Сенбі, 28 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 5173 0 пікір 31 Қаңтар, 2012 сағат 05:47

Рәзиға Әшеева. Әлем өзгерді. Ал, Қазақстан ше?

Сайлау өткенмен, сайлау туралы сөз басылар емес. Әдетте біздің елде сайлаудан кейінгі сөздің шоғы сөнбей,  оның жылуы келесі сайлауға дейін жетіп жатады. Бұл жолы да сөзге тамызық болар жағдайлар аз болмағаны  тағы белгілі. Сайлауға баға бермегенмен, оның кейбір тұстары туралы өз пайымдауларымызды ортаға салып көрелік.  

Сайлау өткенмен, сайлау туралы сөз басылар емес. Әдетте біздің елде сайлаудан кейінгі сөздің шоғы сөнбей,  оның жылуы келесі сайлауға дейін жетіп жатады. Бұл жолы да сөзге тамызық болар жағдайлар аз болмағаны  тағы белгілі. Сайлауға баға бермегенмен, оның кейбір тұстары туралы өз пайымдауларымызды ортаға салып көрелік.  
Қазақстан үшін көппартиялық Парламент таң емес. Партиялық тізіммен сайлауға көшкенге дейін республикадағы кез келген партия мүшесінің жеке мандатпен Парламент депутаты болуына мүмкіндігі бар болатын. Және олар ол мүмкіндіктерді пайдаланып келсе, партиялық тізіммен сайлауға көшу бұл мүмкіндіктің жолын кесті. Енді қандай да бір партияны Парламентке әкелуді немесе келтірмеуді билік қолына алды. Діттегеніне жету үшін    әкімшілік ресурстарды қалай пайдаланса да мүмкіндіктері бар. Осы жолы да Мәжілісті көппартиялық жасаудың сценарийімен жұмыс істей отырып, сол мүмкіндіктерді қалт жіберген жоқ. Мысалы, әуелден-ақ, «Руханият» партиясының өтетініне кейбір саясаткерлер күмәнмен қарап, өз болжамдарын айтса, ол шындыққа айналды. Саудаға түскен «Руханият» ақыры орта жолда сайлау додасынан шығып қалды. Ал, бұл партияны тіркеп, одан кейін оның күшін жойып,   Орталық сайлау комиссиясы орындаушылық қызметін атқарды.   Қалай десек те, орайы келмегеннің де орайын келтіріп жіберетін билік орайы келген сәтті  құр  жібермегенмен, әлсіздігі де көрініп қалып жатты. Мысалы,  Жаңаөзенде сайлаудың болу, болмауына қатысты екі шешімнің жасалуы да биліктің мықтылығы емес.
Сайлау алдында кейбір саясаткерлер билік әкімшілік ресурстарды пайдалануда оны көзге бақырайтып көрсете қоймайтын технологиясына көбірек басымдылық беруі мүмкін екенін айтса, осы ретте «Нұр Отаннан» басқа партиялардың да үгіп-насихат жұмыстарын жүргізуіне бұрынғы сайлауларға қарағанда кеңшілік бергендей болды.  Дегенмен сайлау қорытындысына келгенде тізгінді босатқан жоқ. Сонымен, «Нұр Отан»  80 пайызды еңсеріп тастады.
Сөйтіп, билік париясы өзінен қалған 15 орынды  «Ақ жол» мен Коммунистік халықтық партиясына бөліп берді. Бұл екі партияны да Мәжілісте фракция құра алмайтындай діңкелетіп қойды. Әйтсе де, бұл екі партия аздық етсе де, Парламентке өзім дегендерді  алып келуге мүмкіндік алды. Соның ішінде өзім дегенде миллиондап тастайтын   қалталылардың  жолы болса, кезіндегі Компартияны екіге жарып тастап құрылғанмен, жағаға  шығып қалған  Коммунистік халықтық партияның басына бақ қонды.
Осы жолғы сайлау сырт қарағанда, Ресейдің сайлауына ұқсайтын сияқты. Оларда Компартия  жақсы көрсеткішке жетсе, біздің Қазақстанда Мәжіліске келуге мүмкіндік алды. Бірақ бұл жеңіске партия өз беделімен жетті деу қиын. Себебі Коммунистік халықтық партияны орыстардың Коммунистік партиясымен  салыстыруға келмейді. Біздің елдің кейбір саясаткерлерінің айтуынша, Ресейдің Коммунистік партиясы - мықты партия. Ол партияда көптеген ғалымдар, оның ішінде Нобель сыйлығының иегерлері бар. Ресейде барлық ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары, зиялылар Коммунистік партияға дауыс берсе, Қазақстанның Коммунистік халықтық партиясы әлсіз. Партияның халықтың арасында бәлендей бір имиджі жоқ болса да, басқа партияларды саралап келгенде, билікке жақын партия -  осы партия болғаны анық. Әрі президенттік сайлауға қатысқаны бар. «Альтернатива»  өзекті зерттеулер орталығының директоры  Андрей Чеботарев осыған байланысты: «Билік пен Коммунистік халықтық партиясының арасындағы  жылы шырайлылықтың бар екені бірінші жыл ғана емес. Коммунистік халықтық партиясы 2011 жылы өз кандидаттарын Президент сайлауына түсіріп, сайлаудың легитимді болуын қамтамасыз етіп, мемлекет басшысын қолдауы да осыны дәлелдейді. Бүгін билік жақсылықты жақсылықпен қайтарды», - дейді.

Бақылаушылардың бәрі бірдей емес

Анығына келгенде сайлаудың тыныш, бұрмалаусыз, әділ өткені оған қатысқан саяси партияларға ғана емес, халыққа да керек. Сайлау әділ өтпесе, наразылықтарын білдіріп, айқайламағанмен, халықтың билікке сенімі төмендейді. Үндемегенмен, үндемеудің астарында үйдей пәле жататынын да ескерген артық болмайды. Әдетте «сырттан келген бақылаушылар заң бұзушылықтарды көрген жоқ, бәрі әділ, таза өткенін айтып кетті», деп сайлаудың әділ, жақсы өткенінің кепіліндей  етіп бақылаушыларды көзір етіп жатамыз. Осы жолы да - сол. Дегенмен бақылаушылардың бәрі бірдей емес. Оның ішінде сайлаудың кемшіліктерін көріп қойған қырағылары да бар. Мысалы, ТМД бақылаушылары сайлаудың жақсы жақтарын ғана көріп, мақтап кетсе, Американың бұл сайлауға берген бағасы бұрынғыдан да төмен болды. ОБСЕ бақылаушылары да сайлаудың демократиялық принциптерге сай өтпегенін тағы да еске салды. Тіпті, «Тәуелсіз бақылаушылардың республикалық желісі» қоғамдық қоры сайлау ың-шыңсыз өткенмен, дауыс қорытындысын әділдікпен нақты шығаруда сенімсіздік туғызатын көптеген бұрмалаушылықтар болғанын хабарлады. Анықтап айтқанда, бюллетеньдерді тастап жіберу, бірнеше қайта айналма дауыс беру, отбасылық дауыс беру, үйден дауыс беру өтініштерінің аса көп болуы, сайлау учаскелерінде бақылаушылардың қозғалысын шектеу, хаттамаларды бермеу, жасырын дауыс беруді бұзу және тағы басқа да бұрмалаушылықтар бар.  
Сондай-ақ, сайлау кезінде аса дөрекі заң бұзушылықтарды анықтауда құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жедел әрекеттер жасамауы да бақылаушылардың алаңдаушылығын туғызды.
Бақылаушылар алаңдағанмен, билік алаңдар емес. Енді бұдан былай  келіп алып, тырнақ астынан кір іздейтін бақылаушылардың біздің елге жолы бола қоймас. Оларға    теріс қарайтын болдық.  

Демократиялық емес,  автократиялық

«Ақ жол» демократиялық партиясы орталық кеңесінің мүшесі, философия ғылымының докторы, профессор, әлеуметтанушы  Амангелді Айталы:
- Бұл жолғы Мәжіліс сайлауы бұрынғыларға қарағанда  бір жағынан қиын болды. Себебі биліктің партиясы «Нұр Отаннан» басқа  партиялар аяқ астынан бұл сайлауға дайын болмады. Ал, «Нұр Отан» -  Президенттің партиясы. Бұқаралық ақпарат құралдары қолдарында. Қаржысы бар. Сондықтан «Нұр Отан», сөз жоқ, елге үнемі өздерінің пікірлерін  насихаттап, көзқарасын жеткізіп  келді. Шынын айтқанда, басқа партиялар -  бұған дейін шеттетіліп келген партиялар. Олардың биліктің партиясындай  бұқаралық ақпарат құралдарына шығу мүмкіндіктері болмағандықтан,  өте сирек көрінді. Сондықтан олардың сайлауға дайындығы «Нұр Отанға» қарағанда төмен, тіпті, билік партиясының дайындығымен салыстыруға келмейді. Қаржысы да көп емес. Жалпы,  «Нұр Отаннан» басқа  партиялардың мүмкіндіктері Президенттің өзі басқарған партиядай бола алмайтыны айдан анық.   Мұнымен қоса сайлауға қатысқан саяси партиялардың үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу мерзімі Тәуелсіздіктің 20 жылдығы мерекесімен, Жаңа жылмен, христиандардың Рождествосымен қатар келіп, олардың үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу мүмкіндіктерін шектеді.
Ал, енді сайлаудың қорытындысына келсек, сайлаудан бұрын да, сайлау өткен күнде де әрбір партия өзінің мүмкіндіктерін жоғары бағалайды.   Содан да сайлаудың қорытындысында постсоциалистік кеңістікте:  «мына партия сайлауда ұтты ма, санауда ұтты ма?» -  деген сұрақ беріледі. Бұл сұрақтың астарында үлкен күмән бар. Сырттан келгендерге, мысалы, шетел бақылаушыларына біздің елдегі сайлау демократиялық жағдайда өтіп жатыр, шектеу жоқ. Себебі шетел бақылаушылары екі-үш сайлау учаскесіне барады. Онда сайлау процесі өзінің ретімен жүріп жатқан тәрізді көрінеді. Негізінен, сайлаудың тағдырын сайлаудан кейінгі санау шешеді. Осы санауға  келгенде, «Нұр Отаннан» басқа  барлық саяси партиялардың көңілінде сенімсіздік  тұрады.  Себебі сайлауды жүргізуші билік, жүргізетін «Нұр Отан» партиясы. Бұрынғы сайлауларда да, оның ішінде Президент сайлауларында да біздің оппозициялық партиялар санаудың қорытыдысы бойынша жария етілген көрсеткіштер жасанды, деп оған сенбеді. Осы сайлауға да сенбейтіні анық.
Шынына айтқанда, биліктің партиясы  өздеріне халықтың қаншалықты сенетінін өздері білмейді. «Облыстық, аудандық учаскелік сайлау комиссиялары,  қалай болғанда да, сайлаудың көрсеткішін билік партиясына ыңғайлап көрсетуге тырысады», деген пікір кең тараған. Және бұл пікірді тарататын сол сайлау учаскелеріндегілер. Тіпті, кейбір әкімдер өздерінің: «Сіздердің жағдайларыңызды түсінеміз.  Сіздерге өз басымыздың қарсылығы жоқ. Тек біздер тапсырма алдық», -  дегендерін талай естідік. Бұл жолғы сайлау кезінде де осындай сөз  айтылды. Міне, сондықтан бұқаралық ақпарат құралдарының назарына ілікпейтін, бақылаушылардың көзіне түсе қоймайтын, сайлауды қорытындылайтын санау мәселесіне келгенде, үлкен күдік бар. «Нұр Отан» біздің, ақжолдықтардың, басқа да партиялардың  түсінігінше, сайлауда берілген дауысты Президенттің рейтингісімен өлшейді. Анығында, бұл дұрыс емес. Мысалы, елу пайызға жақын дауыс алған Ресейдің «Единая Россия» партиясы  мен Президенті Медведевтің рейтингісі бірдей емес. Партияның рейтингісі -  бөлек, оның көшбасшысының, Путиннің рейтингісі бөлек мәселе. Алайда бізде осындай тенденция бар. Сонымен, Президенттің алдына жақсы атты болу үшін де бұрмалаушылықтың болатыны белгілі.
Кезінде әкім болған бір депутаттың: «Президент сайлауында басқа облыстарға қарағанда біздің облыстың  көрсеткіші төмен болды.   Бірақ бұл Президентке қарсы берілген дауыс емес. Бұл  - саған қарсы берілген дауыс. Сен жұмысты нашар ұйымдастырдың. Сенің елде  беделің жоқ», -  деп, мені тұқыртты, деген сөзі есімде. Шын мәнісінде бұл -  сайлауды таза өткізген адам. Сайлауды әділетті өткізген өңірлердің басшылары билікке осылай жақпай қалады.
Осы мәселелер төңірегінде елде әңгіме бұрын да бар еді, әңгіме бұл сайлаудан кейін де болады. Осыған байланысты сайлауда тиісінше дауыс алып,  Парламентке келген партия  сайлаудың қорытындысымен келісер,   ал, келмеген партиялардың да айтатын өз уәждері бар. Осылай сайлауға қатысып дауыс бергендердің де, дауыс бермегендердің де арасында наразылықтырдың көп болатыны белгілі.  
Бұл сайлауда Мәжіліске  «Ақжол» партиясынан 8 адам, Коммунистік  халықтық партиясынан  7   адам өтті. Мен мұны имитация, жасанды демократия деймін.   Өйткені сайлау қорытындысында жеңіске жеткен үш партия  Парламентке барды, дегенмен, бұл сырт көзге,  көппартиялық жүйе, демократия деу үшін.  Шын мәнісінде, «Нұр Отан» сайлау комисиясы арқылы 80 пайыздан аса дауыс жинаса, Ассамблея арқылы сайланған 9 депутат та «Нұр Отаннан». Сонымен, авторитарлық жүйе сақталып қалды. Дегенмен сырт көзге көппартиялық Парламент деп айтуға негіз болды. Түрі демократиялық, мазмұны автократиялық Парламент келді. Сол себепті бұл Парламенттен аса бір өзгеріс, жаңалық, бетбұрыс күтуге болмайтын сияқты. Дейтұрғанмен, өзінің уақытымен келіп, уақытымен жұмысын аяқтайтын Мәжіліс керек. Осы ретте  Мәжілістің жүгі ауыр. Сондықтан ұзағынан болсын дейік. Халық мәжіліске  өмірі қысқа болмас па екен, деп қорқа қарайтын болды ғой. 

Әлем өзгерді...

Тарих ғылымдарының докторы, саясаттанушы Әзімбай Ғали:
-    Бұл сайланымда Парламентке оппозициялық партиялар келді, деп формалды түрде айтуға болады. Шындығында, Мәжіліске келген «Ақ жол» мен Коммунистік халықтық партиясының екеуі де билікке ниеті түзу партия. Екіншіден, екеуі де «Нұр Отанның» монополиясына ешқандай күмән тудырмайды.  «Нұр Отанның» оларды бәлендей есепке алмауына да, есептеспеуіне де болады. Оларға күні түспейді. Егерде, ол партиялар депутаттық корпустың жартысын, немесе жартысына жуығын құраса, әңгіме басқаша, онда саяси сауда басталады.  Бүгін олай алмас. Тілалғыш, үлгілі саяси партиялар.
Бір айта кететін мәселе, осы ниеті түзу деп отырған Коммунистік халықтық партиясы сайлау кезінде орыс тіліне мемлекеттік тіл мәртебесін беру керектігін көтереміз деп жатқандай болды.
Бұл сайлауды АҚШ-тың мемлекеттік департаменті ашық жаратпай тастады. Бұрын толық легитимді емес, деп кемшіліктерді көрсетсе, бұл жолы наразылығын білдірді. Мұнысы  легитимді емес, деген сөзі десек, бұрынғыға да жете алмай қалдық.   ОБСЕ-нің де бұл сайлауға жақсы пікір айтпауы мүмкін.
Батыс Еуропа мен Америка Қазақстанға «мұнайлы мемлекет, түбінде керек» деген сияқты жылышырай беріп келген болса, қазір олай деу қиын.   Бізге әсер еткен бірнеше фактор болды. Біріншіден, бізге Еуропа туралы күйреп жатыр, жағдайы қиын, деген сияқты үнемі жалған ақпарат беріледі. Анығында, Еуропа күшейіп келеді. Бұрын Ұлыбритания ғана соғысатын. Қазір олай емес, бәрінің де соғыстан шет қалмай,  қатысып, көрінгісі  келеді. Африкадағы мәңгілік мемлекеттер деген тотолитарлық, автолитарлық мемлекеттер құлап қалып жатыр.  Бұрын Араб әлемінде болып жатқандарға бей-жай қарағымыз келсек, іргедегі Ресейдің  жағдайы да күрделі. Төңкеріске ай-күні жетіп отырғандай. Сонда кімге арқа сүйейміз? Қытайға ма?
Мұны айтып отырған себебім, қазіргі заманның басқа екені. Бүгін әлем мүлдем өзгерді. Біздің жаңа жағдайға сәйкес қимылдаумыз қажет. Жағдайды дұрыс бағалап,  дұрыс саясат ұстануымыз қажет. Біз сол дұрыс саясатты ұстанбасақ, менің білуімше, көп нәрсе өзгереді.  

Соңғы бір ауыз сөз

Ұранмен жұмыс істеп, халықты да сол ұранға сендіргісі келетін билік әлемнің үлкен өзгеріске ұшырап жатқанын сезініп, селт етсе, жаман болмас. Өкінішке орай, біздің билік эйфориядан шыға алмай жүрмесе...
«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2068