Тесу өзені
Дамбаре нағыз сіңірі шыққан шаруаның өзі еді. Ол туып-өскен Шера қыстағының да өзіне ұқсас көптеген елді мекендерден еш айырмасы жоқ-ты. Тек Тесу ғана, жақын маңда арқырап ағатын арынды Тесу ғана бейкүнә тірліктің берекесін алатыны бар. Арнасынан асып ақтарыла құлағанда, шаруалардың тоқымдай жерін тобық құрлы көрмей қылғыта салады. Ал құрғақшылық жылдарында моп-момақан болып, жылап ағып жатады. Телегей тасқын мен тас емшек құрғақшылық өстіп алмасады да отырады.
Кейбір шаруаның бұған қылшығы да қисайған емес; күрішін су сыпырып кетсе, орманын отап тастаған тау қапталына жүгері еге салады. Дамбаренің оған да шамасы жоқ, өйткені оның қамбасы бір түйір дәнсіз қаңсығалы қашан.
– Құдайдың бұл қаһары да. Күнәміз болмаса, Тесу егістікті шайып кетер ме еді, – дейді.
– Дұрыс айтасың, – деп оны пурохит қостап қояды. – Тәспих тартып жүрген кчетрлер де диқаншылыққа ден қойған, бракмандар да бар ұяттан жұрдай боп, шетелге шығып, вагонда өзге діннің адамдарымен бірге нан күйсейтін болған. Тіпті индустар да Англияда оқыса болды, шаштарын күзеп шыға келеді. Көр де тұр, ақыр заманның алды осы шығар.
– Азын-аулақ азық үшін арзымайтын саудаға түсетін күндеріміз кеше ғана емес пе еді, – дейді үшінші біреу. – Енді оны алтынға сатып алғандайсың. Бәрі де керісінше. Бұрын біз Бутвалға барып күріш сатушы едік, ал қазір оны Поккарыге барып өзіміз әкелеміз. Бұдан өткен бейнет бар ма?
– Дым болмағандай-ақ шатқалда шалқып ағып жатқан Тесу анау, оның қай күні тасқындап, бар дүниені басып кетерін де ешкім білмейді. Егістік бойында жыландай ирелеңдеуін қарашы? Осының бәрі де құдайдың бізге тіккен кәрі ғой, – деп Макаре сөзін жалғай түседі.
Бұл әңгімені түгел естіген Дамбаре қинала бас шайқаған. «Күнәм болмаса да менің де егістігімді үнемі су шайып кетеді. Әділет деген қайда сонда? Біреудің жазығы үшін жазықсыз да жапа шегеді. Жоқ, құдайдың мұнда қатысы жоқ. Бәрі де адамның қолында. Қарның ашса, тамақ ішуің керек; тоңсаң жылы киінуің қажет. Өзен тасыса, қалай да тосқауыл таба білген жөн».
– Бұл өзен егістікті өзі басады. Құдайдың бұған қатысы жоқ, – деді ол бірде сыбырлап. – Тесуді бөгеу керек те, оны басқа арнаға бұрып жіберу қажет, сонда бар бәледен құтыламыз.
– Естіп отырсыңдар ма? Дамбаре өзенді бұрмақшы, – деді пурохит қарқылдап.
– Бұрсақ бұрармыз, тек қол біріктірсек болғаны, – деп Дамбаре де беріспеді.
– Сенің өлімтік өгізіңді сауу керек шығар. Сенбейсің бе? Бар да созғылап көр, – деп пурохит жұртпен бірге мәз болды.
Дамбаре үндемеді, бірақ іштей: «Күліңдер, күліңдер, қалай күлсеңдер де өзенді жеңуге болады» – деп ойлады.
Әйелі ашу шақырғанша Дамбаре сол күні түні бойы төсекте дөңбекши берген.
– Саған не болған? Өзің де ұйқтамайсың, маған да ұйқы бермейсің.
– Иә, мына бір ойдан басып қатып жатыр. Тесуды басқа жаққа бұрсам деймін.
– Өзің неге басқа жаққа бұрылып кетпейсің, – деп әйелі тіптен ашуланды. – Құлағымды сарсытып біттің ғой.
Дамбаре екінші бүйіріне аунап түсті де, төсек қырына жақынырақ жатты. Әйелі қор-қор ұйқыға басқан, ал Тесу туралы ой Дамбареге әлі де маза берер емес.
Ертеңінде таңертең ол өзенге аттанды. Жағалаудың топырағы борпылдақ, жар қабағын су кеміріп жататын еді. Маңайы төбе-төбе құм болатын. Дамбаре құм бетіне су арнасын сызып, оның әр жеріне шеңберлер белгілеп, таяқша шаншып қойды. Сосын ұзақ ойланып тұрды да, старостаның үйіне қарай нық қадамдай жөнелді.
– Сіз бұл істі қолға алуыңыз керек, – деді Дамбаре. – Ал біз аянып қалмаспыз.
– Тесуды бұру? – деп староста таңдана тіл қатты. Өзгелер сияқты ол да Дамбарені ақылынан адастыға жоруға шақ еді, бірақ онысын байқатпай:
– Өзенді бұру оңай шаруа емес. Сосын өзің білесің, біздің ауылдың адамдары қоғамдасып еңбек етуге шорқақ қой, – деді.
– Сіз сенбейсіз бе? Жүріңіз менімен. Қалай істеу керектігін көрсетейін мен.
Староста Дамбареден тезірек құтылу үшін:
– Маған не бар көретін. Бастысы, халықты көндірген жөн, – деді.
– Енді мен не деп тұрмын! – деп Дамбаре саңқ етті. – Сіз барлығын жинаңыз, істің жайын талқыға салайық. Мен де өз ойымды айтамын. Тіпті картасын сызып, Тесудың жаңа арнасын да көрсетіп берейін.
– Сен осы бір іспен әлектенгенді қойсаңшы, – деді староста үнін жұмсартып. – Біздің Тесуды жеңу қайда. Және сені ешкім тыңдамайды да, тек күлкі боласың.
– Неге маған сенбейсің?! Егер сіз көнсеңіз, көр де тұрыңыз, өзгелер де қарсы бола қоймас еді.
Дамбаренің күйіне сөйлеген сөзі старостаға әсер етсе керек:
– Жарайды іске кіріс, келесі дүйсенбіде жұртты жинап көрелік, – деді.
Жаны жай тапқан Дамбаре үйіне келді. Түскі ас әзір екен. Жүгері көжемен жүрек жалғап алды да, бамбук таяқшасын алып, газет қиындысына карта сызуға кірісті.
«Тесуды тауға бұру керек. Ол үшін отыз шақты үй орнындай топырақ қазылады, – деді ол іштей есептеп. – Соның бір жерге он бесін төксек, басқа тоспаларға қалғаны да жетеді».
Дамбаре солқылдақ қорғанға қанша ұзын бамбук қажеттігін де есептеп шықты. Оларды дөңгелектеп басын байлап, ішіне тас толтырып тастаса, тасқынға тосқауыл болары сөзсіз. Төңіректе бамбук жеткілікті, тас өзеннің өзінен-ақ табылады. Ал деревняда адам да аз емес.
Дамбаре картаға қарап, ойланып қалды. Каналды өзеннің басынан қазған жөн, сонда кез-келген маусымда егін суғаруға да болады. «Сонан соң жүгері мен тары тартатын диірмен жасаймыз...» Дамбаренің қиялын әйелінің ащы айқайы бұзып жіберді.
– Қандай ғана еркексің сен! Таң атқалы өгіз де суарылған жоқ, не отқа қойылмады ғой.
– Міне, қазір оны өріске айдағалы жатырмын.
– Болды, пысықсымай-ақ қой. Өзгелер малын өрістен қайтара бастаса, бұл енді ғана байлаудан шешпекші! Арам қатырайын дедің бе оны? Саған сенгенше храмға өзім айдап апарып, өлімтігін әкелмеген екенмін...
Дамбаре картаны шиыршықтап жинап, сөреге тықты да, үстіне сия сауыт қойды. Ол үйден шыққанда күн еңкейіп те қалып еді. Албар алдынан иесінің аяқ тықырын естіген өгіз өкіріп қоя берді. Дамбаре оны жылдам шешіп, өріске қарай томпылдата жөнелген. Бірақ бірнеше қадам жүрмей-ақ алдынан пурохиттің кездесе қалмасы бар ма. Дамбаре өгізді жолдан жиекке бұрып жіберіп:
– Келесі дүйсенбіде ауыл түгел алаңға жиналып, Тесуды қалай бұру жөнінде ақылдасамыз. Сіз міндетті түрде келіңіз, – деді асығыс.
Пурохиттің егістігі басқалардікінен биік жерге орналасқан-ды. Сондықтан оған тасқын тақау да келмейтін; дүниені түгел су басып кетсе де, ол адам баспас жасыл аралдай жайқалып тұрушы еді. Құрғақшылық жылдарында маңайындағы егістіктің бәрі қурап-күйіп жатса, ол көгеріп өне беретін. Құрғақшылық уақыттың өзінде участогінде өз құдығынан сылдырап су ағып тұрса, пурохитке құдайдың қаһар төккені неге керек?
Бірақ бәрібір пурохит тасқын тақаса-ақ құдайға жалбарына бастайтын, өйткені селдете аққан су участоктар аралығын жойып, ортақ бір егіске айналдырып жіберетін де, ол өзгелердің жерін өзіне ептеп қосып ала қоятын. Өстіп жыл өткен сайын «құдайдың сүйген құлының» жері кеңи беретін.
Сондықтан да оған Дамбаренің бірбеткейлігі ұнамады да, бірден шабуылға көшкен.
– Сен не, әлгі түкке тұрмайтын істі әлі ушықтырып жүрмісің? Сені кім тыңдайды деп ойлайсың осы? Надан басымен үлкен шаруа тындырғысы келеді өзі.
Ол осы сөздің бәрін бір демде айтып салып, былш еткізіп түкірді де, жауап күтпестен жөніне зытқан.
Бірақ Дамбарені алған беттен қайтару қиын еді. «Ештеңе емес, – деді ол өзін жұбатып. – Ойымның дұрыстығын ертең-ақ дәлелдермін. Тіпті пурохитті де көндірермін?
Дамбаре сосын өгізін өзен бойында қуып жеткен. Өгізі суды қанып ішкенше Дамбаре жыландай ирелеңдеп жатқан Тесуге қадала қарап тұрып, өзі сияқты, тура өзі – Дамбаре сияқты адамдар өзенді ауыздықтауға шамалары жететініне кәміл сенді.
Көптен күткен дүйсенбі де жетті. Дамбаре старостаның үйіне келгенше, жұрт түгел жиналып та қалып еді. Пурохит өзіні шашбауын көтеретін адамдардың ортасынан ойып тұрып орын алыпты.
– Дамбаре Тесуды бұруды ұсынады. Соны көпшіліктің талқысына салсақ деймін, – деп бастады сөзін староста.
– Несіне оны талқыға саламыз? – деп пурохит сөзді бөліп жіберді. – Егер мен анау тауды көтере аламын десем, бұл да сондай іс. Мына ақымақты тыңдаймын деп, өздерің де ақымақ болып қоймай, бізді де жөнсіз іске бастағыларың келеді.
– Қалай дегенмен де Дамбаре не айтар екен, тыңдайық, – деді староста. – Сосын барлығын да ақылға салып көрейік.
– Онсыз да барлығы түсінікті емес пе! – деді пурохит.
Бұдан әрі Дамбаре шыдай алмай:
– Жоқ, мені тыңдаңыздар. Сіздердің шешімдеріңізге көп дүние байланысты, – деді.
– Дұрыс, айтсын! Не мәселе екенін біз де білейік, – деді көпшілік дауыс.
Бұ жолы пурохит үндей алмай қалды.
– Сіздер білесіздер ме, бауырлар. Тесу ирелеңдеп жазыққа шығып кеткендіктен де егістікті су шайып жүр.
– Тесудың оған қатысы қанша! – деп пурохит тағы кие берді. – Тасқын – күнәміз үшін құдайдың бізге тіккен кәрі. Ендеше, сен сияқты есуастарда біздің шаруамыз жоқ.
– Сіздер тек өзеннің иірімдерін қараңыздаршы, қайнар басына қарағанда ағысы ақырын емес пе, – деп Дамбаре пурохитке көңіл сөзін жалғай берді. – Демек, тасқын өзен ағысына байланысты. Егер біз сол ағысты түзеп, суды тау аңғарына қарай бұрып жіберсек, бір тамшы су шашау шықпас еді, тасқын да тыйылар еді.
Жұрт Дамбарені зейінмен тыңдады. Бұны байқаған пурохит:
– Ит құйрығын ғана түзетуге болар, егер оны бамбук таяқшасына сұғып қойса, – деді кекесінмен.
– Жоқ. Тесудың жағдайы одан оңай, – деді Дамбаре картасын жайып. – Қараңыздар. Бөгеттерді қай жерден салу керек, оған қай жерден, қанша топырақ қазу қажет, мұнда бәрі көрсетілген. Міне, арна. Бұны түзетеміз. Ал мына тұстан, өзен басынан егіс суару үшін канал қазамыз.
– Бірде-бір инженер біздің өзенге бөгет салуды қолға алмас еді. Дамбаре болса, білек сыбанып отыр. Және бізді де көндіргісі келеді, – деп пурохит те қыңырланып қоймады.
– Бөгет жасау қиын емес. Қанша қажет десең де бамбук бізде жеткілікті. Тас та сондай, – сөзін сенімді жеткізбек боп, Дамбаре асыға түсті. – Бөгет жасап болған соң, Тесу де түзеледі.
– Тесуды бөгеу мүмкін емес! – деді пурохит айқайлап. – Бір ақмақ қарғаға есектің құлағын жапсырам десе, біз оны тыңдаймыз келіп.
Дамбаре оған енді тіл қатпақшы болғанда, пурохит өз жақтастарына белгі беріп те үлгерді.
– Бізге ешқандай бөгеттің қажеті жоқ, қажеті жоқ! – Жан-жақтан естілген ащы айқай Дамбаренің даусын басып кетті. Бұдан соң жұртты тәртіпке шақыру да қиынға соқты.
Жиын тарқаған соң староста Дамбаренің жанына келді.
– Ашығын айтсам, сенің ойың маған ұнады, бірақ жалғыз өзім не істей аламын.
– Мен жұртты қырсықтан құтқарғым келеді, ал сіз мені қорғай алмадыңыз, – деді Дамбаре қызбаланып.
– Бар мәселені пурохит бүлдірді. Тасқын оған пайдалы ғой. Қаншама жерді ол қымқырып қалды десеңші!
– Сіз неге бұны айтпадыңыз?
– Пурохитпен ұстасу?.. Ойбай-ау, онда маған еркін өмір сүру жоқ қой.
– Ал менімше, өз жаның үшін ғұмыр бойы дірілеп өткенше өлген артық.
– Жо-оқ, мен әлі өмір сүргім келеді және пурохитпен ұстасуды да қаламаймын.
– Әттең, сіз де қартайғанша қалтырап біттіңіз-ау! Әйтпесе, мәселенің бәрі бүкіл ауылдың игілігіне тіреліп еді ғой. – Дамбаре өкінішпен қолын бір сілтеді де, жүре берді.
Кешкісін ол үйге келісімен әйелі ашуланып:
– Қараңғыда жалғыз қарманып отырғаным мынау, немен от жағарымды да білмеймін. Әкелші, сіріңкеңді.
Дамбаре қойнынан бір қорап сіріңке алып, әйеліне ұстатты.
Әйелі қараңғыда ұзақ күйбеңдеп жүрді де, ақыры ызалана дауыстап:
– Қараң қалғыр, бұл үйден от жағуға да ештеме таппайсың, – деді күйініп.
Дамбаре қолына ұстап тұрған картасын үнсіз ұсына берді. Ол әп-сәтте лаулап жанып, күлге айналды.
– Пурохит келді, – деді әйелі шалқыған жалынға қарап, – Көп отырды. Тек ымыртта ғана кетті. Байқаймын, үлкен бір шаруасы бар сияқты. Үйге оралысымен бірден маған келсін деп кетті саған.
Дамбаре тіл қатпастан сыртқа беттеді.
Пурохит шам жарығында терраста отыр екен. Әдеттегідей ең жақын достары қоршап алыпты.
– Мынау келген Дамбаренің өзі емес пе? – деді ол күтпеген жерде жылы шырай танытып.
– Иә, отыр жанымызға, құрметтім. Мен сенің Тесу туралы ойыңа қарсы дейсің бе? Жоқ, құдайдың құзырына сен қарсысың. Тасқын, жер сілкіну, індет сені мен менің билігімде емес, бәрі де құдайдың ісі. Бұған не дейсің?
– Сіздікі дұрыс, – деді жанындағылар бас изеп. – Құдайдан кім күшті? Кімнің теңізді жұтуға әлі келеді.
– Өзен Дамбаренің жерін жұтып қойды, – деді пурохит сөзін жалғап. – Қайтемін, мен саған екі мури беруге бармын. Тек сен Тесу туралы әйгімені енді қой. Кедей-кепшікті мендей сүйетін жан жоқ шығар. Біреудің қайғы-қасіретіне енжар қарай алмайтынымды өзің де білесің.
Осы тұста Дамбаренің шыдамы шыныдай шарт сынған.
– Арам дүниенің маған қажеті жоқ. Тесуды мен не жеңем, не өлем.
– Аптықпа, аптықпа, құрметтім, – деді пурохит асығыс. – Сенің жуас адам екеніңді бәрі біледі. Жер қажет болмаса, жүз рупий берейін. Тек қырсыққанды қой.
– Жерің де, ақшаң да аулақ менен. Мен Тесуды бұрғым келеді. Босқа сөз шығын қылу да қажетсіз, – деді Дамбаре қызбаланып.
– Ақмақ болма, ақшаны ал. Сыйға тартар жерді де ертең реттеймін. – Пурохит Дамбаренің қойнына жүз сомдықты тығып жіберуге ұмтылып еді, ол шегіншектей берді, сосын оны пурохиттің адамдары ұстай алды.
Қатты бұлқынған Дамбаре өзін ұстағандарды жан-жаққа лақтырып, пурохитті күшпен итеріп тастап, қаша жөнелді. Пурохит сенделектеп барып діңгекке соғылды да, жарақаттанып қалды. Жарылған қабағынан қан ақты да, арқасы удай ашыды.
Ертеңінде таңертең пурохит күймеге отырып, сотқа шағым айту үшін Паккареге аттанды. Мұндай оңтайлы сәтті – Дамбаренің қасиетті дін адамына қол көтеруін босқа жібері... Жоқ, «адамгершілігі мол» пурохит үшін бұл ақылға сыймас дүние. Сөйтіп Дамбареге қарсы сотта іс қозғалатын болды.
Бұл мәселе деревняға мәлім болған кезде, староста Дамбарені шақырып алып:
– Көрдің бе, пурохиттің қандай арам екенін, – деді.
– Бірақ сіз де түсініңіз: Тесуды бұрмайынша адамдар еш уақытта рақат өмір көрмейді.
– Эх, Тесу, Тесу... Оған сенің шамаң келеді-ау. Алайда түрмені бұзар шамаң қайда?
– Иә, екі жыл деген аз емес. Ал не үшін? Мен оны соғайын деген жоқпын ғой... Бірақ бәрібір, оралған соң Тесуды тізгіндеймін мен! – Дамбаренің көзіне жас үйіріле қалды. – Сонда сіз маған көмектесетініңізге сенемін.
Халық үшін қам жеген, жан дүниесі тап-таза, ер мінезді осы бір адамның ниетін құптаған сыңайда староста күлімсіреп, бас изеді.
Өзінің алғашқы жеңісін сезген Дамбаренің еңсесі көтеріле түсті. Құдды асау Тесуды ауыздықтағандай, енді ол қайтып ауылдастарына арандай аузын ашпайтындай жүзі жадырап, алысқа қадалған көздері көңілді ұшқын атты. Осы сәтте Тесу да оған арнасы гранитпен шегенделіп, адамдардың ерік-күшіне бағынып, оларға игілікті нәрін емізіп тұрғандай көрінді.
Аударған: Дидахмет Әшімханұлы
Abai.kz