Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4678 0 пікір 30 Қараша, 2011 сағат 04:25

Ардақ Нұрғазыұлы. «Улиссес»: бір кітаптың құпиясы

Жеймс Жойстың «Улисс» романы 1922 жылдың 2 ақпаны күні Парижде жарық көрді. Бұл күн - Ж.Жойстың қырыққа толған туған күні болатын. Романның тарихындағы кездейсоқтық (егер тағдырдың жазуын да кездейсоқтық десек) мұнымен шектелмейді. Гомердің «Одиссеясын» меңзеп жазылған жаңа заманның туындысы өз кейіпкерлерінің 1904 жылдың 16 маусымы күнгі - осы бір күн ішіндегі он сегіз сағатқа созылған тірлігін айна қатесіз қағазға түсірген. Ал бұл күн Ж.Жойстың өмірінде орынын басқа ешкімде баса алмайтын жан - кейіндеп некеге тұрса да, онымен өмірдің ащы-тұщысын бірге тартқан жары Нора Барнакльмен алғаш кездескен күніне тура келеді. Ж.Жойс «мен сені әлемдегі ең сұлу әрі жаны пәк рухтың қатарына қоямын» деген осы әйел турасында америкалық Честер Андерсен (Ж.Жойс туралы тамаша өмірбаяандық-суретті кітаптың авторы): «Нора Барнакльдың бір басынан Ж.Жойстың әйел затынан қалаған қасиеттері: адалдықты, шексіз сенім артуға болатын әрі нәзік, онымен қоймай рухында өрлік бар ақылды да алғырлықты табумызға болатын еді» деп жазған.  Белгілі мағынадан алғанда, бұл жолдар Нора Барнакльга берілген мінездеме ғана емес, Ж.Жойстың өмірлік ұстанымына айналған - алған бетінен қайтпайтын бірбеткей бағытына да өзіндік сілтеме деуге тұрады. Жиып айтқанда, мұны мінез деп атауға болады.

Жеймс Жойстың «Улисс» романы 1922 жылдың 2 ақпаны күні Парижде жарық көрді. Бұл күн - Ж.Жойстың қырыққа толған туған күні болатын. Романның тарихындағы кездейсоқтық (егер тағдырдың жазуын да кездейсоқтық десек) мұнымен шектелмейді. Гомердің «Одиссеясын» меңзеп жазылған жаңа заманның туындысы өз кейіпкерлерінің 1904 жылдың 16 маусымы күнгі - осы бір күн ішіндегі он сегіз сағатқа созылған тірлігін айна қатесіз қағазға түсірген. Ал бұл күн Ж.Жойстың өмірінде орынын басқа ешкімде баса алмайтын жан - кейіндеп некеге тұрса да, онымен өмірдің ащы-тұщысын бірге тартқан жары Нора Барнакльмен алғаш кездескен күніне тура келеді. Ж.Жойс «мен сені әлемдегі ең сұлу әрі жаны пәк рухтың қатарына қоямын» деген осы әйел турасында америкалық Честер Андерсен (Ж.Жойс туралы тамаша өмірбаяандық-суретті кітаптың авторы): «Нора Барнакльдың бір басынан Ж.Жойстың әйел затынан қалаған қасиеттері: адалдықты, шексіз сенім артуға болатын әрі нәзік, онымен қоймай рухында өрлік бар ақылды да алғырлықты табумызға болатын еді» деп жазған.  Белгілі мағынадан алғанда, бұл жолдар Нора Барнакльга берілген мінездеме ғана емес, Ж.Жойстың өмірлік ұстанымына айналған - алған бетінен қайтпайтын бірбеткей бағытына да өзіндік сілтеме деуге тұрады. Жиып айтқанда, мұны мінез деп атауға болады. Ж.Жойстың бұл мінезі - жарымен алғаш танысқан күнін мәңгілікке қалдырғысы келген; Ұлыбританияның сегіз ғасырлық отарлық үстемдігі астында жатқан отаны Ирландияны «өз торайын өзі жеген шошқа» деген; сөйте тұрып Ирландияның ұлттық мәдениетін түлетуді мақсат тұтқан В.Б.Йетстің «Кеселин Граф ханым» пьесасына қарсы отарлық тәрбие алған, шала ирландиялық студенттердің  жасаған атышулы мәлімдемесіне қол қоюдан үзілді-кесілді бастартқан; «Улиссте» «екі халықтың» (отансыз ирландиялықтар мен еврейлердің) тарихын жаздым... сыншылар бірнеше ғасыр бойында бас қатыратын болады» деген осы мінез «XX ғасырдың  жұмбақ кітабы» аталған «Улисске» майдай сіңген. Көп қатпарлы, қараңғы қалтарысты адам жанының тереңіне сүңгіп, түбіне бойлай алу жағында «сана ағымымен» жазылған «Улисске» теңесер өзге шығарма некен-саяқ. Әсілінде «сана ағымы» - психология ғылымына тән атау. Оны ғылымға алғаш кіргізген адам - АҚШ психологы Вильям Жеймс. В.Жеймс 1890 жылы жарық көрген «Психология теориясы» атты еңбегінде, «сана ағымы» деген атауды қолданған. Оның көзқарасынша, «сана деген адам миының сыртқы ортаның әсеріне қарата қайтарған түйсік, ойлаудан тұратын түрліше психикалық барыстың жиынтығы». В.Жеймстің бұл пайымдауы сол тұста бірқатар философтардың еңбектерінен қолдау тапқан. Неміс философы А.Шопенгауэр «Сана» деген сырлы дүние. Ақылдық таным оның тек бет-пердесі ғана.» десе, енді бір неміс философы А.Ницше «объектив дүние деген адамның миында туындаған елес, адамның «мені» ғана адам мен табиғатты бойсындыратын бірден бір күш» деген. Франция психологы Анри Бергсон бұл ойды одан ары дамытып «сырытқы дүние деген тек бейнелену, адамның субъектив жан дүниесі ғана нақтылық пен тұрмыстың шынайы мәнін әйгілей алады», «біздің көп білуге тиісті әрі көп білетініміз де өз болмысымыз, өйткені, біздің басқа заттар туралы түсінігіміз сыртқы орта жөніндегі түйсігімізден тұрады, біздің өзіміз турасындағы түсінігіміз ішкі жан дүниемізге үңілуден келеді. Ол өте тереңге бойлайды» дейді. «Сезімдер, түрліше көңіл-күй, сана мен ой - біздің болмысымыз, міне, осылар. Біз осылардан тұрамыз. Осы сезімдер өзінің сан құбылған болмысымен біздің болмысымызды жасайды. Содан да біздің жан дүниеміз сәт сайынғы өзгерісті бастан кешіріп отырады... Менің рухани дүнием уақыт ағысымен алға жылжиды. Осы жылжу барысында өзіне арна салумен қатар өркеш атып, бейне домалаған қар көшкіні сияқты үздіксіз зорайып отырады». Осындай ойды айта келіп А.Бергсон өзінің уақыт жөніндегі жаңа көзқарасын - психикалық уақыт көзқарасын ортаға қойған. Оның пікірінше, біздің күнделікті өмірде сезінетін өткен шақ - бүгінгі шақ - келер шақ сынды, уақыт айырмасынан тұратын уақыт көзқарасымыз - механикалы, қолдан жасалған қатып-семген көзқарас. Шынтуайтына келгенде психикалық уақыт қана адам болмысына тән уақыт. А.Бергсон осы көзқарасын образды тілмен былай түсіндірген «Егер біз өз арнасы бар рухани дүниемізді бейне бір сабақ жіпке тізілген қиындылардан туратын шетсіз-шексіз қозғалыс нүктелері десек, оның кез келген сәттегі қиындысының өзі қаншалық қысқа болғанына қарамастан  шексіз уақыт болмысын жаратады». А.Бергсонның осында ауызға алған рухани дүниенің уақыт болмысына ие «кез келген сәттегі қиындысы» турасындағы ойы сол тұста Батыстың «сана ағымымен» жазатын жазушыларының жасампаздық амалиятымен бір жерден шыққан. Ж.Жойс адам жанының көркемөнерлік түс алатын мұндай сана қозғалысын «рухтың қылаң беруі» (epiphanies) деп атаған. Ол 1902 жылы жариялаған «Жас көркемөнершінің картинасы» мақаласында осы ойын алға тартқан. Адам рухының көркемөрерлік түс алуы сынды бұл құбылысты сол тұста австриялық психолог З.Фрейд те терең зерттеген.
Дегенмен философтар мен психолотардың еңбектері «Улисске» алып баратын бірден-бір жол деп қарасақ оңбай қателесеміз. Ж.Жойс заманы да, жасаған ортасы да жақын келгеніне қарамастан, тағы бір «сана ағымымен» жазатын Ұлыбритания жазушысы У.Уольфқа стиль жағынан мүлде ұқсамайды. Жоғарыдағы мырзалардың еңбектері У.Уольфтың «Қабырғадағы ноқат» (1917ж) әңгімесінің сырын түсінуімізге мүмкіндік берер, алайда «Улиссті» түсіндіре алуы неғайбыл. Мұндағы түпкі себеп Ж.Жойстың Ирландия жазушысы болғандығында.  «Улисстің» бір басына сегіз ғасыр ағылшын отары болған Ирландияның бүкіл рухани тарихының сыйып турғандығында. Швецарияның тіл маманы Соссюр «таңба ұғым мен дыбыс сынды екі саладан құрам табады. Тіршілікте нақты заттар адам миында бейнеленіп, сәулеленеді, содан барып тіл таңбаларымен кестеленеді. Тіл таңбалары мен ол меңзеген нақты заттардың арасында табиғи байланыс болмастан, қайта «еркін қатынас» сақталады» дейді. Сондықтан да тіл таңбалары арқылы берілген әлгі мағына нақты заттың бірден-бір «иесі» емес, қайта сансыз көп мүмкіндіктің бірі ғана. Таңба мен нақты заттың ара байланысы тұрақтанғанның өзінде (әріптерден тұратын «ағаш» деген осы таңба біз ағаш деп атап отырған нақты затты (өсімдікті) меңзейді деп тұрақтандырып алған жағдайда) одан туындайтын ұғым таңбаның бойындағы дыбыстың болмашы ғана өзгеруімен өзгеріске ұшырай бастауы мүмкін (айталық, «ағаш» деген дыбыстан «ағашаяқ»дегенге жалғасқан дыбыс өзгерісі бірден тың мағына туындатады). Тілдің бойындағы тұрақтылық пен өзгерістен тұратын мұндай тұтастық қасиет таңбаланып, жазуға айналу барысында реттеліп, ақылдық танымның сүзгісінен өткенімен бәрібір өз қасиетін жоғалтпайды. Айталық, тіл сөзге айналып толық таңбаланып кетті дегеннің өзінде адам жан дүниесінің шекті бөлегін ғана кестелей алады. Тіл мен таңбаның ара қатынасындағы мұндай салыстырмалықты біздер көркем шығармалардағы сәтті жазылған монологтарды -  рухани дүниені тікесінен ашып көрсетуді оқыған сәттерде анық аңғара қоямыз. У.Шекспирдің «Гамлет» пьесасындағы Гамлеттің аузынан шыққан «Болу керек пе, бордай тозыу керек пе? Бұл өзі үлкен мәселе...» деген сөздерін оқыған сәтте, біздер Гамлеттің айтып жеткізуге болмайтын дағдарысты рухани күйін өз басымыздан өткізгендей емес, қайта сондай бір ауыр қасіретті ақылдық таныммен жанамалап аңғарғандай боламыз. Адам жанын тамаша кестелеген осы монологтың өзі таңбаланған сәтте көптеген мазмұнынан айрылған. Гамлеттің жан дүниесі де өз болмысымен толық көрініс таппай қалған. Жан мен тәннің оңай шешілмейтін бұл шиесін - драмалық тартыс, композиция, сюжет сынды сыртқы факторларға сүйенген дәстүрлі проза шеше алған емес. Оны өзгеше жолмен шешкен Ж.Жойс.  Ирландия - іргесіндегі Англиямен салыстырғанда орта ғасырлық мәдениеті әлде қайда ерте дамыған ел. Оның өзіне тән ұлттық сипаттағы діні болған. Алтын мен қоланы негіз еткен қолөнер мәдениеті биік жетістіктерге жеткен. Орта ғасырда салынған шіркеу мен тәуап ететін сарайлардың құрылыс үлгісі Ирландияның дара ұлттық мәдениетін айшықтап көрсететін. Ирландияның көл-көсір ауыз әдебиетінің өзі бір төбе еді. Оның жағрапиялық орналасуының өзінде ерекшелік бар - Еуропада оның «көгілдір теңіздің ортасындағы жасыл жақұт», «сопылар мен парасаттылардың асыл аралы» деген аты болған. Дәл осындай ел XI ғасырдан бастап көршісі Англияның отаршылдығына ұшырай бастаған. XII ғасырда Рим папасы  Ирландияны біржола Англияның басқаруына берсе, 1801 жылы ресми түрде Англия территориясына қосқан. Сонымен ирландияның XX ғасырдың басына дейінгі сегіз ғасырға созылған отарлық тарихы басталған. Ал бұл тарих әр бір ирландиялық үшін үзілмейтін сүркейлі түс сияқты. Осы сегіз ғасырда Ирландиялықтардың Англия отаршылдығына қарсы - жер үшін, сенім бостандығы мен ел тәуелсіздігі үшін күрескен талай реткі көтерілісі аяусыз жанышталып отырған. Ж.Жойс «көрсем, құсқым келеді!» деп Отанынан сергелдең болып кеткен 1904 жылға дейін Ирландия сол баяғысындай «екі қожайынның - Англия мен Ватиканның құлы, жиып келгенде құлдардың құлы» ( «Улисс» I тарау) болып қала берген. Ж.Жойстың «Улисстегі» бас кейіпкерді еврей ұлтынан етіп, отансыздықтан тартқан ондаған ғасырлық  қайғы-қасіретке толы тарихы бар еврей ұлты мен өз ұлтының тарихын салыстырғысы келетіні де, әне, содан.  «Улисс» уақыт пен кеңістіктің торын жырта отырып, ағылшын тілінің қолданысына тың жаңалық әкелді. Ж.Жойс үшін айтқанда ағылшын тілін бұлай өзгеріске ұшырату еріккеннің ермегі емес, қайта соған дейін мұның ұлтының тарихы мен тағдырын өздерінше жазып, өздерінше бағалап, өздерінше кесіп-пішіп келген тілдің  темір торын талқандау; өзінің жан дүниесін - ирландиялықтардың рухын тереңнен қазбалау. Ж.Жойс солай істегенде ғана ұзаққа созылған сүркейлі түстен құтылуға, оның нағыз бет бейнесін ашуға болатынын түсінген. «Улисстің» бірінші тарауында мынадай көрініс бар: шетелде сергелдең болып жүрген Стивен Дедалус әкесінің «шешеңнің жерленуіне кел» деген жеделхатымен еліне оралған соң, бір мектепте тарих сабағын беретін ұстаз болыр жұмысқа тұрады. Оқушыларын алаңға доп ойнауға жіберіп қойып, өзін салауатты ұстаған мектеп директорының қолынан (оның аузынан «елдің шұғылалы тарихын» естіп тұрып) еңбекақысын алып тұрған тұста ауыр ойда тұрған Стивеннің басынан «тарих деген мен ояна алмайтын сүркейлі түс» деген ой шарлап өтеді. Дәл осы сәтте оның құлағына далада доп теуіп жатқан балалардың айғай-шуы естіледі. Ағылшын тілінде  «nightmare» («сүркейлі түс» деген мағынада) сөзінің құрамындағы «mare» сөзі «жылқы - бие» деген мағынаны да береді. Стивен жоғарыдағы ойынан кейін даладағы балалардың айғай-шуын естиді, оның ойына «тарих деген күштілердің айғайы» деген тіркес келеді. Содан барып «егер ол сүркейлі түс бие сияқты мөңкіп теуіп жатса қайтер едің?» (What if the nightmare gave you a back kick?) деген ой туындайды. Осы жолдарды оқыған адам өз тарихының сүркейлі елесінен құтыла алмай тұрған Стивеннің сол сәттегі нақты көңіл-күйін бірден сезіне алады. Оқырманның бұл жолдардан алатын әсері «Гамлеттегі» «Болу керек пе, бордай тозу керек пе?...» деп келетін жолдарды оқығаннан алатын әсерінен мүлде басқа. «Гамлеттегі» сөйлемдерден сен Гамлеттің ойын аңғарсаң, «Улисстің»жоғарыдағы сөйлемдерінен Стивеннің дағдарысты көңіл-күйі мен ойын қатар сезінесің.   Ж.Жойстың «Улисске» дейін жазған шығармаларының бәрінде дерлік жоғарыдағыдай ауыр ойдағы - рухани дағдарысты бастан кешетін адамдар жүреді. Әне, солар жүре келе «Улисстегі» Стивен Дедалусты тұлғалап шыққан. Көптеген зерттеушілер осы кейіпкерден Ж.Жойстың өз бейнесін көреді. Оның өзіндік себебі де бар. Шығармаларда Стивен Дедалус деген атпен ортаға шығатын, рухани жақтан сергелдең күй кешкен осы кейіпкердің тарихқа, өнерге, өзінің отарлану жағдайындағы отаны Ирландияға ұстаған көзқарасы Ж.Жойстың көзқарасына көп жақтан ұқсап кетеді.

<!--pagebreak--><!--pagebreak-->

Ж.Жойстың жазушылық таланты жас кезінде-ақ бейнеленіп шыққан. 1900 жылдың сәуірінде 19 жастағы Ж.Жойс Норвегияның драматург-жазушысы Генрих Ибсен турасында «Ибсеннің жаңа пьесалары» деген мақала жариялап, университеттегі ұстаздары мен сабақтастарын таң қалдырған. Әкесінің әсерінде Ж.Жойс кішкентайынан Ирландия ұлттық тәуелсіздік қозғалысының тарихындағы маңызды тұлға Ч.С.Парнерді өзіне үлгі етіп өскен. (Ж.Жойс тоғыз жасында Ч.С.Парнеллдің қазасына арнап өлең жазған. Ол өлеңді Ж.Жойстың әкесі көбейтіп, достарына таратқан екен) Ч.С.Парнелдің мезгілсіз қазасынан кейін Ж.Жойстың Отаны Ирландия турасындағы түсінігі түбірінен өзгерген. Осыдан бастап ол "Ирландияның басындағы қайғы-қасіретті отаршылар ғана жасап отырған жоқ, отаршылдықтан әбден езілген, жалпы беттік «Отаным» деген ұғымнан арылып тоғышарланған ирландиялықтардың  шірік жан дүниесі келтіріп шығарған. Ирландиялықтар өздерінің нас басып, дерт шалған жан дүниесін аршып, емдеп жазбай тұрып рухани тәуелсіздікке, тіпті ел тәуелсіздігіне де ие бола алмайды" -деген ойға мықтап бекіген. Оның ойынша, бұл тығырықтан шығудың жолы - өнердің құдыретімен қараңғы жан дүниеге жарық түсіру. Жан дүниені тереңнен боршалап, тас керең тағдырларға жол сілтеу. Ол бұл мақсатты орындап шығу үшін алдымен өнердің биігін бағындыруымыз керек деп шешкен ( Ж.Жойстың негізгі кейіпкерлерінің көбінде өнер қуған адам немесе жазушы болып келетіні содан болса керек.) Ж.Жойс университетте оқып жүргенде жазған «Көзқарақсыз тобыр» деген мақаласында осы идеясын айтады. Оның бұл саяси көзқарасы сол тұста Ирландияның тағы бір айтулы қайраткері У.Б.Йейтстің мәдениетке болған көзқарасымен келіспей де қалған. Ж.Жойс жер орта жасқа келгенше бұл ойынан қайтпаған. У.Б.Йейтсің «Ирландияны ауыз әдебиетінен басталған ұлттық мәдениеті ғана тұлғалап шығады» деген ойын ол «Улиссті» бастап жазған тұста ғана қабыл ала бастапты. Ол соған дейінгі алғашқы әңгіме жинағы «Дублиндіктерде» де Ирландияны артқы көрініс ете отырып, қоғамның саяси, рухани, сондай-ақ, моральдық жақтан тоқырауын жазған. Осы кітап турасында баспагерге жазған хатында ол «Менің мақсатым - өз елімнің моральдық тарихын жазу. Менің Дублинді таңдауымның себебі - осы қала біздегі рухани құлдыраудың шыңырауы сияқты. Безбүйректенген көптің жан дүниесін мен төрт тұрғыдан - балалық, жастық, азаматтық, сондай-ақ, өмір сүрудің үлгісі жағынан жаздым. Мұндағы әңгімелер белгілі тәртіп бойынша түзілді» деген. Жинаққа кірген он бес әңгіменің бәріне ортақ бір ерекшелік - кейіпкерлердің қарапайым қала тұрғыны немесе көше қаңғыбасы, болмаса өнер иесі жазушы, сопы, саясаткер сияқты кез келген біреудің болғанына қарамастан, олардың бәрінің күңгірт рухани дүниесін ашу басты мақсат етілген. «Сана ағымы» болмағанымен кейін модернист жазушылардың бәрі дерлік қабылдаған «рухтың қылаң беруі» алғаш рет осы әңгімелерде төбе көрсетеді. Ж.Жойс осы әңгімелерден кейін өзінің ең негізгі кейіпкерін сомдауға көшкен. 1917 жылы жарық көрген «Жас көркемөнершінің картинасы» романында ол түнек басқан дүниеде өнердің құдыретімен жол тапқысы келген, айналасына жарық сыйлағысы келетін Стивен Дедалусты өмірге әкеледі. Бұл кітапты осы заманғы өнер иесінің болмыс-бітімін жазған өмірбаяндық роман деп қарауға да болады. Роман Стивеннің сәби шағындағы істерді еске алуымен басталады. Ирландияның ескі аңыздарында айтылатын сиыр турасындағы мифті ала отырып бас кейіпкердің алдағы өмір жолына болжам айтқандай болатын жері де бар. Аңыздағы сиыр Ирландияның символы, ол қоғамдық күшке де уәкілдік етеді. Жол болса келешек пен беталысты, болашақ таңдауды меңзейді. Бала мен сиырдың тар жерде кездесуі кейіпкердің өмір жолының тастақты болатынын аңғартқандай. Романдағы сақал-шашы өскен қатулы әке образы отбасыға уәкілдік етеді. Бұл отбасы мен баланың арасындағы қайшылық пен қақтығыстың бетін ашатындай. Баланың ән мен музыкаға құштарлығы кейіпкердің болашақта өнерге жақын адам болатынын аңғартады. Дублиннің сол тұстағы қолқаңды атар, сасыған тар көшелері де осы кітапта алдыңнан шығады. Ондағы айқай-шу, боқтық, иіс-қоңыс, шіркеуден шыққа қоңырау үні  Ирландияның болмыс бітімі сияқты. Стивен Дедалустың толыққанды өмірге келуі Ж.Жойстың көкейіндегі әуелгі арманның орындалғаны еді. Алайда бұл арманның орындалуы жаңа бір дүниенің бетін ашқан түрі бар. Ол Ж.Жойс өз кейіпкеріне «Стивен Дедалус» деген есімді берген күннен басталған сияқты.  Байырғы Грекия мифтерінде ерен сұңғылалығымен аты аңызға айналған өнер тапқыш Дедалус ұшатын қанат жасап шығып (өнердің құдыретімен тас түнек қоғамнан жол ашқысы келген Стивен Дедалусқа ұқсап), өзін қамаған тылсым сарайдан (Стивен Дедалусты тұншықтырған қоғам сияқты) қашып шығады. Ж.Жойс жастық шағында бұл аңыздың ақырына көп мән бермеген түрі бар. Уақыт өте келе, өмір тәжірибесінің жинақталуымен әсіресе Ирландия қоғамының мәселелерін тек өнердің жолымен ғана шешуге болмайтынын сезінгеннен кейін ғана аңыздың ақырғы шындығын ескерген. Аңызда айтылуынша сиқырлы тылсым сарайдан балауызбен қатырып жасаған қанаты арқылы ұшып шыққан Дедалус ақыры ұшсам деген арманына жетіп шырқау биікке көтеріледі. Содан күннің дүлей шуағына ұрылып, қанаттарының балауызы еріп, соңында теңізге құлап мерт болады. Дедалус турасындағы аңыздың ақырының Ж.Жойсқа қалай әсер еткенін біздер «Улисстен» табамыз.  Өзін он жыл бойында ширықтырған бұл кітапты Ж.Жойс бірінші дүниежүзілік соғыс бұрқ еткен 1914 жылдың жазында бастап жазған. Кітаптың алғашқы үш тарауы ақын Эзра Ломис Паундтың күш сала қолдау көрсетуімен 1918 жылдың наурыз айында АҚШ-та шығатын «Шағын шолулар» апталығында жарық көріп, кейін осы басылымда жалғасты жарияланған. Гомердің дастаны «Одиссеяны» жаңғыртқан роман ескі жырға аты ғана ұқсап қалмастан, заты да ұқсайтын еді. Он сегіз тараудан тұратын кітаптың әр бір тарауына «Одиссеяда» айтылатын жекелеген оқиғалардың аты берілген. Гомердің «Одиссеясында» грек батыры Одиссейдің (латын тілінде «Улисс») Троя соғысынан кейін он жыл уақыт жұмсап еліне, отбасына оралатын машақатты сапары баяндалса, «Улиссте» де сондай машақатты сапар баяндалады. Дегенмен мұндағы сапар он жыл емес, он сегіз сағатқа созылады. Соған қарамастан романдағы Леопольд Блум, Стивен Дедалус және Блум Молли образы осы заманғы адамның бет-бейнесін әсіресе рухани жан дүниесін терең ашқан. Романның өн бойынан менмұндалап тұратын мысқыл осы кейіпкерлерді тұтастырып тұратын бір сабақ үзілмейтін жіпке ұқсайды. Көзге көрінбейтін осы жіп Гомердің «Одиссеясы» мен Ж.Жойстың «Улиссінің» арасын да бөліп тұрғандай. Бұл жолы романның бас кейіпкері ақын жанды Стивен Дедалус емес, қарапайым ғана жарнама жасайтын саудасы бар дублиндік Л.Блум. Роман Стивеннің таңертеңгі тірлігімен басталғанымен, төртінші тарауда Л.Блумның мысығына қарайлай жүріп, таңғы асын әзірлеген сәттегі қиял дүниесін таңбалаумен ары жалғасады. Л.Блумның астан соң үйден шығып, он сегіз сағаттан кейін өзінің жылуы өшсе де, өзгелердің жылуы әлі өше қоймаған жарының төсегіне қайтып оралатын сапары - бүкіл кітаптың арқауы. Осы сапарда біз заманымыздың Улиссін танимыз. Арғы заманның Улиссі арыстандай айбаты, жолбарыстай қайраты бар, ақылды да айлакер жан. Ол досына адал, дегенмен жауына мейірімсіз, жүрегі қатты, қаласа он жыл бойында күйеуін тосқан әйелді айттырғысы келетіндерді (108 адам болғанына қарамастан) бір жерде жамсатып салуға бар. Оның әділетті ту ете отырып қан төгетін осы қасиеті батыстық гуманизмнің рухани тіреуі есепті. Гамелеттің өзі «болу керек пе, бордай тозу керек пе...» деп аз ойланған соң, сегіз бірдей жанды өкінбей-ақ өлімге байлай салады (оның ішінде өзі де бар). Батыстың гуманизм тарихындағы мұндай тамаша алдамшылықтың тақсіретін қолына «әділеттің» туын ұстап, өзгелерді басып-жаншитын күштілердің тепершігін көп көргендер ғана сезіне алады. Зеректігі Улисс пен Гамлеттен бір мысқал да кем емес Л.Блумның «құдай мен әділеттің тонын жамылып алғандар жазған тарих пен дінге сенбеймін» дейтіні де әне содан. Есесіне ол (өзі еврей болғанына қарамастан) Ирландияның  отарлықтан құтылып тәуелсіздік алатынына әбден сенеді («Тәуелсіздіктің таңы Ирландия банкының артындағы айлақтан асқақтай көтеріледі» «Улисс» IV тарау). Содан да ол кешірімшіл, қамқор, өз елінің рухани тәуелсіздігі үшін қайғы-қасірет шегіп сергелдең болған Стивен Дедалусқа әкедей мейірімді.  Кітаптың соңындағы үтір-нүктесіз қырық беттен тұратын сегіз сөйлемді - Блум Моллидың монологын - кезінде әйгілі психолог К.Г.Юнг оқып шығып «мұндайды тек сайтанның қайнапасы ғана жаза алады» деген екен. Алайда бұл «Улисстей» тамаша шығарманы оқуға әсте кедергі болмауға тиіс. Өйткені, «Улисс» жанды жалдап оқуға тұрарлық кітап.
«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5290