Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Алаң 20198 29 пікір 15 Сәуір, 2021 сағат 12:30

«Қазақстан үшін талас жүріп жатыр»

Елена Панина дейтін адам – РФ Мемлекеттік Думасының депутаты екен. Владимир Путин басшылық ететін «Единая Россия» партиясының өкілі. Думаға бақандай бес мәрте депутат болып сайланған. Жасы 72-де!

Міне, сол Елана әжей Панина (екінші күйеуінің тегінде) жуырда «Спутник радиосына» (ресейлік сайт) сұхбат беріп, Ресейдің елішілік һәм сыртқы саясаты, Ресей-Украина қақтығысы мен НАТО әскері жайлы пікірлесіпті.

«Біздің ел кез келген шабуылға тастүйін дайын. Бірақ біз ақпараттық соғыста сапа емес, сан жағынан ұтылып жатырмыз», - деген Елана әжей сөз арасында «Қазақстан үшін талас жүріп жатқанын» айтыпты.

«Меніңше, қазір АҚШ-тың күн тәртібінде әрине – Белоруссия. Олар Украинадағыдай түрлі-түсті революция жасау арқылы билікке қуыршақ, өздеріне толықтай бағынышты үкіметті әкелмек. Қазір соның көптеген белгілерін көріп отырмыз. Сосын, әрине Қазақстан. Қазір Қазақстан үшін талас жүріп жатыр», - депті орыс депутаты.

Әрісі мен берісін айтпағанда, Сталиннің өзі «Молотошвили» деп атаған Совет лидерлерінің бірі Вячеслав Молотовтың немересі Вячеслав Никонов пен сеператист Евгений Федеровтардың (олар да Путин партиясының депутаттары) «Қазақ жері – Ресейдің үлкен сыйы», «Қазақтар Советтен алған территорияны қайтарсын», - деген сөздерін қазақ ұмытқан жоқ.

Ерсіленген екеудің бейсауат һәм бейсаяси сөздері еларалық дау тудырды. Ресейдің Қазақстандағы елшілігіне нота тапсырылды. Президент Тоқаевтың өзі әйдіктеп мақала жазып, «Қазаққа ешкім жер сыйлаған жоқ», - деп сөйледі. Ал Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді орыс саясатшыларының сөздерін – «қысыр сиырдың сандырағы», - деп мәлімдеді.

Осымен дау аяқталса, кәне... Өндірісі мен өркениетіне емес, қару-жарағына сенетін Путиннің басқаруындағы Ресейдің «ұлыдержавалық шовинизм шоуы» биыл да жалғасты.

2021 жылдың 1 ақпаны. «Президентім – Путин, партиям – «Единая Россия» деген тағы бір Ресейлік депутат, сенатор Алексей Пушков «Вечерняя Москва» газетіне берген сұхбатында Джо Байденнің президенттігі тұсында АҚШ посткеңестік республикалар үшін күресін күшейтеді деп пікір білдірген.

«Посткеңестік кеңістіктегі бәсекелестік күшейіп келеді. Егер бұл Трамп үшін онша қызығушылық тудырмаса, онда Байден әкімшілігі посткеңестік республикаларды Ресейден бөліп тастауға бағытталған Американың күш-жігеріне бәс тігіп жатқан көрінеді», - деді ол.

Ол сондай-ақ, АҚШ енді Белоруссияға, Өзбекстанға, Арменияға және Қазақстанға назар аударады дегенді айтқан.

«Олар АҚШ-тың назарында болады. Тіпті, Киевпен әскери ынтымақтастық күшейуі, АҚШ-тан қару-жарақ пен техника алуы және Украина аумағында АҚШ-тың әскери базасы орналастырылуы мүмкін.

Байденнің кезінде АҚШ Ресеймен бәсекелестікті посткеңестік кеңістікте жүргізуі АҚШ-пен қарым-қатынасты нашарлатудың жаңа факторына айналуы мүмкін. Сондықтан, біз де соған қарай жұмыс жасауымыз керек», - депті.

2021 жылдың 18 наурызы. Ресей президенті Владимир Путин Лужники кешенінде Қырымды тартып алғанының 7 жылдық мерейтойына орай ел алдында сөз сөйледі. Сөз арасында Путин «сыйға тартылған жер» атты өтірік тарихи фактісін тағы қайталады. 

«Өткен ғасырдың 20-жылдары большевиктер Кеңес одағын құру кезінде түсініксіз себептермен көптеген территорияларды енді құрылған квазимемлекеттік құрылымдарға бере салды. Ал кейін өздері құлдырап, өз партияларын ішінен құлатып, Кеңес Одағын таратып тынған сәтте, Ресей ауқымды территориялары мен геосаяси кеңістіктерінен айырылып қалды», - деді ол.

2021 жылдың 31 наурызы. Ресейдің «Коммерсант» дейтін газеті «Майданға кіл тарихшылар аттанып барады» (В бой идут одни историки) атты мақала жариялады.

Онда Путиннің көмекшісі, Ресейдің бұрынғы Мәдениет министрі Владимир Мединский«Тарих факультетінің студенттері әртүрлі радиостанциялардан бұрыс ақпарат алмауы керек. Өйткені, бұлай жалғаса берсе, ақыр-соңында Ресейліктердің өздері Курильді, Калининград пен Карелияны, Выборгті кері қайтарып берейік деп тұратын болады. Батыс құндылықтарын дәріптеудің соңы осыған алып келеді. Әйтпесе, қалайша Ұлы Ресейдің кейбір территориялары Украина, Беларусь пен Қазақстанға өтіп кетті?», - деп сөйледі.

2021 жылдың 9 сәуірі. Думаның даукес һәм дәлдүріш депутаты (жасы 74-те.) «300 жыл бұрын кім едіңдер?.. Жоңғарлар болды, қазақтар болған жоқ», - деп көкіді.

Павлодардағы 23 көшеге қазақша атау берілгеніне көгеріп-сазарып көкбеттенген Жириновский:

«Қазақстандағы Павлодар қаласында 30 көшенің атын ауыстырмақ. Орысша атауларды қазақшаға өзгертпек екен. Сендер өздеріңнің қазақ қалаларын салып алыңдар да, сонда қазақша көшелерді атай беріңдер, өзгенікіне тимеңдер. Петр тұсында ол жерде Коряков форпосты болған, тұз шығарушыларды қорғайтын. Ол жерде ешқандай мемлекет болған жоқ, қу дала, кей жерде көшпенділер жүрді. 300 жыл бұрын қайда болдыңдар Қазақстан? Сендер болған жоқсыңдар. Жоңғар тайпалары болды, бірақ Жоңғар мемлекеті болған жоқ. Қазір барлығының атауын өзгертіп жатыр, ауыстырып жатыр. Барлығы ұмытылып, қазақтарға қалады деп ойлайды. Ешкім ештеңені ұмытпайды. Орыс әлемі мен кеңістігі шекарасын қалпына келтіреді. Тәртіп орнатады»,  - деп мәлімдеме жасады.

Алайда, бұл айтылғандардың ешқайсысына (биылғы) қазақ билігі реакция білдірген жоқ. Бірлі-жарым депутат (Бақытбек Смағұл, Қазыбек Иса, Берік Әбдіғалиұлы) «орыс саясаткерлерінің бұл айтқандары – қазақтың ішкі шаруасына араласу», - дегені болмаса, Ақорда да, Үкіметі те үнсіз, әрізге.

«Айтарға сәті тумаған шығар» деуге және келмейді. Осы айтылған әңгімелерден соң Қазақстан мен Ресейдің лауазымды тұлғалары бірнеше мәрте жолықты. Қазақстанда да, Ресейде де. Солардың бірсыпырасы міне...

1-2 сәуірде Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Мәскеуде өткен ТМД Сыртқы істер министрлерінің жиынына қатысып қайтты. Министрлік тарапынан орыс саясаткерлерінің сөздеріне қатысты ешқандай мәлімдеме жасалған жоқ.

7-8 сәуірде Арабия, Қытай, Үндістан мен Пәкістанды шарлап, серіктес іздеп сенделген Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Қазақстанға келді. Министр Мұхтар Тілеубердімен де, президент Тоқаевпен де жолықты. Жабық есік артында не айтылғаны белгісіз, ал ашық протоколда орыс саясаткерлерінің дау шақырған мәлімдемелері туралы «ләм-мим» деген сөз айтылмады.

Есесіне Лавров Нұр-Сұлтан төрінде тұрып АҚШ-ты қатаң айыптады. Оның жүргізіп жатқан саясатын бос әурешілікке балап, Вашингтонның кез келген әрекетіне жауап қататынын жеткізді. «Біз өзімізге ғана сенуге тиіспіз, өйткені АҚШ-та, оның одақтастары да сенімді серіктес емес», - деді.

9 сәуірде, Қазақстанның Үкімет басшысы Асқар Мамин Байқоңырда болды. Он күн бұрын ғана «Совет жері қазаққа қалай өтіп кетті», - деп мәлімдеген Путиннің «плагиатчик» көмекшісі Мединскиймен бірге Байқоңырдан ұшқан зымыранды тамашалады. Бұл жолы да Мамин тарапынан мәлімдеме болды дегенді естіген жоқпыз.

Түйін. «Қазақстан мен Ресей тату көрші, сенімді серіктес» дегенді Ақорда билігі жиі айтады. Мақұл-ақ, болсын. Ал Ресей саясаткерлері тарапынан Қазақстанның аумақтық тұтастығына күмән келтіру фактілерінің жиілеп бара жатқанына Тоқаев билігі алаңдай ма? Ендеше, Мамин Үкіметі, Тілеуберді министрлігі неге үнсіз? Жириновский, Мединскийлер лег-тегімен лепіріп жатқанда, тым құрығанда дипломатия тілімен ым-ишара білдіріп: «Депутаттарың деп жатыр. Одақтасып отырмыз, сый-әдеппен сөйлесейік», - деуге болар еді ғой. «Одақтаспыз», - дейміз. Одақтасымыздың ойы белгілі. Ол ойын Кремль билігі соңғы жылдары жасырмай, ашық айтып жүр. Біз де «Путиннің аңсаған «жұмағы» – КСРО екенін» бірнеше мәрте жаздық.

2019 жылы. Путин: «Мен Совет одағының жоқтығына өкінемін. Бұл олардың құқығы. Бірақ егер біздің мемлекетаралық қатынастарымыздың бүгінгі ерекшеліктеріне байланысты кейбір мемлекет басшылары келмесе, олар үшін бұл үлкен қателік болады деп ойлаймын. Себебі бұл олардың өз Отандарының тәуелсіздігі үшін соғысып, өмірлерін қиған адамдарға лайықты құрмет көрсетпейтіндігін білдіреді», деп айтты.

2020 жыл. Владимир Путин: «Ортақ тіліміз – орыс тілі. Біз біріккен кезде ғана бәсекеге қабілеттілік болады. Бұрынғы КСРО елдері үшін де солай», - деп сөйледі.

Орыста Совет одағын қайта құру туралы кімдер айтпады деңіз... Жириновский, Зюганов, Лимонов, Богдасаров, Калашников, Соловьев, Скабеева, Киселев... Бұл тізімнің түбіне бүгін жетпейсіз. Путиннен бастап, Думаның депутаттары, Медведьев пен Мишустиннің министрлері мен оларға тәуелді жалдамалы жазармандар... Айта берсең, тіпті көп. Болашақты соғыспен бағалайтын адамның әуелгі амбициясы - экономикалық одақты сылтауратып, ескі одақты тірілту! Қош, мұны қазақтағы азаматтық қоғам мен ондағы есті жүрт екі бастан біліп отыр ғой.

Қазақстан Ресеймен өзара достық және тату көрші келісіміне қол қойған ел. Алайда шынайы достың, тату көршінің сипаты мұндай болмас. Ендеше ескі шекпеннен шыққан біздің биліктегі біраз дәудің арқалағаны жем емес, шен болса, саясат тілінде мемлекеттік мүддені қорғауға қарекет қылуы керек-ті.

Ресей билігінің төңірегіндегі түрлі лауазымды тұлғалардың аузымен араға ай салып айтылып жатқан арандату сөздерге қазақ билігінің үнсіздігі – олардың айтқандарын «мақұлдаған» белгі емес пе? Әйтпесе, Ақорда айналасындағы ақ жейделілердің солтүстіктегі сойы бөлек саясаткерлердің сөздерін естімеген кейіп танытуы қазақ қоғамын осындай ойға жетейлейтіні және рас. «Еститін мемлекетте» өмір сүріп жатырмыз ғой. Естіп қалар...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

29 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1533
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3313
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6006