Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3891 0 пікір 20 Қаңтар, 2012 сағат 12:13

Табиғат АБАИЛДАЕВ. Айтпаса сөздің атасы өледі

Құландағы «Нұр Отанның» филиалы жылына бір-ақ мәрте бас қосатын болғаны ма? немесе Сейітбеков партиядан неге шығарылды?

Ауылдардағы ағайындар үшін бірнеше күн бойы аста-төк «мерекеге» ұласқан (олай деуіміздің бір себебі көп ауылдарда ішімдіктер, азық-түліктер таратылыпты) ҚР Парламенті мәжілісі мен әр деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауының өтуіне бір-ақ күн қалғанда Т.Рысқұлов ауданына қарасты Ақыртөбе сайлау округінен бақ сынап жатқан кандидат Әлен Сейтбеков хабарласып: «Бюллетенімізді түгел бермей жатыр» деді. Кандидат хабарласқан соң аталмыш ауылға бардық, барған соң біраз жайтқа қанық болдық.

Құландағы «Нұр Отанның» филиалы жылына бір-ақ мәрте бас қосатын болғаны ма? немесе Сейітбеков партиядан неге шығарылды?

Ауылдардағы ағайындар үшін бірнеше күн бойы аста-төк «мерекеге» ұласқан (олай деуіміздің бір себебі көп ауылдарда ішімдіктер, азық-түліктер таратылыпты) ҚР Парламенті мәжілісі мен әр деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауының өтуіне бір-ақ күн қалғанда Т.Рысқұлов ауданына қарасты Ақыртөбе сайлау округінен бақ сынап жатқан кандидат Әлен Сейтбеков хабарласып: «Бюллетенімізді түгел бермей жатыр» деді. Кандидат хабарласқан соң аталмыш ауылға бардық, барған соң біраз жайтқа қанық болдық.

Алдымен «пәленің» бәрі праймеризден шыққанын айта кетейік. Праймеризге Ақыртөбе ауылынан 15 адам тізім бойынша таңдалады да, Жақсылық ауылынан 12 адам сұрыпталады. Сонымен, ақыртөбелік сайлаушылардың сесінен қорықты ма, әлде, қалайда партия атынан Сәтжан Мамырбаев деген кандидатты өткізуді шенеуніктер жағы мақсат етті ме, әйтеуір, Ақыртөбеден барған сайлаушылардың тізімін кенеттен өзгертіп жібереді. Дұрысы оларға праймериздің болатыны ескертілмейді. Нәтижесінде, Э.Дәутәлиева, Э.Іңкәрбекова деген «подставной» адамдар праймеризге қатысқан. Сондай-ақ, бірнеше делегат праймеризден хабарсыз болып, олардың орнына өзге адамдар дауыс берген. Арғы жағын өзіңіз түсініп отырған шығарсыз. Сондай-ақ, екі сайлаушыға бюллетень жетпей қалыпты. Сонда санап әкелінген бюллетеньдер қайда кетті? Бұл сұраққа кім жауап береді? Апам да аң-таң, жездем де аң-таң. Осы заң бұзушылықтарды реттестіруді сұранған хат аудан әкіміне жолданыпты. Бірақ, қолданылған шара қайда? Шара қолданбақ түгілі, Әлен Сейітбековті екі желеу, бір сылтаумен партия қатарынан шығарып тастаудың жоспары құрылған ба деп те ойлайсың...

Енді мына «анекдотты» қараңыз. «Нұр Отан» ХДП аудандық филиалының тізгінін ұстап, «терлеп-тепшіп» отырған шекпенділер ағымдағы жылдың 20 желтоқсанында бірнеше азаматты партия қатарынан шығарып тастапты. Олардың қатарында Әлен Әлімқожаұлы да бар. Осы жерден кері шегініп, хаттамаға көз жүгіртейік. «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы жарғысының 5 тарауы 5.2 бабының 4 абзацына сәйкес, партиялық міндеттерін орындамаған азаматтардың мәселелерін талқылай келіп, партия Т. Рысқұлов аудандық филиалы Саяси кеңесінің бюросы қаулы етеді» әрі қарай «қара тізім».

Байқадыңыз ба, партиялық міндеттерін дейді де, дәлме-дәл қай міндеттер екенін айтпайды, айтқылары да келмейді. Жәй ғана «...партияға тиесілілігін дәлелдеуге және оның халық арасындағы беделі мен ықпалының артуына атсалыспағаны үшін» деп қояды тағы мәтіннің бір бөлігі. Кешіріңіздер, адам - тіршілік иесі. Сол себепті ол партияға тиесілі бола алмайды. Мүшесі болады сол партияның. Тиесілі деген сөз затқа, жансыз дүниеге ғана қатысты айтылса керек. Сосын партиядан шығару үшін нақты қандай өрескел қателіктер жібергендерін анықтау керек емес пе? Мына мәтінде ондай дәлел жоқ! Енді жоғарыда айтқан «анекдотымызға» қайта оралайық. Жиырмасыншы желтоқсанда толтырылған хаттама дегенді айтып қалып едік. Соны қайта «қазбалайық». Партияның аудандық филиалы жылына бір-ақ мәрте бас қосады екен. Сөйтіп, партия мүшелерін қатардан шығаруды да жоспарға қояды. Олай деп опына астарлауымыздың бір себебі мынада. Хаттама №1. Иә, 20 желтоқсан күні халықтық партияның аудандық филиалының саяси кеңесінің мүшелері «кенеттен оянып» нөмірі бірінші хаттама толтырыпты. Жыл жабылар тұста. Мұның мәнісін кім түсіндірмек? Сонда аудан әкімі Абдалы Нұралиев төрағалық ететін филиал бір жыл бойы жұмыс істемеген болып шықпайды ма? Тап солай! Әлде партияның аудандық филиалында іс-қағазға жауапты мамандар бәрін «бардак» қылып жіберген бе? Партияның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Берік Шамаев қайда қарап отырған? Миға қонбайды ма, қонбайды. Осыдан барып, бұлардың көксегені Әлен Сейітбековтың аяғын «шылбырлау» болған ба деген ойға шомасың. Әйтпесе, сауатты, білімді, көзі ашық азамат оларға керек болмай қалды ма? Жоқ, олай емес, Әлекең халық қалаулысы болған кезінде талай мәрте елдің жоғын жоқтаған. Сол үшін «айыпты» болған шығар бәлкім... Бірақ, қазір 37 - жыл емес қой...

Енді бұлбұл орнына қарға қарқылдап, тауық орнына әтеш жұмыртқалағандай әсер «сыйлайтын» сайлауалды үгіт-насихаттағы оспадар қылықтардың «мұртын» алып, «сақалын қырайық». Газет - қоғамдық пікір қалыптастырады. Осы қағидатқа сүйене отырып, тура бише тіл қатайық. Ақыртөбе сайлау округінен Әлен Сейітбековке қарсы түскен кандидаттардың бірі - жақсылықтық Сәтжан Мамырбаев болатын. «Қайқы» шаруа қожалығының тізгінін ұстаған Мамырбаев лизингке техника алып, кәсіпкер ретінде де біраз жетістіктерге жеткен. Сәкеңнің де игі тірліктері жоқ емес, бар. Бірақ, біз өз принципімізде қалып, әңгіменің ауанын нақты-фактіге бұрайық. Сәкеңнің үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп жатқан кезде Қосапан бөлімшесіндегі тұрғындарға ұн таратып, қарағайға жарық түсіргіш қондырғы (прожектор) орнатып бергенін үш ауыл тұрғыны растап, өз қолымен қағазға түсіріпті. Ол мәтіндер қолымызда тұр... Әрқайсысын жеке-жеке газет бетіне түсіріп, әңгімені созбай-ақ қоялық... Енді соған қатысты прокуратураның жауабын оқып көрелік. «...Өзіңіз тарапынан берілген Қосапан ауылының үш тұрғынының түсініктемелерін қарау барысында, олардың біреуі - К. Баягизова сіздердің тарапынан алынған түсініктемені толық қолдамады, азаматтар Б.Анарбаев пен А.Тапаевтардың түсініктемелері басқа объективті дәлелдермен расталмады. Сонымен, арыз қарау қорытындысымен С.Мамырбаевтың әрекеттерінде Республика азаматтарының өз сайлау құқығын еркін жүзеге асыруына сатып алу жолымен кедергі келтіргені туралы объективті дәлелін таппады» депті аудан прокуроры, кіші әділет кеңесшісі С.Төлеуов. Дұрыс қой, кіші әділет кеңесшісінің әділ болғаны да жөн... Бірақ, біздің қолымызда қарағайға орнатылған қондырғының суреті бар. Оны түсінік берушілер растапты. Сонда қарағайға қондырғыны кім орнатты екен? Миымыз жетпей отыр біздің... Жарайды, ол мәселеге бас ауыртпайық, оқырман өзі ой елегінен өткізе жатар.

Әлен Әлімқожаұлы сайлауға бір күн қалғанда ауылындағы сайлаушылардың санына 180-ге жуық бюллетенді жеткізбей бергенін айтып қалған болатын. Артынша ол олқылықтың да орны толтырылған болар. Өйткені, облыстан комиссия келе жатқан. Ал, жетпей қалған бюллетень сол бойда берілмесе, ол енді шенеуніктердің азаматтығына, ар-ұятына сын.

Әйтеуір қасиетіңнен айналайын деп мақтанатын Құланда сайлау сайын шатақ шығады. Биыл да солай болды. Аудандық әкімдіктің бас орынтағында отырғандар мен салық басқармасының бастығы Н.Тойбаевтың тірліктері тіпті күлкіңді келтіреді. Сайлаудың болуына екі-үш ақ күн қалған кезде «Нұр Отанның» атынан сайлауға түсіп жатқан, праймеризде жеңіске жеткен, екі мәрте мәслихат хатшысы болған Пазыл Әбілдаұлы Сүлейменовтың декларациясынан ши шыға қалыпты. Сөйтіп, бір күнде «коммунизм» орнап, құрылыс сайлау округінен депутаттыққа кандидат Пазыл Әбілдаұлының кандидатурасы сырғытылады. Қызық. Тойбаев сайлаудың тірлігі мұрнының ұшына шаншылғанша түкті көрмей, білмей келіпті. Әрі-беріден кейін әрбір декларация үшін салық басқармасы жауап бермейді ме? Сосын, Пазыл Сүлейменовтың партия атынан сайлауға түскенін айттық. Сонда аудандағы партияның басшылығы өз кандидаттарының декларациясынан мін шықпауы үшін мүдделі болмағаны ма? Бұл бір қараған адамға партияның атынан түсіп жатқан кандидатты жақтырмаған әлдекімнің аяқтан шалған пасық саясаты сияқты көрінеді. Ал, аяқтан шалған кім? Оны да оқырманның өзі топшыласын...

Жалпы, «Нұр Отан» ХДП аудандық филиалы болсын, облыстық филиалы болсын бірінші кезекте партия атынан бағын сынап жатқан кандидаттың шашбауын көтеріп жүруші еді. Өйткені, ол - Елбасының партиясы. Халықтың партиясы. Алайда, Құландағы кейбір былық-шылыққа қарап, бұлар олай ойламай ма деп те ойлайсың. Айталық, №5 Көгершін сайлау округінен аудандық мәслихаттың депутаттығына кандидат (ол да праймеризде жеңген) Сейітжан Өскенбаевтың кандидатурасын қолдап-қолпаштап жүрген бірде-бір «Нұр Отанның» штабындағы азаматты көре алмадық. Ол ол ма, сайлауда шамамен 190 дауыспен жеңіске жеткен Өскенбаевтың аяғына жармасып, жарамсыздардың қатарын толықтырған 390-ға тарта бюллетеньді «урноға» салып жібергендерге не дейсің? Ол туралы тиісті актілер, хаттамалар толтырылыпты. Прокуратура Өскенбаевтікі заңды екенін де жазды өз хатында.

Көкдөнен ауылындағы сайлау комиссиясының төрағасы сайлаушыға бюллетеньді бергенде тиісті жерге комиссияның қол қоймағанын қалай түсіндіреміз? Заңды білмейді деп пе? Заңды білмесе ол жерге неге отырды? Құқық қорғау органдары алдымен жарамсыз деп тапқан бюллетеньдер неге санақ бітер тұста «урноға» салынды? Есепке алынды? Жауап жоқ. Бүгінгі күні білікті педагог Сейітжан Өскенбаев өзінің заңды құқығын әділ сот арқылы қорғап жатқан болар. Ал, мынандай оспадар әрекеттер, қолыңнан келсе қоныштан бастың керін келтірген кебенек тірліктер ауданның тізгінін ұстап отырған шенеуніктер үшін абырой әпере қоймас.

«Ар-Ай» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5562