Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Алашорда 7751 4 пікір 21 Қыркүйек, 2020 сағат 11:20

Алаштың алыстағы тілшісі

Автор ұсынған тақырып: «Айқап» пен «Қазақтың» Құлжадағы тілшісі - Молдағали Бектұрлыұлы

Оралдан оянған үміт

ХХ ғасыр басы қазақ тарихы үшін саяси өрлеуге бет алған сапалық өсу кезеңі болды. Осы ғасырдың алғашқы жиырма жылдығында алаш идеясы өркен жайып, жәдиттік бағыттағы ағартушылық қозғалыс барынша өрістеді. Ұлттық ұйысуға үндеген өлең-жырлар ел арасында кең тарап, елшілдік мүдде жанданды. Ұлттық баспасөз пайда болып, қалыптасты. Сондай-ақ біліммен шөлін басқан қазақ жастары Петербург, Мәскеу, Қазан, Уфа, Тройцк, Том сияқты іргелі қалалардың оқу орындарын тамамдап, алаш жұртының әр пұшпағына шашырай тарады. Әбдулғазиз Мұсағалиевтей бір шоғыры шет ел асып, өркениетті елдің өнегесін туған жеріне ала келді. Бір кездері шоқынды болудан қорқып, оқу десе үрке қашатын алаш баласы ендігі жерде білім десе бас қоятын жаңа сапалық биікке көтерілді. Бұл қатарда Еуропа асып, озық жұрттың тағылымын көрген Молдағали Бектұрлин де бар еді.

Орал облысы Жұбанышкөл болысының үмітті жасы Молдағали Түркияға 1900 жылы жол тартты. Бұл қазақ қоғамының өзгеріс тілесе де, дерліктей серпіле алмай әлі де бұйығылау жатқан тұсы-тын. Сол себепті алдыңғы лек ретінде Молдағали өзіне жастар арасында оқуды насихаттау, өзінен кейінгі буынды білім нәрімен сусындату міндеті жүктелгенін сезді. Шынында да, Ресейдің бұғауында жатқан қазақтай елдің өзгемен терезесі тең болуы үшін бірінші кезекте жас санасына сәуле түсіруден басқа шығар жол ол кезде жоқ-ты. Сондықтан оқуын бітірген Бектұрлыұлы бірден мұғалімдік, ағартушылық жолға ден қойды. Онда ескерусіз, елеусіз жатқан қазақ елінің алыс қиыр шетіне жол тартты. Молдағали қытайдағы қазақтар арасында  ағартушылықпен жұмыстармен қатар алғашқы ұлттық басылымдарға тілші болып, қытайдағы қазақтар арасында Алаш идеясын таратуға белсене үлес қосты.

Құлжа сахарасында жанған шырақ

Молдағали Бектұрлыұлы ең алғаш Қытайға шегаралас Зайсан, Шәуешек, Құлжа қалаларын аралап мұғалімдік істейді. 1909 жылдардан бастап Іле уалаятында тұрақты түрде мұғалімдікпен айналыса бастайды. Бұл туралы «Қазақ» газетінің 1913 жылы 16 маусымдағы  №18 санында «Қытай қазағы» мақаласында: «Мен.... Зайсан, Шәуешек, Құлжа шаһарларын аралап, онан соң елге, Қызайға шықтым. Бір жерде орнығып Қызай бауырларымыздың балаларын оқыта бастадым. Төрт жыл ішінде сексен шамалы балаға иман-намаз, хат үйретіп шығардым. Осы күнде 45 шәкіртім бар» - деп, Іледегі қызайлар арасында 4 жылдан бері тұрақты түрде мұғалым болғанын, Іле қазақтарының оқу-білімге құштарлығын айтады. Молдағали Бектұрлыұлының Құлжа сахарасында мұғалім болып келгені туралы Қытайда жарық көрген бірқатар деректерде Молдағалидың есімі «Қали молда», Іле уалаятына барған уақыты 1916 жылы деп көрсетілген.

Іле оқу ағартуының куәгері, белгілі педагог Әсейін Жақсылыұлы өз естелігенде: «1916 жылы Қали молда деген кісі Күнестік Сорбұлақ-Өріктіарал деген жеріндегі Сатыбалды ақалақшының ауылында мектеп ашып бала оқытты (Қали молда Ресейде болған «Алаш орданың» Шыңжаңға жіберген тілшісі деген сөз бар). Ол кейін Сатыбалдының қарындасымен тұрмыстанып тұрып қалды» (Әсейін Жақсылыұлы. Өмір естеліктері. Күйтун: Іле халық баспасы. 1990,  3 б).

«Оқымысты Қали молда деген адам Сатыбалды зыуанның ұйымдастыруымен киіз үйде бала оқытып, бірталай жастарды білімді етіп жетілдірген. Нүсіпхан Конбайұлы, Дәуітбек, Әбеу Құдышұлы, Қожахмет, Нұрахмет қатарлылар солардың өкілдері (Әбдіқасым Изатов. «Күнес оқу-ағартуы мен мәдениетінің алғашқы даму тарихы» //Іле тарихи материялдары. №11. Құлжа: Іле газеті баспасы. 1995. 185 б).

Қабимолла Мәнжібаевтің 2009 жылы 2 рет басылған «Қазақ оқу-ағарту тарихынан қысқаша деректер» кітабында да  «Қали молда» деп кездеседі.  Сонымен қатар, «Іле тарихи материялдары» атты тарихи-танымдық құжаттар жинағының 1999 жылғы №15 томында «Әйгілі ағартушы Қалимолла Бекторлин» атты мақала басылған. Мақалаға материял берген  - Имаммұхамет Нұрбеков, реттеп жазған - Андас Омарақынұлы деп көрсетілген. Бұл мақалада аталған Қалимолла Бекторлин біз айтып отырған – Молдағали Бектұрлыұлы еді. Бұл жазбада, Молдағалидың алғаш Қалжат шегарасы арқылы Қытайға өтіп, Темір руына келіп тұрақтағанын, осы жерде бала оқытып жүрген жерінен Сатыбалды Нұрбекұлымен танысқанын айтады. «Сатыбалды оның көп оқыған, білімді азамат екенін аңғарып, ақалақшы Демеу ауылынан ат мінгізіп, шапан кигізіп дегендей, ауылында бала оқыттыру үшін Күнеске алып келеді. Ол Сатыбалды ауылына келгеннен кейін дереу іске кірісіп, ең алдымен мектеп құру, оқу-ағарту жоспарын жасау істерін қолға алады. Өзі құрастырған оқулығы арқылы жүйелі оқытуды бастап кетеді («Іле тарихи материялдары». №15. 1999. Құлжа. 173-174 б). Бұл мектептен Сатыбалды Нұрбекұлының туыс балалары ғана емес, Күнестің бас-аяғындағы, тіптен басқа болыстардағы таныстарының балалары келіп оқиды. Жоғарыда айтылғандай 80 шамалы шәкірт оқытқаны соның дәлелі еді.

Молдағалиға қамқор болып, арнаулы Күнеске мұғалым болуға ұсыныс жасап апарған Сатыбалды кім еді?

Сатыбалды Нұрбекұлы (1870-1941) жастайынан ел басқару ісіне араласып, Іле уалаятында қызай кволысының управителінің кеңесшісі болды. Татардың «Шура», «Уақыт» басылымдарына жазылып тұрды. «Уақыт» газетінде жарияланған «Қытай қазақтары жайынан» мақаласын 1911 жылы «Айқап» журналы көшіріп басады. Сатыбалды 1909 жылы Молдағалиды Күнеске бала оқытуға ұсыныс етіп апарып, өз қарындасын қосып отау тігіп береді. 1923 жылы Сатыбалды咨议委员 (Zi yi wei yuan) (Іле қазақтары билеушілерінің ақылшы, кеңесшісі) дейтін мансап иеленді . 1936 жылдары Күнесте құрылған қазақ-қырғыз оқу-ағарту мәдениет ұйымының бастығы болады. 1941 жылы науқастанып қайтыс болады.

Молдағали Бектұрлыұлы Іле уалаятына тұрақтаған соң, ел арасында білікті мұғалімдерге сұраныстың бар екенін, халықтың оқу-білімге ықыласты екенін ескере отырып, өзі сияқты мұғалімдік істеуге талпынған жастарды қытай қазақтары арасына жұмысқа да шақырды. «Айқап» журналының алғашқы сандарында мұғалімдікке ұсыныс туралы жарнама да берді. Мысалы: «Құлжа маңындағы қытай қол астына қараған қазақларда мұғалім болып тұрғұшы Моллағали Бектұрлы ұғылы бізге жазады: талапкер мұғалімдар болса біздің қытайға қараған Алтай, Шәуешек, Құлжа маңайындағы қазақтарды да ескерсін. Біз мұнда қытайға қараған 35 ақалақшы (иағни болыс) ел бармыз дейді. Бала оқытып кәсіп істеп қайтуға дым қолайсыз болмас» («Айқап». №10. 1911. 24 б).

Ілені мекен еткен қызай елінде ол кездері Ресейдегі оқу орындарын бітіріп барған  мұғалімдер көп болмаған еді. Солардың ең алғашқысы және жол бастаушысы Молдағали болды. 1911 жылы Цинь империясы құлап, жаңаша үкімет орнаған соң жергілікті басқарушы үкімет қазақтардың жаңаша үлгідегі мектеп ашып, балаларын оқыту жөнінде кеңес ашып, мәжіліс құрады. Бұл туралы «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеттерінде түрлі хабарламалар басылды. «Биыл Қытай үкіметі Қызайдың Бамбаң болыстарын шақырып, мынау сөздерді айтты: «Сіз Қызайлардың бұл уақытқа дейін мектеп-медіреселеріңіз жоқ. Қытай тілін-жазуын білуші адамыңыз жоқ, һәр уақыт мехкемеге бір жұмысыңыз түссе, Қытайдың тілмәшына-жазушысына ділгер боласыз. Мұнан соң біздермен қатар оқу оқып, һөнер үйренбесеңіз, келешекте күн көрулеріңіз қиын болып кетер. Енді бір кішікпей оқыңыз, һөнер үйреніңіз, қытайша білікті, ісмер жігіттер өздеріңізден шықсын, һәр түрлі оқу, һөнер һәм тіл білетін адамдарыңызға үлкен дәрежелі орындар береміз.

Һәр болыста мектеп салыңыз, қытайша үйретуші молданы біз берелік, мұсылманша дін үйретуші молданы өзіңіз табыңыз, көршілес һөнерлі жұрт орыс. Оның тілін үйренем десеңіздер, орыс ушителдерін алдырсаңыз жақсы!..». Болыстар мақұл деп тарқады. Қызай хабарларын тағы жазып жібереміз. Алыстағы тілшіңіз: Молдағали Бектұрәлі» («Қазақ». 1913. №18).

Үкіметтің халықты жаңаша оқуға шақырған сол жилысынан соң Іле уалаятында жаңаша мектептердің құрылысы басталып, қатары көбейе түсті. Елге  қайтқан ел ағалары мектеп құрылысын бастап кеткені туралы «Айқап» журналында мынадай хабарлама бар: «Сонан қайтысы мен Қоныс елінің уволсной управителі Естемес ақалақшы Қожахметұлы жақсы бір мешіт, сегіз бөлмелі бір мектеп салдыруға даярланып жатыр. Бірінші майдан сала бастады деуге болады. Төрт жүз қарағай түсіріп үлгіртті. Иншалла, бірінші сентябрге дейін мектеп салынып болса керек» - деп, ағарту ісіне белсене кіріскенін жаза келе, орысша және мұсылманша сабақ бере алатын мұғалім ұсыныс ету мәселесі туралы да айтады. «Уфадан орысша, мұсылманша жақсы білетұғын бір қазақ шәкіртін алдырамын деген өзінде бар. Бұл күнде қызайда үш мұғалім бар. Екеуі ноғай, біреуі қазақ. Қазақ мұғалім Молдағали (Моллағали) Бектұрлин деген жігіт. Күнесте Сатыбалды Нұрбек ұлының қолында тұрған. Бұл мырзаның тәрбиесінде 4 жылдан берлі әбтданы (бастапқы) бөлімді 80 бала бітірді. Табылса да қазіргі күнде оқушы да һәм оқыттырушы да шамалы. Хүкүметтің әмірі бойынша мектеп медреселер салынған соң көбейер деп ойлаймыз» («Айқап». № 11.  1913. 254-255 б). Осылайша жоғарыда Молдағали Бектұрлыұлының қызай еліндегі шеттен барған алғашқы қазақ мұғалім екенін және Сатыбалды Нұрбекұлының ауылында 4 жылдан бері тұрақты мұғалім болып жүргені туралы айтылған деректерді толықтап, 1909 жылы барды деген деректі нақтылап, Естемес ақалақшы салдырған алғашқы мектебі жәйлі да толық мәлімет береді.

Молдағали, Сатыбалды Нұрбекұлынан кейін бір басқосуда Ноғайбек Естемесұлымен танысады. Басылымға жазған материалында ол туралы да ұнамды пікірде болғанын байқаймыз.«Ноғайбек мырза орысша, қазақша екі жағынан да хабары бар тәуір ғана білімді жігіт екен. Орысшаны алты жыл Құлжада өзіне арнап «учитель» ұстап оқиды. Бүтін Қызайда бізден артық кісі жоқ деп жүрген болыс һәм балаларының «надандығымнан айырылып қаламын» дегендей, оқы десе ат тонын ала қашатын бір заманда бұл мырзаның орысша, қазақша екі жағынан бірдей жеттік болуы таң қаларлық іс еді», –деп пайым айтады. Иә, Ноғайбек Естемесұлы (1888-1924) Ілені жайлаған Қытай қазақтары арасында ат төбеліндей оқығандардың сақасы еді. Алматыда оқып, одан Түркияның Стамбұл қаласына жалғасты білім алған Ноғайбек 1916 жылы елге оралғаннан кейін жаңаша үлгідегі мектеп ашып, Іле уалаятындағы ағарту жұмыстарына соны леп әкелген қайраткер тұлғалардың бірегейі-тін.

Осындай ұшқан ұясына білім әкеліп, өнер сәулесін түсірген оқыған азаматтардың өнегелі ісіне сүйіне біліп, кейбір олқы тұстарға өкініш танытады. «Қызайда оқушы һәм оқытушылардың өте аз екені әркімге белгілі ғой. Ал енді оқу іздеп шетке кетушілер тіпті жоқ еді. Былтырғы жылы оқимын деп шетке кеткен Қызайдың бірнеше жігітін Алматыға барған жерінде орыс үкіметі «шпионсың» деп қайта қуып жіберді», – деп налиды тағы бір жазбасында Молдағали. Елдің ыстық-суығына бірдей елеңдеп, жақсысына жан семіртіп, терісіне қапаланған бұл Бектұрлыұлының шын жанашырлығы, азаматтығы еді.

Молдағали Бектұрлыұлы 1909 жылдан 1926 жылға дейін Күнесте мұғалім болды. Бұл туралы «Күнес тарихи материялдары» жинағында мынадай деректер бар: «Моллағали Бектұрлин атты оқымыстыны Сатыбалды Нұрбекұлы ұсыныс етіп әкеліп, халықты ұйымдастырып Күнестің Алмалы деген жерінде 1926 жылға дейін бала оқытқан. Нүсіпқан Көнбайұлы, Әбеу Құдышұлы, Қожахмет Сатыбалдыұлы, Дәуітбек қатарлылар осы Молдағалидан оқып сауаттанды» (Күнес тарихи материялдары (Ұлттық оқу-ағарту тарихы және ағартушылары) №12 том. 2012. 2 б). Талабын ұштап, түлетіп ұшырған шәкірттері кейін айтулы тұлғаларға айналады. Айталық, Шыңжаңдағы алаш идеясының ізін жалғаған саяси ұйым – қазақ-қырғыз үйышмасын, одан кейін өлкелік оқу-ағартуды басқарған Әбеу Құдышұлы, өлкелік жауапты қызметтерде елге еңбек сіңірген Нүсіпқан Көңбайұлы қатарлылар.

Алаштың алыстағы тілшісі

Молдағали Бектұрлыұлы өз заманының алғабасар өкілі ретінде ағартушылықтан бөлек, газет-журналдарға да хат-хабар жазып, автор ретінде қатысып отырды. Жазба соңында аты-жөнін – «алыстағы тілшіңіз» - деп, көрсетеді. Молдағалидың Қытай жерінде жүріп жазғандары «Айқап» (1911-1913) журналы, «Қазақ» (1913-1918) газеттерінде жарияланып тұрды. Белсене қалам тартып, өз көрген-білгендерімен, ой-толғамдарымен бөлісті. Әсіресе, Қытай қазақтарының салт-сана, әдет-ғұрыптары, қоныстануы,  шаруашылық реттері мен тіршілік жай-күйлері туралы мол мағлұмат қалдырды. «Қытай қазағы», «Қытай қазақтарының ас беруі», «Құлжа сахарасында жұт», «Қытайша оқу», т.б. мақалаларының қай-қайсысы болсын, бүгінгі күн талап-тілегі тұрғысынан этнографиялық бояуының сонылығы, деректік құндылығының жоғарылығымен маңыз алады.

«Қазақ» газетінің 1913 жыл 16 маусым №18 сан «Тілшілер сөзі» айдарында «Қытай қазағы» мақаласы беріледі. Бұл мақалада: «Басқармамызға Қытай қол астына қараған Қызай қазағының ішінде бала оқытып тұрушы Молдағали мырза Бектұрәліұғылы хат жазып, Қызай қазақтарының халін былайша көрсетеді» - деп, қытайға қараған қызай еліндегі жаңаша оқы жағдайына тоқталған. Соңында: «Қызай хабарларын тағы жазып жібереміз. Алыстағы тілшіңіз: Молдағали Бектұрәлі» деп, аяқталады.

«Қазақ» газетінің 1913 жыл 16 қараша №38 санында Молдағали Бектұрлыұлының Құлжадағы мекен-жәйі көрсетіліп, «Басқармадан» айдарында басылады. «Молдағали Бектұрәліұғылының адресі: Кулджа, Китайские влад. Шарафутдину Сагдиеву, ящ №7, пер. Муллагалию Бектурлину». Осылайша Молдағали Бектұрлыұлы «Қазақ» газітіне жазушы және жазылушы болып хабарлар жаза бастайды. Сонымен қатар «Қазақ» газетінің қытай аумағындағы таралуына да өз үлесін қосады.

1913 жылғы «Қытай қазақтарының ас беруі» мақаласында қытайдағы қазақтардың салт-дәстүрі, бай-қуатты өмір тілшілігі туралы айтады. Қызай елінің қонақ күтуінің ерекшелігі «қонақасы» туралы және ас беру дәстүрі туралы мәлімет береді. Ал, 1915 жылғы «Құлжа сахарасында жұт» мақаласында Іле уалаятына қызайлардың қоныс аударуы, мал шаруашылығы мен егінмен айналысқаны және 1915 жылы болған алапат жұт туралы жазады.

«Айқап» журналының 1913 жыл 30 маусым №12 сан 262-270 беттерінде басылған  «Қытай қазақтарының ас беруі» атты көлемді мақаласы Жабықбай зәңгінің әкесі Бұлғыншы ақалақшыға (волостной оправителдің) опат болғанына бір жыл толғанда ас бергені туралы еді. Бұл мақала 2000 жылы «Іле айдыны» журналының №5 санында жарияланып, қытай қазақтары арасында қызығушылық тудырды.

«Айқап» журналының 1915 жыл 31 наурыз №6 санында басылған «Құлжа сахарасында жұт» мақаласында Іле уалаятында мекен еткен қытай қазақтарының қоныстануы, тұрмыс-тіршілігі туралы мағұлмат береді. Іле уалаятына қызайлардың Күнес, Текес, Қас өзендерінің бойына қоныстану туралы айтады. «Әлгі үш өзеннің бойын қоныс қылып жатқан орта жүз Қызай деген қазақ бар. Бұлар бұл үш өзенге қоныс салып ие болғанына 35-40 жылдар болар; сонан бермен қарай төрт хүкіметке қарады: орыс, тараншы, қытай. Осы күнде қытай қол астында тіршілік етеді». Бұл жерде орыс дегені 1871-1881 жылдар аралығында Іле уалаятының Ресей өз бақылауында ұстағаны айтылады. Тараншы дегені де сол кездегі уақытша үкімет еді.

Құнарлы жерге қоныстанған қызай елінің жан саны да, мал басы да өсе түскен еді. Қысы жұмсақ жазы жәйлі өлкеде жұт болмаған. Молдағали Бектұрлыұлы: «Қызай елі үш болыс екен. Тынышдық орналасқан соң қызай халқына жақсы дәулет біткен. Бұл ел отыз жылдан бері қарай қыс көрмеген, жұтамаған. Кей бір жылдарда тізеден қар болса да қысы жұмсақ болғансоң шөп шабуды, жинауды онша ескере қоймаған» дейді. Қызай елінің өзен бойларында, сулы жерлерде еген шаруашылығымен де айналыса бастайды. «Он бес жылдан бермен қарай үй басына бір табақтан егін сала бастаған. Әлі осы күнде де бір табақтан артық салушылар қол менен ғана санарлық. Он жылдан бермен қарай үй басына бір мың бау аса көп алғаны. Екі мың бау пішен болушы еді» - деп, дерек бере кетеді.

1915 жылғы жұттың қалай басталғаны туралы былай сипаттайды: «Өткен 1914 нші жылдың ақырында декабр бастарында жерге аздап қар жауа бастаса да, төрт түлік мал далада жайылудан қалған жоқ еді. Қамсыз қазақтың қорасының төбесіне жинаған көбінің бір мың, екі мың бау, азының бір жүз, екі жүз бау пішені бар еді. Мінетұғын бір атқа түнге қарай бір екі бау пішен беріп күндіз далаға айдап отыра беруші еді.

Январдың басында үш күн, үш түн қатты үскірік боран соғып жерге аршын жарым қар жауды. Далада мал жайыларлық жер қалмады. Бұрын аттың тізесінен келген қарды көпсініп жүрген шаруаға бұл қалың қар міскіл жұмыс болды. Шөбі барлар малына шөп бере бастады. Шөбі жоқтар теректі кесіп құлатып, бұтағын малына жегізе бастады. Бірінші фебралда жұрттың көбінің ақ пішені таусылып еді. Осы күнде малға өлім кірді.

Тауда қыстаушы елден үш үй сегіз адамы, үш жүз қойы, бірнеше сиры менен көшкеге кетіп қар астында қалды (көшке деп таудан лап беріп құлайтұғын қалың қарды айтады).Әр жерден көшке зарары естіліп тұр. «Қас» бойында да көшкеге кеткен үйлер бар деседі. Әзірге анығы би мағлұм» - деп, апаттың жұрт бейғамдығынан болғанын, ашаршылыққа ұшыраған мал-жан туралы жазады.

Қорытынды ретінде: «Бірақ биыл жаз қымыздың болуыда екі талай, өйткені бие біткен іш тастап болды. Егерде қар мартқа немесе апрелге шейін жатса қызайда малдың қалуыда күмән» - деп, аяқтайды. Осылайша Құлжа сахарасында болған табиғи апат – жұт туралы толық ақпарат берумен қатар, қызай елінің өткен 30-40 жылдық тарихына да тоқталады. Соңында - Моллағали Бектұрлы баласы деп жазады.

Туған топырақтан жырақ, алаштың ордалы қаласынан шалғайда жүрсе де Молдағали елдегі әр өзгеріске сергек қарап, барынша үн қосып, белсенділік танытып, тілеулес болып отырды. Қарға тамырлы қазақты Алаш туы астына бірігуге шақырды. Айталық, 1916 жылы қызай елінің игі-жақсыларымен бірге «Азамат» серіктігіне жарна қосып, газет ісінің ақсамауына барынша атсалысады.  Мақсұд Сасанов, Сатыбалды Нұрбекұлы, Құсболат Байболатұлы, Жайырбек Сасанұлы, Ракхим Ақылбекұлы һәм Жиенәлі Мейірманұлдарымен бірге мұғалім Молдағали Бектұрлыұлы да 100 сом жарнамен мүшелікке өтеді. «Айқап» журналында Мамановтар әулеті жариялаған роман бәйгесіне де, Іле губерниясы атынан қатысып,  өзінің туындысын топқа қосады.

Туған жерге оралу

Азамат соғысы аяқталып, кеңес үкіметі орнағаннан кейінгі саясат ала сызықтың екі айырығындағы алашты тіптен алаңдатты. «Айқап» пен «Қазақтай» ұлттық басылымдар жабылды.Бұрын қазақ жерінен еркін келетін баспасөзге қытай үкіметі ендігі қатаң бақылау орнатып, шектейтін болды. Осының бәрі де М. Бектұрлыұлын беймаза күйге түсірді. Туған жерге оралу ойын үдетіп, сағынышын одан ары ұлғайта түсті.

Ұрпақтарының естеліктеріне сүйенсек, Молдағали 1925-1926 жылдар аралығында Оралға барған.Әрине, шекара асып, 3000 шақырымдық межелі жерге жетудің қиындығын айтпағанның өзінде, бұл шақ кеңес үкіметінің қазақтың ескі оқығандарына жаулық пиғылын байқата бастаған тұсы. Десе де қиындықтардың бәрін еңсеріп, Молдағали 1927 жылы Құлжаға қайта оралады.

Тәңір таңғажайып тағдыр бұйырған осы ағартушының өмір жолына үңіліп, ғұмырбаяндық дерегін іздестіргенімізде біз күтпеген олжаға жолықтық  Бізге керек дерек, «Қызыл ту» газетінің ескі тігінділерінен кездесті. Газеттің  1926 жыл  август айындағы №95, №96 нөмірлерінде «Қытай қазақтары жайынан» (Мұғалім М. Бектұрлыұлымен әңгіме)деген көлемді жазба жарық көреді.  Бұл сұхбатында Молдағали Бектұрұлы өзі жайлы біршама маңызды ақпарат береді. Сонымен бірге аталған дерек автордың өз аузынан айтылғандықтан құны жоғары дереккөз ретінде кәдеге жаратуға болады деп есептейміз. Айталық, газет редакциясының Молдағали туралы аңдатпасында былай дейді: «Жолдас Молдағали Бектұрлыұлы Орал уиезі Жұбанышкөл болысының қазағы. руы Жабағы Кердері. Бұл жолдас 1900 жылдарда ғылым іздеп Түркиеге барып, одан бірнеше жылдай Азия, Еуропа қалаларын кезіп жүріп, 1909 жылы қытай қазақтарына барып мұғалім болған. Содан бері Бектұрлыұлы қытай жерінде. Ендігі мақсаты туған жері Орал губернесіне келмек» (сұхбат алушының аты «Қ. Б» деп көрсетілген).

Газеттің кейінгі нөмірлерін тексергенімізде де Т. Сапаұлы мен Рақым Сүгірұлы редакторлық еткен тұста Молдағали аталған газетпен тілші ретінде шығармашылық байланыста болғанын байқадық. Туған жері Орал губерниясынан Құлжаға қайтқан соң басылымның 1927 жыл наурыздағы №33 нөмірінде «Қытайдағы тілшімізден. (Құлжа)» деген хабарлама жарық көреді (соңында Бектұрлыұлы деп қол қойылған). Құлжадағы сәтсіз әскери төңкеріс туралы айта келіп, «Осы күні Құлжа қаласында тәртіп қатты. Шеттен келген адамдарды қатты бақылап кіргізеді. Мұғалімдерді ұстап абақтыға жауып жатыр. Шекараға цензор қойылды. Хат-қабарларды қарап жібереді», – деп қайырады. Бір әттегенайы, біздегі архив қорларында «Қызыл ту» газетінің тұтас нөмірі сақталмағандықтан одан кейінгі қай нөмірде Молдағалидың қандай материалдары жарық көрді деген сауалға толыққанды жауап таба алмай, қолдағы бар мәліметтермен іркіліп отырмыз. Дегенмен қалай болғанда да «Айқап» пен «Қазақтан» кейін Бектұрлыұлының тілшілік, журналистік жолы  «Қызыл ту» газетімен толыққаны анық.

Жарқырап сөнген шоқжұлдыз

Алдында атап өткеніміздей, Күнестегі Сатыбалды ауылына келуі оның тағдырында түбегейлі бетбұрыс әкелді. Сахарадағы қазақтың мәдени өсуіне мұрындық болуымен бірге өзі отбасын құрып, шаңырақ көтереді. Бұл туралы «Іле тарихи материялдары» жинағында бір дерек былай деп сыр шертеді: «Сатыбалды Қалимолланың ақкөңіл, адамгершілікті, ашық-жарқын мінезді, талантты азамат екендігін танып, оның осы жерде, тіпті осы ауылда мәңгі тұрақтап қалуын ойлайды әрі құлаққағыс етеді. Осыған орай Қалимолла да ойына оралып жүрген сырын айтады. Ол: «мені мәңгі тұрақтап қалсын десеңіз – өзіңізге іні, әкеңе бала болайын, кенже қарындасың Әуежанды қос», – дейді. Сатыбалды ойланыс жасайды. Қарындасы Әуежан зерек, он саусағынан өнер тамған, шеберлігімен ел көзіне түсіп жүрсе де, оның 7 жасында қаражел ауруымен ауырып, тіл-құлағы кемтар болып қалған жайы бар еді. Бұл жағдайды Қалимоллаға айтып кеңес салады. Қалимолла оның зеректігін ойлап, тәрбиелеп кете алатын сенімін білдіреді. Сонымен Сатыбалды Қалимаоллаға асықты жілік ұстатып, басына үй тігіп, бауырына қазан асып, қарындасын қалыңсыз қосып, Нұрбектің бір семьясы етіп орналастырады. Қалимолла Әуежанға саңырау-соқырлар әліппесін құрастырып беріп, оны оқытып сауаттандырады» («Іле тарихи материялдары».- №15.- 1999. 176 б.). Әуежан Нұрбекқызын көзі көрген Имаммұхамед ақсақалдың айтуынша кейуана 70 жылдан аса ғұмыр кешіпті. Дүниеден озғанға дейін құран оқып, хат жазған сауатты кісі еді дегенді айтады.

Молдағали Бектұрлының кіндігінен Іскендір,  Салақи, Жамали, Ырзаһил, Парауық атты 5 ұл, Зуһра, Сәния атты 2 қыз тарайды. осы жеті баланың ішіндегі тек үш ұлы: Іскендір, Жамали,  Салақи және екі екі қызынан ұрпақ жалғасып, басқа екі ұлының алды жиырмаға жетер жетпестен қайтыс болып, олардан ұрпақ қалмаған. Салақи баласынан жеткен ауызша дерекке сүйенсек Молдағали Бектұрұлы ұрпақтарын өркениетті елдің оқу жұрттарынан оқытуды армандапты. Ол үнемі «балаларымның біреуін Германиядан, береуін Түркиядан, біреуін Ресейден, қалған балаларымды өзімнің ата жұртымнан оқытамын», – деп айтып отырады екен.

Амал нешік, тәңірінің таңдауымен қиырдағы қазақтың көзін ашып, көңіліне сәуле түсіруге, алаш идеясының қытай аумағында таратуға бар күш-жігерін арнауға несібе бұйырған арыс 1932 жылы Күнестің Алмалы елдімекенінде пәниден бақиға көшті. Батыстағы Жайық жағасында дүниеге келген Алаш азаматына, Шығыстағы Іле бойынан топырақ бұйырды.  Аттанар алдында ұрпақтарымен былай деп бақұлдасыпты: «сендердің ата мекендерің Қазақстанның батысындағы Орал, Орынбор өңірінде. Кейін туыстарыңды іздемек болсаңдар, сол өңірден іздеңдер, руларың Кіші жүздегі Алшын-Жаппас! Көзімнің тірісінде амал жоқтықтан туыстарыңмен қауыштыра алмай, оқыта алмай арманда кететін болдым!». Марқұмның денесі Күнес, Алмалы ауылындағы Соқыр-тәнік руының зиратына жерленеді. Қазірде Молдағали Бектұрлыұлының ұл-қыздарынан тараған 20-ға жуық отбасы Іле уалаятында мекен етуде. Ұрпақтарының ең үлкен арманы – ата мекені Оралды көру, кіші жүз ішінде,  аталары Молдағали Бектұрлыұлының жақын туыстары болса, танысып – қауышу еді...

Түйін: Молдағали Бектұрлыұлы ұстанған Алаш идеясының ізін жалғап, өлкеде қазақ-қырғыз мәдени ұйышмалары пайда болды. Жаңаша білім беретін мектептер көптеп бой көтерді. Ұйымды басқарған азаматтар арасында Молдағалидың шәкірттері де болды. Демек, барша қазақтың «Алаш туы астында, күн сөнгенше сөнбейміз!» идеясы қытай аумағындағы қазақтарға да өз әсерін тигізіп, жемісін беріп, жалғасын тапты.

Абай Мырзағали 

Abai.kz 

4 пікір