ЕҚЫҰ төрайымы азаматтық қоғам өкілдерімен кездесті
12 сәуірде Нұр-Сұлтанда Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрайымы, Швеция сыртқы істер министрі Анн Линде азаматтық қоғам өкілдерімен кездесті. Бұл кездесу жайлы Линденің өзі Twitter-дегі парақшасында хабарлап, сурет жариялады.
«Қазақстандағы азаматтық қоғам өкілдерімен бағалы кездесу өтті. Сөз бостандығы және теңдік сияқты адам құқығы мәселелерін талқыладық», - деп жазды ол.
«Құқықтық медиа орталық» жетекшісі Диана Окремованың айтуынша, кездесу жабық форматта өткен.
«Жалпы танысу сипатындағы кездесу болды. Біз өзіміздің кім екенімізді, немен айналысып жүргенімізді айттық. Яғни, ол азаматтық қоғам өкілдерімен танысты. Өзіміз кездесіп отырған мәселелер мен оларды шешу жолдары жайлы айттық», - деді ол.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрайымы Анн Линде осы аптада Орталық Азия елдеріне ресми сапарын Қазақстаннан бастаған болатын. Ресми тұлға Twitter-дегі парақшасында дүйсенбі күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен де кездескенін хабарлады. Ол кездесудің «жемісті» болғанын атап өтіп, елдегі реформаларды қолдайтынын білдірген. Дегенмен кездесуде адам құқығы ахуалы талқыланғаны-талқыланбағаны белгісіз.
Ақорда сайтының жазуынша, Тоқаев кездесу кезінде «Қазақстан ЕҚЫҰ-ның қағидаттары мен құндылықтарына бейіл екенін айтқым келеді. Сіз басқарып отырған Ұйыммен арадағы ынтымақтастық – сыртқы саясаттағы басымдықтарымыздың бірі. Біз аталған ұйыммен де, оған мүше мемлекеттермен де арадағы тығыз ықпалдастықты нығайта түсуге дайынбыз», - деп мәлімдеген. Президент әкімшілігінің сайты Линденің сөзінен бір ғана сөйлем келтірген: «ЕҚЫҰ мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастарға зор мән беретінімізді атап өткім келеді».
Дүйсенбі күні Анн Линденің Нұр-Сұлтанда сапары жалғасып жатқан шақта бір топ белсенді ЕҚЫҰ-ның бағдарламалар кеңсесі алдында наразылық акциясын өткізіп, биліктен азаматтарды саяси көзқарасы үшін қудалауды тоқтатуды талап етті. Оның алдында белсенділер оған Twitter-де қайырылып, Қазақстандағы белсенділердің саяси себеппен қудаланып отырғанына және адам құқығының нашарлап кеткеніне назар аударуға шақырған.
«Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында отырған саяси тұтқындарға кіріп шығуыңызды сұраймыз» деп жазды белсенділердің бірі. Кейбірі белсенділердің сотына да кіріп, қатысуға үндеді.
Белсенділер билік «экстремизм», «алауыздық қоздыру» сияқты баптарды оппоненттерін қудалау үшін жиі пайдаланады деп санайды. Ақорда оппоненті қуғындағы бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов негізін қалаған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысын Нұр-Сұлтан соты «экстремистік ұйым» деп танығанмен Еуропарламент «бейбіт оппозициялық ұйым» деп атаған. Құқық қорғаушылар соңғы бірнеше жылда ҚДТ мен «Көше партиясы» (Нұр-Сұлтан соты оның да қызметіне тыйым салған) қозғалысына қатысы бар деген күдікпен жүздеген белсендінің қуғындалып, сотталғанын айтады.
Биыл 11 ақпанда Еуропарламент Қазақстандағы адам құқығы ахуалы туралы қабылдаған қарарында Нұр-Сұлтанды елде түрмеде отырған саяси тұтқындарды босатуға үндеген. Онда Қазақстандағы адам құқығы бұзылуының жиілегені, азаматтық белсенділердің биліктен қысым көретіні, кейбірінің қудалау кезінде қайтыс болып жатқаны, сайлаулардың әділ өтпейтіні, азаматтық қоғам аясының тарылғаны да айтылады. Қарар адам құқығының бұзылуына жауапты Қазақстан шенеуніктері мен мекемелеріне санкция салуды қарастыруға шақырады.
Қазақстан билігі елде саяси тұтқын барын мойындамайды.
Abai.kz