Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Алаң 5984 1 пікір 6 Мамыр, 2021 сағат 15:57

«Рахат» базарының кәсіпкерлері: Судьяға сенбейміз!

Алматының әйдік болған «барахолкасындағы» «Рахат» базарына қатысты дау әлі басылмай тұр. Биыл наурыз айының басында БАҚ пен әлеуметтік желіде: «Алматыда 250-ге тарта кәсіпкер жұмыстарынан айырылып қалуы мүмкін», деген ақпарат жария болды. Онда Алматыдағы «Рахат» базарының жер учаскесі өзге компанияның қолына өтіп кеткені туралы айтылған.

«Жерді жалға алған жаңа компания ескі базарды сүріп тастап, орнына жиһаз фабрикасын салмақ», деген саудагерлер наразылықтарын білдіріп, митингке шыққан. Бұл қоғамда қызу талқы болды.

«Рахат» базарының жабылуына қарсы кәсіпкерлердің айтуынша, «ТКМ» компаниясы базар аумағын жиырма жылдан астам уақыт бойы жалға алып келген. Ал 2018 жылы жергілікті атқару органы (Алматы қалалық әкімдігі) жер «зираттың санитарлық қорғау аймағында орналасқанын» себеп етіп, жалға алу мерзімін ұзартпаған.

Бір қызығы, жердің пайдалану мақсаты өзгертілместен, бір ай уақыт ішінде дәл сол жерді өзге компанияға - «Алматы CPS» ЖШС-ға жиһаз фабрикасын салу үшін 5 жылға жалға беру туралы шешім шығарған. Осыған наразы болған саудагерлер жердің «Алматы CPS-ке» берілуінің артында мүдделі топтар тұруы мүмкін», деп болжайтындарын білдірген.

Аталған фабирканы салу туралы қаулыға Алматы қаласының бұрынғы әкімі, қазір «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары Бауыржан Байбек қол қойған. Ал «Азаттық радиосы» фабрика салушы компанияға иелік еткен адам Бауыржан Байбектің әкесі Қыдырғали Байбекпен серіктес болғанын анықтап жазған.

Ал жерді жалға алған жаңа компания - «Алматы CPS» ЖШС бұл орынға әлеуметтік бағытталған экологиялық фибрика салуды жоспарлап отырғандарын айтады. Олардың инвестжобасының жалпы құны 3 млрд теңге деп жоспарланыпты. «490 жаңа жұмыс орнын ашып, жыл сайын бюджетке 55 млн теңге салық төлейтін боламыз» деген компания өкілі Нұрбек Бекбау мырза «Рахат» базарының саудагерлерін қайта оқытып, сауда павильондарын ұсынатындарын айтқан.

Ал жуырда Алматы қалалық әкімдігі мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Алматыда екі тарап өкілдерін қатар шақырып, жиын өткізіпті. Біз аталған жиында айтылған ақпараттар мен сөз жарыс, пікір таласқа бір шолу жасағанды жөн көрдік.

Онда қалалық әкімдік аталған жер дауына қатысты сот процессі жүріп жатқандықтан, «Алматы CPS» компаниясына қаладағы индустриалды аймақтан жер беру туралы ұсыныс айтқан. Алайда, «Алматы CPS» бұл ұсыныстан бас тартып, өз жобалары үшін дәл жаңағы «Рахат» базарының аумағы тиімді екенін айтқан. Енді рет-ретімен жазайық...

Алдымен Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов жиынның мақсаты «Рахат» базарындағы жер телімдеріне қатысты туындаған даулы мәселені шешудің жолдарын қарастыру, әкімдік тарапынан альтернативті ұсыныс білдіру және екі тарапты тыңдау екенін айтып, сөз бастаған.

Ал Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестиция басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин: «Базардағы жағдай дәл қазір өте ушығып тұрғаны ешкімге жасырын емес. Әлеуметтік жағы бар, саудагерлер бар, дағдарыс бар... Сондықтан, біз өз тарапымыздан альтернативті жер учаскесін беруге дайынбыз. Соның ішінде индустриалды аймақтан жер беруге дайынбыз. Менің түсінгенім, сіздердің инвестжобаларыңыз баяу өндіріс цехының құрылысы. Аталған бағыттағы іскерлік индустриалды аймақ талаптарына сай келеді. Сондықтан, қазір өзге де жобалар жұмыс жасап жатқан сол индустриалды аймақта бір жыл ішінде жұмыстарыңызды жүргізуді бастағандарыңыз дұрыс, логикаға сай деп есептейміз. Егер сіздердің жоспар-мақсаттарыңыз салмақты болса, бөлінетін жер телімін ұлғайту жағын да қарастыруға болады», - дейді.

Бұған «Алматы CPS» компаниясының өкілі Нұрбек Бекбау: «Біз Алматының «Рахат» базарының аумағын таңдадық, 2018 жылы. Бізге «промзона» немесе қаланың сырты мүлдем ыңғайсыз. Неге? Өйткені, біздікі жай ғана бетон немесе темір арматура шығаратын зауыт емес. «Промзонаға» шығарып жіберетін өндіріс түрі емес. Кешенді өндіріс түрі. Біздікі - жиһаз фабрикасы. Өз шығарған өнімімізді сол арада сатамыз. 100-ге жуық жиһаз түрлерін жасаймыз. Және оларды сататын бірінші қабатта сауда павильондары бар. Бізге сол ыңғайлы.  

Екіншіден, біздің компания бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін түсінетін, әлеуметтік бағытталған компания.  Бізде алдағы уақытта 490 адам жұмыс істейтін болады. Ал «промзонаға» жіберетін болсаңыздар, ол жақтан автобустар қатынай бермейді. Біз қаланың жарты мыңға жуық адамын қинап қойғалы отырмыз. 

Мәселе бізде саудагерлерге байланысты туындап жатыр ғой. Митинг болды, баршамызға белгілі. Дұрыс емес нәрсе. Ешқандай әкімшіліктен рұқсат сұралмай жасалған митинг. Түсінеміз, уайымдап отырғанын. Біз әлеуметке бағытталған жоба болғандықтан, сол базарда жұмыс істеп отырған 250 саудагерге байланысты, өз жобамызды аздап өзгертеміз. Біздің жобада екі қабатты жиһаз фабрикасы ғой. Соның бірінші қабатын толық, сол 250 саудагер сыятындай сауда павильондарына айналдыру жоспарымызда бар», - дейді.

Осы жерде «Алматы CPS» компаниясының өкілі мен Алматы әкімдігі өкілінің арасында аз-кем сөзталас болған, қараңыз:

Оразалин:

- Сізге сұрақ. «500-ге жуық адамға жұмыс тауып береміз» дейсіз. Қазір сіздердің бір жерде істеп тұрған зауыттарыңыз, жұмысшыларыңыз бар ма?

Бекбау:

- Дәл қазір бұл жоба ғой...

Оразалин:

- Жоқ, жобадан басқа бір жерде нақты істеп тұрған басқа зауыттарыңыз бар ма?

Бекбау:

- Басқа, қазір... мұны заңгерлеріміз айтсын, ары қарай... Бөлек тоқталайық, бұл мәселеге. Бұдан бөлек бірнеше дүниелер бар. Оны арнайы тарқатып, түсіндіреміз...

Оразалин:

- Қазір маған жауап бере аласыз ба, қандай бағыттарда, не істеп жатқандарыңызды? Бізге түсінікті болуы үшін... Егер сіздердің компания бұл салада 10-20 жылдық жетістіктері бар, қалыптасқан, өзінің тәжірбиесі бар, жұмысшылары бар немесе бір контрактілері бар десеңіздер, онда бір мәселе....

Жалпы сіздерге түсіндіре кетейін, аяғында осы жерде отырған біз шешім қабылдай алмаймыз. Шешім қабылдайтын сот. Мен сіздерге ашығын айтып отырмын. Инвестиция комитеті тарапынан хат келді. Ертең ол сотта ескерілетін болады. Біз осы жайды да ескере отырып, сіздермен бірге басқа мүмкіндіктерді де қарастыруға дайынбыз.

Бірақ, нақты сіздердің мәселеде шешімді сот қабылдайды. Біз сотқа ықпал ете алмаймыз. Сіздердің инвестициялық жобаларыңызға келісіп, жер берген жауапты атқарушы орган ретінде сот шешімі бізге де әкімшілік жауапкершілік жүктейді.

Бекбау:

- Мен басшылық тарапынан толық ақпарат ала аламын. Ал дәл қазір осы жобаны енді жүзеге асырғалы отыр.

Оразалин:

- Жақсы...

Осы үш тараптың кездесуінде сөз алған «Рахат» базары (ТКМ компаниясы) заңгері Жәмила Төленова: «3 жылдан бері, ай сайын түрлі инстанцияға хат жазып, сотқа жүгініп келгендегі, осы мәселенің судың бетіне қалқып шыққанына қуанып отырмын. «Тамшы тас теседі», дейді. Өзінің шегіне жетер уақыт келген болар. Рас, қазіргі туындап отырған дау - жергілікті атқарушы органдардың салғырттығынан, тегіс жерде туындап отырған дау. «Алматы CPS-ке» қояр біздің талап-арызымыз жоқ, біздің арамызда дау жоқ.

Бірақ, ол дауды «Алматы CPS», мынау отырған Нұрбек Бекбау мырза өршітіп жіберді. Сізді қарап отырсам, «Алматы CPS» ЖШС директорының орынбасары дейді. Сіз арызданушы орган атынан келіп отырып, қазір Алматыны «қашпаған сиырдың уызына қарық қыламын», деп отырсыз.

Сіз мына «жиналуымызға басты себеп болып отырған митинг», деп отырсыз. «Митинг заңсыз өтті», - дедіңіз. Сіздің оған баға беретін құзырыңыз жоқ. Ауыздан шыққан әр сөзді байқап сөйлеу керек. Айтылған сөз атылған оқпен тең. Әлеуметтік желіде өзіңізге пиар жасаймын деп, қазір жұмыс істеп отырған 300-ге жуық кәсіпкерді ашындырып отырсыз. Осы даудың басы-қасында жүрген менің ішімдегі бұрқанысты қазір эмоциямен жеткізгім келмейді.

Біз әкімдікке ескертуімізді бердік! Бесіншісіне келісім алдық. Алматы қаласы әкімінің 2 марттағы қаулысы бойынша, бізге 10 мартта бейбіт шеру өткізуге рұқсат берген.

Екіншіден, жергілікті атқару органдарының салғырттығынан орын алып отырған дау дедім. Бізге «2018 жылы жер телімін жалға алушыларға ұзартуға болмайды», деп Исмаиловтың қолымен қағаз берілген. Жердің қайда тұрғаны, мақсаты, ештеңе өзгерген жоқ. Бұл 2018 жылы 27 сәуірде берілген жауап. Жер комиссиясының отырысы 24 сәуірде өтті. 3 күннен соң, бізге қатысты негізсіз қорытынды орын алды.

Ал енді «Алматы CPS-те» сол жердің функционалды бағыты өзгерген жоқ. Бірақ: «Жиһаз фабрикасын пайдалану үшін және қызмет көрсету үшін қала құрылысының мақсатын игеруге жер беруге болады», - дейді. Біз осы мәселе бойынша соттасып жатырмыз. Соттағы екі тарап – біз және жергілікті атқару органы.

Мынау әлеуметтік желідегі қол жетімді ақпарат. «ТКМ» ЖШС 2015 жылдан бері Үкіметке құйған салық мөлшері – 38 миллион 873 мың 494 теңгені құрайды. Оның ішінде, соттасып жүрген 2018-2019 жылдары құйған ақшалардың өзі миллионнан асып отыр.

«Алматы CPS» 2015 жылы 23 қазанда құрылған серіктестік. Осы күнге дейін құйған салық мөлшері – 638 мың 68 теңге. Бұл жер салығы негізінен. Ал басқа көрсеткіштеріің барлығы - нөл. Демек,  олар жұмыс істемейтін орын.

«Зираттың санитарлық қорғау аймағын» қайда жебереміз? «Өзеннің су қорғау аймағын» қайда жібереміз? Жиһаз фабрикасын салғанда зиратты бір жаққа көшіріп тастаймыз ба? Сол күйінде қалады. Өйткені бас жоспар әлі бекітілген жоқ. Нормативті актілер шыққан жоқ.

«Әлеуметтік жобада жұмысшылардың жағдайын жасап отырамыз», дейсіз. 490 адамның жұмысын, олардың әлеуметтік жағдайын мойынға алу – мемлекет үшін де өте жауапты іс болып тұрғанда сіздің жауапкершілікті мойныңызға алып отырған батылдығыңызға таң қаламын. Қарасам, 94 мың 160 теңге салық қарыздарыңыз төлей алмай отырып, қалай осыншама адамды қамтимын деп айтасыздар?

Қазір «Рахат» базарында жұмыс істеп отырған 300-ге жуық кәсіпкердің барлығы әлеуметтік топ. Өздерін-өздері жұмыспен қамтып, отбасын асырап, сонымен қоса, өз жұмыстарын заңды бекітіп, Үкіметке тиісті салығын төлеп отырған кәсіпкерлер. Сіздер секілді біз де Үкіметтің алдында  құқығымыз тең.

Баса назар аударып кететін жайт – сіздер «инвестициялық жоба» деп отырсыздар. Бұл жоба сотта қалай қалқып шықты, соған қол қойған кісілер, шенеуніктер, бұлардың барлығының басында тек қана әкімшілік жауапкершілік емес, қылмыстық жауапкершілікке тартылатын үлкен салмақ жатыр. Өйткені, бірде-бір заңда жобаны мынадай жолмен «инвестициялық» деп танып, бекіту туралы норма жоқ.

Базардың өзі әлеуметтік орта. Ол – әлеуметтік даудың ошағы. Ондағылар лап етіп жанып кететін топтың біріне жатады. Біз сол жердегі дауды әрі қарай өршітпес үшін, өз еркімізбен митингтен бас тарттық. Біздің жанайқайымыздың меморганның құлағына жеткеніне қуанып отырмын», - дейді.

Аталған жиынға қатысқан мемлекеттік сатып алу басқармасының өкілі «ТКМ» компаниясы тарапынан салық төлеуге қатысты заң бұзушылықтар тіркелмегенін растап сөйлеген.

Жәмила Төленова:

- Бізді шамдандыратыны - 2019 жылдың сәуір айында біз арызымызбен бірге эскиздік жобамызды Алматы қалалық әкімдігіне тапсырған болатынбыз. Біз де базарларды модернизациялау жобасына қатысатынымызды, ондағы қызметкерлердің барлығына жұмыс орындарын беріп, одан бөлек 2 өндіріс орнын ашатын боп жоспарлағанбыз. 2019 жылдың сәуірінде біздің жобамызды қарауға алған әкімдіктің жауабы әрі қарай мүлдем жоқ болды. Соңында білгеніміз, 30 мамырда ол жер «Алматы CPS-қа» беріліпті. Оны «Алматы CPS-тың» алғанын біз 2019 жылдың желтоқсан айында ғана біліп отырмыз.

Жер кодексінің нормаларына сәйкес, ол жерде біздің «артықшылық құқығымыз» бар. Өйткені осы пайдаланып келген уақытта біздің тарапымыздан заң бұзушылық оқиғалары орын алған жоқ. Сондықтан, біздің «артықшылық құқығымыз» жойылған жоқ. Оны ешкім өзгерте алмайды.  Біздің «артықшылық құқығымыз» бар екені Жоғарғы соттың қаулысында 2019 жылдың сәуір айындағы қаулысында да көрсетілген.

Түйін. «Рахат» базарының жеріне «таласқан» астаналық компанияға Алматы қаласының әкімдігі индустариалды аймақтан жер беруге дайын. Алайда жиһаз фабрикасын саламыз деген астаналық компания Алматының индустриалды аймағына барудан бас тартып отыр. Алматы әкімдігі өткізген жиында астаналық компанияның мемлекетке 94 мың теңгеге жуық берешегі бар екені де белгілі болған.

Алдағы аптада екі компанияның арасында сот басталады. Бір қызығы екі жылға созылған іс құжаттарын бұрын астаналық компанияға шешім шығарып берген судья Г. Казымбетова қайта өзі алмақ. Бұл туралы «Рахат» базарының заңгері Жәмила Төленова өзінің «Facebook-тағы» ресми парақшасында 11 сәуір күні ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асановтың атына жазылған базар саудагерлерінің үшбу арызын жариялапты. Кәсіпкерлер бұрынғы судьяның істі өзіне қайта алуы -сотта әділетсіз шешім шығады дегенді білдіреді деп санайды.

Ка Мырза

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1970