Құлмат Өмірәлиев – шынайы ғалым
Қазығұрттың басында кеме қалған… Аңыз бойынша дүниені топан су басып, тартылар тұста бір таудың басына қайырлайды. Нұх кемесі тоқтаған тау – Қазығұрт.
Қазығұрттың киелі топырағында өмірге келіп, туған жердің қадірі мен қасиетін білген ерлердің бірі – Құлмат Өмірәлиев. Қазіргі таңда ғалымның туған жерінде Қ.Өмірәлиев атындағы орта мектеп пен аудан орталығы Қазығұртта ғалымның атымен аталатын Орталық кітапхана бар. Бұл білім ордалары ғалымның еңбегін дәріптеу, халыққа таныту бағытында көптеген істер атқарып келеді.
Ал енді туған жері дәріптеп, халқы қадір тұтқан Қ.Өмәрілиев кім еді?
Құлмат Өмірәлиев 1930 жылдың қараша айының 10-жұлдызында қазіргі Түркістан облысы, Қазығұрт ауданында өмірге келген.
Шымкенттегі мұғалімдер институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетін 1951 жылы бітірген соң, еңбек жолын орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімінен бастаған.
1953 – 57 жылдары Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педогогикалық институтының филология факультетінде еңбек етіп, ары қарайғы өмір жолын ғылымға арнады.
1972 жылдан өмірінің соңғы күндеріне дейін Қазақстан Ғылым академиясының Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының түріктану және тіл тарихы бөлімінде аға ғылыми қызметкер болып қызмет атқарды.
1970 жылы академик І.Кеңесбаевтың жетекшілігімен «XV – XІX ғасырлардағы қазақ поэзиясының тілі» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғаған.
Қ.Өмірәлиев қазақ тілінің грамматикасы, тіл тарихы, қазақ поэзиясының тілі, көне дәуір ескерткіштері, текстология, этимология мәселелеріне қоса қоғамтану мәселелеріне де батыл қалам тартқан ғалым. Оның 300-ден астам үлкенді-кішілі еңбектері бар.
Қазақ тілінің абыз анасы академик Рабиға Сыздықова замандасы, әріптесі Құлмат Өмірәлиев туралы «Шынайы ғалым, абзал азамат. Ол осындай қасиеттерге ие шын ғалым болатын, бүкіл болмыс бітімімен, білімімен, сол білімді дұрыс жарата білген қабілетімен табиғатынан туа біткен ғалым еді. Бұл таным ең алғаш рет оның 1963 жылы «Қазақстан мектебі» журналында жарияланған «Қазақ әдебиеті тілі тарихын қай тұрғыдан зерттеу керек?» деген мақаласын оқығанда басталғанды. Ғалымдық жолды енді бастаған Құлмат өзінің қадам алысын осыдан ақ танытты. Қ. Өмірәлиев болса – бұл ретте кеңінен қанат жайған зерттеуші» - деп баға берген [1, 299 б.].
Қ.Өмірәлиевтің Дулат Бабатайұлы сияқты кесек ақынның әдебиеттегі орнын айқындап, тілін танытудағы еңбегін айрықша атау керек. Ол Абайға дейінгі қазақ поэзиясының алыбы Дулат Бабатайұлын бүгінгі таным төріне шығарған зерттеуші болды.
Осы жерде тағы мақтана айтуға боларлық дүние – Құлмат Өмірәлиев еңбектері көзі тірісінде алыс шетелдік ғалымдардың назарынан тыс қалмады. Мысалы, Charl F.Carson мен Hasan Oraltayдың 1983 жылы Лондонда «Central Asian Survey» атты ағылшын басылымында «Күлтегін: келешек үшін насихат па?» дейтін үлкен мақала жарияланды. Ол мақала 1985 жылы Анкарада «Asia-Afrika Araқtirmalari Grubuң» атты жинақта аударылып тағы басылды. Осы екі мақалада Қ.Өмірәлиевтің 1982 жылғы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «Күлтегін» атты үлкен мақаласына 68 жерде сілтеме жасалған [1, 4 б.]. Бұл ғалымның түркология ғылымында алған үлкен бағасы дер едік.
Құлмат Өмірәлиев әр сәтте туған ойларын хатқа түсіріп қоюды әдет еткен екен. Сол машығының бірі - әріптестеріне, замандастарына хат жазу екен. Тек олармен шектелмей, шетелдегі түркітанушылармен да тығыз байланыста болған, хат алысқан. Мажарстандық әйгілі қыпшақтанушы ғалым Иштван Қоңыр Мандокидің Қ.Өмірәлиевке жазған хаты бар.
Құлмат Өмірәлиев тек қазақ халқының ұлы, ғылымда орны бар ғалым ғана емес сонымен қатар отбасында адал жар, тау тұлғалы әке бола білді. Ұрпағының бойына қазақ халқының танымымен қоса, ізгілік пен ғылымға деген сүйіспеншілікті сіңіре білген әке. Жұбайы марқұм Бейсенбаева Аида Аршабекқызы – педагогика ғылымдарының докторы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры болған. Әке жолын қуған қызы Ибраева Жанар Құлматқызы. Жанар Құлматқызы - филология ғылымдарының докторы, доцент.
Қ.Өмірәлиев аз ғана өмірінде көптеген істерді атқарып үлгерген. Ғалымның өзі өлсе де, сөзі өлмейді, Қ.Өмірәлиев мәңгі есімізде.
Ата тарих айғақтары (Қ.Өмірәлиевтің туғанына 70 жыл толуына). – Алматы, 2001, 340 б.
Пашан Д.М
А.Байтұрсынұлы ат. Тіл білімі институтының Тіл тарихы және диалектология бөлімінің аға ғылыми қызметкері
Abai.kz