Фарида БЫҚАЙ. ҚАШЫР ҚАЛАЙ ТЕРЕҢКӨЛ АТАНДЫ?
Осыдан сегіз-тоғыз жыл бұрын маған Мүкаш Жаманбалинов ақсақал хабарласып:
- Оу, қызым, сүйінші, әлгі Тереңкөл болыстығының мөрін таптым! Тез жет! - деген. Апыл-ғұпыл киініп, жүгіріп жеткенімде, Мүкаш ата сарғайған қағаздарын ақтарып, біртүрлі қобалжып отыр екен.
Осыдан сегіз-тоғыз жыл бұрын маған Мүкаш Жаманбалинов ақсақал хабарласып:
- Оу, қызым, сүйінші, әлгі Тереңкөл болыстығының мөрін таптым! Тез жет! - деген. Апыл-ғұпыл киініп, жүгіріп жеткенімде, Мүкаш ата сарғайған қағаздарын ақтарып, біртүрлі қобалжып отыр екен.
- Әкем марқұм Мүбарак Уәлиұлы діни білімі терең, медреседе сабақ берген молда болған адам еді. Қазақ баласының басына төнген қуғын-сүргіннің зардабын тартып, небәрі 37 жасында өліп кетті. Қаукен әжеміздің айтуынша, ішінде араб, латын әріптерімен жазған қолжазбалары, жер-су атаулары жазылған ескі географиялық карталарымыз, екі-үш дөңгелек мөр, бір төрткүл мөр, көптеген кітапшалар салынған сандықты түн ішінде әкейді жерлеген соң-ақ, зиратының басына апарып бірге көмеді. Әжеміздің бізге айтып кеткен осы бір аманат сөзі өмір бойы жүрегімде жүрді. Қайтсем әкемнің зиратын табамын деген ой мазалай берді. Қуғын-сүргін жылдарының нәубетінен сескеніп қалған үлкендер жағы бізге зияны тиеді деді ме, атылғандардың зираты қай жерде жатқандарын да айтып кетпеді. Содан әркімдерден сұрастырып жүріп, әкемді жерлеген жерді алпыс жылдай уақыт өткенде іздеп таптым-ау ақыры. Ағайын-туыс, бауырларды жинап ас бердік. Әжемнің айтқаны есімізге түсіп, ел ақсақалдары бар, мәйітті қазбаламай, зиратты айналасын тереңдей қазып жүріп, әлгі темір сандықты тауып алдық. Сандықтың ішінде кітаптар да, мөрлер де, барлығы да сақталыпты. Дөңгелек және төрткүл мөрлер басылған қағаздар сол күйінде қалыпты. Енді мөрлер жайына тоқталайын, міне, қарап ал өзің,- деп қолыма ұстатты. Қолыма алып қарасам, шынында да, мөрлердің таңбасы басылған шежірелі қағазда арабша жазулар бар екен. Мүкаш ата бұл мөрде "Төртінші ауыл, Тереңкөл болысы, Павлодар уезі, Семей губерниясы" деген жазу бар деп түсіндірді. Яғни, бұл біздің қазіргі Қашыр аталып тұрған ауданымыздың әуелден келе жатқан атауы көрінеді.
- Әкем медреседе ұстаздық етіп, іс-қағаздарын жүргізді. Марқұм сандық толы қағаздарын өзіммен бірге көміңдер деп бекер айтқан жоқ қой. Ол да өз әкелерінің өздеріне тапсырған аманаттарын осылай орындауға, келер ұрпақ бізге жеткізу үшін мұрат етіп кетті. Тереңкөлдің, Ұялы мен Ұрықтың, Үйірлітүптің, Аққулының байырғы атауларын қайта оралту сендердің міндеттерің қарақтарым, біздің жасымыз болса, жетпістен асып барады, - деп Мүкаш ата әңгімесін аяқтап еді. Сол екі арада "Қашыр ауданының байырғы Тереңкөл атауы қайта оралса" деп жиі-жиі мақала жазып, жергілікті билік басындағыларға, ономастикалық комиссия мүшелеріне ой тастаймын, осы ойымды жүзеге асырамын деп жүріп ардақты ұстаз Темірболат Дәйкенов аға да өмірден өтіп кетті.
Жамбыл Артықбаев деген ғалым Қашыр сөзі ертедегі сөздіктерде кездеспегенімен де, ол қазақтың сөзі, көне топоним дегенге келіп бір тоқталды. Бірақ бұл сөз осы күнгі қазаққа түсініксіз. Ақсақалдардың мазасыз күй кешіп жүргендері де осы. Қашыр деген атау бізге Тереңкөл болыстығы өмір сүрген ХІХ ғасырдан кейін, өзге ұлт өкілдері жерімізге қаптап келе бастаған тұста орыстардың Качиры деп айта бастауынан пайда болған секілді. Осы сөзді Қашыр деп бертін ғана қазақшалап жазып жүрміз. Ауданның сол кездегі әкімі Оразкелді Қайыргелдинов "аталардың аманатын орындау - парыз" деп өзі бастап, ауданның байырғы атауының қайта оралуына белсенділік көрсетті. Аудандық мәслихат отырысында талқыланып, мақұлданып, "ауданның аты болмаса да, аудан орталығы Тереңкөл ауылы аталсын" деп облыстық мәслихаттың қарауына ұсыныс жіберді. Кейбір өзге ұлттар өкілдерінің тарапынан туған түсінбеушіліктен бұл ұсыныстың өтпей қалуы да мүмкін еді. Әкімдік қызметкерлері бүкіл ауылды аралап, Тереңкөл ауылы деп атайтын болсақ, қарсы емессіз бе деп қол жинады. Өз жерімізде, өз елімізде, өз ауылымызда тұрып ата-бабалардың ата қонысын өз атымен атап, қайта оралтуға өзгелердің келісімін сұрап осылай шарқ ұрдық...
Өткен жылғы желтоқсан айының суық күндерінің бірі еді. Кешке қарай үйдегі телефон шыр ете қалды. Трубканы көтерсек, облыстық ауыл шаруашылық департаментінің сол кездегі бастығы Нұржан Әшімбетов екен. Қашыр жаққа хабарласыңызшы, жақсы жаңалық бар! - деді ол. Дәл сол күні "Қазақстан электролиз зауытының" алғашқы кезегі іске қосылып облысқа жұмыс сапарымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келген еді. Жақсы жаңалық деген соң, қызғушылықпен түн ішінде Қашыр ауылының әкімі Ермек Мұсағитовтың үйіне телефон шалдым. - Бүгін Елбасын көріп, қолын алып, амандасып отбасыммен бөлісіп, өзімді қоярға жер таппай отыр едім. Бәрінен бұрын Қашыр атауы жөнінде айтқанын қараңызшы! Ең үлкен қуаныш осы!- деген соң, ертелетіп сол жаққа қарай жолға шығып кеттік. Әңгіменің ұзын-ырғасы былай екен. Павлодар мен Беларусь жағы бірлесіп ауыл шаруашылығына керекті шағын кешенді тракторлар жасап шығаратын зауыт ашқан болатын. Электролиз зауытынан кейін өз жерімізде құрастырылатын жаңа тракторларды көрмекке осы жерге Елбасы келеді. Өзін күтіп тұрған аудан, ауыл әкімдеріне жақындап келіп сәлемдеседі. Ауыл-елдің жағдайын сұрап танысады. Қашыр ауылының әкімі Ермек Мұсағитов пен сол ауданның Песчаное ауылының әкімі Шайза Ұқпаевалармен амандасып хал-жағдайларын білген соң, Елбасы:
- Сендер қай ауылдансыңдар?-деп сұрап қалады. Екеуі де жарыса:
- Қашырдан келдік! - дейді. Елбасы: Қашырдан?! Қашыр деген не сөз өзі? - деп қасында тұрған облыстың бұрынғы әкімі Қайрат Нұрпейісовке бұрылады. Тракторларды көрсетеміз деп жиналып тұрған жергілікті басшылардың үлкен тобы күтпеген жерден қойылған бұл сұраққа не айтарларын білмей бір сәтке бәрі де абдырап қалады. Өзгертеміз Нұрсұлтан Әбішұлы, міндетті түрде өзгертеміз!- дейді сол кездегі облыс әкімі Қайрат Нұрпейісов. Бұл әңгімені сол жерде тұрғандардың бәрі естіп, бірінен соң бірі біздің тілшілер қосынына хабарласып, сүйінші сұрады. Ауыл шаруашылығы департаментінің сол кездегі бастығы Нұржанның қуанып, бізді іздеп түнделетіп асыға телефон шалып жүргені осыдан екен. Қашырдың атауы жайындағы қуанышты бұл әңгімені біз дереу Мүкаш ата бастаған ақсақалдарға жеткіздік.
- Ойпырым-ай ә!.. Біздің ата-бабаларымыз Президенттің келуін күткен екен ғой!- десті олар. - Елбасының шағын бір ауылдың атына сонша мән бергенін қарашы! Ұлық болсаң кішік бол деген осы!.. - деп ақсақалдардың жас балаларша мәре-сәре қуанғанын өз көзіммен көрдім. Әумин деп бата беріп, бет сипасты. Елбасы Астанаға жеткен күні ертесіне белгіленген уақытына сәйкес облыстық мәслихаттың кезекті сессиясы өтті. Қашыр ауданының орталығы Қашыр ауылын Тереңкөл ауылы деп атауға депутаттар бірауыздан қолдау көрсетті. Қуанғандары ма, асыққандары ма аудан әкімдігі темір қаңылтырға "Тереңкөл ауылы" деп ақ сырмен жазып, аудан орталығының кіреберісіне сүт фермасының атауы секілді екі таяққа шанши салды. Қасында "село Теренколь" деген орыс тіліндегісі де қалмай қосарланып, қатар жазылып тұр. Солай жазылған жазу сол күйі әлі тұр. Елдікті, егемендікті, тәуелсіздіктің талаптарын бір-ақ ауыз сөзбен жеткізген Елбасыдан біздің әкім-қаралар қашан үлгі алып, ойланар екен. Бір қауым елді, облыс тұрғындарын қуантқан Елбасының облысқа сапары менің есіме жиі-жиі түсе береді. Жазсам деп оқталып көп жүрдім. Неге жазбасқа?.. Ендігі мәселе тағы да аудан әкімдерінің қолында тұр. Ауданның атауын да Тереңкөл деп атап, ауыл, елді қуантып, ата-бабалардың, Елбасының аманатын орындау біздің міндет - парызымыз.
Фарида БЫҚАЙ, Павлодар облысы.
"Егемен Қазақстан" газеті 4 шілде 2009 жыл