Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 3864 4 пікір 21 Мамыр, 2020 сағат 12:06

Ұлтсызданған өнерде ұлттық рух болмайды!

Мен – қазақпын. Мен жаһанданған заманда өмір сүрем. Бірақ мен бәрібір қазақпын. Қазақ болып қалуым керек. Сол кезде ғана менің елімнің ұлттық рухы өседі, тарих сахнасында ұлт ретінде мәңгі қалатын болады.

Иә, әрине, түсінем, тек ұлттық мәдениет шеңберінде ғана қалып қоюға болмайды. Әлемдік мәдениетке кірігу керек. Бірақ өкініштісі біз әлемдік мәдениетті сіңіреміз деп өзгенің қаңсығын талғамай сіміріп алған іспеттіміз.
Бүгінгі мәдениет саласының алдында рухани жаңғыру міндетінің қойылуы да осы туған руханиатымызға оралуға деген қадам деп ұғынам.

Мақсат – бүкіл ұлттық құндылықтарды қайта түлету болуға тиіс. Оның ішіне бізді өзге ұлттан ерекшелендіретін, ұлттың өзіне тән салт-дәстүр, ұлттық мінез, тарих және тарихи мұрағаттар, тіл, дін, діл, мәдени, рухани өнер (ән, терме, жыр, қиса , күй, айтыс, ) қолөнер (зергерлік, ұсталық, ағаш кесте, тоқыма, тері өңдеу), ұлттық спорт, ұлттық әдебиет, кино, тағы да басқа құндылықтарды жаңғырту, жаңа реңк беру. Алайда жаңа реңк беру деген оны түгелдей реформалау, өзгерту емес. Мүмкіндігінше ұлттық құндылықтар әуелгі тұмса қалпын сақтаса, ол соншалықты құнды.

Мәселен, бүгінде даланың дархан демі бар сазға толы халық әндерін джазға, эстрадаға салып есін шығаруға көшкендер көбейді. Заманауи жасағылары келетін шығар. Біраң сол әндердің, күйлердің түпнұсқа – тұнба бастауынан нәр алмаған ұрпақ оның өзгерген түрін танып, біліп, ұлттық әуезінен бейхабар қалуы мүмкін. Өзгерткіштер «Қазақтың ұлттық руханиятын қазіргі жастардың талғамына, жаһандануға, заманға лайықтап жатырмыз деген пікірді малданады. Алайда ұлттық реңктен айырылған өнер ұлттық болудан қалатынын ескермейді.

Қазір копозиторлар көп. Бірақ, қазақтың ұлттық әндер нақышында ән жазатын, күй шығаратын кімдер бар? Саусақпен санарлық ғана.
Бүгінгі ән біткеннің бәрі өзгенің мәдени ықпалынан туған әуезде. Ол да керек, әрине. Заман ағымымен жастардың сұранысына лайық дүниелер туындап, ол бүкіл әлемді дүр сілкіндіріп жатса, қанеки.

Алайда, жұрттың көзі жете бастаған бір ақиқат – қазақтың еуропалық стилдегі қиқуымен шет елді таңдандыруы қиын. Әлемді тәнті еткен Димаштың өзі Қытайдағы халықаралық байқауда халық әні «Дадидауды» айтты, домбырасын тартты, таңқалдырды, табындырды. Анау жылдары Тасқын есімді азамат қазақтың халық әні «Дударайды» айтып бүкіл қытайды жылатқан, тәнті еткен.

Онда өнердің кәусарын неге өзгенің қаңсығынан іздейміз. Әлде өнердің шыңы «күйдім, сүйдім» дейтін жеңіл сөзден тұратын, тойға, қисалаңдап билеуге арналған әндер туғызуда ғана ма? Махаббат тақырыбы қазақ даласында да әнге ұласқан. Біржан, Естай, Мәди, тағы да басқа ұлы дала композиторлары туғызған әндер сияқты ғасырдан ғасырға көшетін әндер неге жоқ. Себебі біру – ұлттық негізі, әуезі жоқ.

Тереңіне үңіле білсек, терме – ақылдың кені, философия! Айтыс- ақиқаттың жаршысы! Жыр, қисса – тұнған тарих! Күй – теңдесі жоқ саз! Әрқайсысының өз орны бар.

Санасы жаңғырған жұртымыз айтысты әкім-төрені, партияны мақтап-мадақтаудың құралы етуден арашалап алуға тиіс. Әйтпесе ол бірте – бірте сүйкімі кетіп, түбі жойылады. Жаттап айтатындарды жыршылыққа, жыраулыққа жіберіп, суырып салып айтатын тума таланттарды қайта жандандыру керек.

Бір сөзбен айтқанда, өзгенің қаңсығына еліктеп, солықтап болсақ, енді өзіміздің тума құндылықтарымызға қайта оралатын, төл руханиятын қабылдай алмайтындардың санасын жаңғыртатын, рухани жаңғыратын күн келді. Орыс болып, ағылшын болып, басқа болып болдық, енді қазақ болайық.

Сондай-ақ, бізде патриоттық рухты көтеруі тиіс ескерткіштер мен музейлерге қатысты ескеретін жай бар. Қай батыр қайда туылса, ескерткішін сонда қоямыз. Музейі де сонда. Басқа аймақтың адамдары ол туралы аз біледі немесе ештеңе білмейді. Батырлар да, басқа да елі үшін күрескен ұлы тұлғалар да бар қазаққа ортақ. Біртұтас қазақ ұлтынікі. Бір жүздің, рудың мақтанышы емес.

Осы орайда бұрында айтып жүрген ұсынысымды тағы қайталаймын:

1.Батырларымыз бен ақындарымызды, ұлттық тұлғаларымызды барлық аймақта бірдей насихаттап, ірі қалаларда әр көшеге солардың аттары беріліп, сол көшеге ескерткіштері қойылып, музейі ашылса, әр жеткіншек мынау Ұлы даланы кімдердің қалай қорғағанын біле жүреді және өзі де солай қорғайтын болады.

2. Барлық ірі қалаларда, аудан орталықтарында, тіпті ауылдарда бас алаңдарда немесе парктерде батырлар мен тұлғалардың суреттері ілінген «Ұлттың ұлы тұлғалары» аллеясы болуға тиіс. Қасында үш тілде таныстыру мәтіні жазылуы қажет. Сол батырлардың нар тұлғалары сомдалған ескерткіштер мен музейлер көбеюі тиіс.

3. Сананы жаңғырту, ұлттық құндылыққа қайта оралуда киноның орыны ерекше. Сондықтан ең алдымен «Қобланды», «Алпамыс», «Ер Тарғын», «Ер Төстік» сияқты эпостық шығармалар желісінде мультфилимдер түсірілуі және хандарымыз бен Қабанбай, Бөгенбай, Райымбек, Наурызбай, тағы да басқа айбынды батырларымыз туралы көп сериялы патриоттық кинолар түсірілуі қажет.

4. Ұлттық нақыштағы жаңа ән мен күй шығаратын композиторлардың жаңа легін тәрбиелеу қажет және жыл сайын олардың арасында ең жақсы шығармаға бәйге жариялап, қанаттандырып отыру керек.

Қандай да ұлттың өміршеңдігі оның өз төл мәдениеті мен тілін, салт-дәстүрін сақтауына байланысты. Мерекелеріңізбен! Ұлттық мәдениетімізді, руханиятымызды мәңгілік ету арқылы – Қазақ Елін Мәңгілік ел ету жолында аянбаңыздар!

Әділбек Қаба

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434