Тәуелсіздіктің тәтті жемісі
Елбасы Оңтүстікке келген сапарында Тәуелсіздік саябағында облыс ардагерлері мен ұлттық мәдени орталық өкілдерімен жүздесті. Жылы қауышуда әңгіме ағытылып қоя берді. Жарқын һәм бүкпесіз сырласу. Корей мәдени орталығының белсенді өкілі, мектеп директоры С.Пак көрші мемлекеттердегі әріптестеріміз қазақстандық ата-аналар бақытты ғой дегенді жиі айтады деп қалды. Корейлердің сталиндік репрессия кезінде Қазақстанға жер аударылып келгендігін, туысқан қазақ халқының ақпейіл, жомарттығының арқасында тағдыр тезінен аман қалғандықтарын тағы да еске алды. Сондықтан да қазақ халқының проблемалары - біздің де проблемаларымыз. Қазақ тілі - мемлекеттік тіл. Мемлекеттік тілдің өз мәртебесіне лайық болуына, берік орнығуына бәріміз де мүдделіміз деді.
Жөн сөз. Ел бірлігін ойлаған ағайынның сөзі осылай боларға керек. Қазақ тілінің төрге шығуына өзіміздің шалақазақтар қарсы болып жатқанда Пак ханым сияқты жанашыр жандардың қолдауы кей қандастарымыздың мүлгіген санасын сілкіндірсе керек-ті.
Көрші елдердің, бүкіл ер азаматтары астынан су шыққандай Қазақстаннан тартып, сонау Ресейдің қиыр шығысына дейін жұмыс іздеп кететін ағайындардың "қазақстандық ата-аналар бақытты ғой" деп айтатынындай бар. Ата-ана бақытының ең үлкені - ұрпақ саулығы, олардың алаңсыз жақсы білім алуы, көшелі азамат болып жетілуі.
Елбасы Оңтүстікке келген сапарында Тәуелсіздік саябағында облыс ардагерлері мен ұлттық мәдени орталық өкілдерімен жүздесті. Жылы қауышуда әңгіме ағытылып қоя берді. Жарқын һәм бүкпесіз сырласу. Корей мәдени орталығының белсенді өкілі, мектеп директоры С.Пак көрші мемлекеттердегі әріптестеріміз қазақстандық ата-аналар бақытты ғой дегенді жиі айтады деп қалды. Корейлердің сталиндік репрессия кезінде Қазақстанға жер аударылып келгендігін, туысқан қазақ халқының ақпейіл, жомарттығының арқасында тағдыр тезінен аман қалғандықтарын тағы да еске алды. Сондықтан да қазақ халқының проблемалары - біздің де проблемаларымыз. Қазақ тілі - мемлекеттік тіл. Мемлекеттік тілдің өз мәртебесіне лайық болуына, берік орнығуына бәріміз де мүдделіміз деді.
Жөн сөз. Ел бірлігін ойлаған ағайынның сөзі осылай боларға керек. Қазақ тілінің төрге шығуына өзіміздің шалақазақтар қарсы болып жатқанда Пак ханым сияқты жанашыр жандардың қолдауы кей қандастарымыздың мүлгіген санасын сілкіндірсе керек-ті.
Көрші елдердің, бүкіл ер азаматтары астынан су шыққандай Қазақстаннан тартып, сонау Ресейдің қиыр шығысына дейін жұмыс іздеп кететін ағайындардың "қазақстандық ата-аналар бақытты ғой" деп айтатынындай бар. Ата-ана бақытының ең үлкені - ұрпақ саулығы, олардың алаңсыз жақсы білім алуы, көшелі азамат болып жетілуі.
Халқы өсімтал Оңтүстікте мектеп, балабақша мәселесі өте күрделі күйде болатын. Кеңес Одағының дәуірлеп тұрған кезінің өзінде мұнда төрт ауысыммен оқитын мектептер болған. Құдайға шүкір, қазір үш ауысыммен оқитын мектептер де жоқ. Соңғы үш жылда 164 білім ошағы іске қосылды. Ал, осыны таратып жазсаңыз газеттің әлденеше парағы, айтсаңыз таңды таңға ұратын әңгіме.
Ел үшін атқарылып жатқан жұмыстарға ардагерлердің ризалық білдіруі сұхбатты жандандырған. Нұрсұлтан Әбішұлы Оңтүстіктегі ең үлкен проблемалар: су, көгілдір отын, жарық және жол мәселелеріне тоқталып, әрқайсысы бойынша өзінің тікелей бақылауымен Үкіметтің толымды жұмыстар жасап жатқанын баян етті.
Өзінде ағыл-тегіл ағып жатқан өзендер, байырқалап жатқан көк теңізі болмағаннан кейін Оңтүстік көрші елдердің суына тәуелді-ақ. Мәселен, Шардара су қоймасының сыйымдылығы 5 млрд. текше метрден сәл асады. Оған су келетін Тоқтағұл су қоймасын Қырғызстан қыс кезінде электр қуатын алу үшін энергетикалық режімге көшіреді. Сол кезде топан су Шардараға жөңкіледі. Айқұлақтанып алған ағайын "тоқта, ауыл, аудандарымызды су алып барады" десең одан сайын екіленеді. Амал жоқ, ол суды Арнасай арқылы Өзбекстанға өткізуге тура келеді. Бұл кезде түбі бір туыспыз деп майдалап сөйлейтін көрші де кәріне мінеді. Артық су қабылдағаны үшін ақы төле деген талап қояды. Артық судан көл жасап, тоғандарға бөледі. Балыққа бөгеді.
Қырғыздарға да "артық су жібермеші" деп беліміз бүгілгенше иіліп, мазут, көмір, тағы басқа керектерін беріп келдік. Екі оттың ортасында қалған, бір Өзбекстанның өзіне бір Аралдың суын берген Қазақстанға басқаша амал ойламаса болмайтын еді. 2008 жылы Елбасы осынау шетін мәселеге нүкте қойды. Жыл сайын Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облыстарының су жолында жандарын шүберекке түйіп отырған 50 елді мекен де жыл сайынғы көктемдегі әбігершіліктен құтылды.
Ел ішінде "ғасыр құрылысы" атанған Көксарай су реттегіші іске қосылды. Ең алдымен жаз кезінде көрші елдерді кіріптарлықтан құтқарды. Биылғы көктемде Көксарай су реттегішіне 2 млрд. текше метр су жинап алуға мүмкіндік туды. Ал, мұныңыз бұрын Өзбекстанға ақша төлеп жүріп жіберіп келген өзімізге тиесілі суымыз еді. Бұрын "су алмаймын" деп кергіген ала топылы ағайын бүгіндері жусаннан аласа, бетегеден биік болып, су сұрап жүр.
"Оңтүстікке су ауадай қажет. Керек десеңіз, ауыз сумен, ағын сумен қамтамасыз ету - еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету деген сөз. Сондықтан, Көксарай - еліміздің қауіпсіздігін нығайтатын құрылыс", - деді Елбасы.
Көксарайдың қызығын ел көріп отыр. Бұрын мал жайылымына пайдаланып келген жұрт енді суармалы жерлерде диқандықпен айналыса бастады. Көкөністер егілді. Ауыл жастары бағбандыққа ден қойды. Балық молайды.
Көксарай су реттегіші Шардара ГЭС-ның да электр қуатын 20-25 пайызға ұлғайтуына септігін тигізді. Жарықты көрші облыстардан тасымалдап келген өңір үшін бұл үлкен көмек.
Әу баста Көксарайдың Оңтүстікке қазығын қағуына сәл-пәл қарсылық танытқан қызылордалықтар да райынан қайтқан. Жағадан шегініп кеткен Аралдың бойына жан біте бастады. Жылына 2 млрд. текше метрдей су алып жатса, қарт Аралдың да бағы қайта жанары анық. Көрші облыс болған соң іссапар барысында байқаймыз, күріш өсіру мүмкіндіктері күшейіп келеді.
Көксарай осылайша ырыс болып тұр. Бір облыстың халқына жетеқабыл жұрты бар мақтааралдық диқандар да Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен Шардара су қоймасынан қуатты су сорғылар арқылы егістік алқаптарына су шығара бастады. Былтыр 86 мың гектар алқапты ылғалдандыру жұмыстары жүргізілді.
Мақтааралдағы суармалы жерлердің 70 пайызына жуығын құрайтын жобаға мемлекет қазынасынан 14 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінген. "Достық" каналына Шардара су қоймасынан жаңа канал қазылып, іске қосылды. Ұзындығы 30 шақырымға созылып жатқан магистралды каналы бар сорғы стансасын "Құрылыс" ЖШС уақытында аяқтады. Серіктестік директоры Тұрлыбек Қилыбек канал табанында су болғандықтан ми батпаққа айналғанын, экскаваторшылар жұмыс жасау үшін 25 ұңғы қазып, балшықты сыртқа шығарғандықтарын айтады. Яғни, белуардан су кешіп жүріп те жұмыс жасауға тура келген. Бұлардан бөлек 22 мердігер жұмысқа тартылған құрылыс аяғына жетті. Рас, жұмысшыларға оңай болған жоқ. Бірақ, диқан қауымы үшін тау көтерген толағайдай сауап іс жасалды. Осылайша ұзақ жылдар бойы шешілмей келген мәселеге нүкте қойылды.
Жаңа канал "Тәуелсіздіктің 20 жылдығы" деп аталады. Бұл шын мәнінде, өте жақсы тарту.
Елбасы ардагерлермен жүздесуде: "Оңтүстікте көгілдір отын мәселесі шешіледі", деген. Ақиқатқа айналып жатқанына өзіміз де куә болғанбыз. Түркістанда "Бейнеу-Бозой-Қызылорда-Шымкент" магистралды газ құбырының желілік бөлігінің алғашқы торабын дәнекерлеу рәсіміне қатысып, газетімізге репортаж жазғанбыз. Жиында сөз алған Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов ағамыз: "Енді біздің келіндеріміз күлді-көмеш болып пешке көмір жағудан құтылатын болды", деп жұртшылықты ду күлдірген. Әзілдесе де астарында шындық бар. Көршіге көгілдір отын үшін тәуелді болып келгеніміз рас. Сонау 2000 жылдан бері газдың бағасы текше метріне 35 доллардан 100 долларға көтерілгенін ешкім ұмытпайды. Кейде сол қымбат газдың өзін ұйқысынан жайсыз оянған күндері көршілеріміздің бермей қалу қаупі болғандығы да есте. Енді Қазақстан өз елін көгілдір отынмен жарылқап қана қоймай, артығын Қытай секілді алпауыт мемлекетке сатпақ.
Бірыңғай ұлттық газ тасымалдау жүйесінің арқасында Оңтүстікке жыл сайын 6 млрд. текше метр көгілдір отын жеткізіледі. Оңтүстіктің 284 елді мекенін жайлаған сегіз аудан халқы осы отынның қызығын көреді. Оңтүстіктің халқы - еңбекқорлығымен ерекшеленеді. Әр шаңырақ жылыжай өндірісін жолға қоюға талпынып жатыр. Орта және шағын кәсіпкерлікті өркендетуге де көгілдір отынның көмегі үлкен. Бес жылдан кейін екінші кезеңі іске қосылғанда құбырдың газ өткізу мүмкіндігі 15 млрд. текше метрге дейін көбейеді екен. Яғни, Оңтүстіктің диқандарының көмірге тәуелділігі жойылып, арзан әрі ыңғайлы отынға көшуі жеделдейді. Мұның жақсы жағы - Қазақстанда азық-түлік қауіпсіздігі нығаяды.
Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізі Қазақстанның басқа облыстары сияқты Оңтүстіктің де тезірек іске қосылуын күтіп отырған ғасырлық құрылыстарының бірі. Батыс пен Қытайдың арасын жалғаған, осы жол арқылы тасымалданатын тауарлар мемлекет қазынасын байытып қана қоймай, елді кәсіпкерліктің жаңа биігіне көтеретіндігі сөзсіз. Бүгінде мыңдаған азаматтар осы жолда нәпақасын айырып жатыр. Оның сыртында жол бойында мыңдаған тұрақты жұмыс орындары ашылады.
Осының бәрі Елбасының пәрменімен, халық, мемлекет игілігі үшін салынып жатқан өміршең жобалар. Ертеңгі күнге деген сенімділік, келешектің баянды боларына кепілдік. Мемлекет басшысының тікелей қадағалауымен атқарылып жатқан жоғарыдағы жұмыстарды аяғына жеткізуге облыс әкімі Асқар Мырзахметов те мүдделі екендігі екі бастан белгілі жағдай. Көп ретте мемлекеттік маңызы бар шаруаларға жүрдім-бардым қараған басшы-қосшы атқамінерлерін табаға шемішке қуырғандай қуырып алатындығын көзіміз көріп жүр. Ерікке салса енжарлық пайда болады. Бір есептен бұл шыжғыру да дұрыс шығар.
Оңтүстік соңғы он жылда айтарлықтай өзгерді. Жақсы мағынасында. Көркейіп, қанатын кеңге жайып келеді.
- Адам деген пенде. Пенделігіміз көп нәрсені ұмыттырып жібереді екен, - деп еді бірде мақтааралдық "Кетебай" ӨК төрағасы Сәду Бекенов. - 2001 жылы Елбасының тапсырмасымен Сырдария үстінен көпір салынғанға дейін көршімізге тәуекелді болып келдік. Шекарашылар мен кеденшілер Мақтаарал тұрғындарын кеденнен өткізерде тыңшы өтіп бара жатқандай қойын-қонышына дейін тексеретін. Бұл қорлық еді. Осыны Елбасыға ел болып жазып, көмек сұрағанбыз. Мақсатымыз орындалды. Алып дарияның үстінен аспалы көпір салынды. Ел кешегі көрген құқайын ұмытты. Қарап отырсақ, бір ғана Оңтүстіктің өзінде ғасырлардың арқасына жүк болатын үлкен жұмыстар атқарылыпты. Ел игілігі үшін аянбай қызмет етіп жатқан Елбасымыз аман болсын. Мемлекетіміз көркейе берсін, - дейді.
Бұл сөзді ардагер ағайындардан жиі естіп жүрміз. Тәуелсіздіктің тәтті жемісі деген осы ғой.
Бақтияр ТАЙЖАН,
Оңтүстік Қазақстан облысы.