Есім хан... Долбар мен дәлел
ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ: ТҰТАСТЫҚ ЖӘНЕ БЫТЫРАҢҚЫЛЫҚ КЕЗЕҢДЕРІ
2021 жылдың 26 ақпан, жұма күнгі «Қазақ әдебиеті» газетінің №8-9 санында тарихшы Самат Өтенияздың «Еңсегей бойлы Ер Есім… Ескі деректер неге жоқ» атты мақаласы жарияланып, мақалада 2019 жылы «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Қазақ университеті» баспасында жарық көрген менің «Қазақ хандары туралы зерттеулер» (XV ғ. ортасы – XVIII ғ. басы) атты монографиямдағы Есім хан жөніндегі ой-пікірлерім мен тұжырымдарыма қатысты екі сын айтылып, ондағы үш кемшілік көрсетіліпті. Олардың бәрі мақаланың алғашқы және соңғы беттерінде тұр. Ал мақаланың қалған барлық бөлігі автордың Есім хан туралы жеке ойлары мен тұжырымдарын қамтыған. Бұл жерде автордың негізгі мақсаты түсініксіздеу, ол Есім хан жөніндегі өз ойларын баяндағысы келген бе, әлде Есім хан туралы менің ойларыма сын айтпақ болған ба, ұқпадым.
Мұны автордың өзіне қалдырып, алтын уақытын бөліп, кітаптағы Есім хан туралы пікірлеріме сыни көзқарас білдіріп, кемшіліктерді көрсеткеніне рақмет айта отырып, мынадай жауаптар қайтаруды жөн көрдім.
Мақала авторы алғашқы бетте: «…дауы мен тартысы көп XVIII ғасырдағы хандар дәуіріне бармай, 1715 жылы қайтыс болған Тәуке ханмен «Қазақ хандарының тарихын» тәмамдаған екен», – деп жазады. Бұл – сын емес, солай болса да, түсіндіре кетейін. Егерде мақала авторы монографияны жай қарай салмай, кіріспеден бастап жақсы танысқанда, бұлай жазбаған болар еді. Өйткені барлық зерттеу жұмыстарының кіріспесінде зерттеу жұмысының мақсатымен қатар, тақырыптың хронологиялық шеңбері міндетті түрде айтылады. Кітаптың кіріспесінде Қазақ хандығы дәуірінің шартты түрде екі кезеңге – бір орталықтан басқарылатын тұтастық кезең және бытыраңқылық кезең деп екіге бөлінетіндігі, тұтастық кезеңге Керей ханнан Тәуке ханға дейінгі аралық жататындығы, ал екінші кезеңге – Тәуке ханнан кейін үш Жүзде болған хандар мен олардағы хандық билік жойылғанға дейінгі аралықтың жатқызылғаны айтылған. Сондай-ақ бұл кітаптың мақсаты хандық дәуірдің алғашқы кезеңіндегі, яғни Керей ханнан Тәуке ханға дейінгі қазақтың 17 ханының тарихи рөлін анықтау екендігі тайға таңба басқандай жазылған.
Енді Самат Өтенияздың мақаласындағы сындарға рет-ретімен тоқталайын. «Есім хан туралы зерттеудің шала жазылғанын автордың өзі де мойындайтын сияқты», – деген алғашқы сынға: «Біз Есім хан туралы тұжырымдарымызды аяқтай келе, бұл жұмыс қазақ тарихындағы белгілі тұлғаның тарихи рөліне арналған алғашқы жұмыстардың бірі және болашақта тың деректер арқылы Есім ханның тарихи бейнесі одан әрі терең зерттеле түседі деп ойлаймыз», – деген қорытындымыз негіз болған екен. Осыған қатысты айтарым: өзін сыйлайтын автор ешқашан шала жұмысын жарияламайды. Бұл – бірінші. Ал, екіншіден, ғылыми этика бойынша әрбір зерттеуші маман ғылымның шегі жоқ екендігін сезіне отыра, өзі орындаған жұмыстың сол шексіздіктің бір бөлігі екендігін, болашақта сол бағытта талай ізденістердің болатындығын міндетті түрде қорытындыда атап өтеді. Бұл – қорытындыға қойылатын талаптардың бірі. Бір жұмыспен ғылымды төңкеріп тастадым деу, мәселені толық шештім деу сол адамның маман еместігін, деңгейінің таяздығын көрсетеді. Осыны С.Өтенияз да білуі керек еді. Ғалым ретінде ғылыми этиканың, қорытындыға қойылатын талаптардың не екенін түсінбесе немесе білмесе, онда ол өз ойында қала берсін.
Қалған сындардың бәрі көлемді мақаланың ең соңғы бетінде айтылған екен. «1643 жылғы оқиғалар кезінде Есім хан тірі еді, сондай-ақ сол тарихи жағдайлардың куәсі болған еді. Тарихшы Берекет Кәрібаев қазақтың атақты ержүрек ханы Есімді 1629 жылы (Біздің кітапта Есім хан 1628 жылы қайтыс болған делінген. – Б.К.) қайтыс болған деп, бұрынғы тарихшылардың қатесін қайталаған екен. Есім хан 1645 жылдан соң қайтыс болған. Әрине нақты жылы мен күні белгісіз».
Мұндайда ғылымды құрметтейтін кәсіби маман өзі жасап отырған тұжырымына негіз болар деректі көрсетуі керек. Өкінішке қарай, мақала авторы ешбір дерексіз бүкіл газет оқырмандарының шатасуына жол беріпті. Қазіргі таңда тарихымыздағы, әсіресе ежелгі және ортағасырлардағы тарихи оқиғалардың даталары әртүрлі оқулықтарда әртүрлі даталармен беріліп жатқан кезде С.Өтенияздың Есім ханның қайтыс болған жылы туралы «жаңалығы» шатасуды одан әрі шиеленістіре түскен сияқты. Автор мұндай пікірді қайдан алған десек, осыдан 100 жылдай уақыт бұрын М.Тынышпаев «XVII-XVIII ғғ. қырғыз-қазақтар (Қырғыз-қазақ халқының тарихына материалдарға қосымша)» атты еңбегінде жазған екен. Аталған еңбегінде Мұхамеджан Тынышпаев: «1635 жылы Жәңгір тек сұлтан деп аталса, ал 1643 жылы көп санды жоңғар әскеріне қарсы 600 ғана адам шығара алса, онда Есімді 1635-1643 жылдар аралығында, дәлірек айтсақ, 1643 жылға таяу қайтыс болған деуге болады», – деп жазған еді. (Тынышпаев М. История казахского народа. Составители и авторы предисловия проф. Такенов А.С. и Байгалиев Б. – Алма-Ата, «Қазақ университеті», 1993, 160 б.). Ал Самат Өтенияз: «1643 жылғы оқиғалар кезінде Есім хан тірі еді», «Есім хан 1645 жылдан соң қайтыс болған», – деген пікіріне қандай оқиғаны негіз етіп алынғаны түсініксіз. М.Тынышпаев заманында ортағасырлардағы тарих ғылымының, оның ішінде деректік базаның қандай болғаны белгілі. Содан бергі бір ғасырдай уақыт ішінде отандық тарих ғылымының дамуын XX ғасыр басындағы ахуалмен салыстыруға келмейді. Ал Самат Өтенияз болса, өз тұжырымы арқылы, өкінішке қарай, бүгінгі күндерден бір ғасыр артта қалғанын нақты көрсетіп отыр. Сол себепті де мақала авторына нақты бір тақырыпқа қатысты пікір айтар алдында, «алдымен сол тақырыптың тарихнамасымен тереңірек танысып алыңыз не болмаса, сол тақырып бойынша жетекші маманның еңбегімен таныс болыңыз» деп айтар едім.
Енді Есім ханның қайтыс болған жылы туралы: «Берекет Кәрібаев… бұрынғы тарихшылардың қатесін қайталаған екен», – деген пікірге тоқталайық. Есім ханның қайтыс болған жылын қате көрсеткен «бұрынғы тарихшылар» кімдер екен, соған назар салайық.
Осы күні отандық тарих ғылымындағы Қазақ хандығы дәуірінің этно-саяси мәселелері бойынша ең жетекші маман болып Ресейдің Санкт-Петербург қаласында тұратын жерлесіміз Тұрсын Икрамұлы Сұлтанов саналады. Ол өзінің 1970 жылдардан күні бүгінге дейінгі зерттеулерінің негізгі бөлігін Қазақ хандығы тарихының әртүрлі мәселелеріне арнап, он шақты монографиялар мен оқулықтар шығарды. Тұрсын Сұлтанов – 1983 жылы шыққан бес томдық Қазақ ССР тарихының II томындағы Алтын Орда, Әбілқайыр хандығы, Қазақ хандығы дәуірлеріне арналған тараушаларды керемет орындаған маман. Сондай-ақ Есім хан туралы қарастырылған «Қазақ хандығының XVII ғасырдағы саяси жағдайы» атты тараушаның авторы. (Қазақ ССР тарихы. (Көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. II том. Алматы: Қазақ ССР-інің «Ғылым» баспасы, 1983, 294-303бб.). Т.И.Сұлтанов алғаш рет осы тараушада, содан соң кейінгі кездері жазылған зерттеулерінің бәрінде Махмуд бен Уәли атты аштарханилық әулет тарихшысының 1634-1640/1641 жылдар аралығында жазылған «Бахр ал-асрар» еңбегіндегі мәліметке сүйеніп, Есім ханның хижра бойынша 1038 жылдың басында, ал қазіргі жыл қайыру бойынша 1628 жылдың қыркүйек-қазан айларында өз ажалынан қайтыс болғанын жазады. Бұл дерек әзірше ғылыми ортаға белгілі болған жалғыз мәлімет болып есептеледі.
Содан бері 40 жылдай уақыт өтсе де, бұл датаға қарсы пікір айтқан шетелдерде де, елімізде де бір де бір тарихшы жоқ. Т.И.Сұлтанов – тарихшы ретінде өз еңбектері арқылы алыс та жақын елдерге танымал болған және дүниежүзіндегі шығыстанушылардың бәрі мойындаған кәсіби маман. Оның монографиялары әлемнің көптеген елдерінің тіліне аударылған. Есім ханның қайтыс болған жылы жөніндегі Т.И.Сұлтановтың осы пікірін біз Есім хан туралы мақалаларымыздың бәрінде үнемі қолданып жүрміз. Қалған тарихшылардың бәрі дерлік осы мәселеде Т.И.Сұлтановқа сілтеме жасайды. Ол дегеніміз – тарихшылардың бәрі дерлік бұл датаны қолдайды дегенді білдірсе керек. Автордың айтып отырған «бұрынғы тарихшылары» – Т.И.Сұлтанов және Есім ханның қайтыс болған жылы туралы оған сілтеме берушілер. Тек тарихшы С.Өтенияз ғана «Қазақ әдебиеті» газеті арқылы Есім ханның қайтыс болған жылымен келіспейтінін аталған мақаласы арқылы көрсетіп отыр.
Мақала соңында автор менің кітабымдағы кемшіліктер туралы: «Б.Кәрібаев зерттеуінің негізгі кемшілігі – Ш.Ш.Уәлихановтың еңбектерін пайдаланбағаны алдымен көзге түсті… Қазақ мемлекеті (Хандығы) тарихын зерттей отыра, Ш.Ш.Уәлихановқа көңіл бөлмегендіктен көп қателіктер жіберген», – дейді. Біз бұл жөнінде мынадай ойды білдірмекшіміз. Ш.Уәлихановтың қазақ тарихындағы алатын орны мен атқарған рөлі сөз жоқ ерекше. Оған ешкім де дау айта алмас. Ал нақты Керей хан мен Тәуке ханға дейінгі аралықтағы қазақ хандары жөнінде Ш.Уәлиханов қандай еңбектер жазып, ой-пікірлер айтқан екен, соған көңіл аударалық. Қазақ хандары ішінде ол «Абылай» атты мақаласында тарихи тұлғаның XVIII ғасырдағы өмір тарихын баяндаса, «Тарих и Рашидиден» атты зерттеуінде деректің мазмұнын қысқаша түрде түсініктемелермен баяндап береді. Қазақ хандығының құрылуы туралы ең алғашқы мәлімет – Керей мен Жәнібек хандардың Әбілқайыр ханнан бөлініп кетуі Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашидиінде» баяндалатыны баршаға аян. Шығармадағы Моғолстан хандығы мен Мауераннахрдағы көптеген оқиғаларды, тарихи ірі тұлғаларды және тағы басқа тарихи жағдайларды Ш.Уәлиханов аудара отыра, алғаш рет баяндап береді. Ал Керей мен Жәнібек хандар туралы мәліметтер қолжазбада болса да, олар туралы айтылмайды. Егерде Шоқан Керей мен Жәнібек ханның тарихи рөлі туралы жазған болса, онда біз Шоқанды Қазақ хандығының құрылу тарихы мен оның бір ғасырға жуық тарихын ең алғаш зерттеген, Қазақ хандығы құрылуының тарихнамасын бастаған және оның көш басында тұрған зерттеуші деп таныған болар едік. Өкініштісі, Шоқанның «Тарих-и Рашиди-ден» атты мақаласында бұл туралы мағлұматтар кездеспейді. Тек қана: «Қыпшақта немесе Жошы ұлысында Бұрындық хан болды», – дегенді айтады. Дегенмен де, Шоқанның аталған мақаласында этникалық тарихымызға, Алтын Орда тарихына қатысты ғылыми құндылығын әлі күнге дейін жоғалтпаған жақсы тұжырымдардың бар екендігін ерекше атап өтуіміз керек. Одан кейінгі Шоқанның «Профессор И.Н.Березинге хат» атты мақаласында басқа бір мәселер бойынша тұжырымдар айту үшін қазақ хандары мен сұлтандары – Ақназар хан, Шығай сұлтан, Жәдік сұлтан, Шелім ханзада есімдері кездесіп отырады. Бірақ нақты тұжырымдар жасалмайды. Сондықтан да біз Есім хан жөніндегі тараушада Ш.Уәлихановқа ешқандай сілтемелер жасамадық.
Осы жерде мақала авторы С.Өтенияз: «Ш.Ш.Уәлиханов еңбектерін пайдаланбау – Қазақ тарихын зерттеуші барлық ғалымдардың қатесі», – деген ортақ кемшілікті көрсетеді. Меніңше, оған басқа зерттеушілер өз ойларын айта жатар деп ойлаймын.
ДЕРЕКТІҢ ДӘЙЕКТІ БОЛҒАНЫ ЖӨН
Мақаладағы келесі бір арнайы көрсетілген кемшілікке: «Қазақ мемлекеті тарихына қатысты қазақ тілінде жарық көрген зерттеулерді де (М.Мағауин, Б.Көмеков, С.Өтениязов ж.б.) түгел пайдаланбағаны көрініп тұр», – деген пікірі жатады. Бұл сынға қатысты мынадай түсіндірулер бере кетейін:
Біріншіден, мақала авторы көрсетіп отырған еңбек – монографиялық зерттеу емес, Қадырғали Жалайыр дерегінің қазақша аудармасы. Жақша ішіндегі аудармашылардың аты-жөндері толық емес, шағатай-қазақ тілінен аударып, алғы сөзін жазғандар – Н.Мингулов, Б.Көмеков, С.Өтениязов. Ал жалпы редакциясын қараған – Мұхтар Мағауин. Екіншіден, автор айтып отырған туынды 1997 жылы жарық көрген. Ал оған дейін, 1991 жылы «Қазақ университеті» баспасынан Р.Сыздықова мен М.Қойгелдиевтің «Қадырғали би Қосымұлы және оның Жылнамалар жинағы» атты еңбегінің шыққаны белгілі. 1991 жыл мен 1997 жылғы басылымдарды салыстырсақ, 1997 жылғы басылымда ортағасырлық тарихшының туындысы толығымен қазақша аударылып берілген. Бұл осы басылымның артықшылығын көрсетеді. Ал 1991 жылғы басылымда «Жылнамалар жинағының» «Б.Годуновқа арнау мен Қадырғали бидің өзі жазған дастандары» ғана қазақша аударылған. Ондағы дастандар саны – 9. Бұл шығарманың тек оригиналды бөлімі де, қалған бөлімдері – компильятивті сипатта. 1991 жылғы басылымның үшінші тарауында «Жылнамалар жинағының» араб графикасынан транскрипцияланған мәтінінің толық нұсқасы беріледі. Бұл осы нұсқаның артықшылығын көрсетеді. Сондай-ақ 1991 жылғы басылымда қос автордың дерекке қатысты тарихи және тілдік жағынан зерттеулері жеке тарауларда баяндалады. Бірақ екі басылымда да Есім ханға қатысты деректердің мазмұндары бірдей, аудармадағы айырмашылықтар онша алшақ емес. Ал неге біз 1991 жылғы басылымды жиі қолданып, сілтемелер береміз десек, онда қазақша аударылған мәтінді өз бетіңше тексеріп көру үшін шығарманың толық транскрипциясы берілген. Міне, сондықтан 1991 жылғы басылымға жиі сілтемелер жасаймыз. Ал С.Өтенияздың қатысуымен шыққан 1997 жылғы басылымда транскрипция жоқ, берілмеген. Осыдан кейін авторларының бірі С.Өтенияз болған басылымға неге сілтеме бермейді деген өкпеңіздің, ренішіңіздің кемшілікке айналғанын бірден байқап отырмын. Егерде 1997 жылғы басылым болашақта қайта басылып оған мәтіннің толық транскрипциясы қоса берілсе, онда сол басылымға да сілтеме беруге уәде етемін. Ал оған дейін Қадырғали Жалайыр еңбегінің 1991 жылғы басылымын пайдалана беремін.
С.Өтенияздың үшінші көрсеткен кемшілігіне: «Қазақ мемлекетіндегі Билер институтының рөлі көрінбейді», – деген пікірі жатады. Тәуелсіздік алғаннан бергі отандық тарихнаманың хандық дәуірге қатысты зерттеулерінде жеке хандар тақырыбымен бірге аз болса да билер институты, елшілік институты, батырлар институты секілді тақырыптар күн тәртібіне қойылып, арнайы зерттеле бастағаны белгілі. Сөз болып отырған монография атауы «Қазақ хандары туралы зерттеулер» деп аталады. Соған қарамастан, кітаптың Шығай ханға, Тәуке ханға арналған тарауларында қазақ қоғамындағы ру басылары мен билердің рөлдері туралы жалпылама түрде болса да айтылып өткен. Егер оны көре алмасаңыз, оған кінәлі біз емеспіз.
Осылайша, біз С.Өтенияздың біздің монографиямызға қатысты айтқан екі сыны мен білдірген бірнеше кемшіліктеріне жауап бердік деп ойлаймыз.
Ал енді С.Өтенияздың біздің монографиямызға сын айта отырып, Есім ханның тарихына қатысты жіберген кемшіліктері мен қателіктеріне байланысты пікірімізді білдірейік.
ТҰЖЫРЫМ ЖАСАУДЫ ДЕРЕКТІК БАЗАНЫҢ МАҢЫЗЫ ЗОР
С.Өтенияз «Еңсегей бойлы Ер Есім… Ескі деректер неге жоқ» атты мақаласында Есім хан мен Тұрсын хан арасындағы қарым-қатынастар мәселесінде бірнеше қателіктерге жол береді. 1598-1628 жылдардағы Қазақ хандығындағы «текетірес» кезеңінде қазақтың ханы кім болды және қай жылдары болды деген мәселеде ол тек Есім ханды көрсетеді. «Есім хан 1625 жылы Түркістандағы ордасына Тұрсын сұлтанды шақырып, билер кеңесіне қатыстырып, Жоңғар қалмақтарының шапқыншылығына қарсы күрестің жоспарын баяндайды», – деп жазады автор. Ал бұл туралы Есім хан мен Тұрсын ханды көзімен көріп, қолымен амандасқан адамның жазғанына құлақ түрелік. «…мен қазақ ішіне кеттім. Түркістанда Есім хан қасында үш ай тұрдым. Ол уақытта қазақтың ханы Тұрсын хан еді, ол Ташкентте тұратын еді, Түркістанға келді. Есім хан оны көре барды, мені есік алдына қойып, өзі барып, Тұрсын ханға көрініс қылып, қайтып келіп, менің қолымнан жетектеп алып барды. …Тұрсын хан өзімен бірге Ташкентке алып кетті. Ташкентте Тұрсын хан қасында екі жыл тұрдым. Екі жылдан соң Есім хан Тұрсын ханды өлтірді», – деп жазады Хиуа ханы әрі тарихшысы Әбілғазы (Әбілғазы. Түрік шежіресі. – Алматы: Ана тілі, 1991,189 бет). С.Өтенияз Есімді хан, Тұрсынды сұлтан деп жазса, сол кездегі оқиғалардың тікелей куәгері Әбілғазы Тұрсынды қазақ ханы деп айтады. Осыдан кейін кімге сенуге болады? «Текетірес» кезеңіндегі осы дәуірдің ең ірі білімпазы Т.И.Сұлтанов екі рет Есім ханның, бір рет Тұрсын ханның тақты иеленгенін жазады (Поднятые на белой кочме. Потомки Чингиз- хана. –Алматы: «Дайк- Пресс», 2001.211-222 бб.).
Есім хан туралы мақала авторы Самат Өтенияз: «Есім хан билік құрған тұста – XVII ғасырдың бірінші жартысында… Қазақ мемлекетінің тасы өрге домалап тұрған еді», – деп ешбір дәлелдеусіз тұжырым айтады. Ал бүкіл әлем мойындаған Т.И.Сұлтанов болса, «XVII ғасырда Қазақстан саяси жағынан бытыраңқы ел болды», «XVII ғасырдың бірінші ширегінде феодалдық қырқысулар күшейе түсті», «Жекелеген ірі қазақ сұлтандары іс жүзінде Есім ханнан тәуелсіз болды», «Бұл кезде қазақтың екі ханының арасындағы қатынастар… әскери қақтығыстарға дейін барып жүрді», – деген тұжырымдар айтып, оны нақты дерек мәліметтері арқылы көрсетеді. Ал С.Өтениязда ондай дәлелдеулердің бірі жоқ. Осыдан кейін кімге сену керек, кімнің пікірі дұрыс, оны оқырман өзі анықтап алар дейміз. Осы жерде тағы да мақала авторына Қазақ хандығының тарихына қатысты ой-пікір, тұжырым білдірер кезде ең болмаса, Т.И.Сұлтановтың бірнеше монографиясымен танысып алу керек еді деп айтар едім.
Автордың осы мақаладағы тағы бір тұжырымына: «…ер Есім хан тағынан бас тартып, мемлекет билігі сөз жүзінде оның баласы Жәңгір сұлтанның қолына өтті», «Алайда Иманқұл хан, өзі қанша тәуелді болғанмен Қазақ хандығын ыдыратып, билікті қолына алуды ойламай қалған жоқ», – деген «ғажайып» пікірлері жатады. Біз жоғарыда Есім ханның 1628 жылы қайтыс болғаны жөнінде беделді маманның пікірін келтіргендіктен, ары бармай-ақ қояйық. Автордың осындай тұжырымдарынан кейін «тек тарихшылар ғана емес, газет оқырмандары да қандай ойда болды екен?» деген сұрақ мазалай береді мені.
С.Өтенияз мақаласының жартысына жуығын Ш.Уәлиханов материалдарындағы аңызға негізделген Есім ханның қалмақтарға жасаған соңғы жорығы және Есім ханның Тұрсын ханға қолдау көрсеткен қатаған жұртына жасаған қиянаты туралы бөлігі құрайды. Бұл туралы нақты жазба дерек мәліметтеріне сүйенген Т.И.Сұлтановтың зерттеулерінде өте жақсы қарастырылған, ал «Қатаған қырғыны» жөнінде ауыз әдебиетінің деректеріне негізделген М.Тынышпаевтың, Шәкәрім Құдайбердіұлының жазбалары бар. Сондықтан да біз бұл жерде мақала авторына жоғарыда аталған авторлардың еңбектерімен жақсылап танысу туралы кеңес береміз.
Кәсіби тарихшы маманның басты қасиеттерінің біріне – нақты дерек мәліметтері арқылы тұжырым жасап, қорытынды айту жатады. 1391 жылы Әмір Темірдің Тоқтамыс ханға алғашқы жорығы Дешті Қыпшақ арқылы өткенін бүкіл ел біледі. Ол туралы тарихшылар Низам ад-дин Шамидың «Зафар наме» мен Шереф ад-дин Йаздидің осы аттас «Зафар-наме» деген еңбектерінде жақсы баяндалған. 1391 жылдың 28 сәуірінде, жұма күні Әмір Темір Ұлытауға жетіп, тау басына көтеріледі де, жан-жағына сүйсіне қарап, тамсанады. Сол күні барлық жауынгерлерге тас жиюға және сол тастардан биік белгі жасауға жарлық береді. Сондай-ақ Әмір Темір тасқа өз атын, сол кездегі күнді, айды, жылды және жорық туралы естелікті тасқа қашап жазуды бұйырады.(Сборник материалов относящихся к истории Золотой Орды. II6 Извлечения из персидских сочинений, собранные В.Г.Тизенгаузеном и обработанные А.А.Ромаскевичем и С.А.Волиным. М.-Л., 1941, 113, 161). Мақала авторы бұл деректен хабарсыз болғандықтан, оны мүлде басқаша түсіндіруге тырысады.
Біздің монографиямызды сынаған мақала авторының Есім хан жөніндегі соңғы ойы түсініксіздеу болып тұр. «Қазақтың аты аңызға айналған Есім ханының егеменді Қазақ елінде жолы болмай-ақ қойды», – деген ойының астарында не тұрғанын аңғару қиын. Оны көпшілік болып талдаған дұрыс деп ойлаймын.
Жалпы қорыта келе, мақала авторына айтарым мынау: кез келген тарихи бір мәселе бойынша ғылыми тұжырым жасау үшін ең алдымен, сол мәселенің зерттелу тарихын біліп алған жөн. Бұл пікір айтушының қателеспеуіне және өзіне дейінгілердің айтқан тұжырымдарын қайталамауға көмектеседі. Және ең бастысы, қарастырып отырған мәселенің деректік базасын жақсы меңгеру керек.
Берекет Кәрібаев, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы
Дереккөзі: Қазақ әдебиеті газеті
Abai.kz