Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 4133 12 пікір 14 Тамыз, 2020 сағат 16:38

Мен неге өндіріс ашпадым?!

Бұл мақаланы, жазсам ба, жазбасам ба?, деп көп ойландым. Себебі, мен айтпақшы мәселе өзімнің істеп отырған кәсібіме, жеп отырған наныма және әріптестерімнің мүддесіне тікелей байланысты.

Егер, ғайыптан тайып, Үкіметтің менің жазбама көзі түсіп, көңілі  бөлініп, жалған жарамсыз тауарларды шектеп, ішкі өндіріске жол ашып жатса, «Құрттың атын жаңылтып малта қойып» жүрген әріптестерім мен менің уақтылы қиындығым оның қасында неге тұрады?!.

Осы ой мені: «Қой, жазайын! Өз көрген-білгенімді қорытып,  ұсынысымды айтайын. Бір пайдасы тиіп қалар...», деген байламға келтірді.

Мен Қытай Халық Республикасының атақты университетінің бірі саналатын Нанкайдан экономика мамандығын тәмамдадым.

Шыңжаң Сыртқы экономика және сауда басқармасының Ұлттық компаниясында екі жыл жұмыс істедім. Сосын, өз қалауым бойынша «Жаңа әуен» деген шоу бизнес орталығын құрып, оннеше жыл продюсерлікпен айналыстым. Талай таланттың көзін ашып, әнші-күйшілердің тұсауын кестім. Қазақстанның жарқ еткен жарық жұлдызын Қытайға шақырып, бүкіл Шыңжаңның қазақ қоныстанған өңірлерін аралап жүріп концерт қойдым. Сол кәсіптен өз нәпақамды айырып отырдым, жұлдыздардың да  қалтасын қампайттым. Сөйтіп, жұмысымды дөңгелетіп, Қазақстан мен Қытайдың арасындағы мәдениетке алтын көпір болдым.

2014 жылы алаулаған асқақ сезіммен Атажұртқа біржола оралдым. Елге оралғаннан кейін продюсерлікті қойып, «Жібек жолы шоу техника» компаниясын құрып, концерт және басқа іс-шараларға қызмет өтейтін (дыбыс аппараттарын, жарықтандыру құрылғыларын, LED экрандарды  жалға беру) жұмыспен айналыстым.

Міне, табаны күректей бес жыл болды. Байқағаным – бұл саланың майлы жілігі мемлекеттік мекемелердің қолында екен.

Сондықтан, жұмыс барысында жеке тұлғалардан гөрі, мемлекеттік мекемелердің жұмысын көбірек жасадық.

Жасыратыны жоқ, соңында мемлекеттік мекемелердегі таныс-тамырлық пен монополиядан шаршадық. Табан ет, маңдай теріңмен табатын пайдаңның жартысын болмаса да, үштен бірін бөліспесең, әрі қарай жұмыс істеу мүмкін емес екен. Тек, бірнеше компания ғана мәдениет тарауларымен, «тонның ішкі бауындай» болып алған, жұмыс солардан аспайды. Бұндай ынсапсыздық пен монополия тұрғанда, бұл саладан өсіп-өркендемейтініме менің көзім әбден жетті.

Сонымен, «Қой, бүйтіп жүре бермейін! Еліме есе қосам деген арманмен бар дүниемді арқалап келдім. Бұндай езбе тірлікті доғарайын да, басқа тірлікке көшейін!», деген бекімге келдім.

Жұмысты басқа арнаға бірден бұру да оңай болған жоқ. Өзім білген жұмыстың негізінде, Қазақстанда ашылмаған «Дыбыс аппараттарын» (колонка және микрофон) өндіретін цех ашуға бекіндім. Сосын, зауыт құратын орынды таптым, өндіретін өнімнің өзіндік құнын есептедім. Былай, жаман емес, қосалқы бөлшектерін Қытайдан сатып алып, оны Қазақстанға жеткізу сәл уақыт алады, жол шығынын талап етеді демесеңіз, өнім соншалық қымбатқа түсіп тұрған жоқ. Қытайдың өзінің түпнұсқа өнімдерінен арзанырақ болайын деп тұр. Арзан болатын себебі, Қытайда бұрынғыдай емес, бәрі қымбаттады. Мысалы, еңбеккүші бізден 50-100%-ға  қымбат. Жердің сатылу бағасы, зауыт қоятын орынның, қойманың жалдау ақысы, Үкіметке тапсыратын салық – барлығы бізден жоғары.

Ендігі мәселе – осы өндірген өнімді қалай сатылымға шығару?

Осы мәселеге жауап табу үшін, арнаулы маркетинг зерттеуімді бастадым. Алдымен, Алматы қаласындағы Ялян базарына барып, өзімнің өндірмекші болған өніміммен ұқсас тауардың бағасын, сапасын және бәсекелестерімді зерттедім. Бұндағы самсап тұрған дыбыс аппараттарының барлығы көрші Қытайдан келген. Олар – ілеуде біреуі ғана Қытайдың түпнұсқа өнімдері болмаса, негізінен түгелі дерлік маркасы ұрланған жалған тауарлар. Американың, Германияның, Жапонияның, Англияның әлемдік брендтері. Кәдімгі әлемге таныс «JBL Dynacord», «Electrovois», «Shure», «Sennheiser» «Yamaha» «Soundcraft»  маркалы колонкалар, микрофондар және пульттар. Былай қарағанда, сырты жалтырап,  түп нұсқадан түк айырмасы жоқтай болып тұр. Бағасы да арзан. Менің өндірмекші болған тауарымның бағсының аржақ-бер жағында.

«Енді бұлармен қайтып бәсекелесеміз? Бұлар дубликат (жалған), сапасыз болғанымен, маркасы әлемге әйгілі, атағы жер жарған брендтер. Ал, мен тыңнан бастағалы тұрмын. Және тұтынушылардың «Отандық өнім» десе, сенімсіздікпен мұрнын шүйіріп қарайтын жері тағы бар. Бағасын бірдей қойсам, менің тауарымды кім ала қояды? Мүмкін, ең арзан қосалқы бөлшектерді салып, өзіндік құнын төмендетіп, олардан арзан сатармын. Сөйтіп, ақырындап клиенттерді өзіме қаратып алсам, бір жөні болар...», деп, бір түйдім.

Ары қарай, клиенттің жағдайын бағамдауға көштім. Оны да біраз уақыт зерттегеннен кейін, қорытынды шықты. Бұл  дубликат (жалған) тауарлардың тұтынушылары (клиенттері) негізінен мыналар екен:

Бірінші, «Дыбыс аппараттарынан» мүлдем бейхабар, тойхана, кафелердің иелері. Олар, сатушының айтқаны бойынша, тауар белгісінің атына жығылып, сатып алады.

Екінші, Кәсіптік адамдар. Бұлар, түпнұсқа тауар алуға шамасы жетпейтін, «көрпесіне қарай көсілетіндер». Олар дубликат (жалған) екенін біле тұра, тек брендтік эфектісіне қызығып, мақтаныш үшін бола сатып алады.

Үшінші, Мемлекеттік мекемелер. Бұнда екі түрлі клиент бар. Бірі – тек, тауардың мінездемесі қағаз жүзінде дұрыс болса болды. Бастысы – бағасы арзан болса, сатып ала беретін клиент; енді бірі – тапсырыс беруші орынның басшысы тапсырыс алушымен «балық үндес, бақа тілдес болып», алдын ала келісіп, түпнұсқа тауардың бағасын беріп, орнына 10 есе арзан дубликат тауарды сатып алып, кәсіпкермен ақшаны бөлісіп алатын клиенттер.

Сөйтіп, клиенттердің де жағдайын білдік.

Маркетинг зерттеуімнің нәтижесі бойынша, «брендтік эфектісіне» байланысты, менің өнімімнің бәсекелік қуаты базарда тұрған «тауарлардан» сөзсіз төмен болатыны белгілі болды. Бірақ, сонда да үмітімді үзбей, менен талай шапан бұрын тоздырған, дыбыс апараттары саласының жілігін шағып, майын ішкен, қытай танысым бар еді. Ол  Қытайдағы дыбыс аппараттарын шығаратын зауыттың қожайыны болатын. Содан бір ақыл сұрап көрейін, деп шештім. Осылайша, өзімнің ойымды айттым.

Оның ақылы былай болды:

«Әлемдік брендттерді ұрлап, жалған тауарлар өндіруге, оны ашық әшкере сатуға шектеу қоймайтын мемлекеттерде бренд жасау мүмкін емес! Бұл «өнімдер» базарда тұрғанда, «бренд эфектісі» жоқ ұқсас тауарлар сатылмайды. Сен өніміңді танымалы бренд жасау үшін, алдымен мемлекетің қолдауы керек. Жалған брендтерге ең арзан қосалқы бөлшектер пайдаланылады. Бренд  елдікі болғаннан кейін, сатушы оның атақ-даңқын қорғамайды. Тауар өтпей қалған күні басқа жұмысқа ауысады. Көптеген мемлекеттер бұған жол қоймайды. «Жалған брендтер» тек Сіздің мемлекет секілді сатуға шектеу қоймайтын мемлекеттерде ғана сатылады!», деді.

Сонымен, «Өз өнімін өзі қорғамайтын елде өндіріс ашқаныңмен, өрісің кеңеймейді», деген қортынды шығардым.

Енді ел қалай көшсе, солай көшіп, ептеп-септеп ел қатарында жан баға берейін деп шештім. Басқа амал жоқ екен!

Құдай біледі, бұндай жағдай мен сияқты «Отандық өнім өндірсем бе?», деп ойланған талай кәсіпкердің басынан өткені даусыз. Жалған тауар, тек электронды өнімдерде ғана емес, киім-кешек, ыдыс-аяқ, қосалқы бөлшек, спорттық тауарлар т.б салалардың бәрінде толып тұр. Менің неге өндіріс ашпаған себебімді енді түсінген боларсыздар!

Менің ұсынысым:

Қазақстанның өндірісі, бүкіл әлемдік өндіріспен салыстырғанда, әлі балиғатқа толмаған баланың күйінде тұр. Оның әлі бәсекелік қаблеті жоқ. Ат жалын тартып мінуге жасы жетпеген баланың ата-ана қамқорлығына мұқтаж болатыны секілді, қазақстандық өндіріс те мемлекеттің қорғауына зәру.

Сондықтан, мемлекет, бірінші, өз өндірушілерін қолдап, көршінің көлеңкесін түсірмей, өз отауының орда болуына шарт әзірлеу керек.

Өз өндірісін қорғау мен қолдаудың «Ұлттық қауіпсіздік» екенін осы жолы пандемия барысында сездік деп ойлаймын.

Францияда бір балауыз шам өндіретін зауыт: «Біздің кәсіпорынымыз «Күн» деген теңдессіз сыртқы күштің кедергісіне  жолықты. Сол үшін, не Күннің көзін тосып бер. Не болмаса, тұрғындардың үйінің ішіне Күн сәулесі түспейтін етіп, есік-терезесін тұмшалап тастауға құқық беретін заң қабылдаңдар! Әйтнесе, балауыз шамдарымыз сатылмай, кәсіпорнымыз «банкрот» болатын болды!», деп, Парламентке хат жазыпты дейді-мыс.

Сол айтпақшы, біздің өндірушілер Үкіметтен Күннің көзін тосып берсін демейді. Ең бірінші, шетелден келетін жалған тауардың жолын кессе деп армандайды. Базарда тұрғанын базарда көзін құртып, көршінің көлеңкесінен құтқарар ма екен деп үміттенеді...

Егер, осы өтініш пен тілек орындалып жатса,  отандық өндіріс жауыннан кейінгі жауқазын құсап дүр ете түскелі тұр!

«Жақсыға басын айтса, аяғын өзі біледі!» деуші еді ғой біздің дана қазақ. Мүмкін, Үкімет өзі де отандық өнім өндірушілер мен өнімдерді  қолдау мен қорғаудың кешенді шараларын дайындап жатқан шығар?!

Ербосын Нұрмұханұлы,

Экономист, кәсіпкер.

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5532