Жұма, 29 Наурыз 2024
46 - сөз 6318 5 пікір 11 Тамыз, 2020 сағат 16:04

Жапония дамыған елге қалай айналды?

Жапонияны үлгі қылып көп сөйлейміз де, қалай оның Еуропа мемлекеттерімен йық тірестірген өркендеген мемлекетке айналып, қалай осындай деңгейге жеткенін көбіміз біле бермейміз.

Жапонның Муцухито дейтін императоры болған. Күншығыс елін басқарған 122-ші император екен ол. Осы Муцухитоның кезінде «Мейдзи реформасы» деген атпен тарихта қалған үлкен реформа жасалды. Жапония оның алдында әртүрлі кландарға бөлінген, үнемі бір-бірімен бәсекелесіп, ырду-дырду болып жатқан бытыраңқы ел болатын. Ешқандай перспектива жоқ, мемлекеттің болашағы қандай болатынын ешкім білмейтін. Әркім өзінің қара басынан аса алмай жатқан дәл осындай уақытта, 1868 жылы жапондардың буржуазиясы («Мейдзи төңкерісі») революция жасап, билікке келеді. Өздері кейін оны «білімділер үкіметі» деп атап кетеді. Бұлар билік пен бұқараның арасындағы алшақтықты жойып, халық пен билікті жақындастырады.

Жапония өз ішінде қырықпышақ болып жатқанда, жаңа елдерді жаулап алуды көздеген еуропалық державалар оларға көз тігіп жүреді. Бір-бірімен жауласқан елді бәрі басып алып, бодан қылып алғысы келетін. Бұл кезде Жапонияны Токугава әулетінен шыққан Есинобу дейтін император басқарып тұрған. Елдің қандай тығырыққа беттеп бара жатқанын көрген император осы кезде өз еркімен тақтан бас тартып, екі жақ келіскеннен кейін билікті ол император Муцухитоның қолына өткізіп бере салады. Жапонияның үлкен держава болуы – осы Муцухитоның тұсындағы қолға алынған реформалардан басталды. Бұрын жік-жікке бөлініп, әрқайсысы өз бетінше билеп-төстеп жүрген жапонның үлкен әулеттері императордың елді өзгертісі келетін жалынды сөзінен кейін жаңа қоғамнан өз орнын тапқанша асығып, бәрі оның әр ісіне елеңдеп отыратын болды. Осы бір тарихи оқиға жапон қоғамына үлкен өзгеріс алып келіп, император, жапон халқы, жапон аралы дейтін ортақ ұғым қалыптастырып, ұлтты ұйыстырып жібереді. Осының арқасында ұзақ жылдар бойы ішкі қайшылықтан көз ашпай, оқшауланып қалған жапон қоғамы аз уақытта үлкен өзгерісті бастан өткерді.

«Император Муцухиотоның уәделі сөзі» дейтін қарар қабылданады дәл осы кезде. Бұл да Жапонияның өркениетті елдердегі техникалық прогреске ілесіп, тез арада өндірісті дамытуына жол ашты. Осы құжатта жапондардың адамзаттың жетістігі мен ілім-білімді тиімді пайдалану жағы қатты ескеріліпті. Жапондар содан білім деңгейі жағынан 1870 жылдары әлемдегі озық мемлекеттердің бірталайын артта қалдырады. Жапондар білім беру мәселесінде адамды патриот қылып шығару жағына аса мән берген. Тағы бір жетістігі – олар сол кездегі ғылым жетістігін, ғылым салаларын өз тілінде оқытты. Кейбір пәндерді шет тілінде оқытқысы кеп жанталасқан біздегі олақ шенділердің әрекетімен салыстырып көріңіз.

Біздегі білім – ұлттық тәрбиеден жұрдай болған білім сияқты. «Тәрбиесіз (ұлттық) берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп бекер айтпаған ғой.

Мэйдзи реформасындағы үшінші бөлімде кәсіпкерлікті жан-жақты (біздегі рейдерлікпен салыстырыңыз) дамытуға үлкен көңіл бөлді. Кәсіппен айналысқысы келген адамның өз бетінше тауар өндіріп, бизнесін дамытуына бар жағдайды жасайды. Дәл осы пункттің арқасында Жапония индустриализацияға жол ашып, бірер жылда Европа мемлекеттерін қуып жетті. «Ескіліктен қалған жаман әдеттерді» (біздегі коммунистерге қараңыз) жойып, заң бойынша әділ басқаруға көшуді ұсынады төртінші бөлімде.

Жапонияның барынша ашық ел болып, білімге көп көңіл бөлетіндігін осыдан кейінгі бесінші бөлімде ерекше атап өткен. Осындай реформаның арқасында Жапония қазіргідей дамыған елге айналып, артта қалған аграрлық мемлекет аз уақытта өндірісі дамыған елдерді қуып жетеді. Мэйдзи реформасы самурай, кнәздардың атағын алып тастап, бәрін заң алдында теңестірді. Жапонияны әлемдегі ең озық мемлекетке айналдырған бұл реформа туралы айта берсең әңгіме бітпейді. Бір кездері феодалдық мемлекет болып, айналдырған 20-30 жылда Еуропа елдерімен бәсекелесетін өндірісі дамыған, танк, кеме, көлік, мылтық шығаратын қуатты мемлекет құрған императордың бұл реформасы шынымен де керемет болды!

Жолымбет Мәкіштің жазбасы

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2279
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3596