Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Ел іші... 5683 57 пікір 10 Шілде, 2020 сағат 14:51

Президент Тоқаевтың сыны. Үкімет отставкаға кете ме?

Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді. Оған өзі төрағалық етті. Үкімет басшысы Асқар Маминнен бастап, бірлі-жарым министр есеп берді. Коронавирус індетінің бетін қайтару үшін осы уаққа дейін атқарылған һәм алдағы уақта атқаралатын жұмыстарды талқылады. Енді рет-ретімен...

Өткенде президент Тоқаев Үкімет пен Ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізіп, вице-премьер Ералы Тоғжановтан бастап, бірнеше республикалық қала мен облыс басшыларына қатаң сөгіс жариялаған. Дағдарысты кезде дұрыс жұмыс істей алмаған, індетке қарсы күрес шараларын лайықты деңгейде ұйымдастыра алмаған шенділерге шүйліккен.

Ал бүгінгі отырыста президент Тоқаев сол жолғы сөгістен соң жұмыс жандата түскенін айтыпты.

«Қазіргі эпидемиологиялық ахуал қоғамды аса қатты алаңдатып отыр. Ахуал өте күрделі. Бірақ алғашқы оң үрдістер де байқалуда. Өткен аптада мен Үкімет пен әкімдерге бірқатар тапсырма бердім. Мемлекеттік комиссия өз жұмысын жандандыра түсті», - деді.

Сөйтті де, коронавирус пандемиясына қарсы күрес шараларына бюджеттен тағы 150 миллиард теңге бөлінетінін айтты.

Тағы 150 миллиард теңге!

«Пандемиямен күрес барысында шұғыл мәселелерді шешу үшін Үкіметтен және өңірлерден 150 миллиард теңге бөлінеді. Басты міндет – коронавирустың жұғу қарқынын ауыздықтап, таралуын тоқтату және науқастарды емдеу ісінде айтарлықтай нәтижеге жету», - деді.

Әрі қарай, карантин режимін бақылауды полиция мен санитарлық дәрігерлерге тапсырып, бұл міндетті шара екенін айтты. Карантин талаптарын бұзғандардың жазаланатынын ескертті.

Тоқаев: Үкімет бақылаған жоқ!

Қазір елдегі эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауы мен індеттің өршуіне бірінші кезекте Денсаулық сақтау министрлігі кінәлі екенін айтты.

«Келесі маңызды міндет–толыққанды медициналық көмек көрсету және аса қажетті дәрі-дәрмектерді қолжетімді ету. Денсаулық сақтау министрлігі басқару ісінде бірқатар өрескел қателіктер жіберді. Әкімдердің көпшілігі жұмысын тиісті деңгейде атқарған жоқ. Үкімет те бақыламады», - деді.

Сонымен қатар, Тоқаев жіберілген қателіктер мен олқылықтарды анықтайтын арнайы комиссия құру қажеттігін айтты. Президенттің айтуынша, ол комиссия «жау жағадан алғанда, бөрі етектен аладының» керін келтірген кімдер екенін анықтап, тергеп-тексереді.

«Біз қазір дәрілердің жетіспеушілігі мен оның бағасын қолдан қымбаттату мәселесін шешуге мәжбүр болып отырмыз. Бұл жағдайды тез арада реттеп, барлық өңірді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету керек. Жұмыс жүргізілуде. Енді нәтиже керек», - деді Тоқаев.

«МӘМС пен «СК Фармация» басшыларын жұмыстан шығару керек!»

Президент әуелі коронавирус пандемиясына байланысты туындаған қиындықтарға кінәлілерді жауапқа тарту керектігін айтып, МӘМС (Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры) пен «СК Фармация» басшыларын жұмыстан шығаруды тапсырды.

«Туындаған қиындыққа кінәлілердің бәріне қатысты тергеу жүргізу керек. Жауапкершілікке тартқан дұрыс. МӘМС пен «СК Фармация» басшысы жұмыстан шығарылсын. Керек болса тергеу жүргізген жөн», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тексеріс басталып та кетіпті. Президент солай деді.

«Індет кезінде осындай жолмен пайда тапқысы келгендерді қатаң жауапқа тарту қажет. Менің тапсырмамнан кейін бұл бағытта жұмыс басталып кетті. Оны соңына дейін жеткізу керек. Себебі бұл – түптеп келгенде, ұлттық қауіпсіздік мәселесі», - деді Ол.

Әрі қарай: «Қазақстанда дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды өзіміз шығаратын уақыт келді. Біз қашанғы шетелден импортталатын дәрілерге тәуелді боламыз? Намыс қайда?», - деді Тоқаев.

Президент қазіргі ел ішіндегі алып-қашпа әңгімелер мен коронавирусвке қатысты ақпараттың аздығына да тоқталды.

Рас, ел аузында әртүрлі әңгіме. «Пәлен деген ем екен, түген деген жөн екен» дескен жұрт базар мен дәріхана кезіп тентіреп жүр. Ал ағартушылық бағыттағы ақпарат жоқтың қасы. Біз бұл туралы бұрын да жазған едік.

«Халықты үрей мен қорқыныш билеген. Тіпті олар өздеріне қажет емес дәрілерді де сатып алып жатыр. Адамдар әлеуметтік желідегі әртүрлі күмәнді ақыл-кеңестерге құлақ асуда. Сall-орталықтардың тәулік бойы қызмет көрсетуін қамтамасыз етіп, жұмысын күшейту керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Үкімет пен әкімдіктер халыққа түсіндіру жұмыстарын дұрыс жүргізбегенін айтып, сынады.

«Үкіметтің және әкімдердің қабылданған шараларды түсіндіруінде олқылықтар бар. Олардың қоғам пікірімен тиісті деңгейде жұмыс істей алмай отырғаны байқалды. Бас санитарлық дәрігердің пікіріне ешкім құлақ асқан жоқ. Кәсіби дағды мен ұйымдастыру жұмысы жеткіліксіз болды. Нәтижесінде біз гуманитарлық көмек алып, шетелдік мамандарға кеңестері үшін алғыс айтып отырмыз», - деді Президент.

Тағы бір кемшілік: «Біз жұмыстың тәсілдерін үнемі өзгерте береміз. Бұрынғы басшылық аяқ астынан науқастарды симптомды және симптомсыз деп бөлу керек деп шешті. Қазір бұл әдістемеден бас тарттық. Міне осындай әрекеттер халық арасында күмән туғызады»,- деді Тоқаев.

«Олардың барлық болжамы қате болды»

Және ол Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылығын сынға алды.

«Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылығы уақыттың жеткілікті болғанына қарамастан, індетпен күреске тиісті деңгейде әзірлене алмады. Науқастар саны және басқа да көрсеткіштер бойынша олардың жасаған барлық болжамдары қате болды»,- деді.

Сондай-ақ, ол пандемияға қатысты барлық шешімдерді жедел қабылдау қажеттігі туғанда Үкіметтің өрескел қателіктер жібергенін сынға алды.

«Бұл мәселеге қатысты Үкімет тарапынан да өрескел қателіктер жіберілді. Мұны ашық айту керек. Дағдарыс кезінде цифрландыру қызметінің де рөлі мүлде байқалған жоқ. Цифрлық комиссарлар қандай жұмыс бітіріп жатыр?», - деді Мемлекет басшысы.

Әрі қарай, қазіргідей төтенше жағдай кезінде Денсаулық сақтау министрінің барлық ұсыныс-тааптары Үкіметтің өзге де мүшелері мен әкімдер үшін бірінші кезекте орындалатын міндет болуы керек екенін айтты.

«Бір сөзбен айтқанда, пандемия кезінде Денсаулық сақтау министрін ерекше мәртебеге және құзіретке ие деп есептеңіздер. Министрлікке пандемиямен күрес жөніндегі күнделікті есептің және ақпараттың берілуін қамтамасыз етуді Үкімет пен әкімдіктерге тапсырамын», - деді Президент.

Сонан соң, Үкіметке 2 апта уақыт берді. Екі аптада жағдай оңалмайтын болса, Үкімет құрамын ауыстыруы мүмкін екенін ескертті.

«Қалыптасқан ахуал екі аптадан кейін жақсарады деп үміттенемін. Олай болмаған жағдайда, жалпы Үкіметтің осы құрамда жұмыс істеу мүмкіндігі туралы мәселе туындайды»,- деді Тоқаев.

Бұдан соң Президент Үкімет пен әкімдіктерге пандемиямен күрес жөнінде күнделікті есеп беруді тапсырды.

Түйін. Қазір елдегі эпидемиологиялық ахуалдың мәз емес екені күнделікті ақпаратта айтылып жүр. Қазір елде дәрі-дәрмек тапшылығы туралы да, ауруханалар мен емханаларда орын және маман жетіспеушілігі туралы да талай мәрте жаздық.

Дәл осы коранавирусқа қарсы күреске деп ел бюджетінен неше миллиард қаржы бөлінді? Солардың нақты есебін кім берді? Әлгінде, министр Цой есеп-қисап қылып, 114 миллиард теңгені түгендегендей болып еді. Кейін ол сома министр айтқандай 114 миллиард теңге емес, 191 миллиард теңге екенін Қаржы министрі «әшкереледі». Бүгін тағы 150 миллиард теңге бөлінетіні белгілі болды. Осы қаражат қаншалықты тиімді жұмсалып жатыр?

Қазір елде коронавирус жұқтырғандар саны 55 мыңға жуықтаған (54 747 адам). 264 адам қайтыс болған. Бұған пневмониямен ауырып жатқандар мен осы дерттен қайтыс болғандарды қосыңыз...

Бүгін президент Тоқаев Үкіметке 2 апталық тапсырма берді. Екі аптада жағдай оңалмаса, Мамин Үкіметіне тықыр таянады деген сөз. Президент өз сөзінде: «Үкімет құрамын ауыстыру», деп сөйледі. Бұл не деген сөз? Тағы да министр ауыса ма, әлде, Үкімет отставкаға кете ме? Сіз не дейсіз?

Дайындаған Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

57 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052