«Ресей депутаты Қазақстанның ішкі ісіне қол сұғып отыр»
Соңғы жылдары Қазақстанда ескі һәм советтік атаулармен аталып келген елді мекендер, аудандар мен көше атауларын қазақы атауларға ауыстыру жұмыстары жүріп жатқанын білесіздер. Солардың бірі – Павлодар қаласындағы 30 көшеге елдің егемендігін әспеттейтін атаулардың берілуі болды.
2019 жылы Кереку жұрты 13 советтік көшенің атауын ауыстырып, сүйіншілесе, биыл 23 көшеге қазақша атаулар берілді. Павлодар қалалық маслихаты қоғамдық тыңдалып өткізіп, 23 көшеге жаңа атау беруді бірауыздан мақұлдады. Біз бұл туралы егжей-тегжейлі жаздық.
Алайда, осыдан кейін Ресейдің мемелекеттік Думасының депутаттары (Владимир Жириновский бастаған топ) 9 сәуір күні кезекті мәрте арандатушылыққа барды.
«Қазақстандағы Павлодар қаласында 30 көшенің атын ауыстырмақ. Орысша атауларды қазақшаға өзгертпек екен. Сендер өздеріңнің қазақ қалаларын салып алыңдар да, сонда қазақша көшелерді атай беріңдер, өзгенікіне тимеңдер. Петр тұсында ол жерде Коряков форпосты болған, тұз шығарушыларды қорғайтын. Ол жерде ешқандай мемлекет болған жоқ, қу дала, кей жерде көшпенділер жүрді. 300 жыл бұрын қайда болдыңдар Қазақстан? Сендер болған жоқсыңдар. Жоңғар тайпалары болды, бірақ Жоңғар мемлекеті болған жоқ. Қазір барлығының атауын өзгертіп жатыр, ауыстырып жатыр. Барлығы ұмытылып, қазақтарға қалады деп ойлайды. Ешкім ештеңені ұмытпайды. Орыс әлемі мен кеңістігі шекарасын қалпына келтіреді. Тәртіп орнатады», - деп мәлімдеме жасады Жириновский.
Осыған байланысты ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ақын Бақытбек Смағұл өзінің Facebook-тегі жеке парақшасында: «Ресей депутаттары Қазақстанның ішкі ісіне қол сұғып отыр», - деп мәлімдеме жасап, жер-су атауларын қазақыландыру, әсіресе шекара заставалары атауларында ұлы бабаларымыздың есімін беру арқылы ұлықтау туралы мәселе көтеріпті. Біз Бақытбек Смағұл мырзаның ұсынысын қаз қалпында оқырман талқысына ұсынғанды жөн көрдік.
Депутат Бақытбек Смағұлдың ұсынысы
- Есебім болсын, айта отырайын.
1. РФ МемДумасының депутаты, ЛДПР төрағасы В.Жириновскийдің біздің Павлодар қаласы көшелерінің атауын ауыстыруға қатысты шовинистік сандырағы біраз ойға қалдырды.
Өйткені Ресей депутаты Қазақстанның ішкі ісіне қол сұғып отыр. Бұған тосқауыл қоятын кез жетті. Үкіметіміздің білім, мәдениет, ақпарат, кино және басқа салаларда жүргізетін саясаты да, жұмыстары да, мемлекеттік ақпараттық тапсырыс та осыған жұмылуы қажет. Біз сол арқылы өз халқымызға және халықаралық қоғамдастыққа бағзыдан Ұлы даланың шын иесі де, киесі де қазақ елі екенін жете түсіндіруге, сауаттандыруға тиіспіз. Әйтпесе, бұл істе оңы мен солын танымайтын, ақты аладан, бүтінді шаладан ажыратуға үйренбеген адамдар Қазақстан жеріне көз сұғын қадаған ресейлік шовинистердің сөзіне иланып, соларға еруі мүмкін.
Сөйтіп, дауыл үдеп, толқын тулай бермек. Сандырақ неғұрлым жиі, көп айтылса, оған қоғамның құлағы үйреніп, шындықтай көріп кету қаупі бар. Қазірден түйткілді тарқатпасақ, келер ұрпаққа ауыр мұра қалдырамыз. Онда елдің бағын өзіміз байлағанымыз.
Осындай жөнсіз мәлімдемелер қазақ жеріне көз тіккен, мемлекетіміздің территориялық бүтіндігіне қарсы ұстанымдағы күштерге Қазақстанда жүріп жатқан тәуелсіздікті нығайту шаралары ұнамайтынын байқатады. Бұл әрине, азаттықты айбынды, мемлекеттілікті мәңгілік ету жолындағы ел басшылығының саясатына тоспа болмауы, қайта соған серпін-күш бере түскені жөн. Өйткені бұл бодан заманда әбден жасып қалған тәуелсіздік сана мен төменшіктеген ұлттық рухты көтере түсу үшін қажет.
2. Біз қазіргі жағдайдан қандай сабақ алуымыз керек? Мемлекетіміз жүргізіп отырған, еліміздегі жер-судың тарихи атауларын қайтару және қазақыландыру үдерісіне бүкіл халық болып қолдау көрсетуге тиіспіз! Қазақстан картасын жайып жібергенде, онда қалпымен қазақы, тарихи атаулар қаптап тұрса, ғанибет емес пе? Көз қуанып, көңіл шалқып, рухтанарыңыз сөзсіз. Мұның стратегиялық маңызы да бар: қазақы атаулар жердің кімдікі екенін сыртқы күштерге айқын паш етеді. Олай болмағанда, мысалы, «Павлодар» деген атауға бола, ресейліктер бұл жерді қазақтарға Павел патша сыйлаған екен деп ойлайды.
3. Мен жер-су атауларын қазақшалау ісіне қадари-қал көмек көрсетіп, үлес қосып келе жатқанымды халқымызға, «Болашағы біртұтас ұлтқа» қызмет етуім деп білемін. Осы жолда біраз қиындыққа да кезіктік.
Салыстыра кетсек, патшаның отаршыл билігі және бертінде кеңес өкіметі қазақша жер-су атауларын өзгерткенде, жаппай жойғанда мемлекет қалыптастырушы ұлт өкілдерінен, жергілікті тұрғындардан келісім алған жоқ, рұқсат сұрамады. Күшпен таңды. Сондықтан олардың шешімдерін легитимді деп санау қиын.
Ал тәуелсіз Қазақстанда әрбір елді мекеннің, тіпті көшенің атауын ауыстыру үшін жергілікті жұртшылықтың пікірін тыңдап, келісімін алу міндет. Бұл – заң! Сонау 1993 жылғы 8 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» заңына сәйкес, әкімдіктер де, өңірлік ономастика комиссиялары да атау беру немесе қайта атау мәселесінде «тиісті аумақ халқының пікірін ескеруге» міндеттелген. Осылайша, атауды өзгерту – заңды, легитимді, халық қолдауымен жүргізілуде.
Сондықтан бұл іс кей жерде жергілікті тұрғындардың бір бөлігінің қарсылығына ұшырап, дағдаруы мүмкін. Демек, олардың пікірін өзгертіп, оңды өзгеріске иліктірудің сауатты шаралары қабылдануы керек. Сондай-ақ әкімдер мен бастамашыл топтар өз жақтаушыларын жұмылдыра білгені жөн. Команда құрамында дәйекті, тапқыр, өткір сөйлейтін, халық жадында сақталып, көптің көкейіне орнайтын сөз айта алатын шешен жандар болғаны жөн. Қарсы адамдармен әңгімелесіп, оның ұстанымын жұмсартуына, сөйтіп өз жағына шығуына ықпал ететін де солар болуы қажет.
Өйткені бұл мәселеге – елдіктің құны, тәуелсіздіктің тағдыры тәуелді!
4. Мен 2012 жылы Парламент депутаты болып сайланғалы бері елді мекендер мен жер-су атауларын қазақыландыру, әсіресе шекара заставалары атауларында ұлы бабаларымыздың есімін ұлықтау, сол арқылы халықты, жауынгерлерді, жас ұрпақты батырлар рухымен рухтандыру мәселесіне баса мән беріп келемін. Біраз жылдан бері бұл істі ілгерілетумен айналысып жүрмін.
Осы істің нәтижесіне тоқтала кетейін. 2014 жылы Қызылорда облысының Қазалы ауданында өткен, Жанқожа Нұрмұхаммедұлының 240 жылдығына арналған республикалық ауқымдағы іс-шара барысында Қызылқұмдағы шекара бекетіне батырдың есімін беру бастамасын көтерген болатынмын.
2014 жылғы 3 маусымда сол кездегі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Н.Әбіқаевқа хат жолдап, Жанқожа батырдың есімін мәңгілік есте қалдыру мақсатында оның атын «Қызылқұм» шекара бекетіне беруді ұсындым. Дәл осындай ұсыныспен Мәдениет және спорт министріне де қайырылдым. Бұл бастама жүзеге асты: 2017 жылдың 3 сәуірінде қабылданған №157-ші Үкімет қаулысына сәйкес, Өзбекстанмен арамыздағы шекарада, Қызылорда шекара отрядының 2019-шы әскери бөлімінің «Қызылқұм» шекара заставасы Жанқожа батырдың атымен қайта аталды.
5. 2018 жылғы 3 қазанда сол кездегі Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына Депутаттық сауал жолдадым: Зайсан шекара отрядының В.В.Кондюрин атындағы шекара заставасын «Қасым Қайсенов атындағы шекара заставасы» деп қайта атауды ұсындым.
Жасыратыны жоқ, бұл ұсынысыма қарсы күштер өз елімізде де, көршілерде де табылды. Осыған орай Кондюринге тиіспей, Қ.Қайсенов атын басқа заставаға беру туралы ұсыныстар айтылды. Бірақ оған мен келісімімді бермей, өз бастамамда табандадым. Әрі Үкімет басшылығы да дәл сол заставаны қайта атауға рұқсатын берді.
Нәтижесінде, ел Үкіметінің 2019 жылғы 18 сәуірдегі №206 қаулысымен Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында орналасқан В.В.Кондюрин атындағы шекара заставасы «ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі 2017 әскери бөлімінің Қасым Қайсенов атындағы шекара заставасы» болып қайта аталды. Былтырғы 13 тамызда шекара қызметінің шақыруымен, Қ.Қайсенов атындағы шекара заставасының ашылу салтанатына өзім қатыстым.
6. 2020 жылғы 12 ақпанда Үкімет басшысы Асқар Маминге депутаттық сауал жолдап, Солтүстік Қазақстан облысының Мағжан Жұмабаев ауданы аумағындағы, еліміздің Ресеймен шектесетін мемлекеттік шекарасында орналасқан 2032 әскери бөлімінің «Қарақоға» шекара заставасының атауын «Батыр Баян атындағы шекара заставасы» болып қайта атауды ұсындым. Бұл бастама да қолдау тапты.
7. Қазіргі кезде бірден бірнеше шекара бөлімінің (бұрынғыша – заставалар) атауында ұлы батырларымыздың есімін ұлықтау бастамасын ілгерілетіп жатырмын. Атап айтсам,
- «Ақыш» шекара бөлімшесін – «Кенесары Қасымұлы атындағы»;
- «Тобыл» шекара бөлімшесін – «Бөгенбай батыр атындағы»;
- «А.Я.Онопко атындағы» шекара бөлімшесін – «Райымбек батыр атындағы»;
- «Қасқат» шекара бөлімшесін – «Ағыбай батыр атындағы»;
- «Г.Ф.Мезенцев атындағы» шекара бөлімшесін – «Ер Жәнібек батыр атындағы;
- «Жиренқопа» шекара бөлімшесін – «Қобыланды батыр атындағы»;
- «Рабат» шекара бөлімшесін – «Қалыбек батыр атындағы»;
- «Шөлдала» шекара бөлімшесін – «Қойгелді батыр атындағы»;
- «Жайсаң» шекара бөлімшесін – «Есет батыр атындағы»;
- «Өссек» шекара бөлімшесін – «полковник Т.М.Стамбеков атындағы» шекара бөлімшелері деп қайта атау мәселесін қолға алдым.
Бұл бастама ҰҚК мен Шекара қызметіндегі жауапты азаматтарымыз тарапынан қолдау тапты. Амандық болса, алда шекара жақтағы көптеген атауларда байырғы, бертіндегі және біздің заманымыздағы халқына сыйлы батырларымыздың есімдері ұлықтала береді. Осынау ұлан-байтақ даланы қорғап, сақтап, бізге мирасқа қалдырған да солар.
8. Осы бастамаларым үшін мені «ұлтшыл» деп күстәналағандар да табылды. Шынында олай емес. Біз бұл бастамаларымызға ең алдымен Қазақстанның патриоты саналатын өзге этнос өкілдері арасынан жақтаушылар тауып, ілгерілетудеміз. Мысалы, 2020 жылдың 12 ақпанында Үкімет басшысы Асқар Маминге заставаға Батыр Баян атын беру туралы Депутаттық сауал жолдағанымда, оған Солтүстік Қазақстан облысының «Ауғанстандағы соғыс ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ю.М.Костюченконың және ұйымның Мағжан Жұмабаев ауданындағы филиалының төрағасы В.В.Емельянцевтің ұсыныс хаттарын негіз етіп алдым. Өзге заставалар бойынша да ең алдымен өзге ұлт өкілдерінің қолдауына иек арттық.
9. Бұл не үшін керек? Біз – Тәуелсіздік пен ел тағдырын дұшпанның табанына таптатпау үшін қасық қаны қалғанша күрескен рухы биік батырларды барлық байлықтан жоғары қоятын халықпыз.
Бұл маңызды қадам біріншіден, қазіргі және келешек жас ұрпақты ерлік пен отаншылдықтың үздік үлгісінде тәрбиелеу үшін маңызды.
Екіншіден, бұл ел шебі мен ұлттық қауіпсіздікті қорғаушы шекарашыларымызды дархан далаға қалқан болған батыр бабалардың ұлы рухында, Мәңгілік елдің мақсат-мұратында тәрбиелеуге үлес қосады.
Үшіншіден, Қазақстан тарихында ерекше орын алар тұлғалардың атын мәңгі қалдыруға қызмет етеді.
Төртіншіден, шекаралық бөлімшелерді батыр бабалар атымен атау арқылы біз шет мемлекеттердің азаматтарына, әсіресе, көрші алпауыт елдерге қазақтың әз тарихын және ер ұландарын ұлықтайтын, ұмытпайтын, солардың биік рухымен рухтанатын өр әрі өркенді ел екенін көрсетеміз.
Тәуелсіздік қамын, ұлт болашағын ойлаған, мемлекетшіл рух өрлігі бойларына дарыған, осы зор істе қолдау көрсетіп келе жатқан барлық жауапты тұлғаларға, атпал азаматтарға алғыс айтқым келеді.
Abai.kz