Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 9365 0 пікір 29 Қараша, 2011 сағат 06:57

Бейбіт Қойшыбаев. Баяғы жартас – сол жартас...

Бұл мақала «Қасиетті де қасіретті. Мұстафа Шоқайды сатқын санайтындар арамыздан әлі де табылады» деген тақырыппен 2003 жылғы 3 қаңтарда «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған еді.

Желтоқсан - қазақ үшін аса қастерлі ай.

Жиырмасыншы ғасырдың он жетінші жылы Орталық Азияда Түркістан (Түркі Елі) және Алаш (Қазақ) автономиялары дүниеге келді. Осы екі ұлы оқиғаның екеуі де желтоқсанда орын алғаны белгілі. Түркістан автономиясы жаңа стиль бойынша желтоқсанның 10-шы жұлдызында (27 қараша) Қоқанда, Алаш - 25-ші жұлдызында (12 желтоқсан) Орынборда шаңырақ көтерді.

Желтоқсанның 27-сінде жұртшылық Тәшкенде елдік мәртебені ұлықтауға жиналды. Мерекеге ауылдардан он мыңдай салт атты қазақ келіп қатысты. Алайда салтанат соңы большевиктер ұйымдастырған ойранға ұласты. Тасаға құрылған оқшашар ондаған жанның өмірін үзіп, жүздегенін жарақаттады.

Араға алпыс тоғыз жыл салып, сексен алтының 17-18 желтоқсанында Алматының басты алаңы да соған ұқсас қырғынға куә болды.

Алғашқысы монархия құлағаннан соң туған демократиялық мүмкіндік жемісіне малданып алданса, екіншісі - сірескен тоталитаризм тоңын демократияның «алтын күрегі» жібіткеніне сеніп алданды. Қос алдану да нақақтан қан төгілуге апарды.

Тәубә, құрбандықтар өтеуі - аңсаулы Тәуелсіздік болғаны баршаға мәлім.

Бұл мақала «Қасиетті де қасіретті. Мұстафа Шоқайды сатқын санайтындар арамыздан әлі де табылады» деген тақырыппен 2003 жылғы 3 қаңтарда «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған еді.

Желтоқсан - қазақ үшін аса қастерлі ай.

Жиырмасыншы ғасырдың он жетінші жылы Орталық Азияда Түркістан (Түркі Елі) және Алаш (Қазақ) автономиялары дүниеге келді. Осы екі ұлы оқиғаның екеуі де желтоқсанда орын алғаны белгілі. Түркістан автономиясы жаңа стиль бойынша желтоқсанның 10-шы жұлдызында (27 қараша) Қоқанда, Алаш - 25-ші жұлдызында (12 желтоқсан) Орынборда шаңырақ көтерді.

Желтоқсанның 27-сінде жұртшылық Тәшкенде елдік мәртебені ұлықтауға жиналды. Мерекеге ауылдардан он мыңдай салт атты қазақ келіп қатысты. Алайда салтанат соңы большевиктер ұйымдастырған ойранға ұласты. Тасаға құрылған оқшашар ондаған жанның өмірін үзіп, жүздегенін жарақаттады.

Араға алпыс тоғыз жыл салып, сексен алтының 17-18 желтоқсанында Алматының басты алаңы да соған ұқсас қырғынға куә болды.

Алғашқысы монархия құлағаннан соң туған демократиялық мүмкіндік жемісіне малданып алданса, екіншісі - сірескен тоталитаризм тоңын демократияның «алтын күрегі» жібіткеніне сеніп алданды. Қос алдану да нақақтан қан төгілуге апарды.

Тәубә, құрбандықтар өтеуі - аңсаулы Тәуелсіздік болғаны баршаға мәлім.

Сексен алтыншы жылғы Желтоқсан бұлқынысына он алты жыл толды. Аз мерзім емес. Эмоциядан арылуға, салқын қанды сарап, сындарлы пайым тізгінін еркін жіберіп ойлануға жеткілікті уақыт. Қайран қалатының - өтеуі дәстүрге айналған таңбалы күнгі қаралы да салтанатты жиынға қатысу үшін соңғы 17 желтоқсанда тарихи алаңға келгендердің саны саусақпен санарлықтай ғана бопты. Мұны сол кеште тікелей эфир хабарына қатысушылар ашына айтып жатты («Қазақстан» ұлттық телеарнасының «Бар мен жоқ» бағдарламасы. 17.12.2002).

Мемлекеттік тәуелсіздікке жеткенмен, кеңестік саяси құрсау ішінен бостандыққа тұңғыш жол салған қазақ жастарының ұлт-азаттық көтерілісін әлемдік демократия өз деңгейінде таныған жоқ десті олар. Оны тарихи мән-мағынасына сай бағалау хақындағы әділдікке қол жеткізілмегені айтылды. Мойындамай жүрген ащы шындықты әңгімелеу барысыңда: «16 жыл өтсе де, Желтоқсан көтерілісінің барлық астары ашылмай отыр», - деген ойға тоқтап, оның сырын іздесті. «Желтоқсанда жұмбақ көп», - деді қадірменді адамдардың бірі. «Жұмбақтың күні бүгінге дейін шешілмеуіне - кезінде билік буындарында жүргендердің қазір де аттан түспегендіктері себеп болып отыр, - деп төтелете тартты шетін ойлы желтоқсаншылардың кейбірі, - бейбіт шерудің қанды оқиғаға ұласуына кінәлілер де солар болатын».

Заманында КСРО халық депутаттары съезінің Мәскеудегі мертебелі мінберінен ел намысын бар дауыспен күллі жаһанға жария еткен ақын, кейіннен Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің комиссиясын басқарған, биліктің Желтоқсандағы жазалаушылық қылмысын ашуға бар қажыр-қайратын сарп етіп, пәлен қап дерек жинаған қайраткер, бүгінде еліміздің Қырғыз Республикасындағы елшісі Мұхтар Шаханов көп жәйтті жазып жатқан кітабыңда талдайтын тәрізді. Ол өзі басқарған комиссияның белгілі шеңберден шыға алмағанын, яғни қолға берілген құжаттармен ғана жұмыс істегенін, істің түбіне жету үшін мәселеге күллі халық бір жеңнен қол шығарып кірісу керектігін әңгімеледі.

Оқиға кезінде қызмет бабымен жазалаушылар жағында тұрған, алайда сонау ауыр күндерде азаматтық адал позициясын көрсете білген генерал Мұрат Қалматаев желтоқсаншыларды арнайы айырым белгімен марапаттау шарасын ойластыру қажеттігін айтты.

Бағдарламаны жүргізуші Иманбай Жұбаев ортаға өткір сауалдар тастай отырып, пікірлесуге қатысушы түрлі қоғамдық ұйымдар өкілдерінің жүрекжарды ойларын ірікпей ортаға салуларына жағдай жасап отырды.

Бәрі бір ауыздан мойындаған шындық - империяның көбесін қақырата сөккен алғашқы әрекеттің Алматыда жасалғаны. Иә, бостандықтың айбынды семсері бірінші болып Алматыда көтерілді. Алайда оны әлем әлі мойындаған жоқ. Әлеміңіз не, Қазақстанның өзі бұл тарапта қырық құраулығын танытып       тұр. Әрі-беріден соң, басқасын  былай   қойғанда,  халық   қалаулысы  дейтіндердің ішінде Желтоқсаныңызға ашық мұрын шүйіретін жан да жүр. Іштей пысқырмайтындарының ұзын-санын кім дәл білсін... Неге? Неліктен сол ұлы     дүбір отандастардың едәуір бөлігінің жүрегін жаулай алмады?

Насихат жоқ дейді көпшілік. Жаны бар байлам. Дегенмен, басты себеп басқада. Басты     себеп - себепті ашып айтудан жасқанатынымызда. Орыстар мен орыс тілді азаматтардың енжарлығында, селсоқтығында, олардың кейбірінің мәселені,  тіпті,  әдейі бұрмалап, қиыс арнаға салуына да төзе беретінімізде, еліміздің байырғы ұлты мен оның құндылықтарын ашық менсінбеушілігіне ымырашылдықпен қарауымызда.

Бір журналист қыздың дау-дамайға төзбейтін өр үнмен орысшалап төпеп төккен сөздерінен («Бар мен жоқ», 24 желтоқсанда) орыс тілді қазақтардың өздерін «қоғамның ең алдыңғы қатарлы азаматтары» деп есептейтінін де естідік. Жағаңызды ұстайсыз ба, «қара қылды қақ жарғанына» құлдық ұрасыз ба, өзіңіз білесіз.

Бұл ретте сол қыз баланың тектестерімен бірге «қоғамның ең алдыңғы қатарлы азаматтары» қатарына ата-бабаларының қадір тұтқан ұлттық құндылықтарын тәрк етіп «жеткендеріне», шынтуайтына келгенде, өздерінің әуелі патшалық, артынан кеңестік империя жүргізген орыстандыру саясатының құрбандығы екендіктеріне намыстанбайтындықтары мені қайран қалдырды. (Осы ретте - ана тілін білмегенмен, ұлттық рухы мықты қандастарымыздың аз еместігін ризашылық сезіммен айта кетуді парызым деп санаймын).

Бірақ, анығына келгенде, таңырқарлық та ештеңе жоқ-ты. Өйткені оның себебін Мұстафа Шоқай (қазақ тарихындағы қасиетті де қасіретті тұлға) баяғыда-ақ дөп басып айтқан еді.

Тұжырымдарының кейбіріне құлақ түрелік. Патшалықтың отаршылық саясатының сұмдығы да, басқа отарлаушылардан айырмашылығы да - басып алған жерлерін міндетті түрде орыс жеріне, бағындырған халқын кәдімгі орысқа айналдырып жіберуге тырысатындарында деген-ді  ол.   Кеңес өкіметі «лениндік ұлт саясатының» күллі практикасын ұлттық рухымызды түбірімен жұлып  тастауға  құрып  отыр деп қорытқан әшкере  пікірін де  жария еткен.

Ұзамай большевизм  ұйымдастырған  жасанды ашаршылық салдарынан көшпелі жұрттың жартысынан астамы жойылды. Одан кейінгі - ұлттық апат қаңыратып тастаған алып далаға өзге ұлт өкілдерін үйіп-төгіп әкелу, қазақ сүйегі үстінде жұмақ орнату әрекеті барысындағы     көпірме-көлгір     сөздер, патшаның қолынан ғасырлар бойы келмегенді қысқа мерзімде жүзеге асырдық деп ашықтан-ашық мақтанып, барша ұлт пен ұлысты «коммунизмге   орыс   тілімен»   апаруға шақырған ұран, т.т. с.с. жәйттер, ақырында сексен алтының қасіретті Желтоқсаны - Мұстафаның құлаққа ілінбеген ескертулерінің кеңестік «демократия» жағдайында рас боп шыққанын куәландырады.

Қайран Мұстафа Шоқайұлы, елі үшін қабырғасы қайысқан Ұлы Түркістандық, сонымен бірге асқан білімпаз да зиялы Еуропалық атанған асыл жан! Бұл кісінің жүрек жұтқан ерен еңбегін біз әлі күнге әділ бағалай алған жоқпыз. Бағаламақ түгіл, ел-жұртқа, өз отандастарымызға (әсіресе, өздерінің «қоғамның ең алдыңғы қатарлы азаматтары» екендіктеріне шәк келтірмейтін орыс тілді қандастарымызға) таныта алмай жүрміз. Оларға Мұстафаның да, оның ұлттық-мемлекеттілік мүдделерді көздеген ойларының да керегі жоқ. Себебі оларды тоталитарлық билік ұлы державалық коммунистік илеуге көндіктіріп, бодандық санадан өзгенің бәрінен шошитын деңгей-діңгекке байлап қойғалы қашан.

Бодандық сананың қырағы күзетшілері большевизмді биік үлгі тұтатын белсенділер қатарынан табылған. Олар және солардың тәрбиесін, жақсылығын, көмегін  көргендер толып жатыр, қанға сіңген әдет оңайшылықпен кететін бе.

Ал мұндай қылықтың нәр алар тамырын Мұстафа-қайраткер сонау көлгір саясат бастауын сыни талдауға алған ғылыми-көпшілік публицистикасында бүркеуін сыпырып, жалаңаштап тұрып, жіліктеп ашып беріп кеткен еді.

Желтоқсан көтерілісі де, мемлекеттік тіл де сондағы әшкереленген себептерге байланысты еленбеуде. Мұстафа Шоқайдың өзінің де танылмау себебі сонда. Танылу қайда, әлі күнгі жау және сатқын санатында. «Қоғамның ең алдыңғы қатарлы азаматтарының» көзімен. Және солардың арқасында. Сондай мазмұндағы соңғы жарияланымдардың бірі «Новости недели» апталығының бетінде Асқар Умаров деген автордың қолымен көрінді (№ 49, 4-10.12.2002, «Туркестанский легион»).

Ол да «қоғамның ең алдыңғы қатарлы азаматтарының» бірі болуы керек. Себебі, егер мемлекеттік тілдегі жарияланымдарды (әр кезгі зерттеулерді, Шоқайдың өз кітаптарын, замандастарының, зайыбының естеліктерін, соның ішінде орысша жазылғандарын да) оқыған болса, жалпы, бір сәт астамшылық пікірден сәл төмен түсіп, тап осынау ұлт аяулысы және күллі кемсітілген түркі намысын жыртқан саяси қайраткер хақындағы танымын кеңейтуге ниеттенген болса - қазақ оқырмандары үшін әлдеқашан айқындалған шындыққа жала жабуын қояр еді. Оған қайтадан кеңес көсемдерінше қиянат жасамас еді, орыс тілді азаматтардың дұрыс ақпарат алуына ықпал етер еді.

Баршаға мәлім, Мұстафа Шоқай ғалым және көсемсөзші ретінде, кеңес өкіметінің жаңа отаршылдықты аса зымиян тәсілмен жалғастырғанын нақты дәлелдер келтіре отырып, батыс демократиясының бел ортасында әшкерелеп тұрды. Бұл ретте орыс эмиграциясының, жалпы, шет елдердің мерзімдік басылымдарын пайдаланып қана қоймай, өзі де журнал («Жас Түркістан», Берлин, 1929-1939 жж.) шығарды. Журнал шығарудың елеулі қаржы талап ететіні белгілі, сондықтан ол кеңес өкіметіне қарсы күштерден одақтас іздеді. Тапты да. Атап айтқанда, оған Польшаның мемлекет қайраткері, кеңес билігін өте ұнатпаған маршал Юзеф Пилсудский тұрақты көмек беріп тұрды.

Кеңестер еліне соғыс ашқан күні (22.06.1941) немістер Франция астанасы түбінде тұратын Мұстафаны тұтқындады. Күллі орыс эмиграциясының бас көтерерлерімен бірге қамап, Компьен лагерінде біраз ұстады. Әрине, фашистер оны, өте ірі, беделді тұлғаны, өз мақсаттарына пайдаланғысы келді.

Мария Яковлевна соғысты да, әскери киімді де жек көретін ерінің осы орайда айтқанын естелігінде жазып кеткен: немістер оның кеңес әскері қатарындағы түркістандықтарға арнап радиомен үгіт-сөз сөйлеуін сұрапты, алайда оған Мұстафа келіспеген. Әлдебір әрекет жасауға келісімін беруден бұрын ол соғыстың алғашқы күндерінен топ-тобымен тұтқынға түсіп жатқан кеңес жауынгерлерінің ішіндегі түркістандық жерлестерін өз көзімен көріп, әңгімелесуге тиіс екендігін айтқан.

Ал оның соғыс тұтқындарын аралағандағы мақсатын Сувалки лагерінде қамауда болған бұрынғы кеңес офицері  Қарыс Қанатбайдың естелігінен айқын білуге болады. Мұстафа жерлестері алдындағы сөзінде «біртұтас түркістандық халықтың   ұлдарын» тікенек темір артындағы азаптан құтқарып, «біздің болашақ отанымыз Түркістанды көркейтуге қажет мамандықтар алулары үшін» әртүрлі арнайы жұмыстарға орналастыруды өзінің басты парызы санайтынын айтқан.

Ол тек қандастарыңа ғана жәрдем берумен шектеліп қалған жоқ. Бұрынғы Мемлекеттік Дума мүшесі, Кеңес әскері басып алғанға дейінгі Грузня сыртқы істер министрі болған Александр Чхенкели естелігінде Мұстафа Шоқайдың концлагерьлерді аралап жүрген күндері өз басын қатерге тіге отырып, тұтқындағы әлденеше ондаған грузин жігіттерін атылудан құтқарып қалғанын жазды.

Мұстафа неміс әскерінің лагерьлердегі соғыс тұтқындарына көрсетіп отырған айуандық азаптарын әшкерелеп, фашистік Германия көсемдеріне баян-хат та жолдады, сол хатында ол немістердің мұндай қылықтарымен өздерін озық ұлт деп санауға хақылары жоқ екенін батыл мәлімдеді. Сондықтан да оның көзін жоюға үшінші рейхтің де, кеңес басшылығының да мүдделі болғаны күдік туғызбайды. Сол себепті, Шоқайдың сүзектен айықпауына әлдебір астыртын күштердің «қамқор» болуы өте ықтималдығын ескеру жөн, соның анық-қанығына жету абзал. Қазіргі ғылым жетістігі оны әбден мүмкін етеді, тек бұған биік ықылас керек.

Берлинде, 1941 жылғы 27 желтоқсанда, Мұстафа Шоқай дүниеден өтті. Содан бес күн бұрын, 1941 жылғы 22 желтоқсанда, вермахт соғыс тұтқындарынан әскери бөлімдер жасақтау туралы шешім шығарған-ды. Концлагерьлерді ондаған комиссия аралады. Тұтқындар алдында не лагерьдегі азаптан табатын ит өлімді, не жасақталмақ әскерге қосылып, тірі қалуды таңдап алу жолы тұрды. Кейін майданға жіберілген жасақтардың кеңес әскеріне берілуге тырысуы негізінен сол екінші себептің нәтижесі болса керек.

Жә, легион - жеке әңгіме тақырыбы, анығы - Мұстафа оны құрған жоқ. Сондықтан, істемегенін істеді деп жала жабуды доғару ләзім. Одан да оның істегендерін елге таныту жөн.

Бұдан бір мүшел ілгеріде, идеологиялық сүзгі тұтқырлығын жоғалта қоймаған 1990 жылдың көктемінде, сықиған сақ «саясаткерлер» ұзақ жылдар есімін атауға тыйым салып келген Мұстафа Шоқай жайында алғаш рет ой тастау-жарияланымды жүзеге асырғанын, одан, өмірі мен қызметін оқырмандарға кеңірек таныту мақсатымен, сол жылғы желтоқсанда тағы да бірінші болып Мұстафаның саяси портретінің нобайын жасағанын осы жолдар авторы мақтан тұтады. Содан бері оқырман тұшынып оқыған небір еңбек - сананы дүр сілкіндірер көсемсөздер мен салиқалы ғылыми зерттеулер туды (Әнуәр Әлімжанов, Әбу Тәкенов, Мәмбет Қойгелдиев, Айтан Нүсіпхан, Оразбек Сәрсенбай, Бақыт Садықова, т.б., шетелдік Хасен Оралтай мен Абдуақап Қара жұмыстары), ғалым-қайраткердің өз сөзі еліне оралды. Бәрібір мақсат үдесінен шыққан жоқпыз. Себебі жоғарыда аталды, сондықтан бұл мәселе күн тәртібінен түспесе керек.

1929 жылғы желтоқсанда Мұстафа Шоқай «Жас Түркістанын» шығаруды бастады. Ол өзінің журналын азаттық пен тәуелсіздік жолындағы күрестің туы деп атаған еді. Күрес туының көтерілуі - бұл әлі жеңістің өзі еместігін, оның бар болғаны жеңіске шақыру ғана екенін де ескерткен-ді. Бостандық мүддесін сан қырынан қозғап отырған сол журналдың шын мәнінде жеңіске бастар шамшырақ болғанына қазіргі таңда еш күмән келтіре алмайсың. Кезінде партия-кеңес идеологиясы оның сөзін халқына шым-шымдап та жеткізбеді. Тонын айналдыра бұрмалап, «дұшпандық» бейнесін қара бояумен әлеміштей берді.

Тәубә, Мұстафа айтқан күрес туына - баспасөзге - ел аңсаған әділ сөзді еркін айту хұқын Тәуелсіздік беріп отыр. Сол күрес туы Желтоқсан мен Мұстафаға қатысты әділдік орнағанша жеңіске шақырып желбірей түсуге тиіс.

Мұстафа Шоқай аруағына бас иер бүгінгі ұрпақ қайраткер  және оның идеяларымен терең тамырлас Желтоқсан алдындағы борышын зайыр түйсінсе, сөйтіп онысын адал өтесе дейсің. Сонда ондай қадамның ұлт мүддесі хақындағы толық жеңіске қол жеткізу кепілі болары хақ. Ендеше соған ұмтылу - баршамыздың парызымыз. Сол ұмтылыста елеулі де бетбұрысты қадамды жоғарғы билік жасауға тиіс. Үкімет пен Парламенттің саяси ерік-жігер білдіріп, сананы отарсыздандыруға бағытталатын маңызды да пәрменді, кешенді құжат қабылдауы дұрыс болмақ. Сонда тәуелсіздікке, теңдікке қатысты көп мәселемен қатар, Желтоқсан көтерілісі мен демократ күрескер Мұстафа Шоқай тұлғасының тарихи тұрғыда лайықты бағалануын қамтамасыз етер әділет орнауына заңдық тұғыр, бекем негіз жасалар еді.

Бейбіт Қойшыбаев,

жазушы,

тарих ғылымдарының кандидаты

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5354