Сенбі, 23 Қараша 2024
5637 1 пікір 12 Қаңтар, 2021 сағат 14:23

Ғажайып ұстаның шеберлігі

Ерте заманнан қазақтың ұлтық музыкалық аспаптары пайда болғалы, сол аспаптарды жасайтын, қайта өңдейтін және жетілдіруші істермен шұғылданатын ұста шеберлері өмір сүрді. Сондай ғажайып ұста шеберлерінің бірі ХІХ ғасырдың соңына қарай өмірге келген Қамар Қасымов еді. [1].

Қ. Қасымов 1893 жылы қазанның 5-күні Павлодар облысы Баянауыл ауданындағы Мойылды жерінде (Ворошилов атындағы колхоз) орта шаруа Мұсылмановтар отбасында дүниеге келген. Қ. Қасымовтың бала кезінде анасы Күлсім ерте дүние салып, әкесі Қасымның қолында тәрбеленеді. Ол 1912 жылдан ұсталық жолмен айналыса бастайды. Алдымен үйде халықтың музыкалық аспабы домбыраны жасайтын қолөнершіден бастап, содан соң ағаштан үй сандықтары мен ыдыстар т.б. заттарды безендіруші ұста болған. 1919 жылы М. Омаровамен шаңырақ құрады, бірақ келіншегі 1927 жылы өмірден озып, Б. Маукееваға үйленеді, үш бала тәрбиелеп, ел қатарлы өмір сүре бастайды.

Қ. Қасымов алдымен селода (1928ж.), сосын «Екібастұз» совхозындағы ұсталар шеберханасында (1931ж.) ағаш ұстасы болып жұмыс жасап жүрген кезінде екінші келіншегі (1931-1932 жж.) балаларымен, оның артынша әкесі қайтыс (1932ж.) болып, ол Қырғыз КСР-ының Үзгень қаласына көшіп кетеді. Қырғыз еліндегі «Киргизторга» деген дүкенде кассирші, сосын Оңтүстік Қазақстан облысының Сырдәрия ауданындағы №2 завод дүкенінің меңгерушісі (1933ж.) болып жұмыс істейді. 1934 жылы Қ. Қасымов жұмыс іздеп Сібір өлкесіндегі «Кальчугин заводына» барып қайтады. Көп ұзамай Алматыға келіп Өнерпаздардың республикалық бірінші сілетіне қатысады, мұндай шебер маманды сол мезетте-ақ Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясына шебер-бригадир ретінде жұмысқа қабылдайды. Осы жылы өмірлік жары Жазипа Ахмедоваға кезігіп отбасын құрады. 1937 жылдан қазақтың халық аспаптарын жетілдіру ісінің аға-шебері болған Қ. Қасымовты 1943 жылы «Ұлттық оркестр» құрамына әртіс ретінде бекітеді. [2].

Қ. Қасымовтың басынан өткен ауыр күндерді бір сәт санадан өшіру мүмкін емес еді. Ол өзінің асыл қолдарымен аспаптарды жасау арқылы қайғылы күндерді уақытша артта қалдырып, жылдап өткен күндермен бірге ілесе жүріп өтті. Осылай шығармашылық жұмысынан қол үзбеуі оны қайталанбас өнер иесіне жақындата бастады.

Архив деректерінің арасынан Қ. Қасымовтың қайта өңдеген және жаңадан жасаған аспаптарына қатысты табылған құжаттар 1948 жылдан басталады. Кезекті отырыста Қ. Қасымовтың халық аспаптар оркестріне арналған альт-домбырасы мен қобызын және солистерге арналған альт-домбырасын белгілі өнер қайраткерлері Ж. Қаламбаев, Ж. Елебеков және Қ. Жантілеуов шығармалар орындау арқылы тексереді. Аты аталған әртістер И. Есенберлин басқарған комиссия мүшелерінің қатарында еді, олармен қоса тағы тыңдаушы төрт маман барлығы бірігіп нәтижесін қорытындылайды: «Қ. Қасымовтың қайта өңдеген аспаптарының сапасы мен дыбысының жақсара түскендігі, үнінің күшейгендігі қазақтың халық аспаптарын кемелдендірудің үлкен жетістігі болып табылады. Сондықтан бұрынғы қалпына келтірілген осындай аспаптарды ұлттық оркестр мен солистерге қолдануды ұсынамыз» дейді. Екі жылдан соң Қ. Қасымов үш ішекті қобызды дайындап әкеледі.

Бұл жайында 1950 жылы наурыздың 3-і күні болған жиналыста төраға әрі көркемдік жетекші Е. Брусиловский мен комиссия мүшелері Б. Байқадамов, Л. Шаргородский, Н. Тілендиев, Қ. Жантілеуовтер ортақ бір шешімге келеді. Олардың айтуынша: «Қобыз сапалы жасалған музыкалық аспап ретінде тембр жағынан оркестрге арналған. Қазіргі таңда Г. Баязитова табысты қолданып жүр, сол себепті мұндай қобыз оркестрге толықтай жарамды және талапқа сай келетінін мойындау қажет» депті. Бір жыл өткенде 1951 жылы маусымның 15-і күні болған жиналыста Қ. Қасымов өзі жасаған жаңа аспаптары қобыз бен бас-қобызды ұсынады. Көркемдік кеңестің төрағасы Л. Шаргородскиймен бірге кеңес мүшелері Ж. Елебеков, Ш. Қажғалиев, Х. Абугалиева т.б. қатысады. Олардың қатарында болған қобызшы Г. Баязитова былай деп пікір айтады: «Изготовленный кобыз имеет некоторые усовершенствования, что явно улучшает звук. Кроме того, на новом инструменте значительно удобнее играть».

Сонымен қоса Сұлтанғалиев пен Байқадамов өз тарапынан қолдау білдіріп: «Аспаптың екеуі де қажет» деген ұсыныстарын айтады. Осылай қобыз бен бас-қобызды алудың жоспары жүзеге асыпты. [3].

Жылдар бойы Қ. Қасымовтың қолынан шыққан музыкалық аспаптар бірнеше сыншылардың сынынан сүрінбей өтіп, көңілдерінен шықты. Енді ол ұсталық шеберлігін шыңдау және тәжірибе алмасу үшін үлкен қалаларға барғандығын айқындайтын құжаттарда табылды. 1955 жылы Қазақтың Құрманғазы атындағы мемлекеттік ұлттық аспаптары оркестріне жаңа аспаптар жасауға қажетті материалдар дайындау үшін Түркістанға (наурыздың 7-20 күндері), Фрунзе қаласына (маусымның 17-нен 22-дейін), 1956 жылы Мәскеудегі (мамырдың 9-25 күндері) халық шығармашылығы мен сәндік-қолданбалы өнерге арналған қызметкерлердің жиналысына және де 1958 жылы «Музыкалық-тәжірибе шеберханасына» (қаңтардың 25-інен, ақпанның 15-күндері) барғандығы туралы, сонымен қатар 1959 жылы Монғолиядан келгендігі жөнінде құжаттар сақталған. [4]

Қ. Қасымовқа басшылар тарапынан берген оң пікірлерінен оның атқарған қызметіне қатысты көптеген тың деректер білуге болады. 1957, 1962 жылдары филармония басшылары болған М. Бестыбаев, И. Рык және Қазақ КСР-ның Мәдениет министрлігінің өнер жөніндегі басқарма басшысының орынбасары В. Портнов т.б. қорытынды пікірлерінен үзінді келтірдік. Бір құжатта: «В качестве консультанта проводил работу в Осокаровском музыкальном комбинате. Совместная работа Касымова К. с другими музыкальными деятелями республики по реконструкции народных инструментов дала положительные результаты в отношении звучания народных инструментов» депті, келесі құжатта: «Как специалист в этой области Касымов К. достиг значительных успехов. Талантливый реконструктор народных инструментов, он создал ряд разновидностей домбр, а также кобызы нового типа. Является изобретателем ударного инструмента-даулпаз. Работа по реконструкции народных инструментов, дала положительные результаты в отношении усиления звучания и обогащения тембров оркестра. Инструментами усовершенствованными Касымовым пользуются по всему Казахстану не только профессиональные музыканты, но и кружки художественной самодеятельности» деп баяндалған.[5].

Филармонияда ұзақ жылдар жұмыс жасаған Қамар Қасымов 1962 жылы қазанның 17-күні зейнеткерлік демалысқа шығады. Қамар Қасымовтың еңбегі мемлекет тарапынан бағаланып 1944 жылы тамыздың 7-күні халық аспаптар оркестрінің 10 жылдығына орай Қазақстанның музыкалық өнеріне қосқан зор үлесі үшін Қазақ КСР-ының Жоғарғы Кеңесінің құрмет грамотасымен, 1946 жылы мамырдың 16-күні КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығы бойынша «1941-1945 Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Ерен еңбегі үшін» медалімен, 1947 жылы желтоқсанның 29-күні Қазақ КСР-ының Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен «Қазақ КСР-ының еңбек сіңірген өнер қайраткері» атағымен және құрмет грамоталарымен (09.06.1949ж.; 03.12.1954ж.; 10.12.1955ж.) марапатталды.[6].

Қамар Қасымов өмірде жанына жақын адамдарды ерте жоғалтты, ата-анасы, әйелдері мен балалары аз уақыт арасында көз алдында өмірден өтті. Бірақ сол қиындықтардан қайраты қажымай, ұсталық шеберлігін ұштап өмір бойы адал еңбек етті. Аспаптарды бұрынғы қалпына келтіру арқылы олардың тарихын жалғастырды, насихаттады. Әрдайым ұлттық аспаппен күй шертіп немесе ән айтқан адамды көргенде оның қолындағы аспаптың және сол аспапты жасаған ұстаның шеберлік мектебінің терең тарихының сақталғандығы деп түсінеміз.

Қазақ КСР-ының еңбек сіңірген өнер қайраткері Қамар Касымов 1966 жылы маусымның 14-күні қайтыс болды. [7].

Пайдаланған деректер тізімі

1. Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві (әрі қарай-ҚР ОМА). 90-қор, 5-тіз., 4015-іс, 42-п.;
2. ҚР ОМА, 1823-қор, 1-тіз. 56-іс, 217-п.; 90-қор, 5-тіз., 4015-іс, 41, 65-пп.;
3.
ҚР ОМА, 1823-қор, 1-тіз., 80-іс, 86-п.; 1823-қор, 1-тіз., 147-іс, 39-п.; 1823-қор, 1-тіз.,163-іс, 24-26пп.;
4. ҚР ОМА, 1823-қор, 1-тіз., 223-іс, 62, 184-пп.; 1823-қор, 1-тіз., 244-іс, 141-п.; 1823-қор, 1-тіз., 287-іс, 24-п.; 1823-қор, 1-тіз., 310-іс, 397-п.;
5. ҚР ОМА, 90-қор, 5-тіз., 4015-іс, 34, 38, 61-пп.;
6. ҚР ОМА, 90-қор, 5-тіз., 4015-іс, 32, 40, 62-63 пп.;
7. ҚР ОМА, 90-қор, 5-тіз., 4015-іс, 23-п.

Гүлназ Рахмет

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5443