Қара сөз қара өлеңге айналғанда...
Биыл – Абай жылы, қазақтың кемеңгер ұлының 175 жылдық мерейлі жылы. Бүгінде есімі ел атымен егіз боп кеткен, «қазақ» десе – Абай, «Абай» десе – қазақ еске түсетін ұлы тұлғаның мұрасы жан-жақты сарапталып, қайта сараланып жатыр. Ойшыл ақынның оқыған сайын қабат-қабат қатпары ашыла түсетін озық шығармаларына қазіргі заман талабы тұрғысынан назар салуға, жаңаша көзқараспен зерттеп-зерделеуге талпыныстар жасалуда. Ол түсінікті де, өйткені, ақын шығармашылығы – сарқылмас таным салқары, тереңіне үңіле білген жанға ұсынар інжу-маржаны түгесілмес түпсіз тұңғиық мұхит.
Хакім Абайдың оқыған жанды ойлантпай қоймайтын орны бөлек туындыларының бірі – ғибрат пен тағылымға толы әйгілі қара сөздері. Оларды да әдебиеттанушыларымыз бен зерттеушілеріміз түрлі қырынан талдап-таразылап көрді. Ал Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері, танымал ақын Әлібек ШЕГЕБАЙ мүлде тосын қадамға барып, хакімнің қара сөздерін қазақтың кәдімгі қара өлең қалыбымен қайта өріп шығыпты. Мұны қастерлі Абай мұрасын тың тәсілмен тәпсірлеу, оған жаңа ғұмыр сыйлау деп бағалауға болар, бәлкім. Біз бүгін қара өлеңге айналған қара сөздердің бастапқы бөлімдерін оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Бірінші өлең
Көңілдің тереңінен кірді алайын,
Сезімнің сағасына сыр тағайын.
Баянсыз, байлаусызын көріп істің,
Өмірдің өткізіппіз бірталайын.
Қайтемін бұл қайғыны сақтап бөлек,
Бермейді сырттан бізге жат кеп көмек.
Айтысып, алыстық та, жұлыстық та,
Енді қалған өмірде қайтпек керек?
Ел бағу, ғылым бағу, мал бағу да –
Жарайтын жағдай ғана жан бағуға.
Ғылым сөзін сөйлесер адам да жоқ,
Қызық та жоқ бұлардан, таң қалуға.
Дертім бар саналы ұрпақ толғап өтер,
Жаяйын ұстағанша қолда бекер.
Жаныңның тыныштығын таппаған соң,
Дін бағу, бала бағу – ол да бекер.
Сия мен ақ қағазды ермек қылып,
Санамның саңылауын жел кептіріп...
Керегін кейінгілер ала жатар,
Ойымды түсірейін сергек қылып.
Тарылтпай таңдауымның тынысын көп,
Халқыма таратайын дұрысын тек.
Өз сөзім өзімдікі, мұнан басқа,
Ермек қылар жұғымды жұмысым жоқ!
Екінші өлең
Арқадан үй салам деп, қамыс артқан,
Боқтасып бірін-бірі таң бозартқан.
Атқа мінсе шаршаған ноқай неме,
Сасыр бас, елге шауып шаңды ұзартқан.
Құлақта қиқулары жаңғырған көп,
Сөздерге сайқымазақ сән құрған тек.
Сарт пенен тәжік, ноғай, орысты да,
Ойлаушы ем «ой, неғылған, антұрған» деп.
Адамның аласармас ізеті – еңбек,
Бұл күнде ойларымды түзетем көп.
Сонда мен ойлаушы едім: «Ей, Құдай-ай,
Ең тәуір текті халық біз екен», – деп.
Бұл күнде қарап тұрсам бәрі басқа,
Соларда еккен егін, дәмді ас та.
Бірімен бірі ешбір жауласпайды,
Иіліп сәлем берер танымасқа.
Дінменен дегдарлығын тағалаған,
Білім мен өнерді де бағалаған.
Балаға қимайтұғын малыңды да,
Кірелеп солар айдап, жағалаған.
Алдаумен атып босқа ақ таңымыз,
Бос күлкі, дүрмек екен баққанымыз.
Күйініп, күпірлікке күйеді ішің:
«Қайда – деп, – бағанағы мақтанымыз!»
Үшінші өлең
Қазақтың құлағандай Ар шынары,
Таласқыш қызметке нан сұрары.
Қайратсыз, қорқақ әрі надандықтан,
Ешкімге достығы жоқ жан шығады.
Жолында мал табудың тосыла ма?
Қаскөйлік жасауға бар досына да.
Өзгенің дүниесін тартып алмақ –
Қазақтың бүгінгі ой осы ғана.
Кедейлік кеспірімен тоғыстық та,
Жауластық, беттен алып жұлыстық та.
Мал жиып, сөзімізді өткізбекке,
Таластық билік пенен болыстыққа.
Ант ішіп, арамдықтан жан үзбеді,
Көрініп жатса-дағы әр іздері.
Жақсының үстінен де жала жауып,
Әртүрлі іс көрсетіп арыз берді.
Артқан соң амалы мен айлалары,
Үш жылға болыстыққа сайланады.
Жағынып ұлықтарға жан бағады,
Ешкімге болмаса да пайдалары.
Адамның шырқырай ма жаны бекер,
Бұл жолмен мынау елдің бағы кетер.
Тәукенің «Жеті жарғы» заңын білер,
Сауатты болмағасын бәрі бекер!
Төртінші өлең
Ғафылдық көп өткізіп жүрсе бөлек,
Ұяттан кеткен, сірә, дүмше демек.
Күлкінің өзі мастық екендігін,
Байқаған әрбір адам білсе керек.
Жаратқан бергенімен сай қылып-ақ,
Білмейді қонарын да қай күні бақ.
Дүние шаруаға уайым қылған –
Ахирет ісіне де қайғы қылмақ.
Ауаның өзі қандай жұтынарлық,
Алладан бәрін баста бүтін алдық.
Уайымсыз қалғаныңды уайым қыл да,
Орынды харекет қыл құтыларлық.
Танытып дүниеге салқынқандық,
Қайғыға қамалу да антұрғандық.
Күлсең де жамандыққа, ыза боп күл,
Орынды күлкі де бір алтын сандық.
Болмаса ғибратты бет түзері,
Жарамсыз қылық азап шеккізеді.
Дүние рахатын сезіне алмай,
Өмірін қорлықпенен өткізеді.
Әуелі Құдайға сен, ең дұрысы,
Екінші, қайрат қылар текті кісі.
Тіленіп, көзін сүзіп, қулық саумақ,
Өнерсіз ол-дағы бір иттің ісі!
Бесінші өлең
Дүние дертіменен жанып кетер,
Уайымға неге керек салып бекер.
Көкірек қайғыланса буынды алып,
Көзден жас, тілден сөз боп ағып кетер.
Жазам деп осылардың қалай дертін,
Жарасын жүрегімнің жалай бердім.
«Ә, Құдай, жас баладай қайғысыз қыл», –
дегенін бұл қазақтың талай көрдім.
Болмаса кеудедегі көңіл батыр,
Қайыры, қайғысы да жолында тұр.
«Өзіңде жоқ болғанда, әкең де жат», –
дейтұғын бос сөздері толып жатыр.
Көңілде тұрмаған соң жан, күй бекем,
Осынша мақал айту арзи ма екен.
Тыныштық, ғылым, білім үшін емес,
Мал үшін қайғы жұтып, қам жейді екен.
Жақын көр, я болмаса жат көр мейлі,
Құдай да мұндай іске бақ бермейді.
Мал үшін, кіндігінен жаратылған,
Әкесін жаулауды да ұят көрмейді.
Айтқанмен қанша жерден, тағы ұқпайды,
Кетеді жүрегіңе толып қайғы.
Жас бала қызыл оттан қорқушы еді,
Бұларың тозақтан да қорықпайды!
Алтыншы өлең
Жарқырап түрілгенмен түңлік мейлі,
Бірліксіз еш қоғамға шыр бітпейді.
Бұл Қазақ, «Өнер алды – бірлік» болса,
Дөңгелер «Ырыс алды – тірлік» дейді.
Ойланып қатырғанмен қанша миды,
Боласың жұбатқандай жас сәбиді.
Бірліктің берекесі – «киер киім,
ас ортақ, дәулет ортақ болса» дейді.
Десек те, дүниеге кең қараңдар,
Болып тұр бұл бір заман енді алаңдар.
Не пайда байлығыңнан олай болса,
Ендеше, кедейліктен не залал бар?!
Жасайтын бір-біріне құлша көмек,
Әркімнің несібесі тұрса бөлек.
Бірлікті малға сатқан – антұрғандық,
Ағайын алмай бірлік қылса керек.
Жалқаулық ажырамас соры болса,
Болмайды мұндай жанның жолы да онша.
Жан қорып, өзің тірі болғаныңмен,
Не керек көкірегің өлі болса?
Кесел мен жалқаулықтың тоңын артып,
Шығады осындайда соңы қалқып.
Ішің нас, сыртың пысық болғанынша,
Алланың ақ бұйрықты өлімі артық!
Жетінші өлең
Жас бала туғанында анасынан,
Оянар екі мінез санасынан.
Біреуі – ішіп, жемек, ұйқы болса,
Екінші – «неге?», «не?» деп, аласұрған.
Пендені ішіп, жемек қам қылады,
Санасы екіншінің жаңғырады.
Болғанда біріншісі – тән құмары,
Әрине, екіншісі – жан құмары.
Адамда арман бар ма орындалмас,
Сермедің қайсысына қолыңды алғаш?
Дүние сырын біліп, танымаса,
Ондайдан адамдыққа орын болмас.
Жан қалауы шықса егер құрығыңнан,
Пайда жоқ тәннің ұзын сырығынан.
Әзелде Жаратушы – адам жанын,
Хайуанның үр жанынан ірі қылған.
Жаныңды жараласа тарпып кей сын,
Тәніңнің құлы болып тартып жейсің.
Зәуіде жанды тәнге бас ұрғызып,
«Кімнен-кім, ой, Тәңірі-ай, артық!» дейсің.
Таласып надандықпен тегіңде жоқ,
Жүресің кісілікпен көрінген боп.
Бұл күнде хайуаннан да жаман болдық,
Сәуле жоқ көкіректе, сенім де жоқ!
Сегізінші өлең
Біреу – би, біреу – болыс, мысы қатты,
Бұл елді надандыққа ұшыратты.
Өздері түзеліп боп адамдыққа,
Ендігі ел түзерлік ісі қапты.
Бірімен бірі мынау күндескені,
Мұндайға есті кісі күлмес тегі.
Олардың түзелерлік ойы болса,
Сайланып ол орынға жүрмес те еді.
Санасын дүниемен алған қымтап,
Арманы мұндайлардың арзан, құрғақ.
Адамдық, ақыл, білім барлығы да,
Болмай тұр бұлар үшін малдан қымбат.
Болса да алды батпақ, арты батпақ,
Жатады жағымпаздар жалпы мақтап.
Көздері, көңілдері көкті кернеп,
Өзінде жоқты малмен сатып алмақ.
Ұры мен қарыны да баптап алып,
Жатқандай бақ үстіне бақ қаланып.
Құдайы, діні, жұрты, жақыны – мал,
Жайы жоқ одан өзге мақтанарлық.
Есебі құлын беріп, тайдан алмақ,
Бар ойы әлсіздерді пайдаланбақ.
Аналар анадай боп тұрғаннан соң,
Қой жүнді қоңыршылар қайда бармақ?!
Тоғызыншы өлең
Қия алмай өлімге де, өкпеге де,
Күй кешіп, қайғы жұтам төкпелеме.
Қазақпын, сөйте тұра бұл қазақты
Білмеймін, жақсы көрем, жек көрем бе?
Дүдәмәл дертім де жоқ асқан бөлек,
Өзімнен өзім болам қашқан демек.
Егер де жақсы көрсем, қылығынан
Көңілге бір тиянақ тапсам керек.
Сөз еді әр уақытта серттескенім,
Надандық болды дәйім өштескенім.
Жек көрсем, сөйлеспестен, сырласпастан,
Бұлардың ортасынан көшпес пе едім?
Болмады пәтуалы ісім өнген,
Не пайда түсінбеген, түсінгеннен.
Ызадан, яки, басқа себептен бе,
Сыртым сау, кеуде қуыс, ішім өлген.
Жандаймын қалған бейне тілден мүлде,
Күрсініп өтіп жатыр күндерім де.
Өз сөзім емес сынды – сөйлегенім,
Өзімнің күлкім емес – күлгенім де.
Күй кешіп қараңғыға қамалғандай,
Барады қайрат кеміп, шамам қалмай.
Тегінде, алдыңғыға тілеу тілеп,
Өлсек қой арттағыға алаң болмай!
Оныншы өлең
Келсе де дауыл соғып, тасқын мейлі,
Маңырап мал тұрмаса ас сіңбейді.
Біреулер Жаратқаннан бала тілеп,
«Өлген соң орынымды бассын» дейді.
Жұрт айтар жоқ болған соң ардақты ісің,
Дүние, малды сақтап қалмақпысың?
Иттігің аз болғандай өзің қылған,
Енді кеп балаңды да салмақпысың?
Қулық пен сұмдық салып енді араға,
Пенделік өзін-өзі жеңе ала ма?
Тірлікте сен қылмаған қайырлы істі,
Өлген соң балаң қылып бере ала ма?
Тұрғанда бойда қуат, дүлей күшің,
Бәрібір сенімсізсің, үрейлісің.
Ерінбей еңбек етіп, бай болуды,
Әуелі бір Құдайдан тілеймісің.
Дүние берекесі бағым емес,
Бұл өмір мәңгі тұрар тағың емес.
Ғылымсыз ахирет те, дүние жоқ,
Ғылымсыз намазың да қабыл емес.
Жүргенде айыра алмай ақ, қараны,
Азды күн шалқаяды, шаттанады.
«Маған да баяғыда мал біткен» деп,
Түскенде кедейлікке мақтанады!
Он бірінші өлең
Дүние жинау ғана түстегені,
Ойының осында тұр піспегені.
Азғырып өздерін де, өзгені де,
Бұл елдің екі-ақ нәрсе істегені.
Ойлайсың ұрыларды шақар деп кіл,
Ұсталса ұсқынынан қашар дегбір.
Ұлықтар «алып берем», «құтқарам» деп,
Даугерді, ұрыны да қатар жеп жүр.
Білмедім, қанға сіңген әдет пе бұл,
Оларда құлқын да бір, тәбет те бір.
«Кек аласың, бүйтсең» деп бұзақылар,
Азғырып ауқаттыны әлек боп жүр.
Олар жүр азғындының «бұрауын» жеп,
«Табылған ақыл екен мынауың» деп.
Ұрласаң, ұрлатсаң да мұндай елде,
Болады ұлықтардан сұрауың тек.
Шақырып белсендінің шолағын тек,
Ас берер «қадірменді қонағым» деп.
Ауылын, қатын-бала бәрін сатып,
Шауып жүр «партиялас боламын» деп.
Көрген соң осыншама сұрқияны,
Кезесің қиялыңмен бір қияны.
Тіліне бұзақының еретұғын,
Байлардың азғындығын кім тыяды?!
Он екінші өлең
Кежеге кейін тартып, «көп қой» дейміз,
Кей-кейде сонымыздан соққы ой жейміз.
Кімде-кім ғибадатын қылып жүрсе,
Ниеттің жамандығы жоқ қой дейміз.
Алдаймыз, алданамыз өзіміз де,
Сенеміз, сендіреміз сөзімізге.
Көрсек те көрмеген боп әлгілерді,
Жасаймыз қиянатты көзімізге.
Қастерлеп Құдай сөзін, жөні келсе,
Адаспай жүрер еді төріне ілсе.
Толымды ғибадатқа жетпегендер,
Шарты бар, болмағанда, соны білсе.
Әуелі толықтырып иманыңды,
Іс жаса айналаңа иланымды.
«Осы да болады» деп, жарты жолдан,
Заяға кетірмегін жиғаныңды.
Ашатын жүрек пенен ми қабатын,
Меңгерсең ләзім болмақ қирағатын.
Үйреніп жетпей жатып, тастап кетсе,
Ондайдың Құдай ұрды ғибадатын.
Байқасаң, тақуаны серт қорғайды,
Өйткені көңіліне кек қонбайды.
Жаны ашып ықыласын күзетпесе,
Салғырттың иманы бар деп болмайды!
Он үшінші өлең
Білу хақ әр адамға бес күнәні,
Жүректі иман ғана қош қылады.
Алланың барлығына, бірлігіне,
Пенденің болмау керек еш күмәні.
Әуелі жүрекке иман қону керек,
Болады сосын онда соғу бөлек.
Мың кісі мың түрлі іс көрсетсе де,
Көңілің қозғалмастай болу керек.
Артады Алла десең, құның демек,
Ашады иман сонда сырын бөлек.
Ал оны сақтау үшін, қорықпастай –
жүрек пен босанбайтын буын керек.
Құранның құнды сөзін жаттағайсың,
Ес болса иманыңды сатпағайсың.
Өтірікті «шыным» деп ант ететін,
Кісіден Құдай өзің сақтағайсың.
Құлығы болмаған соң ала бөтен,
Білгені «құлһуалла», сол-ақ екен.
Құдайдың ғафуы мен пайғамбардың,
Ондайға шафағаты бола ма екен?
Өздері білмесе де білгенді арбар,
Кекетіп бірін-бірі күлгендер бар.
«Құдайдың кешпес сірә күнәсі жоқ», –
дегенді қуат көріп жүргендер бар!
Он төртінші өлең
Мен кейде ойланам да, таң қаламын,
Дидарын тамашалап паң даланың.
Жаралған жұмсақ қана жұмыр еттен,
Жүректен аяулысы бар ма адамның?
Өтірік сыйласқан боп құр алдайды,
Жауласпай, дауласпай да жүре алмайды.
Қазақтың жүректісі – батыр кісі,
Басқалай қасиетін біле алмайды.
Жатса да алға баспай, жүдеп ісі,
Келмейді өзін-өзі түзегісі.
Рақым, мейіріммен бауыр басып,
Езіле ойлау да бір жүрек ісі.
Құдайдан бақ-береке қонбағасын,
Батырар тәкаппарлық сорға басын.
Әділет, ақыл, ерлік – бәрі бекер,
Жүректе қайрат, жігер болмағасын.
Өтірік, жалған мақтап, мәз қылуы –
Қазақтың қазаққа ор қаздыруы.
Көбінің «ай, батырлап» айтып жүрген
сөздері – жамандыққа азғыруы.
Мұқатып бірін-бірі мазақпенен,
Өмір ғой өтіп жатқан азаппенен.
Соңынан көштің итше ере бермей,
Бой жиып алар қайрат қазақта кем!
Он бесінші өлең
Арманның бәрі бірдей алтын дер кім?
Дүние-итіңнің де артын көрдім.
Ақылды кісі менен ақылсыздың,
Айтарлық белгілі бір парқын көрдім.
Қанағат жақсылыққа жеткізеді,
Қаскөйлік қорлық, азап шеккізеді.
Қызығып орынды іске есті кісі,
Өмірін өкінішсіз өткізеді.
Жастықта жар-құзыңа қарамайды,
Баянсыз, бағасызды жағалайды.
Кеткен соң мойын қатып, буын құрып,
Қылуға қайрат, талап жарамайды.
Байламы ессіздіктің шолақ екен,
Құмарлық әлсіздердің қонағы екен.
Дүние жетер-жетпес боп жүргенде
Бір түрлі мастық пайда болады екен.
Жібітіп ақыл, сана мұз-денені,
Үмітін дұрыс Хақтан үзбегені.
Естінің есі шықпай сондай сәтте,
Ақылдың бойыменен ізденеді.
Жүніндей жалбырамай жабағының,
Ісіне әрекет ет саналының.
Егер де естілерден болғың келсе,
Өзіңнен өзің есеп ала білгін!
Әлібек Шегебай
Abai.kz