Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3785 0 пікір 6 Желтоқсан, 2011 сағат 05:56

Бақытжан Тобаяқов. Төл теңгенің тарихы

7 желтоқсан - Тәуелсіздіктің 20 жұлдызды сәтінің «Алтын теңге»  күні

Міне, Тәуелсіздігіміздің тарихи 20 жылдығына да жақындап келіп қалдық. Тәубе дейміз, қағанағымыз қарқ, сағанамыз сарқ болмасақ та, экономикалық реформа өз жүрісінен қатты жаңылған жоқ. Тарих доңғалағы әркез өз айналысынан жаңылмайды. Біз өткенге қарап, бүгінді саралап, болашақты болжаймыз. Кезінде төл валютамыз айналымға енгізілгенде бөркімізді аспанға атып қуандық. Бұл біздің экономикалық тәуелсіздігіміздің алғашқы қарлығашы еді. Біз сол кездегі парламенттік «Халық кеңесі» газетінде баспасөз тарланбозы Сарбас Ақтаевтың басшылығымен көптеген  ұлттық проблемаларды көтеріп, тәуелсіздігімізді баянды ететін өзекті үдерістерге бастамашы болдық. Олар - ұлттық рәміздер, астанамыздың Сарыарқаға көшірілуі және төл валютамыз еді...

7 желтоқсан - Тәуелсіздіктің 20 жұлдызды сәтінің «Алтын теңге»  күні

Міне, Тәуелсіздігіміздің тарихи 20 жылдығына да жақындап келіп қалдық. Тәубе дейміз, қағанағымыз қарқ, сағанамыз сарқ болмасақ та, экономикалық реформа өз жүрісінен қатты жаңылған жоқ. Тарих доңғалағы әркез өз айналысынан жаңылмайды. Біз өткенге қарап, бүгінді саралап, болашақты болжаймыз. Кезінде төл валютамыз айналымға енгізілгенде бөркімізді аспанға атып қуандық. Бұл біздің экономикалық тәуелсіздігіміздің алғашқы қарлығашы еді. Біз сол кездегі парламенттік «Халық кеңесі» газетінде баспасөз тарланбозы Сарбас Ақтаевтың басшылығымен көптеген  ұлттық проблемаларды көтеріп, тәуелсіздігімізді баянды ететін өзекті үдерістерге бастамашы болдық. Олар - ұлттық рәміздер, астанамыздың Сарыарқаға көшірілуі және төл валютамыз еді...

Өткен тарихқа бажайлай үңілсек, Қазақстанда тәуелсіздік жарияланғаннан кейін кеңестік кезеңде құрылған экономикалық әлеуетті  сақтап қалуға тырысыппыз. Дағдарысқа қарсы бағдарлама қабылданыпты. Оның материалдық және қаржылық базасы болды. Себебі республика шетелге сатып-өткізетін экспорттық тауарларға, шикізат өнімдеріне, атап айтқанда: мұнайға, металл мен астыққа ие еді. Энергия тасымалдаушылар мен ауыр өнеркәсіп өнімі әлемдік рынокта сұранысқа ие болды да, біз бұрынғы социалистік елдермен ежелгі сауда-саттық байланыстарының орнына өз тауарларымызды сатып-өткізудің жаңа арналарын таба алар едік. Мұның орнына ең үздік кәсіпшіліктер мен өндірістер шет елдіктерге сатылып кетті.

Сол кезде Үкіметімізде мемлекеттік мүддені құзыретті түрде қорғай алмайтын адамдар отырды. Біз сол кездің өзінде өз өнімімізді шет елдерге сата алатынбыз. Мұның орнына бірнеше буын қазақстандықтардың еңбегімен жасалған материалдық құндылықтар талан-таражға салынды. Кәсіпорындардың активтері сутегін сатылды, еліміздің экономикасы күйрей бастады, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпті тоқырау жайлады. Халық шаруашылығының тұтас бір салалары шетелдік компаниялардың қолдарына тапсырылды.

Осы себептердің салдарынан мемлекеттің қаржылық жүйесі күйрейтіндей қауіп төнді. Сондықтан да рубльдік аймақтан шығу сәтіне алдын ала ұлттық валютамен қордаланатындай шешім шығарылды. Теңгеге даярлық Жоғарғы Кеңесте жүргізілді. Сол кезеңде экономикалық реформалар Комитетін экономика мәселелерін жақсы білетін ғалым Сауық Тәкежанов басқарды. Ол үлттық валютаны енгізу жөніндегі жұмыс тобының төрағасы болды. Ұлттық банк теңгенің дизайнын әзірлеу үшін "Қазақстан дизайн орталығының" суретшілерін тартты. Президент әкімшілігінің Ерік Асанбаев бастаған жұмыс тобы ақша қағазында кімнің бейнеленетінін шешті. Қазір қарап отырсақ, ұлы адамдарымыз бейнеленген сол бір ақша банкноттарымыз көзімізге ыстық. Хайролла Ғабжәлелов салған алғашқы 1 теңгеліктің Әл-Фараби бейнеленген дизайны сол кездегі халықаралық сарапшылардан жоғары баға алған еді...

Сөйтіп, сол кезеңде Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялап, мемлекеттік рәміз-нышандарға ие бола, соның ішінде өзінің ұлттық валютасын енгізуге даярлана бастады. Сонымен бірге 1992 жылға дейін 1993 жылға дейін айналыста кеңес рублі болды, сонан соң Ресей жаңа рублін енгізді. 1993 жылдың күзінде Қазақстан ТМД елдерінің ең соңында рубль аймағынан шықты. Ұлттық валютаны енгізу туралы Жоғарғы Кеңес пен Үкіметтің бірлескен Қаулысы қабылданды. Президенттің Жарлығы шықты. Осылайша 1993 жылдың 15 қарашасы біздің теңгеміздің туған күні деп саналды. Міне, ол да бүгіндері бозбалалық 18 жастан асып барады...

Алайда, өз валютамызға ие болып алып біз бірден тәуелсіздік жаряланғаннан бері жинақталған барлық мәселелерді шеше алмадық. 1993 жылдан соң макроэкономикалық шамалар қатты тербелді. Бұл әбден түсінікті де. Біз жаңа ғұмырымызды бастауға тырыстық, мемлекет тіршілігіндегі барлық үдерістерді басқаруды үйренуге, экономика мөселелерін шешуге ұмтылдық. Парламент белгілі бір дәрежеде Үкіметті қателесуден тізгіндеп отырғандай болды. Сонан соң әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ, Министрлер кабинеті жиі қателесе бастады. Мәселен, экономикаға араласпау туралы қаулы қабылдады. Ал, кез келген елде үкімет нарықтық қатынастарды реттеуге міндетті. Атқарушы биліктің осындай бұрыс қадамы  көсіпорын басшыларының өздігінше әрекет ете бастауына әкеп соқтырды. Кеңшарлар таратылды. 1996 жылы ішкі жалпы өнім күрт қысқарды, ол 1993 жылмен салыстарғанда 25 пайызға дейін құлдырады.

Осындай келеңсіз кезең 1998 жылға дейін созылды. Осының салдарынан жағдайды түзету үшін аса зор күш-жігер керек болды. Бірақ та көптеген мұнай өндіруші компаниялар сол кездің өзінде басқа мемлекеттердің меншігіне беріліп қойылған еді, бірқатар кәсіпорындар банкроттыққа ұшырады және де тікелей міндеттерін шешудің орнына баюмен айналысуды үйренген мемлекеттік шенеуніктердің тұтас бір қауымы қалыптасты.

Егер де қаржылық жүйеге, біздің валютаға келетін болсақ, оның бағамы тек тұрақтанды деуге болады. 1999 жылға шейін теңге бағамын жасанды түрде ұстап тұрдық. Бірақ басты проблема валюталық бағамда емес. 1996-98 жылдары барлық күш инфляциямен күреске жұмсалды. Үкімет теңгешілдік саясатты жүргізе отырып, ақша тапшылығын тудырды. Ал шаруашылықтың негізі өндіріс қой, ақшасыз оны көтеру мүмкін емес. Теңгешілдік саясат өндіріске тым теріс әсерін тигізді. Өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын, өңдеу салаларын ең алдымен тиісті ақша айналысымен қамтамасыз ету қажет еді. Кейіндері мемлекеттік бағдарламалар бойынша ауылға ондаған миллиард теңге жұмсалды. Бұрын осы ақшаның жасампаз қуатын босатуға қандай кедергі болып еді? Бүгінгідей ауылдық несие серіктестіктеріне ұқсас қаржыландыру тәсімдерін екі  не бес жыл бұрын құруға кім рұқсат етпеді? Қысқаша айтқанда, біз уақытымызды босқа кетірдік, спортшылардың сөз саптауынша қарқынды жоғалттық. Ал, бірақ қолымызда халық шаруашылығын жөнге келтіру үшін барлық құралдар - алтын қоры, валютаның экспорттық түсімдері және ақша басатын станогымыз болып еді.

Өкінішке қарай, 2000 жылға дейін тек қана макроэкономикалық көрсеткіштермен ғана мақтана алдық, ал ол көбінесе біздің шаруа жүргізе білетіндігімізге емес, энергия тасымалдаушылар мен шикізаттың әлемдік бағаларына тәуелді. 2001 жылдан бастап оңтайлы экономикалық саясаттың арқасында жағдай біршама түзеліп, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы дұрыс рельске түсті. Дүние жүзілік қаржылық дағдарыстан да өте алдық. Ұлттық валюта мемлекеттің әлеуметтік саясатында, зейнетақымен қамтамасыз етуде, жұмыс орындарын ашуда, жастар саясатын жүргізуде аса маңызды рөл атқарды. Әлеуметтік саясат дегенде арзан тұрғын үй құрылысын қаржыландыруды меңзеп отырмыз. Қазіргі таңда өндірістерді құру Үкіметтің салық саясатына және қарыз пайыздарын азайтқысы келмейтін банктерге тікелей тәуелді. Тіпті көпшілікке кеңінен тараған ипотекалық бағдарламаның өзі өсімқорлық пайыздардың кесірінен мықшыңдап жүрмей отыр, ал бұл пайыздар орташа дәулеті бар қазақстандықты кедейлендіріп, коммерциялық банктерге асқан пайда түсіруде. Қазір кез келген адам бұқаралық ақпарат құралдарынан, ғаламтордан көптеген дамыған елдердің банктері өздеріндегі онсыз да төмен несие үшін сыйақы тағайыншамасының пайыздарын одан әрі азайтып жатқанын көріп біле алады. Ал кейбір мемлекеттердегі, мысалы Жапониядағы банктер қарыз пайыздарынан бас тартуда. Сондықтан да біздің кәсіпкерлер мен банктердің әлеуетті деген тапсырыскерлері қазақстандық ақша рыногына сақтықпен қарайды. Бір адамды өмір бойы, бірнеше адамды ұзақ уақыт алдауға болады,  ал бірақ ешкім де бүтін бір халықты алдап көрген жоқ деген тәмсіл де бар ғой.

Қазіргі кезеңде Қазақстан дәйекті түрде көтеріліп келеді, бұл
ішінара, өнеркөсіп өндірісінің, жалпы өнімнің өсуімен
расталуда. Жеңіл, тамақ өнеркәсібі, машина жасау өркендеп келеді. Кәсіпорындар қаз тұрып не болмаса қайта бейінделіп келеді. Әрине, жүмыссыздық бар, бірақ та белгілі бір
мамандықтар бойынша жұмыскер кадрлардың
жетіспеушілігі де орын алып отыр. Бұл экономиканың тіріліп,
өркендей бастағанын білдіреді. Республиканың келешегі
үшін Ұлттық Даму қоры құрылды. Яғни, біз қазір нағыз тәуелсіз мемлекеттің дербес шаруашылық және қаржылық саясатын жүргізіп келеміз. Бірақ та біраз уақыт өткеннен кейін біз Европаның көптеген елдері сияқты бірыңғай валютаға оралуымыз ғажап емес.

Мемлекет болса еліміздегі қарапайым адамдар жағына шығып, қатардағы азаматтарды теспей сорғандардың аптығын біртіндеп басып жатыр. Соның нәтижесінде экономикамыз нығайып келеді. Қазір құдайға шүкір, теңгеміз құнтұрақтылы, оны өткенде Бас банкир Марченко да Елбасымызға баяндап берді. Алтын-валюталық резервіміз 50 миллиард долларлық межеге жетіп қалыпты. Ал, аяқ-қолы таңылған кәсіпкерлік қуат жанданса тәуелсіз республикамызды гүлдендірері хақ. Сонда ғана төл теңгеміз әлемнің ең нығайған валюталарының біріне айналатыны сөзсіз...

 

 

Паң дүниеге паң қарайтын парқым бар,

Сонда-дағы ақша алқымнан алқымдар.

Теңге деген жалт-жұлт еткен жарқырап

Орта ғасыр қоймасында алтындар.

 

Кең дүниені аяқасты тар еткен,

Кеше ғана шықтық кеңес-сәбеттен.

Теңге деген заманауи ақшасы

Бастау алған күмістелген мәнеттен.

 

Өркен жайсын өрелілер, өрістер,

Ел үшін тек дархан жүрек ер істер.

Теңге деген кезіндегі түркілік,

Саманаидтік сары мысты фельстер.

 

Ақшам көпте шаштым, жұртқа сыйладым,

Ақшам азда кең дүниеге сыймадым.

Теңге деген Сыр бойына жиналған

Тимуридтік мыс жалатқан динарым.

 

Ақша жоқта бейшара ғой, бір кем дер,

Ақша молда ақтарылар жыр-кендер.

Теңге деген әміршілер қолданған

Отырарлық, Испиджабтық  дирхемдер.

 

 

Ақшам, туым, елтаңбам ғой - үштаған,

Осы үшеуі беретіндей күш маған.

Теңге деген шекіме мен бақырды

Ұлықбек пен Әл-Фараби ұстаған.

 

Сондықтан да Әл-Фараби суреті

Түсті тұңғыш теңгемізге - құрметі.

Хайролладай суретшіге содан да

риза халқы, риза бүткіл үрметі.

 

...Қазақпыз ғой, шын достарға сенгеміз,

Қасарысқан қас дұшпанды жеңгеміз.

Тәуелсіздік рәмізіндей рәуішті

Жасай берсін жарқын жүзбен Теңгеміз!

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5351