Әмірхан Балқыбек. «Мың бір түннің» қос түні, екі жазушы және біз
Жора-жолдастарымның үйiне бас сұққанда, егер бар болса, алдымен сөредегi кiтаптарына көз салуға тырысамын. Араларында бұрыннан бiлетiндерiм кездесiп қалса, кәдiмгiдей қуанып қалатыным бар. Олар кейде кездеседi, кейде кездеспейдi. Көбiнесе ұшыраспайды десем де болады. Ал өзiм iштей ондай үйлерге бiр бөтендiгiм, жаттығым барлығын аңғарамын. Бұл менде бiраздан берi қалыптасқан дағды. Қысқасы, өзiмдi өзiм «кiтабына қарап кiсiсiн таны» деген ұғыммен өмiр сүретiн секiлдi сезiнемiн. Әрине, бұл мен оқығанды басқалар да оқуы керек деген өзiмшiлдiктен болмауы тиiс. Шамасы, ортақтастырар көңiл-күйдi iздеуден туындайтын болар. Дегенмен бiр байқағанымды айтуым қажет қой деймiн. Ол - менiң құрбы-құрдастарымның ертегi оқымайтындығы. Сөзiме дәлел ретiнде Қалмақан Әбдiқадыров немесе Қалтай Мұхамеджанов аудармасындағы «Мың бiр түндi» Алматыдағы талапкер ақын-жазушы замандастарымның бiрде-бiрiнiң үйiнен ұшыратпағанымды айтсам да жеткiлiктi шығар. Рас, қазiр ертегi оқып ой көркейтетiн заман ба? Дегенмен...
Жора-жолдастарымның үйiне бас сұққанда, егер бар болса, алдымен сөредегi кiтаптарына көз салуға тырысамын. Араларында бұрыннан бiлетiндерiм кездесiп қалса, кәдiмгiдей қуанып қалатыным бар. Олар кейде кездеседi, кейде кездеспейдi. Көбiнесе ұшыраспайды десем де болады. Ал өзiм iштей ондай үйлерге бiр бөтендiгiм, жаттығым барлығын аңғарамын. Бұл менде бiраздан берi қалыптасқан дағды. Қысқасы, өзiмдi өзiм «кiтабына қарап кiсiсiн таны» деген ұғыммен өмiр сүретiн секiлдi сезiнемiн. Әрине, бұл мен оқығанды басқалар да оқуы керек деген өзiмшiлдiктен болмауы тиiс. Шамасы, ортақтастырар көңiл-күйдi iздеуден туындайтын болар. Дегенмен бiр байқағанымды айтуым қажет қой деймiн. Ол - менiң құрбы-құрдастарымның ертегi оқымайтындығы. Сөзiме дәлел ретiнде Қалмақан Әбдiқадыров немесе Қалтай Мұхамеджанов аудармасындағы «Мың бiр түндi» Алматыдағы талапкер ақын-жазушы замандастарымның бiрде-бiрiнiң үйiнен ұшыратпағанымды айтсам да жеткiлiктi шығар. Рас, қазiр ертегi оқып ой көркейтетiн заман ба? Дегенмен...
Былтыр Қазақстанға португал жазушысы Пауло Коэльо келдi. Бiр байқағаным, бiзде де оқырманы көп екен. Алматының әлдебiр зәулiм сарайларының бiрiнде осы қаламгермен кездесу өттi. Кездесу деген аты болмаса, көпшiлiк сүйiктi жазушысының қолтаңбасын алуға екi-үш көш жер кезекке тұрған ұлылықты дәрiптеу рәсiмi болды. Мынадай қошеметтi қазақтың анау-мынау жазушысы көрсе, шаттанудан жүрегi жарылып кетер едi. Шын айтамын. Ал Коэльо мұндайға бой үйретiп алған секiлдi. Өйткенi, ол үшiн Қазақстан дарынын мойындатқан ендiгi көп мемлекеттердiң бiрi ғана емес пе?!
Иә, осы Коэльо жайлы, оның кәлласында Қазақстанға келу туралы қиял оянудан көп-көп бұрын, бiз де естiгемiз-дi. Өзiмнiң белгiлi һәм әбден мойындайтын ағаларымның бiрiнен «әлем жазушыларынан кiмдердi оқу керек?» деп кеңес сұрағанымда осы Коэльоны атаған. Ағам «әлемдегi соңғы ең модный жазушы осы» дедi. «Модный» екендiгiне жаңағы қолтаңба үлестiрiлген кездесуде көзiм тағы анық жеттi. Бiрақ ол кездесуге дейiн Коэльоның бiраз кiтабын мен де ақтарыстырып үлгерген болатынмын. Танысуды «Ақ сарбаздың кiтабы» дейтiн туындысынан бастаудың сәтi түскен. Ақиқатымды айтайын, көңiлiмнен шықпады. Өйткенi, шамамен осы аттас бiр бестселлердi 90-жылдардың басында қайсыбiр қазақ ағамның жазғанын жақсы бiлетiнмiн. Ол дүниенiң көлемi осы дүниеге шамалас болғанымен қамтитын ауқымы кең-дi. Кiтап адамның әркiм болып өмiрге қайта-қайта келе беретiндiгi туралы едi. (Қысқасы - буддизм). Ал жаңағы қазақ ағам өмiрге ылғи да тарихт ан есiмi белгiлi айтулы тұлға болып келiп отырған. Олардың қатарында эллиндiк Грекиядан бастап бүгiнгi Ресейге дейiнгi көптеген даңқтыларды атауға болады. Ағамның өзi болса осы туылысында адамзат баласын ақырзаманның алапатынан арашалаушы ақ сарбаздың нақ өзi болып дүниеге келген. Қысқасынан қайырсақ қазақ терминаторы. Анығын айтсам, ол кезде бұл кiтапқа да көп таң қала қоймағам. Өйткенi, алдында Будданың тiршiлiкке қайта-қайта келгiштей бергендiгiнiң себептерi туралы (рух әлде сана эволюциясы деймiз бе) «житақ» деп аталатын кiтапшамен танысқаным бар-ды. Ондағы Будданың құлаш сiлтесiнiң өзi менiң қазақ ағамдiкiнiң қасында сәбидiң тарихқа емес, тәттiге құмартқанындай ғана едi. Коэльоны оқуға кеңес берген ағама осыны айтқам. Ағам да саспады, «ең мықты дүниесi «Алхимик» көрiнедi, соны оқы» дедi. Роман деген аты болмаса, заты кiшкентай ғана кiтапша екен, мұқабасы жұқалтаң арзан бiреуiн алып бiр түнде оны да сүзiп шықтым. Бiрақ оқыған сайын есiме өзiме бұрыннан таныс бағзы бiр сюжет түсе бергендей болды. Иә, таныс. Бiрақ жобасы жадымда бiршама бұлыңғыр тарта бастаған. Тiптi қайта ақтаруға шамам жетпей қалса, санамның бiр бұрышында мәңгiге қалып қоятындай кейiпте. Әйтеуiр алдымен түйсiнгенiм - Коэльоның мына дүниесi ұрлықы дүние екендiгiн аңғарғаным болды.
Кейде ойлаймын, әдебиетшi болмағанда детектив болар едiм деп (әкемнiң айтқанын iстемедiм ғой). Әйтеуiр бiр күдiктенген жерiме қатты шүйiлетiнiм бар. Кейде ондай шүйiлуiм ай, жылдарға созылып кетедi. «Жүргенге жөргем iлiнедi» дегендей, оларым кейде нәтиже де берiп жатады. Бұл жолы да солай болды. Күмәнiмнiң айдай ақиқат екенiне алдымен көзiмдi жеткiзген айналайын Борхестiң өзi едi. Осы автордың «Жалған жәйттардың жалпы тарихы» (Хорхе Луис Борхес, «Всеобщая история подлогов», Санкт-Петербург, 2004) жинағын ақтарыстырып отырғанда «Екi түс көрушiнiң тарихы» атты әңгiмесiне көзiм түсе кеткенi. Көлемi шап-шағын, бiр беттен асар-аспас қана. Бiрақ Коэльоның романының қаңқасы осы бiр бетте жатыр едi. «Араб тарихшысы әл-Исхаки баяндайды» деп басталатын әңгiменiң жалпы желiсi мынадай: Бағзы бiр заманда әлдебiр каирлiк тұт ағашы түбiнде ұйықтап жатып түс көредi. Түсiнде аузынан алтын төгiлген бiр адам: «Сенiң бақытың парсылар елiнде, Исфағанда, бақытыңды iздеп сол елге сапар шек»,- дейдi. Осы түске кәдiмгiдей ұйыған араб бар жиған-тергенiн сатып, дүние қылып, бiршама қаржымен көп кешiкпей Исфағанға жүрiп кетедi. Арып-ашып ақыры мұнда да жетедi-ау. Бiр мешiттiң ауласына түнемелге тоқтағаны сол едi, мешiтке көршi үйге дәл осы кезде ұрылар түсiп, айқай-шу көтерiлгенде тәртiп сақшыларының қолына түскен жалғыз бейбақ бiздiң түске сенгiш арабымыз болып қалады. Аяусыз қатты ұрып-соққаннан екi күн есiнен танған байғұсты үшiншi күнi қарауыл бастығының алдына әкелiп, сұрақ-жауап басталғанда бұл шынын айтады. Кiнәсiздiгiн, барлығына себепшi түсi екендiгiн айтып жылайды. Сонда қарауыл бастығы қарқылдап күледi. «Дәл осындай түстi мен бiр емес, үш рет көрдiм. Онда маған әлдекiм, керiсiнше, Каирге бар, онда ортасында субұрқағы бар бақтан сәл шеткерiректе тұт ағашы тұр. Соның түбiн қазсаң мол байлық табасың деген-дi. Мен бармай қойдым. «Түс түлкiнiң боғы» деген. Сенiң таяқ жеп отырысың мынау. Мә, аз-маз ақша. Аман-сау тұрғаныңда елiңе қайқай»,- дейдi. Араб аман қалғанына шүкiршiлiк етiп керi зытып берген. Келе сала баяғы өзi саясында жатып түс көрген тұт ағашының түбiн қазған. Өйткенi қарауыл бастығының түсiнде көргенi дәл осы ағашқа сай келедi. Белден қазып қалып едi - о, ғаламат, бiр сандық алтынның шыға келгенi! Осылайша, түске сенгiш араб байлыққа, бақытқа кенеледi.
Ұзын-ырғасы осындай. Ал осы оқиға, айттық қой, Коэльода романға айналып кеткен. Мұнда қой бағып жүрген испан баласы түсiнiң жол көрсетуiмен Мысырға аттанады. Жолсапар жазбаларын қоспасаңыз, қалғаны тұп-тура жаңағы әңгiмедегiдей. Яғни, Коэльо бұл сюжеттi Борхестен жымқырған, бiрақ өңдегенде ол ұрлығының жымы бiлiнбей кеткен. Менiң түйсiгiм осы жерде «жоқ, Борхестiң өзi де бұл сюжеттi басқа бiреуден ұрлаған болса ше?» деген сауал тастаған. Сосын Борхестiң өзi де әңгiменi айтушы өмiрде болған-болмағаны белгiсiз әл-Исхаки деген бiреу деп отырған жоқ па? Бiрақ Борхестiң оқырмандары бұл жазушының әркiмде бар сюжеттердi өз керегiне қарай еркiн пайдаланатындығын жақсы бiледi. Ол тiптi ойдан авторлар ойлап шығаруға да бейiм. Борхес мұраларында тiптi ешқашан жазылмаған кiтаптар да дерек көзi ретiнде пайдаланылды деген сiлтемелер кездесiп қалады. Әлем оқырмандарының Борхестi әдебиет таңғажайыпшысы дейтiндiгi оның осындай айтып болмайтын тәсiлдерге құмарлығынан болуы бек мүмкiн. Қысқасы, бiр жұмбақты шешу үшiн тағы да бiр жұмбақ қолдан тудырылады.
Айтып айтпай не керек, Борхестiң бұл әңгiмесiнiң жұмбағы арабтың атақты «Мың бiр түнi», Шаһаризаданың 351-352 түндерi айтатын әңгiмесiнде жатыр екен. Борхес мұрасын зерттеушiлер шаршамай, талмай мұны да анықтаған ғой. Сосын кiтаптың соңына қосымша ретiнде берген.
Мiне, «Мың бiр түннен» Борхес, Борхестен Коэльо алып дамытып (әлде «Мың бiр түннiң» өзiнен алды ма?), атақты «Алхимикке» айналдырған екi түннiң әңгiмесi осындай. Екi түннiң әңгiмесi Коэльоны әлемге әйгiлi еттi. Ол қазiр әлемдегi ең бай жазушылардың да бiрi. Бiреудiң түсiн сатып алып бақытын тапқан кәдуiлгi ертегi кейiпкерi.
«Қайран Шығыс,- деймiн iшiмнен. - Өзiңнен алғанды өзiңе қайтадан өңiн айналдырып әкеп сатып, қаншама еуропалық, америкалық байиды. Ал сен өзiң алтынның үстiнде отырып олардың құмнан жасалған жасанды алтынына құмарта көз қадайсың. Ерiгiңнен айырылсаң, артынан ерiп кетуге даярсың. Мұндай халде тағы да қанша жыл, «ғасыр өткiзер екенсiң?».. Сосын өзiме кездейсоқ қойып алған сауалыма өзiм жауап таппай қиналамын.
Ал менiң құрбы-құрдастарымның ертегi оқығысы келмейдi. Әлде Борхес пен Коэльо ақымақ та, бiз ақылдымыз ба? Ақылды болсақ, Коэльоның қолтаңбасын алуға ұзақтан-ұзақ шұбырма кезекке тұрмас едiк қой.
Бұл туралы «Мың бiр түнде» не бар екен, қарап көрейiншi...
2005 жыл.
(Жалғасы бар)
«Абай-ақпарат»