Тәуелсіздік күні. Үшінші ой.
Тәуелсіздік күні қарсаңында өрбитін дәстүрлі әңгіме бар: «Тәуелсіздік күні өтпей жатып неге Жаңа жылға дайындық басталып кетті?»
Өткенде осындай қоғамдық қысымның әсерінен үлкен бір сауда үйінің иесіне базына айттым. Осы тақылеттес әңгімеден шаршаған болса керек.
– Мен не, Тәуелсіздікке қарсы дейсіз бе? – деп шықты қаны басына шауып. – Ақылмандардың осы сөзі шаршатты. Олар тәуелсіздікке не істепті, соншама? Ақыл айтатындай. Тәуелсіздік алғаннан бері кәсіппен айналысып келемін. Төлеген салығымның есебі жоқ, қаншама адамға жұмыс тауып беріп отырмын... – деп бұрқылдай жөнелді.
Ойланып қалдым. Осы біз Тәуелсіздік пен Жаңа жылды қарсы қойып жүрген жоқпыз ба?
Жаңа жыл кәсіпкерлер үшін мереке емес, маркетинг, сауданың жүретін кезі. Сауда жүрсе, экономикалық белсенділік артады, сұраныс көбейеді, салық түседі, қосымша жұмыс орындары ашылады. Экономикамыз қуатты болса, тәуелсіздігіміз нығая түседі.
Талай өркениетті елдің тәуелсіздік күндерін қалай тойлайтынын көріп жүрміз. Көбі Жаңа жыл мерекесінің қолына су құя алмайды. Жаңа жыл қарсаңында көшелерін екі ай бұрын безендіре бастайды. Соған қарағанда Жаңа жыл, шынында да, мереке емес, үлкен маркетинг.
Тәуелсіздік – мемлекеттігіміздің шыңы, мемлекеттіліктің жаңа жылнамасының бастауы. Егер тарихи дәуірлер ғылымда Иса пайғамбарға дейін және кейін деп жіктелсе, Тәуелсіздік те біздің мемлекеттігіміздің Тәуелсіздікке дейін және кейін дейтіндей бетбұрысты кезең.
Ал Жаңа жыл да жаңа күнтізбенің басы. Қарама қайшы қоймай, Тәуелсіздік күнінің Жаңа жылға ұласып кететіндей үйлесімін тапқанымыз жөн болар деп ойлаймын.
Келер жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдығы. Ең басты мереке. Бас мейрам. Тәуелсіздік күнін атап өтудің жалпыұлттық тұжырымдамасы қажет сияқты көрінеді өзіме. Бірақ оны әкімшілік ресурспен таңуға болмайды. Әр өңірдің парасатты азаматтары отыз жылда қалыптасып үлгерген мерекелік дәстүрлерді іріктеп, формасын жетілдіріп, ел-жұрттан ұсыныс жинап, ортақ тұжырымға келіп, мереке шарттарын жылда бұлжытпай қайталап отырсақ, мерекелік дәстүр қалыптасады.
Мереке – бұл дәстүр, ал дәстүр жылда қайталана беретін, бес түйсігімізге түрткі болатын әсерлерден тұрады. Күтілетін әсер. Не болатынын білсек қана ол мерекенің келгенін күтеміз.
Шыңғыс Мұқанның жазбасы
Abai.kz