Сенбі, 23 Қараша 2024
Аңыз Абай 5294 10 пікір 8 Шілде, 2020 сағат 11:22

«Жарым адам» мен «адамның» айырмашылығы

Адасқанның алды жөн – арты соқпақ.
Абай

Абай кейбіреулерді «жарым адам» десе, ал кейбіреулерді «адам» деп атайтыны белгілі. Ал рухани жаңғыру жолына толық түскендерді «толық адам» дейтіні белгілі. 

 Жетілудің бұл сатыларын білу кімге болса да өзінің қоғамдағы орнын дұрыс анықтап, табиғи міндетін толық орындауға мүмкіндік береді. Сондықтан әуелі «жарым адам» мен «адам» айырмашылығына көз жіберіп көрелік. 

Абай ілімі бойынша «жарым адам» жетілу барысында «адам» болуға ұмтылады. Осылай ол өмірге көзі ашылып, келесі сатыға көтеріледі. 

«Адам» мен «жарым адамның» айырмашылықтары үлкен. Адам болу үшін имандылық керек. Адам деңгейі имандылықтан басталды. Яғни, олардың негізгі айырмашылығы – «адам» иманды, ал «жарым адам» имансыз. Қазақ біреуді мадақтағысы келсе «ол иманды адам» десе, ал мазақтағысы келсе «ол имансыз» дейді. 

Жарым адам мен адамның ой-өрісі ғана емес, іс-әрекеттерінде де айырмашылықтары үлкен. Біріншісінің санасы қоршаған ортасына толық тәуелді болса, ал екіншісі, керісінше, қоршаған ортасына әсер етіп, өздеріне лайық өзгертуге ұмтылады. Жарым адам толығымен нәпсінің ықпалында. Оның имандылығы жоқ, сондықтан рухани жаңғыруға ниеттенбейді, нәпсімен күресіп, оның ықпалынан шығып, дұрыс өмір сүруге ұмтылмайды. Ал адам болса, оның имандылығы бар, сондықтан ол ниетін түзеп дұрыс өмір сүруге ұмтылады. Адамдық қалпын жетілдіру үшін өзінің ішкі кемшіліктерімен күресуді исламда Үлкен Жиһад деп аталатыны белгілі. Осылай адам жетілудің эволюциялық жолына түсе алады. Бұл жолға түсуге түрлі жағдайлар себеп болуы мүмкін. Мысалы, өзінің күнәлі ісі үшін жазасын алып өмірден сабақ алуы, ақылды адамдардың сөзін тыңдап, немесе рухани кітаптар оқып жүрек көзі ашылып, ұяты оянуы, тіпті дін қабылдап, діни жолға түсуі де мүмкін. Әуелде адам сатысына көтерілу оның өзінің табиғи қасиеттерінен басқа қоршаған орта мен саяси-әлеуметтік жағдайға тәуелді.

Сонымен, адам иманды, ал жарым адам имансыз. Тіпті, адамның адамдығы имандылықтан басталады. «Иман» араб тілінен Аллаға «сенім» деген ұғымды білдіреді. Тәңіризмнен қалған сенім бойынша, қазақ бұл сөзді бүкіл болмыс көлемінде пайдаланды. Тіршілік үйлесімділігін бұзатын, адамшылыққа қарсы істерді имансыздық деп, ал ондай адамды «имансыз» деп қабылдайды. Қазақ тілінде иман осылай Алланың бір Өзіне ғана емес, Оның жаратқандарына деген сенімді де білдіреді. Алла тағала кемшіліксіз, сондықтан Оның жаратқандары да ешбір кемшіліксіз, толық. Алланың жаратқандарына табиғат, адамзат қоғамы, оның тіршілік заңдылықтары тәрізді бүкіл болмыс көріністері жататын болғандықтан, қоғамдағы моральдық-этикалық нормалар, өзара сенім, қамқорлық, сүйіспеншілік, сыйластық тәрізді өмірді реттейтін тәртіптер – Алла тағаланың жасаған заңдылықтары болып табылады. Халқымыз осы заңдылықтарға сенімді «иман» деп, ал оны өзінің тіршілік көрінісіне айналдырған адамды «иманды» деп атайтынын сол себептен болса керек. Иманды адамның өмірі әрқашан да үйлесімді. 

Иман деген сөз Құдайға деген сенімді ғана білдірмейді. Абай «Иман дегеніміз бір ғана инанмақтық емес» (38- сөз) дейді. Иман мен сенім бірдей емес. Иманның терең мағынасы бар. Иман деген сөз сенімге сәйкес өмір сүруді де білдіреді. Яғни, иманды адамның болмысы имансыз адамның болмысынан мүлде бөлек. Иман деген Аллаға сенім болса, ал бүкіл болмыс Оның көрінісі. Ендеше Оның көрінісіне, яғни табиғат заңдылығына сенген, қоғам өмірімен үйлесімді адамды да иманды деп санауға болады. Мысалы, атеистік Кеңес Одағында адамдардың барлығы имансыз болмаған. Егер «жарым адам» деп Аллаға сенбейтін имансыз адамдарды ғана айтатын болсақ, онда бүкіл Кеңес Одағының халқы түгелдей «жарым адамдар» болар еді. Бірақ олай емес. Аллаға сенбесе де, олардың арасында жақсы адамдар болған. Олар қоғам заңдылықтарын толық сақтады, адами қасиеттері жоғары болды. Алдыңғы қатарлы капиталистік елдермен жарысқа түсіп, өркениеттің жоғары деңгейіне көтеріле білді. Яғни олар да иманды болды деген сөз. 

Адам өмірінің мақсаты – Түп Иеге қайту – адам сатысынан басталады. Бұл мүлде жаңа өмір, жаңа саты. Жетілу осы сатыдан басталады. Адами қасиеттер қоғамдағы дұрыс қарым-қатынас арқылы пайда болып, шыңдалады. Мейірім-қамқорлық, тату-сыйластық, бірлік, өзара сүйіспеншілік пайда болады. Жарым адам тек қана өз қарабасының қамын ойласа, ал адам ең әуелі басқалардың қамын ойлайды. Осылай ол бүкіл адамзатты сүюге мүмкіндік алып, Абай көрсеткен «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» дәрежесіне көтеріле алады. «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың» деп адамдықтың белгісі ең әуелі басқалардың қамы үшін еңбек екенін анықтай түседі. «Жарым адам» қоғамды құлдыратса, ал «адам» қоғамды алға сүйреп, жетілу жолына түсіреді. 

«Адам» сатысына кімдер көтеріледі? Енді осы сұрақтың маңайына келейік.

Бейберекет өмірдің қорлығынан әбден қажыған адам енді бұл бейнеттің себебіне үңіле бастайды. Өзінің өмірі ғана емес, қоршаған ортаға да көңіл бөліп, ол енді өзінің ғана емес, өзі тәрізділердің барлығының тіршілігі зардап екенін түсінеді. Оның себебі – нәпсіқұмарлықтан, яғни өзінің қарабасының қамынан шыққан жүгенсіздіктен, кінәрәтті істерден екенін көреді. Өмір зардабы – өзінің істерінің салдары. 

Осылай ол кемшіліктерінен арылып, дұрыс жолға түсуге ұмтылады. 

Абай әркімді адам деңгейіне көтеру үшін қоғам өмірін қамтитын, моральдық-этикалық нормаларға арналған бірсыпыра еңбектер жазған. Қазіргі кезде бұл Абайдың мораль философиясы деп аталып жүр. Осылай Абайды ойшыл-философ деп атаймыз. 

Қателіктерден қалай арылып, дұрыс жолға түсуге болады? Ол үшін ниетті тазартып, ой-жүйені түзеу керек. Ниет түзелсе, барлығын ақылға салып, дұрыс әрекет етуге болады. Адамдықтың белгісі – дұрыс ойлау, дұрыс сөйлеу және дұрыс әрекет ету. Дұрыс әрекет жасау үшін ақыл ғана емес, қайрат та керек. Бірақ «Ақыл мен қайрат жол табар қашқанға да, қуғанға» деп Абай ақыл мен қайрат жақсылыққа да, жамандыққа да бірдей қолданатын құрал екенін ескертеді. Ниеттің дұрыстығында ғана қайратты дұрыс пайдалануға болады. Ол үшін білім (ғылым) керек. «Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпенен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады» дейді Абай. Оның ғылым деген сөзі заттық ғылымды ғана емес, рухани ғылымды, яғни имандылыққа тартатын білімді де білдіреді. 

Он жетінші қара сөзінде Абай дұрыс әрекет ету үшін қайрат, ақыл мен жүрек үйлесімділігі керегін айтады.

Дұрыс адам болу үшін ғылымды игеріп, ақылды болу жеткіліксіз. Оларды басқаратын жүректің тазалығы керек. «Өзің тірі болсаң да, көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың. Адал еңбекпен ерінбей жүріп мал табуға жігер қыла алмайсың». Бұл арада «Көкірегің өлі болса» деген сөз жанның әлі ұйқыда екенін, қайрат-жігердің жоқтығын, ой-өрістің тарлығын білдіреді. Ұят әлі оянбаған. Жүрек тазарып, жан ояна бастағанда ол қайрат, ақыл, жүректі басқарып, бұл үшеуін үйлесімге келтіреді. Осылай адамдық орнайды. Жүрек тазалығы, ұяттың оянуы тек қана рухани жаңғыру жолында болмақ. Яғни, рухани жаңғырусыз нағыз адам қатарына көтерілу мүмкін емес. 

Сонымен Абай ғибраты бойынша, адам сатысына көтерілу үшін әуелі ниетті тазартып, білім арқылы дұрыс ойлау, дұрыс сөйлеу және дұрыс әрекет ете білу керек. Осыған байланысты адам рухани жаңғырып, өзінің тағдырын, келешек өмірін жетілдіреді.

Адам сатысын имандылықты қабылдау, иманды өмір және өмір қанағаты деп үшке бөлуге болады.

Досым Омаров,

абайтанушы, теолог

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5441