Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3551 0 пікір 14 Желтоқсан, 2011 сағат 07:16

Серік Ерғали. Соғым басы немесе қыстың алғашқы күні

Қазіргі дәстүрге салсақ, жаңа (жас) жыл қыста кіреді, ал қазақ ұғымы бойынша қыста «кәрі құда келіп әлек салады». Абай мұны айтқанда, қазақтың ғана емес, кемінде ондаған ғасырлық тегі бар танымға сүйеніп отыр. Ата қазақ жылды рухани-пәлсапалық жағынан бір біріне қарсы екі маусымға - алты ай қыс пен алты ай жазға  бөлгенімен, тіршілік маусымын 4-ке жіктеген [1]: жазғытұрым (көктем), жаз, күз, қыс. Аңдап қарасақ, қазақтан (түркіден) басқа ешбір этноста Табиғаттың жыл маусымдарына қарай болатын құбылыстарын сипаттайтын атау жоққа тән: қыста Табиғат «қысылады»; жазда - «жазылады»; күзде - «күзеледі», ал көктемде - «көктейді»! Әрбір жыл маусымы - 90 күннен тұрады, қалған бес күн «қонақ» аталып, соған сәйкес «Бесқонақ» мифі қалыптасқан. Тіпті, елдің батысындағы қазақтар [3]  жыл сайын 13-18 көкек арасын әлгі «бес қонақтың»  меймандайтын күндері ретінде ауа райының бұзылысын әлгі мифтік-астрологиялық құбылысқа балайды: сол күндері кәдімгідей, көктем шықса да, қар аралас жаңбыр жауып, кейде борандатып, бірде найзағай ойнап, бұршақ жауатын кездері болады. Қысқасы, бұл бес күнде Табиғат өзінің жылдық мінезінен «миниспектакль» көрсетеді. Алайда, климаты өзгерген қазіргі уақытта мұның бәрі бола береді деу қиын.

Сөйтіп, жылдық Уақыт төрт тоқсанға бөлінеді және әр тоқсанның өзіне тән жастық маусымына сәйкестігі байқалады. Жыл басталатын жазғытұрымның «көктем» аталып, Табиғат көктеу үдерісіне кіріссе, одан соң жаз келгенде жансыз заттың өзі бойын «жазып», күн жылынғанда көлемін ұлғайтатыны физика ғылымынан белгілі. Күзде Табиғат біткен барлық өсу-өркендеу үдерісін тоқтатады да, малдың жүні түгілі, өсімдік біткен жапырағынан арыла бастайды - күзеледі. Ал қыста барлық үдеріс қаңтарылады. Қыстың нақ ортасын қазекең «қаңтар» деп айдар таққаны да содан.

Таң қаларлығы сол, бұл таным мамандардың есебі бойынша бұдан 5-6 мың жыл бұрынғы делінетін, [3]  Алматының солтұс-батысындағы 170 шақырым жердегі Аңырақай тауындағы жартаста қашалған ежелгі суреттерде бейнеленген. Онда күн дидарлы адам кейіпті тұлға (бұны «Тәңір» аталып жүрген жарқын күш деп пайымдаймыз) мен түн дидарлы  - Іңір (бұл қазақ ұғымында күн батқаннан кейінгі кеш түскен уақытты білдіретін ұғым түрінде қалған) ортасында сағат тіліне қарсы бағыт бойынша Сиыр  жылының 4 маусымы бейнеленген: жаңа туған бұзау, оның үстін ала баспақ жайылып тұр, ал оның сол жағында семіз де мүйізі қарағайдай  ірі бұқа Тәңірге қарап тұр да, оның астын ала мүйізі түскен, ауру да көтерем сиыр тәлтіректеп тұр. Бұл сәйкес түрде бейнеленген жылдың төрт мезгілі - көктем, жаз, күз және қыс.

Бұл қашама суреттен «Жаңа жылдың» неге көктем болғандығы да осыдан түсінікті, өйткені, көктемнің нышаны - жаңа туылған төл! Жоғарыдағы қыстың кейпін көрсетіп тұрған көтерем сиыр Жылдың қартайған, өлер шағын бейнелейді: қар кейпіндегі бар (материя) еріп жоғалады, Кеңіс «қысылады», Уақыт «қаңтарылады». Қазақ танымындағы Қыстың кәрі бейнесі о бастан келетін дәйекке негізделген. Ендеше, кәрі қыста Жылдың туылуын мерекелеуімізге жол болсын!..

Бұл ежелгі пайымға қарап, бір жылдық уақыт толық ғұмырдың төрт кезеңін сипаттайтынын аңғаруға болады. Күні бүгінге дейін елдің батыс аймағы 90 күн қыспен 13-наурызда қоштасып, [3] астрологиялық Жаңа жылды 14-не қарсы алып келеді. Сол секілді, шамамен алғанда, 14 желтоқсан - қыстың алғашқы күні болып есептеледі. Бұған дейін қазақ күздік сойып, «ықтырмамен отырып» күн өткізсе, аталмыш күннен былай қарай соғым союды қолға алады.

Халқымызда желтоқсан айының ортасынан басталатын [2,3] «Соғым» (кей жерлерде «Соғым басы») аталатын ірі малды сою рәсімі бар. Алайда, біз оның тек қана тұрмыстық-шаруашылық мәніне үңіліп жүрміз. Шын мәнінде ол - ежелгі замандардағы он екі жілікке бөлшектеу арқылы «Жіліктеме» үлестіру жоралғысы. Мұсылманша айтқанда - құрбандық. Бертін келе ол таза тұрмыстық мазмұнға айналып, қысқа ет әзірлеу үрдісі болып кетті. Басқа жағынан алғанда, Соғым Наурызда «туған» Жыл кейпінің ғұмыр кешіп біту ғұрпын паш еткен болуы керек. Жылдық киенің  кейпі бір жағынан ғаламдық ұлы Құдыретке соғым-құрбан болады да, дүниені ескі жыл ретінде есіркейді. Міне, осылайша соңғы үш ай бойы «өлім» үдерісін бастан кешкен ескі Жыл, қыста аппақ әруақ-қарға айналып келмеске кетеді де, оның аласапыранынан (топан суынан)  Наурызда жасыл шөп немесе жас төл атрибуты болып табылатын Жаңа Уақыт (Жыл) туылады.

Жылдың бұл жазғытұрғы маусымы қазақтарда Жылтоқсан [1] аталған. Бұл, сірә, жылдық айналым межесін айқындайтын түркілік термин болса керек. Ал, жылдың өзге маусымдары ретімен әр тоқсанына [1] сәйкес  - Жазтоқсан, Күзтоқсан және Желтоқсан аталады. Жалпы қысқы маусымның «желтоқсан» аталуына қарап, өзге тоқсандардың да сәйкес апаттық (стихиялық сипаты) барлығын аңғару қиын емес. «Желдің» басқаша атауы - ауа. Қысқы қар еріп, айналаны көктемде сел басатыны, қызылсу жүріп, аласапыран болатынын Су апатына балаған абзал. Ал, шөп шығып, малға қолайлы жазғы маусымға сәйкес - От, бұл сөз о бастан қуат, қорек ұғымдарына мәндес, тіпті, қураған шөптің жазғы өрт көзі екендігі де белгілі; ал күзде жыл бойғы өсіп-өнгеннің бәрі күзеліп, Топыраққа айналады. Осы аңғарылған жайтқа қарай отырып, Жыл маусымдары төрт апаттың кейпін де тоқсан күн бойы «киім» ететіні шығады.

Келтірілген дәйектерді қорыта келе, түркілік жыл маусымдарының терең мазмұн мен танымға толы екеніне көздің көбірек жететінін жасыру қиын. Ата-бабамыз таныған Жыл-Уақыттың әрбір құрамтасы (компаненті) мен сипаты барынша шүйгін, мейлінше бай. Соны бүгінімізге жарата алсақ, қанеки! Соғым шүйгін  [2] болсын, ағайын!

Серік Ерғали,

Этнограф, мәдениеттанушы

«Абай-ақпарат»

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Ақселеу Сейдімбек, «Қазақ әлемі», «Санат», 1997

2. Сейіт Кенжеахметұлы, «Қазақ халқының салт-дәстүрлері», «Алматыкітап» 2007. - 284 бет.

3. Серік Ерғали, «Нау мен ырыс», «Қазығұрт», 2011. - 184 бет

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5511