Абайдың жас шағындағы бір өлеңінің тарихынан...
Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына!
Абай шығармалары мен ақын өмірбаянын арнайы зерттеуді ерте қолға алған М.Әуезов ақынның жас шағындағы өлеңдерін тауып жариялауда орыс классиктерін тексеретін әдебиет тарихы ғылымының әдісін басшылыққа алған. Өйткені, Абайдың ақындық биографиясына ерекше көңіл бөліп, оның балалық шағынан өмірінің соңғы жылдарында жазылған шығармаларының тағдыры туралы ойлануына орыс классиктерін зерттеудегі рет, тәртіп бойынша хронологиялық принцпке құрылған еңбектер себеп болған.
Орыс классиктерін зертеуші ғалымдар олардың архивінде сақталған шығармаларының жазылған жылдары бойынша топтап, хронологиялық ретімен ақындық өсу эволюциясын тексерудің өзгеше әдісін шебер қолданған.
Осы әдісті Абайдың ақындық биографиясын жазуда, шығармаларының қыр-сырын тануда басшылыққа алғанын М.Әуезов архивіндегі тезистері мен зерттеу еңбектеріндегі ғылыми пікірлері байқатады. Ол туралы М.Әуезов: «Ақын Абайдың шығармаларын барлық түгел бойында тексеріп, зерттеп шығудың бұл кітаптағы тәртібі (системасы) бүгінге шейін Абайды тану ретінде жазылған тексеру, сындардан әдіс жағында басқарақ болады. Ол басқашалық – орыс классиктерін тексеретін әдебиет тарихы ғылымының әдісіне байланысты», – деп алдағы зерттеу жұмысының әдісінен хабар беріп тұрғанын аңғартады.
М.Әуезов 1924 жылдың өзінде-ақ Абайдың қайтыс болғанына жиырма жылдығын атап өту барысында ақынның ғылыми өмірбаянын жазу мәселесін алға қойып, оны 1927 жылы жазып бітірген.
М.Әуезов 1933 жылы Абайдың толық шығармалар жинағын Қызылорда қаласынан кітап етіп бастырып шығарды. Сол кітапта Абайдың ғылыми өмірбаянының тұңғыш нұсқасын да жариялады. Абайдың толық жинағында 1858 жылы он үш жасында жазған "Фзули, Шәмси, Сәйхали" атты бір шумақ, төрт жолды өлеңі бар. Мұнда бала Абай – еліктеуші ақын. Абай құмарта көп оқыған, еліктеген, қадыр тұтқан ақындарының аттарын бала көңілмен:
Фзули, Шәмси, Сәйхали,
Науаи, Сағди, Фирдауси,
Хожа Хафиз – бу hәммәси
Мәдәт бер я шағири фәрияд, –
деп көлемі төрт тармақты бір шумақ өлеңмен медреседе оқып жүріп шығармаларын көп оқыған шығыстың жеті ақынын тегіс атап шығады. Бұл өлең Абайдың 1909 жылы жарық көрген тұңғыш өлеңдер жинағында, не Мүрсейіттен қалған қолжазбаларда да жоқ. Оны М.Әуезов ақын шәкірттерінен, анығырақ айтсақ Шәкәрімнің айтуынан жазып алып жариялағанын байқауға болады. Бірақ Шәкәрімнен жазып алғаны туралы биографтың зерттеу еңбектерінде анық мәлімет кездеспейді. Оған сол заманның саяси жағдайларының ызғары себеп болған тәрізді.
М.Әуезовтің еңбектеніп тапқан Абайдың жастық шағындағы көп өлеңдеріне күдіктенген филология ғылымдарының кандидаты Сәбит Нұрышев аты шулы жалалы мақала жариялаған. Орынсыз жаланы М.Әуезов "Лениншіл жас" газетінде өзіне тән білгірлікпен шебер әшкерелеген екен.
М.Әуезов: "...сол кездегі хат таныған адамдардың тірі қалған көпшілігі 1933-1940 жылдарға шейін өздері білгендерін берумен келді. Немесе солардың балалары әкелерінің жаттаған өлеңдерін жинаушыларға біртіндеп қосып бере берумен келді. Ал 1933 жылдың баспасын мен әзірлеген кезде сүйенгенім – жалпы кәрия емес, Абайдың бар өлеңін жатқа білген, бұрын өздері үшін көшіріп жаттап алып жүрген жақын шәкірттері болатын" –, деп Мағауия, Ақылбай, Кәкітай, Көкбайды атайды да Шәкәрім мен Тұрағұлды атамайды. Себебі немере інісі Шәкәрім 1931 жылы, ал баласы Тұрағұл 1934 жылы халық жауы деген жаламен нахақтан-нахақ атылып кеткен болатын. Сірә, жоғарыдағы "Фзули, Шәмси, Сәйхали" деген бір шумақ өлеңді Мұхтарға Шәкәрім өзі айтып берген сияқты сезіледі. Абайдың бар өлеңін жатқа білген басты шәкірті Шәкәрім бір өлеңінде:
Бұрынғы бәйітшіні білемісің?
Мен айтсам оның кім деп күлемісің.
Науаи, Сағди, Шәмси, Фзули бар,
Сайқали, Қожа Хафиз, Фердоусилар.
Бәйітші, елден асқан шешен болып,
Әлемге сөздің нұрын жайған солар, –
дейді. Осындағы үшінші, төртінші өлең жолдарында Абайдағы жеті ақынның: Фзули, Шәмси, Сәйхали, Науаи, Сағди, Фердоуси, Қожа Хафиздің Шәкәрімде дәл қайталануы жайдан-жай өз-өзінен бола қалатын ұқсастық болмаса керек. Жеті ақынның өзге шәкірттерінің бірде-біреуінің шығармасында баяндалмай, Шәкәрімде ғана аталуының өзінен көп жайдың құпия сырын аңғаруға болады. Демек, Абайдың жас шәкірт шағында шығарған бір ауыз өлеңін Мұхтар Әуезовке айтып беруші Шәкәрім болуы да әбден мүмкін. Шәкәрім Абай оқыған кітаптарды, олардың авторларын жақсы білгендердің бірі болған.
Абайдың «Фзули, Шәмси, Сәйхали» өлеңі әлі күнге дейін кейінгі басылымдарда ешқандай текстологиялық өзгеріссіз басылып келеді.
Әлімбай Найзабаев,
Дулати университеті, «Бауыржантану» ҒЗО аға ғылыми қызметкері.
Abai.kz