін  естіген-естімегені де белгісіз. Тыста тұрғандар бір-бірінің сөзіне еріп, хормен айғайлауын одан ары үдетіп барады.

Ірі планда тағы да әлгі алып денелі жігіт көрінді. Қасындағы кейуана көптен қалыспай бірге айғайлап тұр. Ал, зіңгіттей ер еш үнсіз. Екі беті қызарып, көзі алақандай болып, бақырайғаны болмаса, жұмған аузын ашпайды. Мұндай сабырлы мінезі өзінің дене бітіміне де жарасып тұрғандай көрінеді. “Жап-жас бола тұра тұра неткен төзім, неткен сабырлы мінез? Жағадан алып, жақтан салып жіберсең де, былқ етпей-ақ “не болды” деп қана жайбырақат сұрақ қоятын сабаз-ау” деген ой келді әкімге. Сол сәтте ішкі саясат басқармасының басшысына бұрылып:

- Ана бір жігіттің аты-жөнін, мекенжайын анықта! Телеарна, газеттеріңе тапсырма бер! Толеранттылықтың эталоны етіңдер! Не деген сабырлы, біртоға азамат. Біздің жастар осы замандасынан үлгі-өнеге алуға тиіс. Қасындағы анасы болса керек. Ол кемпірдің өзі дегбірсізденіп, жұртқа еріп ұран айтып тұр. Ал, жап-жас жігіт сабыр сақтап, үндемей ғана әліптің артын бағады. Төзімділіктің тамаша үлгісі емес пе? Сендерге осыны да мен айтуым керек пе? Неге өздерің қоғам өмірін жіті танып, үлгілі-өнегелі адамдарды алға шығарып дегендей нақты бір әрекет жасамайсыңдар? Ылғи бір шал-шауқандарға естелік айтқызудан өзгені білмейсіңдер! Ертеңнен бастап, іске кірісіңдер! - деп, тапсырма берді.

- Түсіндім, аға! Қазір дереу ақпарат құралдарының басшыларына тапсырма беремін. Арнайы хабарлар дайындалады, мақалалар жазылады - деп, ішкі саясат жағын басқаратын жігіт шыбындаған атша бас шұлғи жауап қатты.

- Енді, екеуің барып іске кірісіңдер! Бірақ, бас көз жоқ, тұтқындай жөнелмеңдер! Заңды түсіндіріп, мейлінше, сөздеріңе иландырып, өздері тарап кетерліктей шара қолданыңдар! - деп, әкім прокурор мен ішкі істер басқармасының бастығына нығарлай айтты да  орынбасарына:

- Сен де бірге барасың! Барлығына түсіндіріп айт! Қала маңында бос жатқан жер жоқ. Жер болғанның өзінде онда инфрақұрылым жасайтындай бюджетте ақша жоқ. Инвестор табылса, жасаймыз. Кезекте тұрсыңдар, асықпай күтіңдер дегенді былай адамша ұқтырып айтсаңшы! Әкімнің сендермен кездесуге уақыты жоқ, шұғыл шаруалар көп дегенді жеткіз! Салаға жауапты орынбасар ретінде бұл өзіңнің тікелей міндетің   екенін жақсылап түсіндір, оларға! - деп, тапсырма берді.

Жалпақ экранға телміргендердің бірнешеуі тысқа шығып, әкім және оның бір топ нөкерлері ғана оңаша қалып, жағдайды тағы да бақылай бастады. Прокурор сөйлеп, әкімінің айтқанын өзінше  түсіндірген болды. Ішкі істер басқармасының бастығы тезірек тарауларын сұрады. Тарамаған жағдайда күш қолданатынын айтып еді, жағдай одан ары ушығып кете жаздады. Шулаған жұртты әкімнің орынбасары зорға тоқтатып, сөзін бастады. Әкімнің берген тапсырмасын сөзбе-сөз жеткізе келіп:

- Біздің әкімнің даналығының арқасында әрбір кезекте тұрған азаматтарға жер телімі міндетті түрде беріледі. Құрылыс материалдарын тапсаңыздар болды, үйлеріңіздің  жобасын өзіміз жасап береміз. Қала шетінде бір үлгімен салынған үйлер бой түзейді. Ауласына ағаш егіліп, гүлзарлар жасалады. Қоғамдық көлік қатынайды - дей берегенде топ ішінен Ұзынтұра:

- Осы сөзді айтқаныңызға он жылдан асты ғой. Қашан жетеміз оған! - деп айғай салды.

- Ұзынтұра мырза, сіз сөзді бөлмеңіз! Ауланы абаттандыруды бізге қарасты коммуналдық мекеме атқаратын болады. Ал, құрметті тұрғындар, сіздер егілген ағаштар мен гүлзарларды күтіп ұстауға, көшені ластамауға жіті көңіл бөлуге тиіссіздер. Әрбір үйде көліктеріне арнап гараж салынады. Сондықтан, жеке көліктеріңізді қайда болса, сонда беталды қоюды доғарыңыздар! Қала тазалығын мұқият сақтаңыздар! Тәртіп пен тазалықты сақтау... - дей бергенде, топ ішінен тағы біреу:

- Тоқтат! Қайдағы жоқ ертегіңді осы жерден үз! - деп айғай салды. Оның даусы жарқ еткен найзағайдан кейін тасыр-тұсыр күн күркірей жөнелгендей сезілді. Бұл дауыс жерден емес, көктен түскендей жаңғырыққанда  сыртта тұрғандар да, іште отырғандар да, барлығы селт етіп, жалт қарады.

Сөз алған адам үнемі екі беті қызара бөртіп, көзі тостағандай болып, үн-түнсіз қарап тұратын,  әкімнің “толеранттылықтың эталоны” деп атаған еңсегей бойлы жігіт болып шықты. Төзімді жігіт  аяқ астынан тоқтаусыз сөйлеп, әкімдіктің бүкіл былық-шылығын тізбектеп өткір сынға ала бастағанда қасындағы кейуана күле тұра жылап, тұрған орнында жас қыздарша секіріп бірдемелерді қосарлана айтып кетті. Оның не деп  жатқанын ешкім ести алмаған соң Ұзынтұра қасына барып,кемпірді жетелеп алға шығарды да  орынбасардың қолындағы микрофонды жұлып алып аузына тақай қойды. Кемпірдің самбыралаған үні жер жарып кетті:

- Уа, халайық! Қуанышым қойныма сыймай тұр. Мына сөйлеп тұрған менің жалғыз ұлым Найзағай! Бес жасында қабаған иттерге таланып тіл-ауыздан айырылып, сөйлеуден мақұрым қалған еді. Енді міне, көріп тұрсыздар, аяқ астынан сайрап шыға келді. Отыз жыл ауыз ашпаған еді. Оны емдету үшін күллі әлемді шарладым. Апармаған дәрігер, көрсетпеген бақсы-балгер қалмады. Ешбір шипа болмаған-тұғын. Қала азаматтары мен қоғам белсенділері өткізген әр митингке ертіп келіп жүрдім. Бәрін тыңдап, сөйлеуге дәрмені жоқ булығып, қатты мазасызданып қайтатын. Бүгін мына әкім орынбасарының кезекті уәдесі ұлымның төзімін тауысқанымен, көп жыл меңдеген дертіне мың да бір ем болды. Халқым сіздерге де алғыс, әсіресе, берген уәдесін орындамайтын әкімдікке Алла разы болсын! Сіздер болмағанда... - деді де, ары қарай сөйлей алмай жылап жіберді.

Микрофонсыз-ақ даусы жер жарып тұрған Найзағай есімді әлгі жігіттің мірдің оғындай әрбір сөзін жиналғандар ұйып тыңдады. Іште отырғандардың да ауыздары ашылып қалыпты. Отыз жыл бойы іште сақтаған сөзін отыз минутта түгел ақтарып шыққан шешендігіне тәнті болған дүйім жұрт таңдай қаға таңданып, сілтідей тынды. Оның әрбір сөзі көптің жылдар бойы жиналған шерін тарқатып қана қоймай, қордаланған мәселенің түйінін де шешкендей болды. Жұртшылықтың көкейінде үміт оты жанды. Құдды жүректерге  рух құйылғандай сезілді. Сондықтан ол сөзін аяқтағанда  нөсер жаңбыр құйып кеткендей барлығы тасырлата қол соқты.  Жұртпен бірге оны зор ынтамен тыңдаған әкім орынбасары мен прокурор, ішкі істер басқармасы бастығы оларға қалай қосылып кеткеніні өздері де байқамай қалды. Бәрін қалт жібермей бақылап тұрған әкім олардың бұл қылығына ызаға булығып, жарылып кете жаздады.

Сөзін аяқтаған жігіт қасына анасын ертіп алып, бұрылып кете берді. Жиналған жұрт оның соңынан еріп, тарай бастады.

Ашуға ерік берген әкім табан астында бірнеше өкім шығарып, дереу қол қойды. Өзін сынаған адамның сөзіне қол соққаны үшін орынбасарын қызметтен сол  сәтте әй-шәйға қарамай  қуып тастады. Прокурор мен ішкі істер бастығына қатаң ескерту жасап, құзырлы басшыларына ұсыныс жіберетінін айтты.

Ал, Ұзынтұра мен Найзағайды бүгін түнде дереу тұтқындап, әлеуметтік араздықты қоздыру бабы бойынша қылмыстық іс қозғауды ішкі істердің бастығына жүктеді...

Қуандық Шамахайұлы

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5329