Алдан СМАЙЫЛ, Парламент Мәжілісінің депутаты: АҚМОЛАДАН АСТАНАҒА ДЕЙІН
Қазақ даласына, жіктеп айтқанда Ақмола аймағына арнайы тапсырмамен шыққан Ресей экспедициялары осы ұланғайыр өңірді әскери және экономикалық жағынан қалай еңсеріп, игеруге болатынын егжей-тегжейлі зерттейді. Ремезов, әкелі-балалы Рычков, Шангин және басқа экспедициялар жетекшілерінің жазбалары иен даланы саяси-әлеуметтік отарлаудың жолдары туралы ұсыныстарға толы.
И.Шангиннің жанында болған майор Набоковтың Сібір корпусының командирі генерал-лейтенант Глазенаптқа жазған рапорты бұлардың ешқайсынан кем түспейді. Ол генералға бірнеше ұсыныс айтқан.
Бірінші. Қырғыз-қайсақтар сабырлы, қызба қанды емес, оның үстіне қонақжай әрі аңқау. Олар біздің не мақсатпен жүргенімізді сұраған емес. Кен орындарын көрсету жөніндегі өтінішімізді себебін білместен болымсыз сый-сияпат үшін орындап жүрді.
Бұлар өзара дүрдараздық пен барымтадан шаршаған. "Егер біз келіп қала салсақ, тәртіп орнатсақ, қалай қарайсыңдар?" - деген сауалымызға ойланбастан келісе салған ру ағаларын жиі кездестірдік.
- Бұл тыныштық үшін дұрыс болар еді, - дейді олар. - Алыс-жұлыстан ел қажыды.
Қырғыз-қайсақтардың арасында ұзақ жүргенде бір де бір қақтығыс болған жоқ. Оларды аз ғана қарулы жасақпен билеп алуға болады. Сондықтан бұл жерге алаңсыз ене аламыз. Сізден осындай қадам жөнінде ойланып, нақты әрекетімізді қарастыруды өтінемін.
Қазақ даласына, жіктеп айтқанда Ақмола аймағына арнайы тапсырмамен шыққан Ресей экспедициялары осы ұланғайыр өңірді әскери және экономикалық жағынан қалай еңсеріп, игеруге болатынын егжей-тегжейлі зерттейді. Ремезов, әкелі-балалы Рычков, Шангин және басқа экспедициялар жетекшілерінің жазбалары иен даланы саяси-әлеуметтік отарлаудың жолдары туралы ұсыныстарға толы.
И.Шангиннің жанында болған майор Набоковтың Сібір корпусының командирі генерал-лейтенант Глазенаптқа жазған рапорты бұлардың ешқайсынан кем түспейді. Ол генералға бірнеше ұсыныс айтқан.
Бірінші. Қырғыз-қайсақтар сабырлы, қызба қанды емес, оның үстіне қонақжай әрі аңқау. Олар біздің не мақсатпен жүргенімізді сұраған емес. Кен орындарын көрсету жөніндегі өтінішімізді себебін білместен болымсыз сый-сияпат үшін орындап жүрді.
Бұлар өзара дүрдараздық пен барымтадан шаршаған. "Егер біз келіп қала салсақ, тәртіп орнатсақ, қалай қарайсыңдар?" - деген сауалымызға ойланбастан келісе салған ру ағаларын жиі кездестірдік.
- Бұл тыныштық үшін дұрыс болар еді, - дейді олар. - Алыс-жұлыстан ел қажыды.
Қырғыз-қайсақтардың арасында ұзақ жүргенде бір де бір қақтығыс болған жоқ. Оларды аз ғана қарулы жасақпен билеп алуға болады. Сондықтан бұл жерге алаңсыз ене аламыз. Сізден осындай қадам жөнінде ойланып, нақты әрекетімізді қарастыруды өтінемін.
Екінші. Бұл далада байлық тұнып тұр. Петропавл қамалынан 50 шақырым шығысымен кен орындарына кездесе бастадық. Одан әрі ұзаған сайын мұндай жерлер көбейе түсті. Есіл мен Нұра, Дамса және Колутон өзендерінің қос қапталынан сирек металдар өндіруге болатынын анықтадық. Бәрінде завод салып игере алар едік. Ол үшін жағдай жеткілікті. Кен орындары өзендерден алыс емес.
Үшінші. Қырғыз-қайсақ даласын осылай өндірістік мақсатта игеру қорғаныс шараларын ойластыруды қажет етеді. Біз жүріп өткен аймақта үш қамал салынғаны дұрыс. Бірін Жақсы Еңістау көлінің жанынан, екіншісін Ақмоладан, үшіншісін Нұра өзенінің басталар тұсынан тұрғыза аламыз. Әр қамалға бір жаяу ботальон мен 200 казак, екі зеңбірек жеткілікті.
Оларды азық-түлікпен қамтамасыз ету де аса қиын емес. Мен суреттеп отырған өңірде астық егуге болатын құнарлы жерлер баршылық. Өзен алқаптары шалғынға бай, малға қолайлы. Осындай аймақтарға орыс шаруаларын қоныстандырсақ, қамалдар азықтан тарықпайды. Әр қамалдың төңірегіне 300-ден 500 шаруа отбасын орнықтыруға болады.
Маңызды ұсыныс ретінде Ақмоладан қамалды алдымен салу жөніндегі ойымды бөліп айтқым келеді. Даладағы керуен жолдарының бәрі дерлік осы арада тоғысады. Есіл мен Нұра өзендері бір-біріне жақын ағатын болғандықтан маңайы құнарлы. Осындай қолайлылығына орай ел басқа өңірлерге қарағанда тығыз орналасқан.
Біз жүздескен Керей, Уақ, Атығай руларының ақсақалдары Тоқымбет, Дербіт, Бимырзалар орыстардың келуіне соншалық қарсы емес. Басқалары да осындай пікірде.
Набоков рапортында өңір жұртымен санасуды артық деп есептеген. Оны үркек, батымсыз етіп суреттейді. Сол пікіріне дәлел ретінде Қорғалжыннан әрідегі Жақсы көң өзенінің бойында болған мына оқиғаны әңгімелеп береді.
"Алдыңғы отряд жолда көлденең созылған қыраттың үстіне шыға келгенде, етектегі ауыл шу етіп көтерілді. Қарулы жатжұртықтар үрейлендіргені соншалық, ерсілі-қарсылы жүгіріп, қайда қашарын білмеген ел бірін-бірі қағып-соғып жатты. Әйелдер аңырап, бала жылап азан-қазан. Біреулер үйдің киізін сыпырып, біреулер атқа жүгіріп жанталасып жүр.
Мына аласапыранды көрген біз таңырқап тұрдық та, мән-жайды білуге жолбасшы қазақ Баймырза мен Биболды жібердік. Олар ұзақ бөгеліп, Бибол жанына ауылдың бір адамын ерте келді.
- Бұл ауыл ағасы Торғай батыр, - деп таныстырды.
- Баймырза қайда? - дедік.
- Оны ел аманатқа алып қалды, - деді Бибол. - Егер Торғай батыр оралмаса, өледі.
Торғай өзін Кіші Жүзбін, оның ішінде тама руынанмын деп
таныстырды. Қарауында мыңға жуық жан бар екен. Бұғылы маңындағы Дария өзенінен осында жаз жайлауға көшіп келген.
- Ауыл неге дүрлікті? - дедік.
- Аяқ астынан мылтық асынған белгісіз салтаттылар шыға келген соң дүрлікпегенде қайтеді, - деді ол. - Мына иен өңірде шауып кету, қуып кету болып тұратын жәйт.
Торғай кетерінде ауылға соқпауымызды қайта-қайта өтінді. "Онсыз да өрекпіген елді одан әрі үркітпеңдер" - деді.
Осындай рапорттардан соң Ресей жағы несіне тартынсын. Набоков ұсыныстары айтылған 1816 жылдан соң көп ұзамай, атап айтқанда сегіз жылдан соң Қарқаралы, Көкшетау, ал 1832 жылы Ақмола бекінісі салынды.
1845 жылы Ақтау қамалы мен әкімшілік басқару нүктесіне айналған Атбасардың арасында почта байланысы орнатылды. Осында сол жылдың 31 шілдесінде Ақтау, Көкшетау, Ұлытау, Баянауыл, Қарқаралы, Аягөз, Коряков, Көкпекті, Өскемен және Пресногорьков бекіністері мен шекара бекеттеріндегі священиктердің жиыны өтеді. Діндарлар бекіністердегі казактарды және солардың маңайына қоныстана бастаған орыс шаруаларын Ресейдің мүддесін қорғауға жұмылдырудың жай-жапсарын талқылайды. Қазақтарды шоқындырудың жолдарын ойластырады.
1850 жылғы 12 сәуірде Атбасар жеке округ болып бөлініп шығады. Оның құрамына Тарақты, Қуандық пен Сүйіндік, Байдалы руларының сол төңіректегі ауылдары түгел енген.
1860 жылы 30 наурызда Ақмола қалашығында да почта байланысы қалпына келтірілсе, арада екі жыл өткенде Ұлытаудағы әскери станица ол жерде маңызын жойғандықтан Сандықтауға көшіріледі. Бұл, екінші жағынан Ақмола мен Көкшетаудың арасын қарумен қорғауды жақсарту үшін де жасалған еді.
Осы жылы (1862) 7 мамырда Ақмоланың дәрежесі көтерілді. Ресей ішкі істер министрі Сібір комитетіне Ақмола елді мекенін Ақмола қаласына айналдыру жөнінде ұсыныс түсірді.
Аталған ұсынысқа сәйкес Батыс Сібір генерал-губернаторы ішкі істер министрлігіне мынандай хабарлама жолдайды.
"Ақмола округтік приказындағы Сібір қазақтарының өңіріне казактармен бірге саудагерлер, бақалшылар көптеп топтануда. Соңғы он жылда олардың осында ағылуы айқын байқалып отыр. Себебі Ақмолада сауда жақсы дамып келеді, тауарлары тез өтеді. Қалашық қазақ облысының кіндігінде орналасқан, Ташкент пен Қоқан жағынан Петропавлға өтетін керуен жолдарының бәрі осы жерде тоғысады. Саудагерлермен бірге тұрмыс бұйымдарын іздеген қазақтар да үздіксіз келіп жатады. Көптеген керуендер әкелген заттары Ақмолада толық сатылатын болғандықтан, сапарларын әрі қарай жалғастырмай кері қайтады.
Келіп-кетіп жататын елге арналған қонақжай, 70-тен астам лавка бар.
Ақмола елді мекенінің таяу мерзімде Батыс Сібірдегі тамаша сауда ошағына айналатындығына күмән жоқ. Соған байланысты онда полицейлік бақылауды күшейту қажет. Қыруар елді және көптің мүлкін қорғау осындай шарасыз мүмкін емес.
Осының бәрі Ақмоланы Семей облысындағы Сергиополь, Көкпекті, Қапал қалаларындағыдай полицейлік басқармасы бар округтік қалаға айналдыратын кез жеткенін білдіреді. Мұнда құрылатын полиция басқармасының шығынын болыстардан түсетін 17181 рубльден алуға болады, осы қаржының аз ғана бөлігі приказға қажетті кеңсе үйлерін салуға бөлінеді. Атбасарда мұндай құрылыстарға 6 мың рубль жұмсалған болатын. Кейін полиция шығындары қалада жиналатын қаржы есебінен жабылады. Ірі сауда орыны ретінде қалыптасуға мүмкіндігі бар, Сібір мен Ресейден көпестер келіп құйылып жатқан Ақмола келешекте қаражаттан тарықпайды, қала шаруашылығы дамитын деңгейге тез жетеді."
Осыдан соң әскери министр мен қаржы министрлігінің басқарушысы аталған министрліктердің тарапынан Ақмоланы округтік қалаға айналдыруға және оған қажетті қаржыны хабарламада көрсетілген жолмен жабуға қарсылық болмайтынын мәлімдейді. Семей облысындағы Сергиополь, Көкпекті және Қапал қалаларына берілген артықшылықтар қарастырылатыны қоса айтылды.
Есеп-қисапқа аса ұқыпты министрліктер осы қалалардағы полицей басқармаларының шығынын көрсете кетуді де ұмытпаған. Аягөз (Сергиополь), Көкпекті, Қапалда ерекше штаттағы әскери обер-офицер шеніндегі городничий - 150, хатшысы - 18, қызмет киіміне -30, кеңсе шығындарына - 30 рубль алады.
Сол кезеңде ақшаның құнды екенін ескерсек, бұл аз қаржы емес. Патша үкіметі мүддесін қорғайтындарға жомарт болғанын көреміз. Сауданы қыздырғандардың жағдайын да естен шығармаған. 2000; 1000; 400 рубльдің саудасын жасауға қабілетті, бірінші, екінші және үшінші гильдия көпестеріне арнайы үй, басқа да қажетті құрылыстарды қазына есебінен салған. Мал саудалаған қазақтар 100 жылқы, 100 бұқа, 100 қой сатса, "жасақ" салығынан, яғни қолма-қол заттай төлейтін салықтан босатылған. Округтен тыс жерлерден келген байырғы ел саудасын арнайы куәлік алмай жасаған.
Енді осының бәрі Ақмолада жүзеге асырылады.
Батыс Сібір бас басқармасының Ақмола елдім екенін округтік қала дәрежесіне көтеру қажеттігі жөніндегі ұсынысын негізге ала отырып, ішкі істер министрлігі мен қаржы министрлігінің басқарушысы төмендегідей шешімге келді.
1. Сібір қырғыздары (қазақтары. Ред.) облысындағы Ақмола елді мекені Сергиополь, Көкпекті және Қапал қалаларына берілген құқықтарды иеленетін қала дәрежесіне көтерілсін.
2. Онда полиция басқармасы әлгі қалалардағы үлгіде және штатта құралып, әскери губернаторға, облыстық басқарма мен Ақмола округтік приказына бағындырылсын.
3. Полиция басқармасының шығыны жергілікті қаржы көздері қалыптасқанша болыстардан жиналатын ақшадан, ал қала қоры толыққанда, соның қаржысынан өтелетін болсын.
"Ішкі істер министрі осы шешімді Сібір комитетінің қарауына ұсынады. (Материалы по киргизскому землепользованию собранные и подписанные экспедицией по исследованию степных областей. Акмолинская область. Акмолинский уезд. Том ІІ-й. Часть ІІ-ая. Чернигов 1900 г. 484, 485, 486, 487 стр.)
Ақмола осылай қала атанды, Есілдегі шаһардың жаңа дәуірі басталды. Оның маңызды жол торабында тұруы және сауданың даму болашағын айқындап берді. Маңайындағы жоталанудан дәмелі елді мекендерге тиісті мәртебенің бәрін өзіне бұйыртып, тұлғаланып келе жатты.
Ақмоланың 1850 жылы жеке округ ретінде бөлініп шыққаннан бергі ірі оқиғасы осы еді. Сол округке 1852 жылдың 8 қазанында Ыбырай Жайықбаев аға сұлтан болып сайланды.
Ыбырай Жайықбаев
Қоңырқұлжадан кейін өңірдің "тағына" отырған бұл шонжар жайлы алғашқы ресми дерек "История Казахстана в русских источниках ХҮІ-ХХ веков" дестесінің сегізінші томының бірінші кітабында берілген (380-381 беттер).
"Ыбырай Жайықбаев, старшина, 51 жаста, - делінген онда, - Ақылды, әділ. Аса дәулетті. Құлан қыпшақ болысынан, руы - құлан. 1827 жылы 20 сәуірде облыс бастығы қызметін атқарушы полковник Броневский мырза старшина дәрежесіне көтерді. Ол мұндай құрметке үлгілі тәртібі, татарша және орысша сауаттылығы үшін ие болды. Жаз жайлауы Колутон және Дамса өзендерінің бойында. Қыста Есіл өзеніндегі Сартерек жазығында отырады, приказдың батыс жағында 150 шақырым жерде."
Аталған дестенің ҮІІІ томының екінші кітабында жаңа аға сұлтан туралы тағы бір мәлімет бар. Ол "Ақмола облысы әскери губернаторының айрықша тапсырмалар жөніндегі кіші шенеунігі Ыбырай Жайықбаевтың қызмет тізімі. 1869 жыл" деп аталады (340, 341, 342, 344, 345 беттер).
Сол тұста жергілікті билік құрамындағылардың іскерлік қабілеті мен жеке адам ретіндегі қасиеттеріне қаншалықты мән берілгендігін көрсету үшін осы ресми мәліметті қаз-қалпында берейік.
"Шені, аты-жөні, қызметі, жасы, діні, марапаттары ...
Полковник Ыбырай Жайықбаев, Ақмола облысы әскери губернаторының айрықша тапсырмалар жөніндегі кіші шенеунігі, 68 жаста, мұсылман дінінде. Мұсылмандар үшін белгіленген 3-ші дәрежелі Станислав орденінің иегері, сонымен бірге Анна лентасына тағылған алтын және 1853-1856 жылдардағы соғысты есте қалдыруға арналған Владимир лентасына тағылған қола медальдармен марапатталған. Жылдық қажетіне 800 рубль алады.
Шыққан тегі?
Қырғыз (қазақ. Ред.) балаларынан.
Әулеттік үй-жайы бар ма?
Жоқ.
Жауға қарсы жорықтарда болып, шайқастарға қатысты ма?
Жоқ.
Бойдақ па, әлде үйленген бе? Балалары бар ма? Бар болса қанша және қандай жастарда? Олар қайда тұрады, қай дінді ұстанады?
Үш әйелі бар. Бәйбішесі - Ұлдай, одан туған балалары: Теңіз (Тенис) 1879 жылы 10 сәуірде, Омар - 1851 жылғы 5 тамызда, Мұхаммед - 1825 жылғы 3 қыркүйекте, Бите - 1821 жылғы 4 сәуірде, Айғожа -1827 жылғы 2 наурызда, Байғожа- 1830 жылғы 4 ақпанда, қызы Жібек (Джипике) -1840 жылғы 7 ақпанда дүниеге келген.
Екінші әйелі Көркемнен - Мұхамедияр (1836 жылғы 20 желтоқсан), Ахметше (1839 жылғы 7 ақпан), Рахымжан (1855 жылғы 10 желтоқсан), қызы Фатима (1849 жылғы 10 желтоқсан).
Үшінші әйелі Ұмсыннан - Мұхаметжан (1838 жылғы 5 қазан), Ғалижан (1840 жылғы 5 наурыз), қыздары Алтын (1837 жылғы 12 сәуір), Заура (1852 жылғы 10 мамыр).
Әйелдері мен балалары өзімен бірге тұрады. Бәрі мұсылман дінін ұстанады.
* * *
Ресей деректерінде Ыбырай Жайықбаев осылай таныстырылады. Нақты деректерден аға сұлтанның ақылды әрі алымды, мұсылманша және орысша сауатты, ел арасында беделді болғанын көреміз. Ру мен руды, би мен шонжарды табыстыруда ұдайы жолы болуы қазақ арасының жөн-жобасына жетік, сөзге ұста екендігін де аңғартады. Оған мұндай қасиеттер бітпесе, Баянауыл жұртын сонда округ ашуға көндіріп, осы мәселеде бірі қостап, бірі қарсы шығып текетірескен Шоң би мен азулы Шорманды пәтуаластыра алмас еді. Батыс Сібір генерал-губернаторы Кривоноговты патша билігіне мойынсұнбай жүрген Ұлы Жүз қазақтарына бастап келіп, екі жақтың тіл табысуына ықпал етер ме еді. Қайта-қайта аға сұлтан болар ма еді.
Ақмола қаласы мен өңірдің бұдан арғы тарихын мұрағаттарда сақталған ресми деректер арқылы нақты тарату үшін тағы да "Хронологический перечень с кратким изложением сущности Высочайших грамот, указов и узаконение изданных с 1731 по 1896 год, по отношению к киргизам и населяемым ими степными областями Акмолинской, Семипалатинской, Семиреченской, Уральской и Тургайской" құжатына жүгінейік.
1868 жылы 21 қазанда Ресей патшасының кезекті жарлығы шықты. Орынбор және Сібір қазақтарын басқарудағы олқылықтар мен қиындықтарды жою мақсатымен облыстарға бөлу жүйесі қайта қаралып, императорлық шешім қабылданды.
1. Орынбор, Сібір және Семей қазақтары облыстары мен Орал, Сібір казак әскерлеріне қарайтын жерлерде Орал, Торғай, Ақмола, Семей облыстары құрылсын.
2. Ақмола облысы Сібір қазақтарының Көкшетау, Атбасар, Ақмола округтерінен және Сібір казак әскері алты полк округтерінің 1, 2, 3, 4, 5 бөліктерінен ұйымдастырылсын, Омбы мен Петропавл қалалары енгізілсін.
3. Облыстық қалалар болып: Ақмола облысы үшін Облыстық Басқарманың кеңсесі орналасқан соң Ақмола қаласы, Семей облысы үшін Семей қаласы болып табылады.
4. Сібір казак әскері бұрынғы тәртіппен Сібір казак әскерінің пәрменді атаманы лауазымы берілген Батыс Сібір генерал-губернаторы қызметін қатар атқаратын Батыс Сібір әскери округі қолбасшысының басқаруында болады және Ақмола, Семей облыстарындағы әскерлердің бәріне жетекшілік етеді.
Патша жарлығының соңғы тармағынан қайта ұйымдастырылған облыстардың казак әскерлерімен мықтап қорғалғанын көреміз. Енді даладағы мал баққан ел түгілі ұшқан құс, жүгірген аңның бәрі қарауылда тұрды.
1869 жылғы 13 наурызда Батыс Сібір генерал-губернаторы ішкі істер министріне Ақмола және Семей облыстарының ашылғаны туралы мәлімет берді.
Осы территориялық әкімшілік бөліністерге байланысты Ақмола облысының оңтүстігін басқару үшін жедел түрде Сарысу уезі құрылған.
Мына бір дерек те тарих үшін мәнсіз емес деп ойлаймыз. Ақмола облысы басқармасының қаржы шығыны 11 650 рубль болып бекітілді. Ал облыс полициясының құрылымы уақытша мерзімге есептеліп, Ақмола уезінің бастығына бағындырылды. Полицияның приставы мен надзирателіне, хат тасушысы мен кеңсе шығындарына 1800 рубль жеткілікті болды.
Осы ресми мәліметтермен танысқанда патша үкіметінің ойламаған, ескермеген нәрсесі сірә да жоқ шығар дейсің. 1877 жылдың 19 қарашасында Ақмола облыстық басқармасының штатына ҮІІ класты облыс архитекторы қызметі енгізіліпті. Оның зейнетақысы Ү разрядқа жатқызылып, 630 рубль жалақы белгіленген. Осы жылғы 14 желтоқсанда облыстық статистика комитеті жұмысқа кіріскен.
1878 жылы 7 ақпанда, сірә облыстың басқару жүйесін қаржыландыру қиынға түскен шығар, Тайынша және Константинов жәрмеңкелеріне малдәрігерлік-полициялық бақылау жасау, Ақмола өңірінің сауда-өндірістік мұқтажын өтеуді қамтамасыз ету үшін аталған жәрмеңкелерден ел сатып алған әр малдан айрықша ақшалай салық жинау жөнінде бұйрық беріліпті. Бұл салықты жәрмеңкелер комитеттері құрылғанша арнайы іссапарға жіберілген адамдар жинаған.
Мына бір жаңалық біздің назарымызды ерекше аударды.
1880 жылғы 2 қазанда облыстың басқарма бастығы бұрын болмаған жарғы қабылдайды. Соның кейбір баптарын қаз-қалпында келтірейік.
1. Ақмола облысының қазақтарына көмек ретінде, атап айтқанда, олар табиғи ауыр жағдайларға душар болғанда және үй шаруашылығы мен өндірісін сақтап дамыту үшін облыстық басқарманың жанынан несие кассасы ашылсын.
Ескерту. Несие тек қана Ақмола облысының қазақтарына, оның ішінде шын мұқтаж болғандарға беріледі.
2. Несие кассасының айналым қаржысы 28777 рубльден тұрады. Қазақтардан олардың қоғамдары жинаған қайтарым төлемдері генерал-губернатордың нұсқауымен несие қорына жіберіледі.
3. Несие меншік жөніндегі кітапта тіркелген құны 10 рубльден 300 рубльге дейін бағаланатын киіз үйі атына жазылған шаңырақ иесінің қолына беріледі.
Ескерту. Несиенің мөлшері кассада бар ақшаның мөлшеріне сәйкес анықталады және несие алушыға тиесілі мүлік құнының оннан бір бөлігінен аспайды.
Осындай өзгерістер әр салада болып жатты. 1881 жылы 27 ақпанда Ақмоладағы приход училищесіне халық ағарту министрлігінің ұйғарымымен қалалық училище мәртебесі берілді. Сол жылдың 11 шілдесінде Орынбор генерал-губернаторлығы таратылды. Бір жылдан кейін 18 мамырда Батыс Сібір генерал-губернаторлығы мен Батыс Сібір бас басқармасының кеңесі де жұмысын тоқтатты. Оның орнына Дала генерал-губернаторы қызметі енгізілді, штаб-пәтері Омбы қаласына орналастырылды. Жаңа губернияға Ақмола, Семей және Түркістан генерал-губернаторлығынан бөлінген Жетісу облыстары қаратылды.
1886 жылы 17 ақпанда Ақмола, Петропавл, Қарқаралы қалаларында уездік қазыналық мекемелер ашылды. Соның салдары ма, іле-шала әр шаңырақтан алынатын салық 4 рубльге көбейтілді.
Жаңа облыстар, қалалар елдің әлеуметтік өмірінде елеулі өзгерістер туғызды. Орталық шаһарларға көпес-саудагерлермен бірге сенімді-сенімсіз жұрт жан-жақтан ағылды. Алыс-жақыннан ұрланған мал-мүлік те осы жерлерге тоғытылды. Жоқ іздегендермен бірге баукеспелер сапырылысып жүрді. Жәрмеңке сайын қызынып алған елдің топ-топ болып қырқысуы дәстүрге айналып кетті.
Осының бәрі Ақмолада 1890 жылдың 17 сәуірінде түрменің ашылуына әкеліп соқты. Оны басқаратын уақытша штат белгіленді.
Әрқайсы жарты Еуропаның жеріне тең аймақты алып жатқан облыстарды тиімді басқару оңай емес еді. Олардың билік жүйесі мен құрылымы әредік өзгеріп отырды. 1891 жылы 25 наурызда Дала генерал-губернаторының штаты қайта қаралды, оған қосымша азаматтық және қылмыстық сот пен прокурорлық бақылау палатасы пайда болды.
Жаңа ереже бойынша облыстар уездерге бөлінде. Ақмола уезіне Омбы, Ақмола, Атбасар, Петропавл, Көкшетау өңірлері енді. Бұл өзгеріс шаруашылық және халық ағарту салаларына тың көзқарасын ала келді. 1895 жылы 15 ақпанда бұрын жабылып қалған қазақ мектептері қайтадан ашылды. 1897 жылдың 29 мамырында Ақмола, Семей және Жетісу уездері бірнеше учаскелерге бөлініп, әрқайсына дәрігер, фельдшер, фельдшер-акушер әйел тағайындалды. Оларды дәрігерлік инспекторлар іріктеп, әскери губернаторлардың бекітуіне ұсынатын.
Халық денсаулығын қадағалауға тағайындалғандар өздеріне белгіленген аумақтардағы ауылдар мен қалалар тұрғындарына тегін дәрігерлік қызмет көрсетіп, дәрі-дәрмекті тегін таратты. Осы шараларға қажетті қаржы дәрігерлік инспекторлардың иелігіне түсіп, солар бөлетін. Олардың жалақысы 300 рубль болуы осы қызметке елеулі мән берілгенін көрсетеді. Мұның сыртында кеңсе шығынына қосымша 250 рубль және бөлінді.
Ақмола облысындағы денсаулық сақтау қызметінің штаты қандай болғандығы жөнінде де мәлімет бар. Бекітілген ереже бойынша әрқайсы жылына 1200 рубль еңбекақы алатын 15 учаскелік дәрігер, 15 фельдшер (жылдық еңбекақысы 200 рубль), 15 фельдшер-акушер әйел (жылдық еңбекақысы 360 рубль) жұмысқа қабылданған. Мұнымен бірге іссапарларда жүретін дәрігерлік дайындығы бар 19 адам және бар.
1897 жылы 19 желтоқсанда Ақмола облысы Сібір әскери округіне қаратылды. Өңірдегі әкімшілік басқару реформасы осымен аяқталды.
АҚМОЛА УЕЗІ
Орталығы Ақмола қаласы.
1909 жылы қалада 6939 ер адам, 7304 әйел есепке алынған. Олардың 94-і дворян, 11-і православия, 5-еуі мұсылман дін басылары, 33-і құрметті азаматтар, 93-і - көпестер, 3201-і мещан, 1655-і крестьяндар, әскерилер - 442, шетелдіктер - 7491, қалғандары - 227. Православие дінін ұстанатындар 6064, еврейлер - 152, мұсылмандар - 7532. Тұрғын үйлердің саны - 1221, 1080 -аула, сауда лавкалары - 185.
Қалада сол кезде жалғыз шіркеу болыпты, синагога да жалғыз, мешіт екеу. 104 зауыт-фабрика жұмыс істеген.
Константин-Еленинская жәрмеңкесі 21 мамыр мен 10 маусым аралығында қызса, осы жерге жан-жақтан 1 миллион 300 мың рубльдің мал-мүлкі жеткізіліп, 2 миллион 600 мың рубльге саудаланған.
Сол кездегі уезд бастығы сарай советнигі Александр Григорьевич Нехорошков. Оның көмекшісі, хат таратушысы және аудармашылары болған.
Мемлекеттік мекемелер:
1.Крестьян бастықтарының Ақмола съезі
2.Ақмола қазыналық кеңсесі
3.Почта-телеграф кеңсесі
4.Сот
5.Салық инспекторы кеңсесі
6.Акциздік бақылау кеңсесі
7.Қоныс аударушылар басқармасының Ақмола ауыл шаруашылық қоймасы
8. Дәрігерлер тобы: Ақмола жергілікті лазаретінің аға дәрігері, Ақмола қоныс аударушылар пунктінің меңгерушісі және қаладағы 15-інші учаскенің дәрігері.
9. Мал дәрігерлері кеңсесі
10.Қала басқармасы
Бастығы - Ақмоладағы ірі кәсіп иесі Степан Андреевич Кубрин.
Басқарма мүшесі - Петр Гаврилович Ярушин. Қала думасының хатшысы - Василий Иванович Кошкин.
11.Оқу-мәдениет орындары:
- 3 кластық қалалық училище
- Ақмола ауылшаруашылық мектебі
- Ақмола қалалық қоғамдық кітапханасы
12. Почта бөлімшесі
Уезд бен қаланың басқару жүйесі мен мемлекеттік мекемелері осы құрамда ұзақ уақыт жұмыс істеді.
Сол жылы Көкшетау қаласында 3523 адам тұрыпты. Оның 2058-і мещан, 655-і крестьян, 393-і шетелдіктер. Православие дініндегілер - 2856, 647 адам мұсылман дінін ұстанған. Шіркеу біреу, мешіт жоқ. 45 зауыт-фабрика болыпты.
Көкшетауға қарағанда Атбасардың салмағы басымдау. Үш шіркеу, екі мешіт салынған. Жәрмеңкелер саны бойынша Ақмоладан да асып түседі. 10 маусымнан 5 шілдеге дейін ашылатын Петровская, 27 қарашадан 6 желтоқсанға дейін жұмыс істейтін Знаменская, 3-15 қыркүйекте ел жиналатын Воздвиженская жәрмеңкелері заманында бүкіл қазақ даласына белгілі еді.
САУДА
Жәрмеңке қазақ даласында бірнеше мән-мазмұнға ие болғаны белгілі. Ол алыс-берістің ыңғайлы орыны болуымен қатар мереке-думанның да ошағы еді. Әнші-күйші, ақын, палуан, бай-манап жиналып, мал соңындағы күйбең тірліктен қажыған ел емін-еркін көңіл көтеретін. Әр рудың әлділері жәрмеңкелерге алдын-ала дайындалған, ақынын баптаған, палуанын шыңдаған, жігіттерін қайраған, жүйрігін бауырынан жаратқан. Алыс-жақын андыздап жететін думан кімнің кім екенін айқындап беретін. Ақыны жеңген, палуаны жыққан жақ айдарынан жел есіп, ауыздыға сөз бермесе, белдескені бүгіліп, егескені еңкейіп еңсесі түскендері басынан бағы тайғандай теңселетін. Жәрмеңкеде айтылған әр сөз алты айшылық жерде жаңғырығып, шырқалған ән алты алашқа шығандап кететін.
Жәрмеңкелерге үйір-үйір жылқы, отар-отар қой, табын-табын сиыр барлық аймақтардан айдалатын. Саба-саба қымыз бен қазы-қарта, жал-жая жесең де арман, жемесең де арман еді. Дала халқы өндірмейтін ыдыс-аяқ, шай-қантты қала көпестері бұлдап бағатын. Азиядан жеткізілген кездеме, киім-кешек пен жеміс-жидек алушысын таппай қалмайтын. Еуропаға тән шыны, темір бұйымдар мен ине-жіп елдің, опа-далап, сырға-моншақ қыздың зәру заты екенін білетін саудагерлер бағасын түсірмей тұрып алушы еді.
1890 жылы Ақмола уезіндегі жәрмеңкелерде 8 миллион 73123 рубльдің саудасы жасалған. Әкелінген мал әуелде 1 миллион 525129 рубльге бағаланса, сауда барысында 160 мың рубльге асып түсіпті.
Жыл өткен сайын жәрмеңкелерге қырдан айдалатын малдың саны кеми бергені байқалады. Оған жырынды саудагерлердің базарда малдың құны өсіп шыға келетінін біліп, елге өздері шығуы, алыстан арзанға әкетуі себеп.
Жәрмеңкелердің ішінде Ақмоладағы Константинов, Атбасардағы Петров, Петропавлдан 110 шақырым жердегі Тайынша жәрмеңкелерінің сауда айналымы ауқымды болды. Оларға көпестер мен дәулеттілер Сібір мен Ресейден, Түркістан мен Қоқаннан керуен жөнелтті.
Жәрмеңке комитеттері соны пайдаланып сауда аясын барынша кеңейткен, Қарқаралыдағы Қоянды секілді атақты жәрмеңкелермен байланыс жасап, сатылатын бұйымдарды өзара келісіп отырған.
Келе-келе мұндай сауда нүктелері көбейе бастады. Атбасарда - Знаменская, Көкшетауда - Қазан, Арықбалық стансасында Александр-Невский, Петропавл уезінде Рождественско-Богородская, Михаловская, Никольская т.б. жәрмеңкелер аз ғана уақыттың ішінде аймаққа танылып үлгерді.
Константинов жәрмеңкесі
Салқын көктемде ашылатын болғандықтан әкелінген мал бұл кезде аз және арық болатын. Қазақтар қала тұрғындарының сұранысын ескеріп шамалап жеткізіп жүрді. Мұндағы сауда негізінен Қарқаралыдағы Қоянды жәрмеңкесі тараған соң қызады. 10 - шілдеден бастап күн сайын жылқы мен сиырды қосып есептегенде тоқсан мың мал айдалып әкеледі. 1890 жылы осы кезде 3923 жылқы, 4133 сиыр, 88735 қой, 25 түйе бір күнде сатылған екен. Мұның сыртында 20550 жылқы терісі, 147 мың қой мен 3500 қозы терісі, 10948 түйе терісі өткізілген.
Елде малдың аз болмағанын мына мәліметтен көре аламыз. Тек қана Константинов жәрмеңкесі арқылы екі маусымда 1889 жылы 521059 бас жылқы мен сиыр сатылған.
Петров жәрмеңкесі
Арқадағы жол тораптарының бірі Атбасарда, қолайлы жерде орналасқан. Тобыл мен Орынбордан, Пермь губерниясынан, оңтүстікте Бұхардан түрлі тауарлар үсті-үстіне келіп жататын. 1890 жылы осында 287650 бас мал сатылып, қыр қазақтары 113 мың 745 рубльдің тұрмыстық бұйымдарын алыпты. Жәрмеңке сайын 500 мыңға жуық рубльдің малы өткізіліп тұрыпты. Ел бір қатынағанда 3500 жылқыдан, 4700 ірі қарадан, 27000 қойдан кем әкелмеген.
Тайыншакөл жәрмеңкесі
15 маусымнан 30 тамызға дейін созылатын сауда үшін жыл сайын 150 киіз үй тігіледі. Онда мал алатындар негізінен алыпсатарлар болған. Қазақтар әкелген төрт түлікті тік көтеріп сатып алып Ресей жаққа жөнелтіп отырған. Қыр малының еті дәмді екенін білетін орыс ақсүйектері оларға арнайы тапсырыс береді екен. Ал өз кезегінде қой мен марқа етін Петербургке патша сарайына жөнелткен. Француз Маркиз де Кюстин "Николай Ресейі" атты еңбегінде сарайда болғанын, ерекше дәмді ет жеп, оның жай-жапсарын сұрағанда, қыр қазақтарынан алдырылған марқа еті және жылқының қазысы екенін айтқанын әжептәуір әңгіме етеді.
Қазақ малы сонымен патша дастарханына да жеткен. Жыл сайын Москва - 375 мың, Петербург 345 мың пұт ет алдыртып отырыпты, қара халық үшін емес, ақсүйектерге.
Владимир губерниясына -* 450, одан әріде Еуропаға, мәселен Ревель мен Либаваға 405 мың дана тері жөнелтіледі екен. Берлин де сапалы тері бұйымдарына қажетті шикізатты қазақ даласынан іздеген, жылына 380 мың дана алдырып отырған. Мұнымен қатар Петропавл арқылы Қазан мен Петербургке 180 мың пұт мал майы жіберіліп тұрған. Осы барлық мал өнімдерінің тек Петропавлдан ғана әрі асырылған көлемін ақшағы шаққанда, 8 миллион рубль болады.
Жәрмеңкеге келсек, мұнда жыл сайын 1 миллион 356 мың 789 рубльдің саудасы жасалып келіпті. 1890 жылы ғана 405943 мал, 80 мың рубльдің түрлі бұйымдары өткізіліпті.
Малды әр түлікке бөлсек: жылқы - 2104, ірі қара - 13700, қой -205390. Бұлардың ішінде Қапалдан ұзын саны - 92750, Бішпектен -11050 бас мал айдалып әкеліпті. Соған қарағанда қазақ даласындағы жәрмеңкелер Алатау қырғыздары үшін де тиімсіз болмаған секілді.
Әр жәрмеңкеге жеке тоқтала бермей, олардың 1890 жылғы жалпы көрсеткішін қорытып берейік.
1890 жылы Ақмола, Атбасар, Көкшетау, Петропавл жәрмеңкелерінде 10995 жылқы, 23383 ірі қара, 322675 қой тірідей сатылған. Ет пен терісін саудаға салу үшін 24466 жылқы мен сиыр, 308195 қой сойылған. Жылқының - 175937, сиырдың -161754, қойдың - 1 миллион 185009, қозының -510459, түйенің -4712 терісі өткізіліпті. Дәл осындай көлемдегі мал мен мал өнімдері қазіргі Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарында бір жылдың ішінде сатылмайды. Осы өңірлерде бүгінде сонша жылқы мен сиыр, қой мен түйе болса, ол үлкен байлық емес пе?..
Алдан СМАЙЫЛ, Парламент Мәжілісінің депутаты
«Егемен Қазақстан» газеті 1 шілде 2009 жыл