Сарыарқаны жайлаған аштық...
20-ғасырдың алғашқы ширегінде азамат соғысынан берекесі кетіп, күйреген Ресейдің халық шаруашылығын аяғынан тұрғызу қиын болғаны тарихтан мәлім. Орталықтағы өндірістік аймақтарда азық-түлік тапшылығы асқына түсті. Қазақстан сияқты қиыр аймақтағы астық пен мал күшпен жиналды. Сақталған құжаттарға қарағанда, 1920 жылы Петропавл станциясы арқылы орталықтағы өнеркәсіп аймақтарына 2 408 738 пұт астық, 3 119 пұт картоп, 28 144 бас ірі қара мен 48 679 қой, 168 мың пұт ет, 224 мыңнан аса жұмыртқа жөнелтілген [1].
1920 жылғы 3-тамызда Петропавл уездік ревкомы болыстарда азық-түлік салғыртын орындаудың жағдайы туралы мәселе қарап, «жұмысты ширату туралы» қаулы алды. Бұл арада «салғырт» деген атауды түсіндіре кетейік. «Салғырт» - орысшасы «продразверстка», яғни өнеркәсіпті орталықтарды жабдықтау үшін, ауыл шаруашылығы саласындағы адамдардың қолындағы азық-түлігінің артығын күшпен тартып алу.
Сонымен, салғырт (продразверстка) науқаны басталып кетті. 1920 жылғы ақпанның 25-не дейін Ресейдің орталық аудандарына Қазақстанның солтүстігінен 305897 пұт астық және 163729 пұт ет жөнелтілді. Бұл – революциялық үкімет белгілеген жоспардың 5/1 бөлігі ғана болатын.
1920 жылғы 16-июльде Омбы губерниялық азық-түлік комиссары Мәскеуге, азық-түлік халық комиссары Цюрупаға мынадай жеделхат соқты: «В.И.Лениннің бұйрығы бойынша батыс майданға Петропавл, Петухов, Қостанай станцияларынан 300 мың пұт астық жібердік және Орталыққа жөнелту үшін 20 вагон май дайындап қойдық». Өсіріп қойған егіні, бордақылап қойған малы бар ма еді? Әрі қарай оқиық: «Қазақ аудандарында ет дайындауды (тартып алуды.- З.Т.) күшейтіп жатырмыз. Олардың тапсырған малының бес проценті мөлшерінде тауар бермекпіз. Ал, орыс аудандарында ет дайындау продразверстка жүзінде жүргізіледі» [2].
Осылайша, «бес процентке мал сатып алу арқылы» халықты қатты күйзелткен үкімет, қысымды одан әрі күшейте берді. Өз халқына жасалған қиянат жауапсыз қалмақ емес. Жер-жерде наразылықтар бой көтерді. Орыс және украин шаруаларының ұраны: «Еркін сауда», «Коммунистерсіз кеңес үкіметі!» Бірақ, коммунистік тәртіптегі өкімет қарулы әскермен наразылықтарды халық атынан аяусыз басып отырды.
Мұндай наразылықтар жөнінде 1920 жылғы желтоқсанда Петропавлда өткен бірінші уездік-қалалық партия конференциясында ашық айтылды. Мысалы, азық-түлік жөніндегі баяндамашының көрсетуіне қарағанда: «саудада мата, сіріңке, сабын, кәрәсін, тіпті бір тиындық түйме де жоқ… Соған қарамастан астығымызды, шөбімізді, майымызды… тегін алып жатыр». Делегаттар азық-түлік салғыртының шаруаларға ауыр екендігін көрсетті [3].
Қазақстанның Орталық және Солтүстік аймақтарынан мал мен астық жеткізу үшін Ресей Совнаркомының Ленин қол қойған 1920 жылғы 5-тамыздағы қаулысымен Петропавл-Көкшетау теміржолы шұғыл түрде салына бастады. Мұндай күзде басталып, қыс бойы жүргізілген ешбір ақылға симайтын төтенше жұмыс үлкен ауыртпалық әкелді. Онсыз да аштыққа ұшыраған халықтың жағдайы қиындап кетті.
Бірден-бір жұмыс көлігі жылқы ғана болғандықтан, әскер күшімен жергілікті ауылдардан жегін аттары жиналды. Оларға жеткілікті жем-азық табу да оңай болмады. Сонда да зорлықтың күшімен алғашқы үш айдың өзінде ғана 600 атқа қажет 22 мың пұт жем теміржол танабына жақын жерлерден жиналды [4].
Бұрмаланған тарихи санамызға бұл құбылыс басқаша түсіндірілді. Лениннің тікелей нұсқауымен қазақ даласын бақытқа кенелту үшін теміржол тартып бергеніне разылық білдірдік, осы бір тарихи оқиға жазушыларымыздың қаламына тақырып болып үйірілді, театр сахналаранына көрсетілді, әлдебіреулер сол үшін сыйлық алды, марапатталды.
Ал, тарихи шындық, аштықтан жаппай қырылып жатқан халықтың тауқыметі көпе-көрнеу бүркемеленді. Шын мәнінде, аштықтың салдарымен күресу үшін емес, сол аштыққа себеп болған теміржол еді бұл. Онсыз да қасіретке ұшыраған жергілікті халықты одан әрі тонап, күнкөрісінен тезірек айыру үшін, там-тұм ғана азық-түлігін тақырлап сыпырып алып, Ресей қалаларына жеткізу үшін Петропавл-Көкшетау (Петроокок.-З.Т.) теміржолын салу жұмыстары тікелей қысқа қарай басталып, 1922 жылғы 28 маусымда Көкшетауға пойыз қатынасы басталды. Ақ қар көк мұзда, екі қыс бойы тартылған бұл жолдың қаншама адам сүйегінің үстінде тұрғанын, осы күні біреу білсе, біреу біле бермейді. Кеңестік зорлықтың үлкен құпияларының бірі – осы…
Бұл жолдың маңызы осы уақытқа дейін «Қазақ халқының экономикасы мен мәдениетін көркейту үшін кеңес үкіметінің қамқорлығы», деп түсіндіріліп келді. Төңкерістен-төңкеріс, берекесі кетіп, бүлінген мемлекет қайдағы бір «киргиздарды» көркейту үшін қақаған қыста жол салып, орасан шығын мен құрбандыққа барды дегенге сәбиді де сендіре алмайсыз… Ал, шындықты көрсетіп, тарихи оқиғалардың себебі мен салдарын бүкпесіз түсіндірсек, одан теміржолдың да, басқаның да беделі түсіп қалмайды
Губерния халқынан азық-түлік жинау (тартып алу, деп оқыса, дұрыс болар. – З.Т.) үшін Ресейдің орталық қалаларында арнайы әскери күштер жасақталды. Оларға қоса жергілікті жерлерден отрядтар құрылды.
1921 жылдың 30-желтоқсанында Мәскеуде мынадай бұйрық жарияланды (түсінікті болу үшін орысша түпнұсқа мәтінін берейік):
«Части Особого назначения Киргизской Советской Социалистической Республики выделяются из состава частей Особого назначения Приволжского Военного округа с самостоятельным управлением с 1 января 1922 года. ЧОН Акмолинской и Семипалатинской губерний в оперативном отношении остаются в подчинении Комчонсиб, в остальных отношениях подчиняются Комчонкир респ».
Бұл құжаттың ерекшелігі – Ақмола және Семей ЧОН-дары сөз жүзінде Қазақстанға (Кирреспублика) ал, іс жүзінде Сібірге (Ресейге), бағынатынын көрсетеді. Осыған да назар аударайық. Қарулы күштерге келгенде «республика дербестігі» деген түсініктің бос сөз екендігінің бір айғағы осындай.
Осылайша, Петропавлда Ақмола губерниялық Ерекше қызмет бөлімдері (ЧОН) құрылды. Ақмола, Атбасар, Көкшетау уездерінде де осындай бөлімдер құрылды. Ал, Петропавлдағы ЧОН губернияға тікелей бағынатын еді.
Ардақты атамыз, атақты жазушы Сәбит Мұқановтың атқа мініп, бөркіне қызыл байлап, көзге түсетіні нақ осы кез. Осы ЧОН-ның белсенді қызметкері ретінде «тап жауларымен», аяусыз күрескен. Бұл жөнінде Сәбең өзі былай жазды:
«Продразверстка жұмысы қанша қиыншылықпен жүрсе де, 1921 жылдың қаңтар айының жоспарын Пресногорьковкадағы райпродком орындады да, телеграмма арқылы Россияның Социалистік Федеративтік Советтік Республикасының Халық комиссарлар Советінің Председателі Владимир Ильич (Ульянов) Ленинге рапорт берілді. Рапортқа қол қоюшы бес кісінің бірі болу бақыты – менің де маңдайыма жазылды!..»[6].
Сәбең бір ауданның жоспарын орындап тастап, «Қызылжардан Пресновкаға барған кезде, продразверстканың халі аса нашар екен, азық-түліктің барлық түрі де планды мөлшерден әлдеқайда кем орындалыпты. Сол күні райпродкомның комиссары Дерявинді Ленин прямой проводқа шақырыпты. Дерявиннің Ленинмен сөйлесуі түн ортасы ауа біткен…» (Шіркін, Ленин де ғажап қой, Москва емес, Омбы емес тіпті Қызылжар емес, жердің түбіндегі Пресновтың өзінен Дерявинді іздеп тауып алған. Әйтпесе, Ленин бола ма! Ал, «күн көсеммен» түн ортасына дейін телефонмен ұйықтамай сөйлескен Дерявиніңіз де осал емес! – З.Т.).
Бұл арада ескерте кету керек, большевиктік үгіттің дәл осындай өтірікке, қисынсыз қиялға негізделген мысалдары аз болмаған. Мына жолы да қараңғы халықты үркітіп-қорқытып, алдап, Ленин атымен үгіттеп, көндіру амалы қолданылған.
Сәбеңнің жазуына қарағанда сол күні ол жоспары орындалмай қалған «Бірер қазақ болысына баратын отрядтың бастығы болып кетеді де… тапсырманы тағы да мүлтіксіз орындап қайтады». Тапсырма болғанда, елдің өз еркімен алдына салып беріп отырған малы болмаса да, үгіттеп, реті келгенде «қысып» ет жинау мәселесі.
Соның алдында ғана, 1920 жылғы 21 қарашада азық-түлік жинау барысы жөнінде Қызылжарға Бүкілодақтық Орталық атқару комитетінің төрағасы Михаил Иванович Калинин келіп жиналыс өткізеді. Жиырма жастағы кедей баласы Сәбеңмен сырласады. Сәбең Калининнің вокзал басында тұрған «Салон-вагонында» қонақ болады, «…орысша сырнай тартып, өлең айтады. Михаил Иванович… кей жерінде күле отыра… рахаттана тыңдайды».
Ресейге азық-түлік жинап жіберу мәселесі кешке қалалық жиналыста қаралады. Калининнің айтқандарын сол жерде қойын кітапшасына түртіп алса керек, кейінСәбит Мұқанов өз естеліктеріне былай түсіріпті:
Калинин «…әуелі көпшілікті күлдіре Совет өкіметінің орнауымен құттықтап алды да:
- Бұл жолы мен сіздерге Москва мен Петроград халқының сәлемін ғана әкелдім, — деді, олардың сәлемінен соң айтқаны: — Ақмола облысы бір қысша бізді азық-түліктен тарықтырмасын, ол қарызды біз де бірдеме ғып өтеуге тырысармыз…» [7].
Жиналыс соңында «Ақмола облысынан 3 миллион пұт астықты, 43 мың бас малды үш айдың ішінде Москва мен Ленинградқа жөнелтуге қаулы алынды» [8].
Нәтижесінде «Жағдай сонша қиын болғанымен, уәделі күні аудандағы продразверстка түгел орындалды да, Лениннің атына жоғарыда аталған рапорт жазылды. Продразверстка жұмысы, әрине, онымен тоқтаған жоқ. Продотрядтар қызметін қызу жүргізіп жатты» [9].
Жоғарыда айтылғандардың дұрыс-бұрысын тексере алмаймыз. Өзі қатысқан, көзімен көрген жазушының сөзіне сөз қоспаймыз. Бірақ, сол «тоқтамаған, қызу жүріп жатқан» разверстканың бүкіл өлкені, тіпті Қазақстанның тең жартысын аштық қырғынына ұшыратқаны, мыңдаған адамдардың ажалына себеп болып, тағдырын талқандағаны да ақиқат.
Ал, үлкен бастық Калинин, сонша ақылды кісі, сілекейі шұбырып Сәбеңнің сырнайын тыңдап отырғанда не ойлады екен? Сол кезде-ақ Еділ бойынан, ішкі Ресейден Қызылжарға ағылып келіп жатқан, сол вокзалдың маңында қаңғып жүрген, қырылып жатқан аш-жалаңаштарды көрмеді ме? Көрді. Малын, астығын сыпырып алса, мына табиғаты қатал қазақ даласындағы халықтың жаппай аштыққа ұшырайтынын білді ме? Білді.
«Ақмола облысы бір қысша бізді азық-түліктен тарықтырмасын, ол қарызымызды біз де бірдеме ғып өтеуге тырысармыз…» дегені рас болса, онысы жұрт алдындағы сайқымазағы. Шын мәніндегі өтеуі сол жылы 500 мың адамның аштық қасіретіне ұшырауы болады. Бәсе, Ленин Пресновкадағы қайдағы бір Дерявинді сол үшін іздеген екен-ау!
Малынан, астығынан айырылған халықтың ертеңгі күні қараң екенін Сәбит Мұқанов өзі де байқаған, жазып кеткен. Қызылжарға келе жатқанда бұрын «қойын сойып, қолын қусырып» дегендей құрметпен қарсы алатындардың» көбі енді теріс айналғанын, тіпті қондырмайтынын ашық жазған. «…су татырар емес. «Тамақ сат» десең, «бар тамақты өзің жинап алған жоқпысың, аштан өлгелі отырмыз, бізге өзің бер!» деп кекетеді»[10].
ЧОН-дар, продотрядтар және олардың халықты атып-шауып, қан қақсатқан қасіретті қызметі туралы «Өмір мектебінде» тәтпіштеп, көркем әңгіме түрінде қызғылықты, жадыраңқы көңілмен қағазға түскен… Халық тағдыры осылайша ойыншыққа айналған.
* * *
Ақмола губерниясындағы қазақ ауылдарының жағдайы қиын екені ерте-ақ байқалған болатын. Мысалы, алғашқы губревком төрағасы Әбдірахман Әйтиев Омбыдан Петропавлға келіп, билікті қолға алысымен, жағдаймен танысты. 1921 жылғы 17 мамырда Омбыдағы өкімет орындарынан көмек сұрап жедел-хат жолдады. «Сібірдің қазақ комиссиясының, Сібір азық-түлік комиссиясының және Губпродкомның мәжіліс хаттамаларында бірнеше мәрте атап көрсетілгендей, Ақмола губерниясындағы аштыққа ұшыраған қазақ халқының жағдайы қатерлі апат дәрежесінде. Наряд болмағандықтан қазақтарға астық берілмеген. Губерния бойынша қазақ жұртшылығына (кирнаселение деп жазыпты. – З.Т.) 740 мың пұт астық керек. Жаңа егіннің өнімін алғанға дейін әр адамға айына 20 ф. есебімен: Ақмола уезіне 400 мың, Атбасар уезіне 200 мың, Көкшетау 70 және Петропавл уезіне 70 мың пұт астыққа наряд беруді және мәселені шұғыл шешуді сұраймын. Телеграфпен жауабын беріңіздер» [11].
Бірақ астық та, наряд та берілмейді. Әйтиев бұл жедел хатты 19 мамырда тағы қайталайды. Жауап жоқ. Осы кезде большевиктер бастаған азамат соғысынан және қабаттаса келген құрғақшылықтан шаруасы күйзелген Ресейдің орталық аймақтарын да аштық жайлаған болатын.
1921 жылғы 7 тамыз күні Ақмола губкомы жанынан «Еділ бойында аштыққа ұшыраған халыққа көмек көрсету жөнінде» төтенше комиссия құрылды. Бұл комиссияға Губревкомнан, Губпродкомнан, Губпрофсоветтен, Губобраз бен Губсоюздан бір-бір адам енгізілді. Оның төрағалығына губерниялық әскери комиссар Евдокимов тағайындалды [12].
Осы комиссия туралы бекітілген Ережеде Ресейдің орталық аймақтарындағы азық-түлік тапшылығына байланысты Ақмола губерниясының барлық уездері мен болыстарынан, барлық мекемелерден жұртшылық көмегін ұйымдастыру көзделген.
Төтенше комиссияның құрылғаны туралы хабар және жұртшылыққа арналған үндеу «Бостандық туы» газетінің редакциясына, жариялау үшін жіберілді [13].
«Бостандық туы» газетінің редакциясына. 1921 ж. 19.10.
«Ақмола губерниялық Аштарға көмектесетін төтенше комиссиясы (Помгол) сіздің «Бостандық туы» газетінде аштықпен күрес жөнінде үндеулер, мақалалар, ақпарлар жариялап тұруды сұрайды.
Бұл материалдарды қазақ тілінде қазақ жұртшылығына жеткізіп тұру өте маңызды. Сондай-ақ, аштықпен күрес жөнінде материалдар шыққан газет сандары қазақтар арасына кеңінен таратылса жақсы болар еді.
Комиссия төрағасы Евдокимов, хатшысы Островной» [14].
Қарашаның 14-күні Помгол төтенше комиссиясының төрағасы Апсалямов Петропавл қаласының барлық моллаларын жинап, жұма намазы күндерінде қайырымдылық көмегін ұйымдастыру туралы Ақмола губерниясының мұхтасибі Мұхаметсейіт Әбдулзалиловке жазған хаты күні бүгін Қызылжардың архивінде жатыр.
Қар бекіп, қыс қатая бастаған сайын аштық қасіреті асқына берді. 1921 жылғы 9 желтоқсанда Губпомгол төрағасы (ай сайын ауысалы.-З.Т..) Егоров Орынборға жеделхат соғып: «Аш босқындар күннен-күнге көбейіп барады. Петропавл және Атбасар уездерінде олардың (- босқындар) саны отыз мыңнан асып кетті. Атбасар және Көкшетау уездерінде жергілікті 62 мың қазақ пен 30 мың орыс аштыққа ұшырады» деп хабарлады [15]. Алғашқы төрт айда қайыр көмек ретінде 100 миллион сомнан артық ақша жиналды. Мұның 72 миллионы Мәскеуге жіберілді, жергілікті аштарды қоректендіруге 20 миллион және тамақ пункттерін ашуға жарты миллион сом жұм-салды[16].
Өкімет орындары Көкшетау уезінде 30 болыс елдің аштыққа ұшырағанын, Атбасар уезінде көшпелі халықтың көпшілігі – 62 мыңдай қазақтың аш екендігін хабарлады.
Еділ бойынан күн сайын қаңғып келіп жатқан босқындар Қызылжардың көшелеріне симай кетті. Аштарға бір мезгіл тамақ берудің өзі мүмкін болмай қалды. Жыл аяғында губер-ниялық оқу бөлімінің есебі бойынша 10 мың бала аштыққа ұшырап, қырылып қалу қаупінде тұрды.
Губерниялық оқу бөлімінің 1922 жылғы қорытынды есепте мынадай фактілер көрсетілді. Аштыққа ұшыраған губерниялардан теміржол көлігіне аяқ артып, өз бетімен қаңғып келіп жатқан балалар арнайы мекемеге сыймай кетті. Петропавл қаласының тұрғындарына 235 жетім бала асырауға бірден-екіден таратылып берілді. Ауылдарға 967 бала жіберілді. Осылайша, ата-анасы жоқ, аштыққа ұшыраған 1202 бала қала және уезд жұртшылығына таратылды [17].
Осы кезде Ақмола губерниясы бойынша ашарықтардың саны жарты миллионға жетті. Қызмет адамдарының жазған қағаздарында аштардың қамыс қоғасын, ағаштың қабығы мен мүкті, кездейсоқ жануарлардың өлексесін азық қылғаны көрініп тұр. Ал, Мәскеу болса, үсті-үстіне дігірлеп, азық-түлік жеткізуді талап етуін тоқтатпады.
Сақталған архив құжаттарын зерттей отырып, сол бір қайғылы күндерде бел шешпей, тыным таппай еңбек етіп, аз ғана мүмкіндіктің өзін аштарға көмек ретінде пайдалануға күш салған жергілікті қызметкерлердің ерлігіне таң қалмасқа болмайды.
1922 жылғы 28 қаңтардағы есеп бойынша Петропавлда тамақ үлестіретін екі орын ашылған, олар ең көп дегенде 2300 адамға бір мезгіл тамақ бере алады.
«Болыстардан келген өкілдердің айтуына қарағанда елдегі жағдай тым қиын. Шымтезек жеп жатқандар бар. 30 фунт шымтезекке 10 фунт ұн қосып, араластырып жейді. Басқа тамақ болмағандықтан, халық ақырғы малдарын сойып жеп бітірді». Төтенше комиссияның ресми есебі бойынша 1922 жылдың басында ашарық ретінде ресми түрде 417500 адам тіркелген. Қолындағы азық-түлігі тартылып алынған жергілікті халықтың жағдайын сырттан толассыз келіп жатқан босқындар мүлде ауырлатып жіберді. Ресейдің орталық аймақтарынан, Еділ бойынан қазақ даласына жаяулы-жалпылы шұбырған аштар жолында кездескен, өңештен өтетін жанды-жансыздың бәрін жайпап отырды.
Үкімет орындарының мәліметтеріне қарағанда, дәл осы кезде сырттан келгендердің саны Петропавлда – 4 мың, уезде 150 мың, Көкшетаудың қаласында 2 мың, уезінде 114 мың, Атбасарда 1 мың, уезінде 110 мың және Ақмола қаласында 500, уезінде 36 мың адамға жеткен.
Петропавл қаласындағы жағдайды көрсететін кейбір деректер мынадай: 1922 жылғы қаңтардың алғашқы 25 күнінде 70 адам аштан өлді, 105 адам ісіп-кепті. «Дәл қазір 70 адамның мәйіті тамақ пунктінің қорасында (Ленин көшесі, 14 үй) үюлі жатыр. Коммуналдық шаруашылық бөлімі көшеде аштан өлген-дерді жинап, көмуге үлгере алмауда», деген дерек сол алапат қырғынның бір ғана көрінісі еді…
«Қазақстан қазақсыз қалмасын…» Елді аштық жайлап алған осы кезде, яғни 1921 жылдың аяғы мен 1922 жылдың басында астана қала Орынборда, Қазақ автономиялы республикасының басшы мекемелерінде болып жатқан оқиғалардан хабар бермесек, мағлұмат толық болмауы мүмкін.
Қазақстанның орталық өкіметі жер-жердегі қайғылы жағ-дайлардан хабардар еді. Ашаршылыққа ұшыраған Орал, Торғай, Ақмола аймақтарындағы жағдайды реттеп отыру үшін Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің Төрағасы Сейітқали Меңдешев басқарған Орталық комиссия құрылды.
1921 жылғы 26-қазанда ҚОАК Ықшам төралқасы (Малый президиум КЦИК – З.Т.). Мұхтар Әуезовті сол Орталық комиссия төрағасының орынбасары етіп бекіту жөнінде ұсыныс тұрғысында қаулы алады.
Бірақ ертеңінде, яғни 27-қазанда болған Үлкен төралқа бұл шешімді бекітпеді. Мұхтар Әуезов Орталық комиссияның мүшелігіне енгізілді, оның орнына, яғни төрағаның орынбасарлығына Сергеев бекітілді. Бұл арада біріншіден, М.Әуезовтің ҚОАК саяси хатшысы міндетіндегі жұмысының көптігі, екіншіден бұрынғы, Алашордадағы қызметтері «еске алынуы» мүмкін екендігі құжаттардан көрінеді.
1921 жылғы 10-желтоқсанда Қазақстандағы Кеңес құрылысын нығайту, әсіресе, елдегі алапат аштықпен күрес мәселелерін талқылаған ұлты қазақ коммунист-қызметкерлердің жиналысы болды.
Бұл жиынға Әліби Жангелдин төрағалық етті. Қатысқандар: Әуезов, Алманов, Асылбеков, Нахимжан, Кенжин, Байтұрсынов, Байділдин, Төлепов, Жаманмұрынов, Сарымолдаев, Жүргенов, Нұрмұхамбетов, Игіліков, Қаржасов, Біржаров, Оразбаева, Саматов т.б.
Күн тәртібіне екі мәселе қойылды:
1, Қырдағы аудандардың аштыққа ұшыраған тұрғындарына нақты көмек көрсетуді ұйымдастыру.
2, Қазақ қызметкерлерін осы жұмысқа тарту және оларды тиімді пайдалану, сондай-ақ, Түркістан Республикасына қоныс аударған қазақ қызметкерлерінің кері қайтарудың амалын қарастыру.
Жиналысқа Қазақстан облыстық партия комитеті атынан қатысқан Авдеев (Семей уезінде туған, қазақша жақсы біледі.-З.Т.), жалпы алғанда, қазақ қызметкерлерінің пікірін қолдап, республикадағы басқарушы мекемелер мен ұйымдарда қазақтар мен қазақ емес басқа ұлт өкілдерінің арасында принципті мәселелер жөнінде келіспеушілік бар екенін мойындады.
Қазақстан Орталық Атқару Комитеті өткізген осы кеңесте «Қырдағы аудандардың аштыққа ұшыраған халқына нақты көмек көрсетуді ұйымдастыру туралы» М.Әуезовтің баяндамасы тыңдалды. Әуезов «аштарға көмек көрсететін ұйымдардың қолы қыр еліне әлі жеткен жоқ. Олардың таяу арада жетуі де неғайбіл», екенін атап көрсетіп, оның басты себептерін санамалап берді:
1, Ауылдардың тікелей өзімен араласа отырып, олардың мұқтажын анықтайтын қызметкерлер жоқ. (яғни, М.Әуезовтің қолындағы губерниялар мен уездерде құрылған аштарға көмек беретін ұйымдардың тізімінде қазақ қызметкерлерінің жоқ екені көрініп тұрды. – З.Т.)
2, Аштыққа ұшыраған қазақтар нақты бір жетекші адам болмаса, өздеріне арналып мемлекет тарапынан бөлінген үлесін де ала алмайды. Өйткені, қазақтар бір үзім нан үшін жат жерде қол жайып қаңғырып жүргеннен гөрі, үйінде өлгенді артық санайды. Тіпті, көмек іздегеннің өзінде, сауаты кем, аңқау қазақ оны таба алмайды.
3, Жергілікті жерлердегі аштарға көмек беретін ұйымдар, әсіресе, қолтығының астындағы, яғни, жақын жердегі қалалар мен қала маңындағы селоларды қамқорлыққа алуға тырысады. Демек, қаладан шалғай орналасқан қазақ ауылдары көмектен үнемі қағажу қалады.
Ақиқатын айтатын болсақ, қырда қырылып жатқан қазақтың жағдайына қарағанда, қаладағы аштықтың үрейлі көрініс-тері ойыншық сияқты әсер қалдырады. (М.Әуезовтің баяндамасы орысша, біз ықшамдап аудардық. Ал, мына соңғы сөйлемде автордың стилі мейлінше сақталды. – З.Т.)
«Егерде бұл аудандарды аштықтан құтқару үшін дәл қазір шұғыл түрде үзілді-кесілді шаралар қолданылмаса, Қазақ рес-публикасы қазақсыз қалады. Көптеген аудандардағы қазақтар бірталайдан бері тек қана көртышқан, суыр, тағы сол сияқты аңдар мен жәндіктерді азық етіп, өзегін жалғауда. Соның салдарынан ауылда әр-түрлі жұқпалы аурулар мен індет түрлері бұрын естіп-білмеген көлемде таралып барады.
Мұның барлығы аштарға көмек көрсету ұйымдарының Қыр еліне (қазақтар, деп оқыңыз. – З.Т.) жаны ашымайтындығын, олардың тағдырына немкетті қарайтындығын көрсетеді. Сондай-ақ, осындай қасіретке қарсы қайрат көрсетуде, аштық зардаптарының бетін қайтаруға қазақ қызметкерлерінің енжарлығы байқалады. Билік басында отырған қазақ қызметкерлері, Сіздерге бұл істі дәл осы күйінде қалдыруға болмайтыны өз алдына, бұл – біз үшін үлкен қылмыс деп білемін. Бәріміз осы үшін қазақ елінің алдында, өзіміздің арымыздың алдында жауаптымыз».
Баяндамасының соңында М.Әуезов қырдағы аштарға көмек көрсету шараларының жоспарын ұсынды. Жиналыс сол жоспарларды негізге алып қаулы қабылдады.
Кейін, қазақ халқының атын әлемге танытқан ұлы ойшыл, кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов осы сөздерді айтып, халқының тағдыры үшін еңіреп тұрғанда 25 жастан жаңа ғана асқан еді.
Бұл баяндамадағы – «Қырдағы ел», «Қыр қазақтары» деген атаулар Ақмола, Семей, Торғай губернияларының аумақтарын түгел қамтиды.
Осылайша, республиканың қыр аймақтарында ашаршы-лыққа ұшыраған халыққа көмек көрсету деген жалпы мәселенің аясында, әсіресе, экономикалық негізі осал, аңқау, сондықтан да қырылып қалуға әбден бейім қазақ ауылдарына ерекше назар аудару керектігі мемлекеттік деңгейде арнайы көтерілді.
Көп ұзамай, сол 1922 жылдың қаңтарында ҚОАК саяси хатшысы М.Әуезов аштарға көмектесу жөніндегі Орталық комиссиясының мүшесі ретінде Орал губерниясын аралап қайтты.
Осы сапардың қорытындысы бойынша ол РКП(б) об-лыстық комитетіне есеп берді. Орал губерниясында ашаршы-лыққа ұшыраған халықтың жағдайын баяндай келіп, М.Әуезов бұл аймақтың Ақмола губерниясына бекітілгенін, яғни Қызылжардағы билік орындарының жұмысын ширату керектігін баса көрсетті.
Қазақ қызметкерлерінің осы жиналысында: «Аштарға көмек көрсету жөніндегі төтенше комиссиялардың құрамында қазақ өкілдері жоқ. Сондықтан, аштыққа ұшырап, қатты ауырт-палық тартып отырған қазақ ауылдарына тиісті көмек беріл-меуде», деген тұжырым жасалды. Демек, жағдайды түзеу үшін қазақ қызметкерлерінен тез арада жауапты өкілдер жасақтап, тікелей қазақ ауылдарына жіберу жөнінде М.Әуезовтің ұсы-нысы бірауыздан қолдау тапты.
Алайда, Қазақ Орталық Атқару комитетінің саяси хатшысы М.Әуезов бастаған қазақ қызметкерлерінің бұл шараларын олардың қазақ емес коммунист-әріптестері ұлтшылдықтың көрінісі деп бағалады. Олар аштыққа ұшыраған жартылай көшпелі қазақ ауылдарының мемлекет тарапынан ешқандай көмек алмай жатқанын көргісі келмеді.
Сырт қарағанда, аштықтан қырылып жатқандарды ұлтқа бөлуге болмайтыны рас сияқты еді. Бірақ, қазақ ұлтының өзіне ғана тән мінез-құлқын, төзімділігін, тұрмыс-тіршілік әрекеттерін «еуропалық коммунист жолдастар» түсінбеді, түсінгісі де келмеді.
1922 жылғы 19 ақпанда, Орынборда өз жұмысын бастаған РКП(б) Бүкілқазақтық екінші конференциясында саяси сипат алып, үлкен пікірталасқа ұласты. Қазақ қызметкерлері бұл мәселені «Тұтас ұлтты құрып кетуден сақтау керек!» деген тұрғыда көтерсе, қазақ еместер оларды «сыңаржақ ұлтшылдық» деп айыптады.
Осынау сын сәттегі айтыс-тартыстың сырына қанық болу үшін конференция жұмысының хаттамасынан үзінділер келтірсек, оқырман өзі-ақ түсініп, кімдікі бұрыс, кімдікі дұрыс екенін таниды деп ойлаймын. Кейін М.Әуезов бастаған бүкіл қазақ зиялыларына зобалаң туғызып, қуғын-сүргінге ұшыратудың басы осы конференцияда айтылған сөздер мен жабылған жала екеніне көзіміз жетеді.
Пікірталастың бет шарпысуға дейін барғанының мысалдары мынадай:
М.Әуезов: «Авдеев жолдас өзінің сөзінде ұлты қазақ жауапты қызметкерлердің бәрін айыптады. Ол өзі айтып отырған қазақ қызметкерлерінің жиналысына қатысқан болатын. Қазақтар арасындағы жұмыста екі бағыт: ұлтшылдық пен отаршылдық пиғыл көріністері белең алып отырғаны айтылды. Авдеев сонда: «Біздің жұмысымызға отаршылдық кесел келтіріп отыр, ал қазақ қызметкерлерінің бәрі ұлтшылдық ұстанымда» деген болатын. Мәселелерді талқылап, қаулы қабылдағанда Авдеев жолдас біздің ұйғарымымызды қолдаған сыңай танытқан.
Енді міне, ол басқаша айтып тұр. Азаматтық жігері жоқ, өз пікірін коммунисше айта алмайтын Авдеев жолдастың мұндай екіжүзділігін кешіре алмаймын. Ол қазақ қызметкерлерінің көзінше бір түрлі, сыртынан бір түрлі айтады, обкомға да басқаша жеткізіп барған. Міне, біздің бүкіл жұмысымызға осындайлар кесел келтіріп отыр. «Қазақ қызметкерлері шетінен алашордашылар» деген Авдеевтің сөзін аяқсыз қалдыруға болмайды. Коммунист ретінде өзінің не айтқысы келгенін осы жерде түсіндіріп беруін талап етемін».
Конференцияның 21-ақпан күні төртінші мәжілісінде Қа-зақстан Орталық комитетінің төрағасы Сейітқали Мендешев аштықпен күрес жөніндегі Орталық төтенше комиссияның (ЦКП) жұмысы туралы баяндама жасады. Осы мәселе бойынша ҚОАК саяси хатшысы Мұхтар Әуезов сөз сөйледі. Конференция жұмысы туралы № 3 бюллетенге (21-ақпан 1922 ж.) жарияланып, таратылған хаттамадағы М.Әуезовтің сөзін қазақшалап толық берейік:
Әуезов: Мендешев жолдастың баяндамасы мен ЦКПГ бүкіл қызметінің аса үлкен кемшілігі - Қырдағы қазақтарға көмек көрсету шараларының жасалмағандығы. Қырдағы қазақтарға көмек көрсету жөнінде күні бүгінге дейін өткізіліп келген бүкіл жиналыстарда қабылданған қаулылар бос сөз болып қалды. Тіпті, қазақ арасындағы барлық жұмыстың жайы осындай. Бұған таң қалуға болмайды. Қазақ өлкелік ұйымдарындағы жауапты қызметкерлер біздің даусыз, нақты ұсыныстарымызды түрлі сылтаулармен аяқсыз қалдырып келеді.
Жаңа экономикалық саясат қыр қазақтарына көмек көрсетуге жол бермейді-міс, дегенге мен қарсымын. Өйткені, бүгінге дейін қырдағы қазақтарға көмек көрсету жөнінде бірде-бір жоспар жасалған жоқ, жергілікті басқару органдарына принципті нұсқау берілген жоқ.
Қырдағы жағдай қиын: бірде-бір билік органы қазақтарға ешқандай көмек көріп отырған жоқ, таяу арада көрсете де алмайды. Бұл жөнінде Помгол төрағасы өзі де айтты.
Қырда бәрі баяғыдай, олар ешқандай ақпарат алмайды. Қыр қазақтары көмекті қайдан алуға болатынын білмейді. Қыр қазақтарына ерекше қарау керек, өйткені олардың тіршілік-тұрмысы ерекше. Олардың күнкөрісі малда ғана. Мал қырылса, біз қазақ шаруашылығын ондаған жылдар бойы да қалпына келтіре алмаймыз.
Ал, егер орыс шаруасы аштыққа ұшыраса, әйтеуір, оның басында үйі, қора-қопсысы бар, соқа-сайманы бар, егін өсіретін құнарлы жері бар. Оған тұқым берсе, біраз мал берсе, жағдайын түзеп ала алады. Қырдағы қазақтың шаруашылығы мұндай емес. Сондықтан, қыр қазақтары арасындағы жұмыстарды нақты іс-жоспармен жүзеге асыру қажет.
Аштарға қызмет көрсететін орталық, губерниялық органдар қала жұртшылығының күнбе-күнгі қысымын көріп отыр. Қала жұртшылығы өзінің мұң-мұқтажын бұрынырақ айта алады, яғни, олар біздің жауапты қызметкерлердің күнбе-күнгі назарында. Жергілікті қызметкерлер уақытында мәлімет ала алмаймыз, деп сылтау айтады. Қайдағы мәлімет, егер қыр қазақтары көмекті кімнен сұрарын білмей отырса.
«АРА» (Қазақстандағы аштыққа көмек беру үшін құрылған халықаралық қоғамдық ұйым) тарапынан қыр қазақтарына көмек беру мәселесі әлі шешілген жоқ, бұл ұйым істей бастағалы 4 ай болды.
Қазақ қызметкерлерінің жиналысында қыр қазақтарына көмек ұйымдастыру үшін жер-жерге арнайы уәкілдер жіберу жөнінде ұйғарым жасалғанын айтпай кете алмаймын. Сонымен бірге, қазақ қызметкерлерін жұмысқа тартып, оларды басқару ісіне пайдалану туралы да келісілген болатын. Ол жиналысқа Авдеев жолдас қатысып, бұл шараларды мақұлдаған сияқты еді, міне, бұл жерде басқаша сөйлеп, әлдебір жағымсыз жағдай-ларды «бықсытып» тұр.
Біздің бұл ұсыныстарымыз ҚОАК тарапынан да қолдау тапқан еді. Бірақ, әлі күнге уәкілдер жіберілген жоқ, қазақ қызметкерлерін іске тарту жөнінде комиссия құрылмады. Осылай-ша, қаулыларымыз бос сөз болып қала береді.
Қазақ қызметкерлерін іске қатыстырмайынша, қырдағы аштыққа ұшыраған қазақтарға ешқандай көмек көрсетілмейді. Бұл халық күннен-күнге асқынып бара жатқан аштық аранында қала береді.
Сондықтан, Аштарға көмек жөніндегі Орталық комиссияға, бүкіл қазақ республикасының саяси бақылау органы ретінде, жаңа сайланатын Облыстық партия комитетіне нақты ұсынысым мынау: Қырдағы қазақтардың жағдайына назар аударылсын. Біз қазақ кедейлерінің алдындағы жауапкершілігімізді түсінуіміз керек, қиындықты жаңа экономикалық саясатқа сілтей берудің жөні жоқ.
Бұған қоса, «АРА» ұйымы тарпынан қыр қазақтарына көмек көрсету жоспары жасалатын болсын.
Лытов Т: Әуезов уәкілдер жіберу керек деп тұр ғой. Осы уақытқа дейін барлық көмек аштарға жоспарлы түрде таратылып тұрды. Жер-жерге уәкілдер жіберген дұрыс, деп ойлаймын, бірақ халықты орыс пен қазақ деп бөлген Әуезовтің ұсынысын қолдамаймын. Олай болса, екі орган құру қажет болады.
Атаниязов: біз мұнда бірімізді біріміз айыптауға келген жоқпыз. Пайдалы жұмыс атқаруымыз қажет… Қоныс аударып келгендер орыстар ғана емес, негізінен қазақтар қырылып жатыр, олардың жағдайы мүлде нашар. Қазақ еңбекшілеріне көмек жасаудың белгілі бір принциптері белгіленбеген.
Осында кейбіреулері, уәкіл жіберіп қажеті жоқ, олар жергілікті қызметкерлерге бөгет жасайды, дегенді айтты. Менің ойымша, керісінше, қазақ арасына беделді қызметкерлер жіберу керек. Олар түсіндіреді, көзін ашады. Сонда ғана қазақ жұртшы-лығының ынтасын оятуға болады…
Авдеев: Әуезов өз сөзінде менің кешегі айтқандарымнан әлдеқандай арам ниет танып қалыпты. Мен коммунист ретінде ешқандай бөтен пиғыл білдіруге хақым жоқ. Иә, қазақ қызметкерлері жиналысының хаттамасында қазақ жолдастардың қызметіне «орыс коммунистерінің отаршылдық пиғылдары бөгет жасап отыр» деп жазылыпты. Сол жиналыста осы жөнінде мен сұрақ қойғанмын: «Партияның Х съезінің қарарына сәйкес ұлт мәселесі жөнінде сіздер басқа жол ұстанасыңдар ма?» дедім. Обком мәселенің бұлайша қойылуын қолдаған жоқ…
Атаниязов: Өзімнің сөзіме қосымша ретінде тағы мына жайларды айтамын: кейбір хабарларға қарағанда, Семей және Ақмола губернияларында жиналған астық пен мал Қазақстанның аштарына берілмейтін көрінеді. Бүкіл азық-түлік Мәскеуге тікелей жөнелтіліп, «ортақ қазанға» құйылып жатыр. Ал, Семей және Ақмола губерниялары Қазақ Республикасының құрамдас бөлігі емес пе? Қазақстанның ерекше аштыққа ұшыраған алты губерниясы сол Семей және Ақмола губернияларына бекітілген еді ғой. Бұл қалай?»
Осындай талқылаудан кейін партия конференциясы «Қазақстандағы аштық және онымен күрес шаралары» туралы ар-найы қарар қабылдады.
Қарарда елдегі аштық жағдайына баға берілді. Құжаттың екінші тармағында мынадай сөздер бар. Оқуға оңай емес, әрине, бірақ, шындық, біздің еліміз бастан кешкен ауыр тағдырдың бір көрінісі осындай:
2, «Аштық көлемінің сұрапыл екендігі соншалық, аштар көзіне көрінгеннің бәрін, тіпті өлген адамдардың мәйітін де жеп жатыр…»
Конференцияға М.Әуезов енгізген ұсыныс бойынша қарарға мынадай нұсқау енгізілді:
6, «Қырдағы ашыққан қазақ жұртшылығының жағдайына көңіл бөлінсін. Бұл жұмысқа , тиісінше, қазақ қызметкерлері тартылсын…»
Бұл айтылғандардың бәрі, әрине, Ақмола губерниясына, оның орталығы Петропавлға тікелей қатысты жағдай еді.
Халық басына түскен ауыртпалық, кеңестік жүйенің өзімшіл, отаршылдыққа негізделген төңкерісшіл содыр саясаты-ның бір «жемісі» осындай.
Осы 1921-1922 жылдары Қазақстанның бес губерниясында 3 миллион 353 мың адам ашаршылыққа ұшыраған, одан өлгені 1,5 миллион. Ақмола губерниясында 1921 жылдың наурыз айында есептегі 1.021.164 адамның 472 мыңы аштыққа ұшыраған. Бұл – Орынбордан Кеңес Одағының орталық билік органдарына берілген ресми ақпар ғана. Ал, қай сайда қанша қазақтың сүйегі қурап қалғанын дәл есептеген кім бар, деп тереңірек ойлансақ, халық қасіретінің көлемін елестетудің өзі үрейлі.
Автономиялық республика болдық, Қазақ атын иемденген деген мемлекет құрамыз, деп жан сала іске кіріскен қазақ зиялыларының өз ұлты алдында адал атқармақ іс-жоспарлары осылайша талқан болды. Олардың меселі қайтты, тауы шағылып, «балапан басы-на, тұрымтай тұсына » кетті. Ұлттың қаймағы іріді.
Дәл осы жағдайда Әлекеңдердің, Ақаңдар мен Жақаңдардың Мұхтарлардың, Мағжандардың, Смағұлдардың… бүкіл ой-арманы адыра қалды, олардың жігерін құм болды, өмірден түңілдірді…
(Жалғасы бар...)
Зарқын Тайшыбай,
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, Этномәдени ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі
Abai.kz