Сенбі, 23 Қараша 2024
Білгенге маржан 12351 2 пікір 23 Наурыз, 2021 сағат 17:20

Гүлнәр апа Әуезовті «әкем» дейтін

20 наурыз 1928 жылы Шыңғыстау баурайында, Абайдың елінде Раззақтың үйінде бір қыз дүниеге келді. Оның атын Гүлнәр деп қойды. 

Раззақ  - Мұхтар Әуезовтың ағасы еді. Құнанбай еліне халықтың діни сауаттығын ашу, білім беру, әрі діни насихат, әрі ағартушылық жұмыс жүргізу үшін келген қожалардың ұрпағы. Раззақтың әйелі  - Әлила Құнанбайдың шөбересі еді. Абайдың ағасы Тәкежанның Әзімбай деген баласының қызы.

1928 жыл – Ұлы Далада «Кіші Октябрь» саясаты жүргізілген кез. Байлардың мал-мүлкін тәркілеу, отбасыларымен айдауға жіберу науқаны жүргізілген тар заман еді. Байдың тізіміне аса дәулетті емес, байлығы орташа шаруалар да ілінген. Қазақта мыңдаған жылқысы бар байлар тұрғанда, ондаған, жүздеген бас мал бар адамдар ірі бай болып саналмаған. Ал, Ресей, Украинада бір жылқы, бір сиырдан көп мал ұстайтындар кулак деп саналған.

Көшпелілер тұрмысын білмей тәркілеу науқанын жүргізгендер, жергілікті шолақ белсенділер халықтың малын жаппай тартып алып, «шошай байларды» әулетімен бірге туған жерінен қуып жіберген. Дінге жақын, абыройы бар адамдар да қудаланған.  Бұл науқан Абай әулетіне де, Әуезовтер әулетіне де қауіп төндірді.

Абайдың ағасының баласы Шәкәрім атылса, ұлы Тұрағұл балаларымен айдауға жіберілген, басқа туыстары, ұрпақтары қамалған еді. Тәкежанның Берлеш атты ұрпағы Қытайға кетуге мәжбүр болды. Раззақтың отбасы да туған жерінен кету мәжбүр еді.

Үш жылдан кейін қазақ даласында ашаршылық басталды.

Халық қырылып, жан-жаққа қашты. Раззақ та алдыменен Қырғызстанға, кейін Жамбыл облысындағы Меркі ауылына көшіп кетті. Сол Меркіде Раззақ ұзақ жыл тұрған. Кішкентай қызын Гүлнәрді ағасы Мұхтар Әуезов тәрбиесіне алды.

Бұл сұрапыл жылдар Әуезов те қуғын-сүргінге ұшыраған, абақтыда отырған.  Кейін, бостандыққа шығып, Алматыда тұратын, жұмыс істейтін болды.  Әуелі, үйі Өзбек көшесінде (қазір Сейфуллин даңғыл) болған, кейін Калинин (Кабанбай батыр) көшесінде орналасқан үш қабатты үйідегі пәтерге көшкен.

Гүлнәр соның қолында өсіп, жазғы демалыс кезінде Меркідегі ата-анасына барған.

Соғыс кезінде Мұхтар Әуезовтің пәтерінде әйгілі орыс жазушысы Константин Паустовский өмір сүрген.

Ал, Меркідегі Раззақ үйінде соғыс кезінде «халық жауының отбасы» атанып кеткен Фатима Ғабитова мен Ілияс Жансүгіровтың балалары панасын тапқан. Асылдың сынығы  -  Мұрат Әуезов те балалық кезін Меркідегі Раззақтың үйінде өткізген.

Мұхтар Әуезовтің қызындай өскен Гүлнәр мектепте оқып жүргенде, жарақаттанған әскерлерге арналған ауруханада оқудан бос уақытта күні-түні қызмет еткен. Гүлнәрдің медицинаға апаратын жолы сөйтіп басталған.

Соғыстан кейін мектеп бітірген Гүлнәр медициналық институтына түскен, оқуын Қарағанды медициналық институтында бітірген.  Жарты ғасырлық еңбек жолы Қарағандыда өткен. Кеншілер астанасында Гүлнәр болашақ жарымен  - Әмен Әзиевпен кездесті. Әмен Әзиев  - тілші, қаламгер, жазушы, өлкетанушы ретінде із қалдырды. Бірнеше жыл облыстық газеттің редакторы болған. Теміртау, Балқаштың өркендеп өсуін жырлаған.

1950-шы жылдарының ортасында Әмен мен Гүлнәрдің үйіне ата-анасы  -  Раззақ пен келген. Соғыс кезінде Раззақты «халық жауы»,  «байдың сарқыты»,  «қожаның ұрпағы» деп соттап, лагерге қамады.

Тірі жесір қалған Әлила тарыдай шашылған төркінін іздеуге мәжбүр болды (Құнанбайдың ұрпақтары да қуғынға ұшыраған). Ақыры, бауыры Хамит Мәжитовті тауып, Алматы маңындағы Шелек, Қорам ауылында пана тапты. Ақыры, бөлініп кеткен әулет біраз жылдан соң Қарағандыда бір-бірімен қауышты. Кезінде Қытайға өтіп кетіп, Алтайдың Көктоғайында өмір сүрген Гүлнәрдің нағашысы Берлеш те еліне оралып, Қарағандыға келді. Бәріне де Қарағандының топырағы бұйырды.

Гүлнәр Қарағандыда көз дәрігері, оташы болып жұмыс істеген. Жүздеген адамның көзіне ота жасап, соқырлықтан сақтаған, қос жанарына көру қабілетін қайтарған. Оталар қалада ғана емес, шалғайдағы ауылдарда, қыстақта өткен. Кейде түнге шейін созылып, электр шам жоқта, мәшине фаралардың жарығы жанғанда, өткен.

Тың игеру кезі еді. Тыңшыларға ерекше көңіл бөлінетін еді. Гүлнәр тәте күн демей, түн демей тыңшыларды емдеген. Қарағанды медициналық университетінің ұжымы, оқушылары Гүлнәр тәтені дәрігер ретінде ғана емес, ұстаз ретінде біледі, қадірлейді. Бүгінде ондаған білікті дәрігерлер Гүлнәр тәтенің шәкірті саналады. Олар Қазақстанда және шетелде жоғары дәрежелі мамандар.

Жасы ұлғайып, Гүлнәр апа Алматыға көшіп келді. Соңғы отыз жылда апа балалығын өткізген, Алатау баурайында орналасқан қалада өмір сүрген. Апаны ұлы Елдос, қызы Лейла, немере-шөберелері қараған.

Мұхтар Әуезовтың 100 жылдық мерейтойына қарата 1997 жылы Гүлнәр апаның Әуезов туралы кітабі шыққан. Әуезовке арналған ғылыми конференцияларда, еске алу кештерінде Гүлнәр апа белсенді қатысушысы, қадірлі қонағы болған.

Гүлнәр апа биыл 5 наурыз күні дүниеден өтті. Былтыр күзде 92-ге келген апа жарты ғасыр бұрын жоқ болған Күпән есімді бөлесін тапты. Күпән апа да Құнанбай әулетінің жиені. Бөлелер елу жылдай бір-бірін таба алмай жүрді. Өмірінің соңында армандары орындалды.

Асқар Дайырбек 

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377