Сенбі, 23 Қараша 2024
Қазақтың тілі 4036 3 пікір 7 Мамыр, 2020 сағат 16:29

Бірге жазу түйсікке емес, ережеге негізделсін!

«Елу жылда ел, қырық жылда қазан жаңа» деп дана халқымыз айтқандай, уақыт өте келе, бәрінің әйтеуір бір өзгеріске ұшырап, жаңа сапаға көшуі заңдылық. Бір қарасаң, жаратылыста қатып қалған ештеңе де жоқ сияқты. Тіпті ұлт та, ұлттық таным-түсінік те, ұлт өмір сүріп отырған қоғамдық қатынас та, ұлттық тіл де, оның ішкі заңдылықтары да біртіндеп өзгере береді.

Бұрын дұрыс деп қабылдаған ереже-қағидаларымызға қазіргі заман ұрпақтары сын көзімен қарайтынының өзі де осы дамудың әсерінен болар, ал ертеңгі ұрпақ біздің жасағандарымызға түзету енгізуі әбден ықтимал. Олай болса, қазақ тілінің қазіргі емле (орфография) ережелерінің ескіргені туралы түрлі баспасөздер мен әдебиеттерде әлсін-әлсін айтылып жүрген сын-ескертпелерде жан бар сияқты.

Алайда отыз жылдай айтылып-жазылса да, сауатты  жазамын деген әркімге аса қажетті емле ережелерімізге және соған сүйеніп жасалатын емле сөздігімізге қайта бір қарауға қолымыз тиер емес. Мәселен, өңделіп, толықтырылып үшінші рет 1988 жылы шыққан «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі» аздаған өзгерістер мен 2001, 2005 жылдары, содан кейін 2007 жылы қайта жарық көрді, одан бері де бірнеше сөздік жарық көргені белгілі.

Орфографиялық сөздік авторларының ұшан-теңіз еңбектерін жоққа шығарып, сынап-мінейік деп отырған жоқпыз. Барлық мәселе емле ережелерін қайта қарауда жатыр. Себебі 1983 жылғы «Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелеріне» түзету енгізетін уақыт жетті. Оған себеп – заман, қоғамдық-саяси жағдай, қоғамдық қатынас онда өмір сүріп жатқан адамдардың таным-түсінігі, жалпы халықтың сауаттылығы өзгерді, оның үстіне латын қарпіне өтейін деп жатырмыз.

Сауатты адамдарға «Неге мына жерде былай, ана жерде олай?» деген ой келе бастады. Сондықтан да өз уақытында өзіндік қызметін толық атқарған емле ережелерімізге жаңаша талғаммен қарайтын кез келген сияқты.

Емле ережелеріміз бен емле сөздіктеріміздегі барлық олқы тұстарды теріп, түгендеп жатпай-ақ, екі не одан да көп түбірлерден тұратын күрделі сөздердің кейбіреулерінің бірігіп, енді біреулерінің бөлек жазылуы туралы мәселені ғана сөз етсек жетер. Бізде әлі күнге шейін даулы мәселелердің бірі осы боп тұр.

Мәселен, «Екі сөздің тіркесуі арқылы жасалған кісі, ру, тайпа, жер-су, аң-құс, жан-жануар, құрт-құмырсқа, өсімдік атаулары мен әр алуан ғылыми, саяси-әлеуметтік терминдер бірігіп жазылады» деген ережеміз бола тұра, емлелік сөздіктерімізде сондай сөздердің және оларға түр-тұрпаты онша келіңкіремейтін, бірақ біріктіріп жазуды керек ететін түрлі тіркестердің жазылуында ала-құлалық жетерлік.

Соңғы айтқанымызға дәлел үшін, орфографиялық сөздіктерден біраз мысал келтірейік.

Ақ аю  – аққұтан, көкқұтан; ат арба – қоларба; әр алуан  – біралуан; көз алдау  – көзбояу; көз көрмес – көзкөрген; көк долы – көкайыл; көк ми  – көкбет; көк тайғақ  – көкмұздақ; көңіл жықпас – көрсеқызар; тас  жол – теміржол; қызыл көз  – сарыауыз ; тас керең– тасбауыр т.б.

Міне, осындай екі түбірдің тіркесуінен жасалған күрделі атаулардың сөздіктерде біреулерінің бөлек, біреулерінің бірге жазылатынынан ба екен, жазарман қауым кейде емле ережелерімізге де, емле сөздігімізге де аса мән бермей (қате болса да, емле ережесі мен сөздігіне мойынсынуға баршамыз міндеттіміз), сөздіктерде бірге жазылады деп берілген сөздердің қайсыбіреулерін «таң қалдық» деп жазып, жұртты таңғалдырып жүр.

Сөздік авторлары да осындай күрделі сөздердің бір тобын бөлек, енді бір тобын бірге жазғанда емле ережеміздің біріне сүйеніп емес, өз түйсіктерін (интуиция) басшылыққа алып кеткен сияқты. Бұған не себеп екенін түсінбей, біз де ойға қалдық.

Бір сәті келгенде жоғарыда аталған сөздікті құрастырушылардың мүйізі қарағайдай ең мықтысынан: «ақ аю», «қара аю», «қоңыр аю» дегендерді бөлек жазып, осы сөздерге ұқсас «аққұтан», көкқұтан» сиқты т.б. сөздерді неге бірге жаздыңыздар», – деп сауал қойып едік, мықты маманның жауабы мынадай болды:

«Егер біз аң аттарын білдіретін «ақ аю», қара аю», «қоңыр аю» дегендерді сіз көрсеткен құс аттары секілді бірге жазылады деп берсек, онда олар «қараю», «қоңыраю» деген етістік болып кетеді де, елді шатастырады» деп маман тұрмақ қарапайым қазақ айтпайтын уәж айтты.

Міне, қызық! Біздің маманымыз «сөздің жеке тұрғандағы нақты лексикалық мағынасы мынау деп дәл айтып, анықтап көрсетуге болмайтынын білмейді екен. Мен егер «Біздің жақта қоңыраю жоқ» деп жазсам, ол осы сөйлемдегі «қоңыраю» дегенді етістік деп түсіне ме, сонда?

Демек, әр сөздің лексикалық нақты немесе ауыспалы, келтірінді, синтаксистік шарты, фразеологиялық байлаулы мағынасы еркін сөз тіркесінде, тұрақты сөз тіркесінде, сөйлем құрамында ғана нақтыланады. Егер біз сөздікте «қоңыраю» деп берсек, осы сөздің әрі аң атауы, әрі етістік атауы ретінде қолданылатынын көрсетіп беруіміз керек. Қалай дегенмен, сөз тіркесті күрделі сөздердің кейбіреуінің бірге немесе бөлек жазылуына әйтеуір бір қағида (принцип) керек қой!

Жоғарыда көрсетілген ережені басшылыққа алайын десең, не еркін тіркеске, не күрделі тіркеске жатқызуға қиындық келтіретін бірқатар сөз тіркестері тілімізде толып жатыр. Мысалы, күллі қазақ тілі оқулықтары анықтауыштық қатынастағы еркін сөз тіркестері деп қарастыратын кәрі жілік, ортан жілік, асық жілік, бас сүйек, самай сүйек, көк ет деген сияқты көптеген сөз тіркестерін медицина университетінің анатомия пәні мен оның ғылымының мамандары күрделі сөздер деп ұғады да, біріктіріп жазуды жөн көреді. Солай етіп те жүр. «Көкет» деп жазып, солжазылған қалпында оқиды. Егер біріктіріп жазған кезде екі түбірдің түйіскен тұсында дыбыс алмасуының әсерінен,  «көгет»  болатынын және солай жазылуы керек екенін ешкім ескеріп жатқан жоқ.

Енді осыған назар аударып, арнайы зерттеу жүргізген тілші-лингвист ғалымдар не деген екен деп олардың еңбектерін қарап шықсақ, қазақ тілі білімінің негізін қалаушылардың бірі – профессор М. Балақаев өзінің «Біріккен сөздердің сипаттамасы» деген еңбегінде күрделі сөздердің сипаты, ерекшелігі және оларды біріктіріп жазу туралы мынадай пікір айтады: «Сөздер түйдегінің біріккен, бірікпеген тіркес екенін айыру үшін оларды оқшау тұрған күйінде емес, сөз тіркесінде, сөз құрамында, басқа сөздер қоршауында қараудың пайдасы бар. Кейде сөз тіркестері мен біріккен сөздер тобының құрамы бірдей болуы да ықтимал: ақ сүйек – ақсүйек (ойын), біз тұмсық – бізтұмсық (зоол), сегіз аяқ – сегізаяқ (зоол., ән), сегіз көз – сегізкөз (дене мүшесі), соқыр теке – соқыртеке (ойын), ақ сақал – ақсақал (қария). Осылардай құрамы бірдей сөздер тобының мағыналық айырмашылығын бөлек, бірге жазу арқылы белгілейтін болсақ, сол тәсілдің баяндылығы контексте дұрыс айқындалады» (М.Б. Балақаев, Қазақ әдеби тілі, Ал., 1987 жыл, 2001-2002 бб.).

Ғалымның осы пікірін оң көріп, басшылыққа алсақ, біз қазір бөлек жазып жүрген бірсыпыра сөздерді біріктіріп жазуымыз керек екен. Мәселен, «сегізкөз (дене мүшесі)» бірге жазылатын болса, дәл осы атау сияқты кәріжілік, асықжілік, ортанжілік, кө(г)ет, бассүйек сияқты сөздерді де өстіп неге бірге жазбасқа?! Бұлардың «майлы жілік, сынған жілік, ұзын жілік немесе жасық ет, шандыр ет, арық ет т.б.» дегендей анықтауыштық қатынастағы сөздерден гөрі екі сөздің тұтасуынан туындаған тың мағыналы атау сөз екені айдай айқын емес пе?

Өстіп, қазіргі уақытта бөлек жазып жүрген бірталай сөздерді алдағы уақытта бірізділікке салып, бірге жазатын болсақ, біздіңше, олардың аражігіндегі дыбыстық үндесу мен алмасуды (ассемляция) да  ескерген дұрыс. Егер солай етсек, олардың (әрине, барлық біріккен сөздердің) мағыналық тұтастығы әлдеқайда мықтырақ болады. Мысалы, «көкет» емес – «көгет», «ақаю» емес – «ағаю», «көкми» емес – «көгми», «тасжол» емес – «ташшол» т.б.

Ал екі сөздің біріккен аражігінде екі дауысты дыбыс қатар келіп қалатын болса, алдыңғысын түсіріп айту (жазу) – біздің ойымызша тіліміздің табиғи бітім-болмысына тән заңдылық.

«Қараойды» – «Қарой», «Қараобаны» – «Қароба», «Сары ағашты» – «Сарағаш», «Сары өзекті» – «Сарөзек», «қалааралық» – «қаларалық» етіп жазғанымыздан түк те ұтылмаймыз. Одан олардың лексикалық мағыналарына еш нұқсан келмейді әрі тіліміздің өзіне тән дыбыс тіркесім заңдылығы, яғни қазақ сөздерінде екі дауысты дыбыс қатар келіп айтылмайды деген заңдылық сақталады. Ал олардың қандай-қандай түбірлердің бірігіп-кірігуінен жасалғанын тілді тұтынушы жалпы халыққа білудің түкке де қажеті жоқ.

Мысалы, «мырза» сөзінің «әмір+зада» сөздерінен, «қарлығаш» сөзінің «қара+ала+құс» сөздерінен, «сөйтіп» сөзінің «солай етіп» сөздерінен, «өләй» сөзінің «о, аллай» сөздерінен, «жомарт» сөзінің «жоғары мәрттілік» сөзінен т.б. шыққаны сөздердің төркінін (этимологиясын) зерттейтін тілші-лингвист ғалымдар үшін ғана қажет.

Тіліміздегі жеке-жеке өз мағыналары бар сөздердің бір-бірімен тіркесіп, жаңа ұғымға атау болуы және бастапқы тұлғаларын бірігу, сосын кірігу үдерісі (процесс) нәтижесінде өзгертіп, бастапқы қалпына мүлдем ұқсамай кетуі – атам заманнан келе жатқан құбылыс. Бәлкім, уақыт жетіп, бұл заңдылық та әдірем қалар ма екен? Мүмкін, біздің қазіргі тілімізде бір әуенмен (ритмикалық топпен) айтылатын сөздерде де немесе тұтас сөздің құрамында да екі дауысты дыбыс (қалааралық, жалпыұлтты т.б.) қатар айтылатын заман келген шығар! Олай болса, тірі тілді барынша дәл таңбалау (бейнелеу) үшін кейін ойластырылып шығарылған жазба тілімізде аталған құбылыстың, яғни екі дауысты дыбыстың қатар келіп бейнеленуін біз де еріксізден-еріксіз мақұлдаймыз.

Әй, қайдам! Ата-баба тілінің осы заңдылығын (екі дауысты қатар келмеуі) өз қолымызбен тұншықтырмасақ, тіліміздің өзіндік бір ерекшелігін айқын аңғартатын заңдылық ретінде әлі күнге сақталып, өмір сүріп келе жатқанын тілдік деректер еріксіз еске салып, дәлелдейді. Оған өз ана тілінен алыстай бастаған өзіміздің орыс тілді қандастарымыз немесе жазба тілдің жетегіне мүлдем еріп кетіп қаперсіз жүргендер ғана қарсы шығар.

Сонымен, біз қазіргі қазақ тілі емлесінің тек бір ғана мәселесіне ой бөлісу мақсатында аздап тоқталдық. Оқырман қауымның, әсіресе, тілші (лингвист) ғалымдардың біздің бұл пікірлерімізбен келіспейтіндері болса, хат күтеміз.

Бейбіт Исхан,

Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің Қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., доцент.

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5401