Жұма, 22 Қараша 2024
Әлеумет 18884 28 пікір 2 Ақпан, 2021 сағат 09:27

Күн күркіреген соң жаууы керек!

Қазақстан Республикасының Конституциясының 51-бабында  «Мәжілістің тоғыз депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды» -деп көрсетілген.

Демек, Қазақстан халқы Ассамблеясының Мәжілістегі тоғыз депутатын сайлау Конституциямен арнайы бекітілген. 

Бұл – Қазақстан халқы Ассамблеясына берілген өте зор мәртебе! 

Сондай-ақ, «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» арнайы заң да бар. Аталған заңның  6-бабында «5) демография және көші-қон саласындағы жоспарлар мен іс-шараларды әзірлеуге және іске асыруға қатысу;» және «10) шет елдердегі қазақ диаспорасына ана тілін, мәдениеті мен ұлттық дәстүрлерін сақтау және дамыту, оның тарихи Отанымен байланыстарын нығайту мәселелерінде қолдау көрсету;» – Ассамблея қызметінің негізгі бағыттары екені ашық жазылған.

Бір қызығы, Ассамблеядан сайланған депутаттар өздерінің қызметінің осы бағыттарының ішінде көші-қон, шет елдердегі қазақ диаспорасы... туралы осыған дейін бәлендей бір мәселе көтеріпті, ол көтеген мәселесін індетіп орындатыпты деген сөзді өз басым естіген емеспін.

Өткен жылдың соңында «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңында осындай нормалар бар екенін естеріне салып едік, міне жетінші шақырылымның Ассамблеядан сайланған Сауытбек Абдрахманов ағамыз бастаған тоғыз депутаты жақында ең бір өзекті мәселені көтеріп, Үкіметке депутаттық сауал жолдапты.

«Жұмыс күші артық өңірлерден адамдарды жұмыс күшін қатты қажетсініп тұрған өңірлерге қоныстандыру жұмысы да жөнді жүрмей жатыр. Тұрғын үй бөлу, жеңілдетілген кредиттер беру, жайылымға, егіндікке жер учаскелерін тарату, көшерақы қаражатын қарастыру тиісінше ойластырылмаған. Жаңа өңірге көшіп барудың оңды тәжірибесі дұрыс насихатталмайды. Мұндай үлкен істе болмай қоймайтын кемшіліктерді алаулатып-жалаулатып көрсету, сөйтіп қайта көшіп кетуге бейім көңіл-күйді күшейту, басқа жерге барып, бағын сынаушылардың сағын салған беттен сындыру басым. Туған жер ұғымының кеңдігін, «туған жер» мен «Отан» ұғымдары ортақ екендігін жүректерге жеткізу жағы кемшін», - депті депутат Сауытбек Абдрахманов со депутаттық сауалында.

Өте дұрыс айтады Сауытбек ағамыз! 

Әр сөзін алтынға балап, келісемін мен!!

Көшіп келушілер мен қоныс аударушылардың Үкімет айқындаған өңірлерге өз деңгейінде орныға алмай жатуының басты себебептерінің бірі  – осы!!!

«Осы жеті облысқа этникалық қазақтардың көшіп келуіне бөлінген квота 2020 жылы 1378 адам болды. 2021 жылға бөлінген квота саны 1426. Өсім жоққа жуық. Экономикалық ахуал анағұрлым күрделі болған кездің өзінде бұл квота жылына 10 мың мен 20 мыңның арасында еді, соның арқасында жылына мемлекеттің көмегімен 40 мыңнан 80 мыңға дейін адам шетелдерден көшіп келетін»-депті Сауытбек ағам тағы аталмыш сауалында.

Бұл да айдай ақихат!

Жасырып-жабуға келмейтін ащы шындық!

Сауытбек көкем сол шындықтың бет-пердесін дар-дар еткізіп айырып, Үкіметтің бетіне шыжғырып тұрып басыпты. Өз басым Ассамблеядан сайланған Саукең бастаған депутаттарға қатты риза болдым.

Бірақ, бұл жеткіліксіз!!! 

Ассамблеялықтар «Мәселені көтердік, парызымыздан құтылдық...»-десе, Хакім Абайдың «Іс бітті, қу кеттісінің» аяғын құшады. Күн күркіреген соң жауу керек! Сауытбек көкем бастаған топ осы айтылғандардың бір нүктесін қалдырмай, Үкіметке орындатуы тиіс!

Әйтпесе, бәрі бос сөз!

Жұрт сөйлейтін депутаттардан шаршаған, көңілі қалған. Одан гөрі, бір заңға бір сөйлем болса да қосқан немесе алған депутатты жақсы көреді.

Жер бетіндегі депутат атаулының ең басты міндеті – алдына келген заңға халық пен мемлекеттің мүддесіне пайдалы етіп өзгертулер мен толықтырулар енгізу! Олардың еңбегі жолдаған депутаттық сауалымен емес, заға сапалы баптар қоса алғандығымен бағаланады...

Ол үшін бұл депутаттар қандай қадамдар жасау керек?!!

Мысалы, тоғыз депутат аталған депутаттық сауалында «Жұмыс күші артық өңірлерден адамдарды жұмыс күшін қатты қажетсініп тұрған өңірлерге қоныстандыру жұмысы да жөнді жүрмей жатыр»-депті.

Бұл мәселені шешу үшін, ең алдымен Үкіметке «Шетелдегі қазақтарды және көшіп келушілер мен қоныс аударушыларды қолдаудың ұзақ мерзімге арналған мемлекеттік жаңа бағдарлама» қабылдату керек!

Одан ары, «Тұрғын үй бөлу, жеңілдетілген кредиттер беру, жайылымға, егіндікке жер учаскелерін тарату, көшерақы қаражатын қарастыру тиісінше ойластырылмаған»-депті.

Бұл мәселені шешу үшін, қатысты Заңдар мен нормативтік құжаттарға өзгертулер мен толықтырулан енгізу тиіс;

Мысалы, өзiндiк қосалқы шаруашылық жүргiзу, бағбандық және саяжай құрылысы үшiн, сондай-ақ шаруа немесе фермер қожалығын және ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн жер учаскелерiн беру шарттарын барынша жеңілдетуді немесе азайтуды, тіпті жоқ қылу керек!

«Мұндай үлкен істе болмай қоймайтын кемшіліктерді алаулатып-жалаулатып көрсету, сөйтіп қайта көшіп кетуге бейім көңіл-күйді күшейту, басқа жерге барып, бағын сынаушылардың сағын салған беттен сындыру басым»-депті Сауытбек аға.

Мұндай келеңсіздіктің алдын алу үшін, мемлекеттік телеарналардың бірінен аптасына бір рет беріліп тұратын, ең кемінде, 45 минуттық арнайы бағдарлама ашып, үгіт-нәсихатты күшейту керек...

Енді осы керектерді іске асыру үшін, тағы да толып жатқан керектер керек!

Атап айтсақ, Ассамблеядан сайланған тоғыз депутат Мемлекттік сыйлықтың лауреаты, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, ақсақал депутат Сауытбек Абдрахмановты алдығы салып, оның беті мен беделін алға тартып, есік біткенді тоздыруы, телефон біткенге тыным бермеуі, Мәжіліс талқысына түскен қатысты Заң жобасын кірпік қақпай қарауы, зерттеуі, сөйтіп тиісті жерлеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізуге табандылықпен ықпал етуі керек!

Егер, Президент айтқандай, «...жоғарыға көпірген ақпар беру үшін емес, мемлекеттік мүдде және ағайынға шынайы жанашырлық тұрғысынан» қараса, бұл түйіндерді шешуге Сауытбек Абдрахманов ағамыз бастаған депутаттық топтың күші де, еркі де қаптал жетеді. 

Жалпы, қазақ көшіне, шеттен оралған қандастарға деген Үкіметтің көзқарасы тым шіркін-ай емес. Бұл туралы алдағы күндерде арнайы тоқталатын боламыз. Сондай-ақ, Үкімет айқындаған өңірлердің әкімдерінің де көбі құлшынып тұрған жоқ.

Сол үшін Сауытбек Абдрахманов бастаған тоғыз депутатқа тағы бір өтініш айтуды жөн көрдім.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты жақында жариялаған мақаласында «Уақыт ұттырмай қолға алып, дәйекті түрде іске асыратын тағы бір шаруа бар. Халықтың қалалық жерлерге жаппай көшуі салдарынан көптеген ауылдарда, әсіресе, шекара маңындағы елді-мекендерде тұрғындар саны күрт азайды. Біз еңбек күші көп оңтүстік өңір тұрғындарының солтүстік және шығыс аймақтарға қоныстануына қолайлы жағдай жасап,   осы жұмысты назарда ұстаймыз. Бұл – өте өзекті әрі  еліміздің қауіпсіздігіне қатысты мәселе. Бұған қоса соңғы жылдарда түрлі себептерге байланысты бәсеңдеп қалған қандастар көшін барынша қолдап, оларды жоғарыда айтылған өңірлерге орналастыруды жандандырамыз»-деді.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы тағы «Бұл екі мәселенің де стратегиялық маңызы бар. Оған кезекті науқан ретінде қарауға болмайды. Жергілікті билік мұндай жұмыстарды жоғарыға көпірген ақпар беру үшін емес, мемлекеттік мүдде және ағайынға шынайы жанашырлық тұрғысынан жасауға тиіс»-деп, қадап тұрып айтты.

Осыған байланысты, Сауытбек Абдрахманов ағамыздан Ассамблеядан сайланған депутаттың атынан тағы бір депутаттық сауал жолдап,  Үкімет басы мен Үкімет айқындаған жеті облыс әкімінің Президент мақаласында айтылған көші-қон мәселесі туралы алдағы жерде қандай нақты жоба-жоспары, бағдарламасы, шешімі және жаңалығы бар екенін сұрап білуді өтінемін. 

Зор құрметпен, 

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

28 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1447
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3206
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5208