Абайдың «Жаз» өлеңі
Абайдың ұлы ақын ретінде зор идеясын бастаған өлең «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңі болса, осыған жалғас 1886 жылы туған толып жатқан тың өлеңдері Абайдың ақындық, ойшылдық еңбектерінің ең жемісі мол, өнімді жылдары болады.
1886 жылы Абай он сегіз өлең жазған. Тақырып жағынан қарағанда бұл өлеңдерді бірнеше жікке бөлуге болады. Ең әуелі айқын көпшілігі, қазақтың сол күнгі қоғамдық тіршілігіндегі міндеріне арналған кертартпа қайшылықтарды таңбалайтын қатты сын және өсиет өлеңдері. Бұл көбінше сыншылдықпен, ойшылдықпен айтылған, әлеуметтік тартыстың құралы есепті болған өлеңдер. Екінші топ - ат сыны, жаз өлеңі сияқты табиғат, жаратылыс тақырыбына арналады. Үшінші жігі - жас буынға арналған. «Интернатта оқып жүр», «Ғылым таппай мақтанба», «Жігіттер, ойын арзан», «Бір дәурен кемді күнге» деген сияқты өлеңдер. Төртінші жіктегі өлеңдер - көңіл-күйінің лирикасы. «Көңілім қайтты», «Патша құдай», «Көкбайға» дегендер сияқты ақынның әлеумет тіршілігінен, ел надандығынан туған, мұңды шығармалары болады.
Барлық он сегіз өлеңнің тобы Абайдың ақындыққа мол күшін сарп етіп, бойындағы өнер қанатын кең жайып, табанды еңбекке түгел берілгенін танытады. Осы жылдың өлеңдерінен кейін Абай кең диапозонын классикалық тұрғыда көрсетеді, өзіндегі ақындық еңбектің көп сипаттарын жан-жақты түрде таныта бастайды. Бұл жылдары ақын заманы мен ортасының кемшілік пен қайшылық міндерін зор дауыспен әшкерлейтін ұстаз ақын тәрбиешілік тартысқа белсене кіріседі.
Осы жылда Абайдың жаратылыс келісін, көркін көркем суреттеген шебер жырының бірі-табиғат жайына арналған «Жаз» өлеңі. Жалпы алғанда, Абай жылдың төрт мезгілін бір жылда емес, бірнеше жыл бойында жазады. Сол өлеңдерінің алғашқысы осы – «Жаз».
Басқа тақырыптар сияқты табиғат көркі мен адам әрекетін араластырып жазған шығармаларда да Абайдың әртүрлі дамып өскен ақындық эвалюциясын байқаймыз. «Жаз» өлеңі мен кейінірек жазылатын «Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай» деген екі өлеңнің арасында, өзгесінен бұрын, салт-саналық, қоғамдық жақтан айқын тұрған айырмасын көрсетеді. «Жаз» өлеңінде сахарадағы ауыл тіршілігін, көшіп-қонып жатқан көрінісін сипаттауда сол ауылдағы әр алуан топтар арасындағы қайшылық, қарсылықтар көрінбейді.
Ал, жаңағы аталған күз көрінісін сипаттаған өлеңде, бір ауылдың екі шетіндегі бай үйі мен кедей үйінің барлық тірлігінде бітімсіз қайшылықтар үлкен шыншылдықпен терең ашылған болады.
Ақынның «Жаз» өлеңінің шығу тарихының да өз ерекшелігі бар. Абай өмір сүрген кезде дәм айдап Семей жеріне «саяси тұтқындар» ретінде жер аударылып келген зерттеуші-оқымыстылардың ішінде осы аймақтың халқын, тұрмысын, салтын зерттеушілердің бірі – Нифонт Иванович Долгополов та болады. Осы өлеңді жазу барысында Доктор Долгополов Нифонт Иванович Құнанбай еліне барып, Абаймен бірге Бақанас өзенінің бойында жатып куә болған. Өлеңнің жазылу тарихын және өлеңдерін өз атына аударып жазып жүрген ақынның шәкірті Көкбай Жанатаев өзінің естелігінде былайша баяндайды. «... 1880-1886 жылға дейін Абай әрбір өлеңді жазып жүрді. Бірақ, бұл уақыттағы сөздерінің барлығын Көкбай сөздері деп жүргізді. Кейін Омбыда шығатын «Дала уалаяты» мен «Серке» газеті шыққанда бірер өлеңін тағы менің атымнан жіберді. 1886 жылдың жазында ел жайлауға шықты. Абай ауылының ең өрістеп барып орнықпақ болған жайлауы – Бақанас өзенінің бойы еді. Көш жүріп кетті. Біз Абаймен бірге бірнеше кісі болып артынан келдік. Осы жылы Абай ауылында доктор Долгополов та қонақ еді. Ауыл Бақанас бойындағы Көкбейіт деген жерде қонып жатыр екен. Абай қонып жатқан ауылды көріп, «осы суретті өлең қыл» деді. Мен біраз өлең қылып едім, жақтырмады да, өзі жазбақшы болды. Сонымен үй тігіліп болып, бәріміз жайланған соң, Абайға келіп едім, «Өлең Көкшенің бойынан асайын деді ғой», - деді. Мен «асса қайта аларсыз», - деп қалжыңдадым. Сөйтсем, сол күні «Жазды күн шілде болғанда» өлеңін жазған екен, оқып берді. Өзі жазған сөзіне ең алғаш рет аз да болса қанағат қылғанын көргенім сол. Менің қалжыңыма орай қылып, «Сен соғымыңа бір ту бие ал, мен енді өлеңімді өзім алайын», - деді..».
Ақынның алдын көрген, өзімен 25 жылдай жанында жүріп, жолдас болған шәкірті Көкбай Жанатайұлы Абай айналасындағы бар ақынның ішіндегі суырыпсалма, имправизацияға аса жүйрік болған екен. Өзге ақын шәкірттерінен ерекшелігі де осында болса керек. Көкбай осы жайындағы естелігінде «Жаз» өлеңін тағы да толықтыра түседі. «...Абайдың өлеңде айтып отырған ауылы – өз ауылы. Абайдың астындағы аяңшылы – Әбдірахметтен алған аяңшыл күрең төбел аты. Айқайшы шалы – сол жылы өз ауылымен көрші болып отырған Әнет Бармақ деген шал. Құс салып жүрген жас жігіттер өзінің балалары – Ақылбай, Әбдірахман болатын...», деп түсіндіреді.
Жаздыкүні жайлаудағы қазақ ауылының өмір-тұрмысын суреттегенде Абай жаздың келуімен бірге малмен күнелткен елге қызық-қуаныш қоса келетінін байқатады. «Жаз» өлеңінің Абайдағы ерекшелігі ақындық мәдениеті ірілеп, шеберленген көркемдікті шебер көрсетеді. Ақын нақтылы, анық шындық халдерді көп теріп, шығармасын өте жанды, мол әрекеттерге толтыра жазады. Және ешбір көрініс-қимылда болмыстан тыс көмескілік, тұманды тұспалшылдық жоқ. Ең әуелі жас шалғынды, бәйшешегі толықси өсіп тұрған соны қонысты алады. Сол араға жеткен малдың ішінде, әсіресе, қалың топ жылқының ен суға, мол шалғынға емін-еркін араласқан күйлі кезін көрсетеді. Әлі үйін тігіп, жайғаспаған ауылдың жанды-жансыз табиғат арасында шұбартқан суретті өз қимыл-қозғалыстарымен толықтыра түседі. Сәнін молайтқан адам тобының әр алуаны көрінеді. Үй тігіп жатқан қыз-келіншек, ат үстінде мал ішін аралап жүрген ауыл иесі үлкендер аталып өтеді. Содан жұмыс үстінде жүрген шешелерді жағалаған жас балалар, тынымсыз шабуылмен күнұзын салпылдап еңбек еткен жалшылар көрінеді. Өзен бойында құс салып жүрген жас аңшы бозбалалар да ақынның көзіне түседі. Бай ауылына жағынышты, жалынышты тынымсыз көрші малай, қартаң ақсақал да өз әрекетімен аталып өтеді. Осылайша үлкен ретпенен көп өмір көрінісін аз өлеңнің ішіне тығыздап сиғыза білген ақын, негізінде реалистік пейзаж беріп отыр. Табиғаттың белгілі көрінісіне, мезгіліне адамның әрекетін мол араластыра біледі. Аз адам емес, ауылда тіршілік еткен кәрі-жастың, бай мен малайдың, қолы бос бозбаланың бәрін де тізіп өтеді.
Табиғатты ағын судай, сымпылдап ұшқан үйрек, қазды теңеу ретінде алып, адамды да тепе-тең тыныш отырған үнсіз, қозғалыссыз күйде алмайды. Әркім әр алуан іс пен мінезде, құбылыста көрінеді. Осында буы аспанға шыққан, көшіп келген жәрмеңкедей жанды өмірді оқушыға аса қонымды етіп, бас шұлғытып, иландыра біледі. Өлеңнің ішінде жанды тіршілік, қайнар қызу мол болғандықтан түрі менен өлшеу ұйқастарында да аса жанды, қызулы жүрдектік бар. Ұйқастарда келетін «шыбындап», «шылпылдап», «бұлтылдап», «сымпылдап», «сыңќылдап»,«жылпылдап»деген сияқты айтуға ауырлау келгенмен, тұрақты тыныштық күй емес, үнемі өзгеріп тұрған қозғалыс әрекетті көрсететін сөздер барлық өлеңге өзгеше ағындылық (темп) береді.
Тұтас бітімді, келісті келген өлеңнің аяғына дейін орайлас ұйқастар айнымай созылып отырады. Жиынын алғанда өлең тілінде үлкен байлықпен қатар, тапқырлық, дәлдік мол. Мал баққан, көшпелі тірлік еткен елдің жайлаудағы жаңа қонысқа көшіп, қонып жатқан кезін, қимыл-әрекетін, әбігер-қарбаласын өлеңнің әр бөлімі айқын аңғартады.
Даланың осы бір әсем поэзиялық суретінің өзі-ақ қазақ әдебиетіндегі ақындық сезімнің, әдемілікті түсінудің дәуір шындығымен қаншалықты қабысып, тамырласып жатқанына дәлел бола алады.
Бұл шығарманың көркемдік сапасын өте жоғары бағалаған Ілияс Жансүгіров өлең туралы айта келіп, «Абайдың жыры, ырғақ, музыка, дыбыс құрылысы жағынан төгіліп кетеді. Абайдың бұл өлеңдегі бір ақындық өзгешелігі – ол өлең ұйқасындағы етістіктердің сайдың тасындай ірі, қимылды, қозғалысты көрсетуге жандылығы», - дейді.
Ілияс Жансүгіров Ұлы ақынның осы өлеңінің көркемдік қасиетін, әсіресе тіл ұйқасындағы өзгешелігін дәл тауып, өте орынды пікір айтады.
«Жаз» Абайдың ең таңдаулы, ірі шығармаларының бірі. Бұл өлеңде халық поэзиясындағы өлең өрнегі, табиғи болмыстық дәлдік ерекше мол.
Біз әңгімеміздің басында арқау еткен доктор Долгополовтың куә болған өлеңі осы.
Алмахан Мұхаметқалиқызы
Abai.kz