Қуандық Шамахайұлы. Үйірілген қамшы жыртқышты да жемге жетелейді
Қоғам өмірінің тынымсыз қозғалысы адамзатқа даму мен прогресті сыйлады. Ертеде өзгерместей болып қалыптасқан сенім-наным, салт-дәстүр, заң-тиым атаулы уақыт атты төрешінің сынына төтеп бере алмай орта жолда қалып жатты. Қазақ бабаларымыз оны кезінде «дәстүрдің озығы да, тозығы да бар» деп бір ауыз сөзбен түйіндесе, арасында «әр елдің заңы басқа, иттері қара қасқа» деп мақалдай салатыны тағы бар. Расында, кешегі болып-ақ келген дүние бүгінгі болмысқа сәйкеспей қалатыны, жарлының байып, байдың таяқ ұстап құрыдымға кететіні, «белгісізден би шығып, белдеусізден үй тұратыны» - бұл дүниенің алма-кезектігін айғақтамай ма.
Аласапыран дүниенің осы бір сапырылысқан ала бөтен тірлігі адамдарды өз орталарындағы ақылман даналарға, істі тереңінен толғайтын ұшқыр ойшылдарға жүгінетін жағдайға жеткізді. Әрине, олар әрнені өз дүниетанымы мен ой өрісінің аясында түсіндіреді. Сол секілді Пифагор онсегіз мың ғаламда бұзылмайтын үйлесімдері, Құдайдың жаратқан реттеулері бар екендігін айтты. Онысы, негізінен заңдылықтарды меңзесе керек. Алайда, Гераклиттің берген жауабы мүлде басқаша болып шықты.
Қоғам өмірінің тынымсыз қозғалысы адамзатқа даму мен прогресті сыйлады. Ертеде өзгерместей болып қалыптасқан сенім-наным, салт-дәстүр, заң-тиым атаулы уақыт атты төрешінің сынына төтеп бере алмай орта жолда қалып жатты. Қазақ бабаларымыз оны кезінде «дәстүрдің озығы да, тозығы да бар» деп бір ауыз сөзбен түйіндесе, арасында «әр елдің заңы басқа, иттері қара қасқа» деп мақалдай салатыны тағы бар. Расында, кешегі болып-ақ келген дүние бүгінгі болмысқа сәйкеспей қалатыны, жарлының байып, байдың таяқ ұстап құрыдымға кететіні, «белгісізден би шығып, белдеусізден үй тұратыны» - бұл дүниенің алма-кезектігін айғақтамай ма.
Аласапыран дүниенің осы бір сапырылысқан ала бөтен тірлігі адамдарды өз орталарындағы ақылман даналарға, істі тереңінен толғайтын ұшқыр ойшылдарға жүгінетін жағдайға жеткізді. Әрине, олар әрнені өз дүниетанымы мен ой өрісінің аясында түсіндіреді. Сол секілді Пифагор онсегіз мың ғаламда бұзылмайтын үйлесімдері, Құдайдың жаратқан реттеулері бар екендігін айтты. Онысы, негізінен заңдылықтарды меңзесе керек. Алайда, Гераклиттің берген жауабы мүлде басқаша болып шықты.
Гераклиттің ата-бабасы ақсүйектер тегінен болған. Ал, оның өзіне келсек, айналасымен тіл табыса алмай ақыры Артемид шіркеуінің маңындағы тауға шығып кеткен. Эфес қаласынан іргесін аулақ салып, иен тоғайда күрке тігіп тақуалықпен күн көрген. Алыстан ат арылтып Гераклитті іздеп келген меймандар осы бір қырсық мінезді тақуа қариядан қатты қаймығатын. Жынына тисе, ол кім екендігіне қарамастан жуыған жанның бәрін ит қосып қуып жіберер еді. Алайда, көпке ұнамайтын, тіпті шеттетілгендігіне қарамастан ол су түбінде де жарқырайтын нағыз саф алтынның өзі болған.
Алғаш жолыққан барлық адамдарға Гераклит Эфес қаласы тұрғындарын әжуалап, олардың жаңа мораль дейтіндерін сын тезіне салып, мысқылдайтын. «Олар ойлауды білмейді. Мынау дүниеде игіліктен гөрі иттіктің көп екендігін мүлде түсінбейді. Мен бір жақсы адамды өзгенің мыңына татиды деп білемін. Ал, енді тәуір жандардың бәрін көзге шыққан сүйелдей көріп, араларынан аластатып жіберетіндерге не айтуға болады?» - деп, сөгеді.
Онымен келіп жолыққан жат жұрттықтар ашулы дананың қаһарынан қорқып, қитығына тимес үшін әңгіме ауанын бұрынғы заманға бұрғылары келеді. Бірақ, Гераклиттің оларға да көңілі толмайтындығы белгілі болады. Әңгіме ауаны мынандай: «Маған салса, кезінде Гомерді ақындар қатарынан қуып, жазалаған болар едім. Ал, Гесиодты қойшы, ол бір жай ғана кедейлердің ұстазы. Гесиод өзін өте білімді санады. Шын мәнінде, күндіз бен түннің бірдей екенін пайымдай алмады ғой».
Гераклит көпқұдайлық ескі сенім-нанымды құптамады. «Олардың қолдан жасалған мүсінге тағзым етулері үйдің қабырғасымен сырласу ғана емес пе» - деп, әжуалайды. Ол тіпті қызды-қыздымен өзінен бұрынғы ойшылдарды да менсінбейтін. «Пифагор өзгелерден гөрі ғылымға көбірек ден қойды. Өзіндік қағидалары да бар, бұрынғылардан көп нәрсе үйренді. Бірақ, қағидалары жалған. Көп білгеннен ақылды болып кетпейсің. Егер солай болса, Пифагор, Гесиод, Ксенофандар атақты ғұламаларға айналар еді ғой»-дейді. «Сонда кімнен үйренуіміз керек?» - деп, сұрағандарға ол «Біздің ұстазымыз - көз бен құлақ. Көзбен көріп, құлақпен естімесең ештеңе үйренбейсің. Табиғаттың кең тынысын, кейде түтіннің өзін мұрынмен сезесің ғой. Табиғат әлемінің дыбыстарына құлақ түріп үйренген жөн. Бірақ, оның өзі аздық етеді. Естігенді терең қазбалап, ұға білген абзал. Егер адам өзі рухани бай әрі терең ойлы болмаса көз бен құлақ әдеттегі бір нашар куәгер болып қана қалады. Көз құлақтан гөрі сенімдірек. Алайда, көзге де үнемі сенім артуға болмайды.
Табиғат өз құпиясын ашпауға құмар. Оның сырына терең бойлау керек. Табиғат әлемінің сан алуан үніне құлақ түргін! Сосын, жақсылап ойлан! Адам дегеніміз шексіз әлем. Ой мен санада шекара атаулы мүлде жоқ» - деп, жауап берген.
Оған әдейлеп келген қонақтар сөзіне қайран қалып, тамсана тыңдаушы еді. «Айналаға көз тік! Барлық нәрсе қозғалыс үстінде, өзен, бұлақ ағып жатыр. Кеше түскен өзеннің суы бүгін басқа. Күннің өзі әр тәулік сайын жаңарады. Қозғалыссыз мүлгіп тұрған еш нәрсе жоқ. Барлық жерде қарама қайшылық пен жанталасқан күрес. Күресудің нәтижесінде ғана не еркіндік аласың, не құл боласың. Күрестің арқасында ғана бір дүние жаңадан пайда болып, екіншісі құрыдымға кетеді. Отқа өртеніп жатқан ағашқа қара! Ағаштың өлімін, оттың өмірін көресің...».
«...Әлемді адам да, құдай да жаратқан жоқ. Бұл дүние бұрын да болған, қазір де, алда да бола береді. Дүние әлем дегеніміз өз заңдылығымен жанып, сөніп тұратын мәңгілік алау от. Әлемдегі ұлы өрт сөнген соң жаңа дүние пайда болады. Сосын, бәрі суып, апшиды. Кейін қайтадан алапат өрт болады. Осылайша өлу-туу, құру-пайда болу алмаса береді. Бұл дүние лир саз аспабының ішегі іспетті. Біз оны бірде босатып, бірде қатайтамыз. Қатайту мен босатудан үйлесім туады. Дүние әлем ретсіз емес, ол үйлесімнен тұрады. Сырт көзге ретсіз көрінуі мүмкін. Шын мәнінде, ол қатаң ережеге бағынады. Барлық дүние талапқа бағынады. Талаптың үйірген қамшысы жыртқышты да жемге жетелейді...».
Күн батып, айнала тыныштыққа бөленгенде жолаушылар ашушаң қариядан салмақты сыйлық арқалап қайтар еді. Ол сыйлықта бір грамдық та ауырлық жоқ. Бірақ, алтыннан да ардақты екендігінде шүбә болмайтын. Ол дегеніміз жаңаша ойлау мен тың ұғым, терең таным болатын. Ескі сүрлеуге қайта оралу мүмкін емес. «Ұлы дауыл» - кездейсоқтық емес, заңдылық!
Осылайша, шулы қаладан алыстағы орман ішіндегі күркеде ескі идеологияның сарқыншағын түбірімен жоққа шығарған әлемді билеуші шынайы талап туралы қағида ың-шыңсыз жасалып тарап жатты. Әлемнің әміршісі болатын осы нәрсеге Гераклит жаңа атау іздеп жатты. Он ойланып, мың толғанған Гераклит ақыры оған «Логос» деген сөзді таңдаған. Осы атау ғана дүниенің заңдылығы туралы қағиданың мазмұнын белгілі деңгейде ашады деп санаған.
Гераклит қағазға түсірген ойларын Артемид шіркеуіне апарып тапсырған. Оны тек түсінетін адамдар ғана оқысын деген ниетте болды. Алайда, дүние заңдылығы туралы «Логос» қағидасы алақандағы айқын болса да әлі де көзі ашылмаған пенделер оған пысқырып та қарамаған. Асылы, «есекке алтыннан гөрі шөптің қымбаттығы» осыдан көрінсе керек. Гераклит те өз ойын бүгіп қалмады. Дүниенің аясы кеңейсе де, адамдардың ақыл-ойының көкжиегі тар күйінде қалды, әрненің екі қыры барын көрмейді, тамақ асырудан өзгені түсінбейді деп сөгумен болды.
Алайда, Гераклит адамдарды қазақтың ұлы хакімі Абай секілді сынай отырып, сүйе де білді. Ол кісінің шындықты іздеуінің өзі адамзатқа жасаған игілікті ісі болатын. Осы қасиетімен ол бізді айналаға үнемі жаңаша әрі сын көзбен қарауға итермелейді де отырады.
Алайда, содан бері сан ғасыр өтсе де айналаға сын көзбен қарайтын жандарға өлердей өшігетіндер көбеймесе азаймай-ақ қойды. Асылы, қазақ жұртының «жалғанның балын жалап өмір сүргенше, шындықтың уын ішіп өлгенді артық» санайтын текті ата-бабасының өсиеті ескерусіз қалып жатса керек.
«Абай-ақпарат»