Еркебұлан Әлімханұлы. Қазақстанда хаос болуы мүмкін бе?
Қазақ қоғамының бөлшектенуі, ұлтшылдар мен шовонистердің, әсіредіншілдер мен дәстүрлі қауымның, билік пен демократтардың арасының алшақтауы бір-біріне қарсы әлеуметтік топтардың көбеюі күн өткен сайын асқынып отыр. Мұның арты жақсылыққа апармасы анық. Өйткені оларға басу айтар аузы дуалы кісілердің қарасы азаюда, елдің басын біріктіріп бүкіл халыққа жол көрсетер жас лидер саясаткер де байқалмайды. Оның үстіне өткенімізге көз жіберсек те әр ғасырдың алғашқы ширегінің аяғы біз үшін ауыр болғанын көреміз. Осылайша тарих, тұлға және халықтың мінез-құлқын ескере отырып, жасалған сараптамаға сүйеніп «алдағы уақытта Қазақстанда үлкен өзгерістер, ашығын айтсақ, хаос орын алуы мүмкін» екендігін көреміз. Әрине, бұл үдеріс пост Назарбаевтық кезеңге сәйкес келеді. Мұндай тұжырым жасауға қоғамның қазіргі беталысы мен тарихтың даму динамикасы да негіз болды.
ТАРИХ ТАҒЫЛЫМЫ
Айрандай ұйыған халық пен бейбітшілік және салыстырмалы түрде тұрақты даму Назарбаевтық Қазақстанның ерекшелігі саналады. Егер қазақ халқы өз атымен тарих сахнасына шыққаннан бергі кезеңге қарайтын болсақ Қасым ханның, Тәуке ханның және Абылай ханның (ішінара) заманында дәл осындай қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманның орнағанын көреміз. Ал олар биліктен кеткен соң үлкен аласапыран орнап қазақ халқының тоз-тозы шықты...
Қазақ қоғамының бөлшектенуі, ұлтшылдар мен шовонистердің, әсіредіншілдер мен дәстүрлі қауымның, билік пен демократтардың арасының алшақтауы бір-біріне қарсы әлеуметтік топтардың көбеюі күн өткен сайын асқынып отыр. Мұның арты жақсылыққа апармасы анық. Өйткені оларға басу айтар аузы дуалы кісілердің қарасы азаюда, елдің басын біріктіріп бүкіл халыққа жол көрсетер жас лидер саясаткер де байқалмайды. Оның үстіне өткенімізге көз жіберсек те әр ғасырдың алғашқы ширегінің аяғы біз үшін ауыр болғанын көреміз. Осылайша тарих, тұлға және халықтың мінез-құлқын ескере отырып, жасалған сараптамаға сүйеніп «алдағы уақытта Қазақстанда үлкен өзгерістер, ашығын айтсақ, хаос орын алуы мүмкін» екендігін көреміз. Әрине, бұл үдеріс пост Назарбаевтық кезеңге сәйкес келеді. Мұндай тұжырым жасауға қоғамның қазіргі беталысы мен тарихтың даму динамикасы да негіз болды.
ТАРИХ ТАҒЫЛЫМЫ
Айрандай ұйыған халық пен бейбітшілік және салыстырмалы түрде тұрақты даму Назарбаевтық Қазақстанның ерекшелігі саналады. Егер қазақ халқы өз атымен тарих сахнасына шыққаннан бергі кезеңге қарайтын болсақ Қасым ханның, Тәуке ханның және Абылай ханның (ішінара) заманында дәл осындай қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманның орнағанын көреміз. Ал олар биліктен кеткен соң үлкен аласапыран орнап қазақ халқының тоз-тозы шықты...
1598-1511 жылдар арасында билік құрған Қасым хан жаңадан құрылған хандықтың шекарасын кеңейтіп, халқының санын миллионға жеткізді. Қазіргі Қазақстанның шекарасы сол кезеңде алғаш рет қалыптасты. Алайда Қасым хан көз жұмғаннан кейін, оның орнын басар жөні түзу мұрагер шықпай, ымырасыз тақ таласының кесірінен Қазақ хандығы жоғарыдағы жетістіктердің барлығынан айырылып, шөкімдей жерге ғана иелік етті.
Тәуке ханның тұсында Алты Алаш аталып, қарақалпақтар мен қырғыздарға да сөзі өтетін хандыққа айналды. Ең бейбіт кезеңін басынан өткерген қазақтарды алда тарихындағы ең бір қанды кезең «Ақтабан шұбырынды Алқакөл сұлама» күтіп тұрды. Тағы да сол бірліктің жойылып, әр аймақта өз хандарының шығуы бұл қырғынның басты себебі саналады.
Араға жарты ғасырдай уақыт салып ыдыраған қазақтың басын Абылай хан біріктірді. Алып екі империяның ортасында қазақты құтқарамын деп жан таласқан айбарлы ханның арқасында елдің іргесі қайта жиылды. Әттең, Абылай ханнан кейін заманына лайық хан тағы да шықпады. Бұл жолы қазақ халқы тәуелсіздігінен айырылып, бұдан кейін үш жүздің басы тәуелсіз ел ретінде екі ғасыр өткеннен кейін ғана қосылды.
Егер жоғарыдағы үш хан заманымен қазіргі кезеңді салыстырсақ, онда «Назарбаевтан кейін қазақтарды тағы да бір ауыр уақыттың күтіп тұруы мүмкін екенін көреміз». Бұлай болжам жасауымызға басқа бір тарихи дәлел де әсер етіп отыр. Әр ғасырдың 20-40 жылдары арасында қазақтар мекендеген территорияда үлкен өзгерістер орын алып отырған. Бұл өзгерістер кішігірім дүмпулермен жалғаса отырып ғасырдың ортасынан кейін саябырсып басылған.
1515-40 жылдары жоғарыда айтып кеткен Қасым ханнан кейінгі қырғын, 1620-40 жылдары Есім хан мен Тұрсын ханның арасындағы тартыс, 1720-40 әйгілі «Ақтабан шұбырынды» мен хан-сұлтандар арасындағы тақ таластары, 1825-45 хандық биліктің жойылуы мен патшалы Ресейге қарсы көтерілістер, 1916-40 түрлі соғыстар мен «қызылдардың қырғыны» орын алды. Алда ХХІ ғасырдың 20-шы жылдары келе жатыр...
Жоғарыдағы қателер үшін кімді кінәлаймыз? Өздеріне лайықты мұрагер дайындай алмаған хандардан көреміз ба, әлде ынжық болып, елді игере алмаған мұрагерлерден көреміз бе немесе билікке қырқысқан шонжарлардан көреміз бе? Мүмкін бірлікті ұмытып халықты ыдыратқан, өз ақсүйектерін хан көтеріп шыққан беделді билер мен ақсақалдарды (идеологтар), болмаса ертеңін ойламай солардың жетегіне ерген халықты кінәлармыз? Кімді кінәласақ та өткен нәрсе өтті, болар іс болды, енді болашақта оның қайталанбауы маңызды.
СӨЗІ ӨТІМДІ ТҰЛҒАНЫҢ АЗАЮЫ
Егер тұлғаларды қарастыратын болсақ, бұл жағдайда да халіміздің мәз емес екенін көреміз. Келесі президенттің де халық арасында беделі жоғары болуы тиіс. Алайда бүгінгі ықтимал кандидаттардың арасында елдің барлығына (болмағанда 50 пайыздан астамына) сөзі өтетін тұлға көрініп тұрған жоқ. Әрине, «Назарбаевтың орнын басар адам жоқ» деуге келмес, өйткені «бірді туған халық мыңды да туады». Мұндағы проблема - сол орнын басар тұлғаларды халықтың барлық әлеуметтік топтарының жылы қабылдамауында жатыр. Яғни, Назарбаевтың сөзін немесе көзқарасын заңнан да жоғары санаған халық, келесі президенттің де пікірін солай санайды деуге илану қиын.
Өйткені, Қазақстан халқының арасындағы түрлі әлеуметтік топтарға жіктелу үдерісі күн өткен сайын артуда. КСРО заманында беті жабылған жүзшілдік пен рушылдық қайта түледі. Бұл дерт қоғамдық белең алып келеді. Оған соңғы жылдары шыққан ұлттық, діни, саяси, тілдік ерекшеліктерге байланысты ұйымдасқан топтарды қосыңыз. Бұл топтардың барлығы өздеріне жақын, өздері идеал тұтқан тұлғаның ғана сөзін орындайды, ал бөтен тұлғаның таланты, ақылы басқа да қасиеттері жоғары болса да оның сөзінің бұларға өтуі зор.
Оның үстіне билікке де халыққа да беделі бар зиялылар немесе сөзі өтімді ақсақалдар саны азайып кетті. Тәукенің заманында билер, Абылай заманында Бұхар бастаған жыраулар мен батырлар хан билігін шектеп отырды, олардың қате шешім шығармауын қадағалайтын еді. Хандар да маңызды мәселелерде олардың көзқарасын біліп алып шешім шығаратын. Назарбаев кезеңінде де мұндай идеолог ақсақалдар мен зиялылардың беделі жоғары еді. Елбасы олардың көңіліне қарай жұмыс жасауда, олармен санасып отыр, жасы жетпістен асып жығылған бұл ақсақалдардың бес-алтауы бірігіп ашық хат жазса елді бір дүрліктіретінін билік басындағылар біледі, сондықтан маңызды мәселелерде ақсақалдар қарсы болса аяғын тартады, яғни, ақсақалдар институты халық пен билік арасындағы көпір немесе бейресми парламент ролін атқаратын қазақ қоғамында. Ал бүгін Айдос Сарым мырзаның сөзімен айтсақ «белгілі топтарға емес, жалпы қазаққа бірдей сөзі өтетін ақсақалдар қалмай барады. Оның сыртында жалпы қазақстандықтарға (қазағы, орысы, басқасына) сөзі өтер адам жоқтың қасы.» Келесі президенттің тұсында көпір ролін атқаруы тиіс алды алпысты алқымдаған, соңы қырықтың қырқасына шыққан зиялылардың арасынан жалпақ халыққа сөзі өтімді адамды табу қиын.
Кім бар? Олжас Сүлейменовтың, Қадыр Мырзалиевтің, Қабдеш Жұмаділовтың, Софы Сматаевтың, Мұхтар Шахановтың, Әбіштің Кекілбаевтың, Ақселеу Сейдімбектің, Салық Зимановтың, Шерхан Мұртазаның, Мырзатай Жолдасбековтың т.б орнын басар кім бар?! Олардың орнын басар бүгінгі «қарасақалдарды санасақ» он саусағымыз толық бүгілмейтіні анық. Өйткені жоғарыдағы тұлғалар 70-80 жылдары халыққа кеңінен танылды, сол кездегі жастардың идеалына айналды, одан кейінгі зиялылар буыны идеалға айналар кезеңге келгенде КСРО ыдырап жастар жаңа бағыт, жаңа арнаға ауды, сол саланың жетекшілеріне тәу ете бастады. Ал «буыны КСРО-да қатып қалғандар» жастардың жаңа талабына жауап бере алмады, заман ағымына бейімделемеді, яғни, олар өздерін идеал тұтуы тиіс жастардан айрылып қалды. Нәтижеде жоғарыда айтып отырған проблема қалыптасып, тәуелсіздік жылдарында жетілген, ертең қоғамның негізгі қозғаушы күшіне айналғалы тұрған буынға сөзі өтер, арасындағы тентегін тияр, дұрыс бағыт көрсетер, биліктің жөнсіз қадамдарын ауыздықтар ақсақалдардың келесі шоғыры көрінбейді... Ал алдыңғыларының саны күн сайын азайып отыр.
ҚОҒАМДЫҚ ПІКІРДІҢ ӨЗГЕРУІ
Мұндай тыныштық кезеңнің болуын билік басындағы тұлғаның лидерлік қасиетімен байланыстырамыз, алайда мұндағы ең басты себеп қоғам түсінігінде, психологиясында және құрылымында жатқандығы анық. Өйткені қандай да бір ауыр кезеңді бастан өткерген халық тыныштықты тілейтіні белгілі. Ал ұазаққа созылған тыныштықтан кейін болса жаңа «қызықтар» іздей бастайды. Бұл кезде әлеуметтік жағдайдың жоғарылығы да, биліктегі адамның лидерлік қасиеті де тағы басқа ерекшеліктер де халыққа әсер ете қоймайды. Сондықтан тыныштық пен хаос кезеңінің ортаға шығуын адам табиғатымен байланыстыру керек сияқты.
Қысқаша айтқанда, «біраз уақыт тыныш заманнан кейін халық интрига іздей бастайды». 1940 жылдардағы қырғынды, сәл әріректегі зобалаңдарды, соғыстан берідегі қиындықтарды көзімен көрген халық құрамы, олардың шет жағасына куә болып өскен кісілер, ұдайы естіп өскен адамдар саны жыл өткен сайын азайып келеді. 1990 жылдардағы әлеуметтік қиындық кезеңінде «аш болсақ та соғыс болмасын, тыныштық болсын» деп үйінде отырғандар, басқаларды отырғызғандар да солар еді. Енді ұрпақ ауысуда, соғысты қырғын деп емес қызық деп білетін (теледидарға қарап) буын қалыптасып отыр.
Халық тыныштық кезеңнің аяғында интрига іздей бастағанда оларды тыныш ұстап тұру қиынның қиыны. Бұрындары іштей бөлінсе де қырқыспайтын әлеуметтік жіктер, ендігі жерде даулы мәселелерді шешерде бір-біріне қарсы келе бастайды. Аражік ұлғая түседі. Мұны шешуге бағытталған «кез-келген әрекет қарсы әрекет тудырады» (Ньютон заңы).
Қазіргі таңда ауызға алуды қойған Қазан төңкерісінің көсемі В.И. Лениннің «төңкеріс - билеушілер бұрынғыдай билеуді жалғастырған, ал халық бұрынғыдай басқаруды қаламаған жағдайда жүзеге асады» деген қанатты сөзі болушы еді. Дәл осы жағдай Қазақстанда және кейбір ТМД елдерінде көрініп отыр. Бұл елдерде түрлі-түсті төңкерістерге куәгер, «араб көктемінен» құлағдар, ішін демократияның желі кернеген халық саны көбеюде. Биліктегілер болса бұрынғы қалпын сақтап қалуға ұмтылуда, әрине көз қылып кейбір реформалар жасауда. Бірақ ақпараттық дәуірде халықты бұрынғыдай басқару мүмкін емес, кез-келген ақпарат бір сәтте бүкіл халыққа тарайтын, баспасөзді бақылау күннен-күнге қиындап бара жатқан бұл ғасырда ішінара реформалармен халықты алдау қиын... Оның айқын дәлелі парламент сайлауынан кейін Ресейде болып жатқан оқиғалар. Сондықтан билік пен халық арасындағы алшақтық та хаосқа апаруы мүмкін.
Қазақ қоғамында қалыптасып тұрған, өрбіп бара жатқан, асқынып отырған осындай ерекшеліктерге қарай отырып «хаос келе жатыр ма?» деген ойға қаласың. Ал оның болып болмауын ұлы төреші уақыт көрсетер, өтйкені қатып қалған, бір ғана ізбен ілгерілейтін үдеріс жоқ. Заман талабы, уақыт ағыны барлығын өзгертеді. Кейде орын алуы шартты құбылыстардың өзі аяқасты оқиғалардан кейін құбылып жататындықтан болашақты дөп басып айту мүмкін емес. Өйткені тарих тегершегінің қалай айналатынын алдын-ала білу қабілеті адамзатқа берілмепті. Кейде «тарих қайталанбайды» деп жатады немесе болуы шартты құбылыстардың өзі өзгеріп отыратынын жоғарыда айтып өттік. Сондықтан нақты осы құбылыс болады деп айтудан аулақпыз. Айтқымыз келгені қоғамның бөлшектенуін, өзі аз халықтың бір-бірін жау көруінің алдын алмасақ тарихтағы қателіктердің қайталануы ықтимал екендігін ескерту ғана еді. Тарих та бізге осы үшін керек емес пе? Өткендегі қателерден сабақ алып, болашақта оның қайталануына жол бермеу үшін.
«Абай-ақпарат»