Шалқар Естен. Абаджян
Осыдан жиырма алты жыл бұрын Канада елінде жиырма үш жастағы кеңес боксшысы Валерий Абаджян күллі отандастарын қуантып, тарихи жеңіске жетті. Бұл қараша айының орта шенінде Монреальда өткен Әлем кубогындағы бәсекелер болатын. Воронеж бокс мектебінің түлегі сол күні финалдық жекпе-жекті ұтып, өзінің спорттық ғұмырындағы ең биік белесті бағындырып қана қойған жоқ, сондай-ақ КСРО былғары қолғап шеберлерінің арасында тұңғыш рет аса ауыр салмақта америкалық қарсыласын жеңген спортшы ретінде де танылды. Бұған дейін америкалықтардың «жеке меншік» салмақ дәрежесі саналып келген 91 келіден жоғарыдағы сайыстарда бірде-бір кеңестік боксшының бағы жанып көрмеген еді. Осылайша, Валерий Абаджян көп жылдар бойы қалыптасқан дәстүрді бұзып, Әлем кубогына ие болды. Шындығын айту керек байрақты сында ол бар болғаны екі кездесу өткізді. Аса ауыр салмақта бәсекелестіктің төмен болуына байланысты бірден жартылай финалда өнер көрсетіп, алдымен болгарлықты тізе бүктірді, содан соң бүкіл жанкүйерлердің назарын өзіне аудартқан ақтық бәсекеде америкалықтардың үкілі үміті Джонни Кейстің жігерін құм етті. Бұл қазір біздер үшін қатардағы оқиға сияқты көрінері анық. Бірақ дәл сол шақта, әлемді қақ бөліп алуға ұмтылған бітіспес қос саяси жүйе үшін бәсі бөлек бәсеке болатын.

Спорт тарихында үлкен жетістіктерге жетпесе де есімі ел жадында жатталып қалатын тұлғалар көп кездеседі. Солардың бірі ретінде Абаджянді айтуға әбден болады. Әлемді таңқалдырған сол жеңісінен өзге оның ауыз толтыра айтар салмақты жеңісін шаммен іздесеңіз де таппайсыз. Әрине ол 1982 жылы КСРО-ның абсолютті чемпионы деп танылды, кеңестік біріншілікті үш рет ұтты және 1983 жылғы Спартакиаданың жеңімпазы атанды. Бұл да оңай келген табыс емес, дегенмен дәл осындай, тіпті бұдан да үлкен асуларды алған кейбір спортшылардың есімі әлдеқашан ел есінен шығып қалғаны ащы да болса ақиқат. Ал Абаджянді үлкен спорттан кеткеніне жиырма жылға жуықтаса да көптеген жанкүйер ұмыта қойған жоқ. Ринг төрінде арыстандай арпалысатын әйгілі Теофило Стивенсонға қарсы қызыл империяның атынан шығатын бірден-бір боксшы осы Абаджян болғанын қалайша естен шығарайық. Рас ол үш дүркін Олимпиада чемпионын бірде-бір рет ұтпаса да лайықты қарсыластық танытатын. Өзіміз сияқты қаршадай қазақ баласы да оның тілеуін жабыла тілеп, Стивенсонға жұдырық сілтесе үдере түрегеліскені де күні кеше. Дегенмен сол Абаджянымыз даңқты қарсыласын ең құрығанда бір мәрте де ұта алмады. Оған еш өкінбейтінбіз де. Тас бүркеніп ап, жекпе-жек аяқталғанша санаулы ғана соққы жұмсайтын боксшымыздың рингтегі қимыл-қозғалысының мәнеріне-ақ мәз болысатынбыз. Кейінірек бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбаттарында Валерийдің өзі де Стивенсонның алдында бас иетіндігін ашық айтты да. Оның хас талант екенін шүбәсіз мойындайтынын және сондай айтулы тұлғамен талай мәрте жұдырықтасқанын мақтан тұтатынын да сөз етті.
Ел есінен өшпеген, жұрт жадында сақталып қалған осы жігіттің, әрине бүгінде жігіт ағасына айналған спортшының өткеніне үңіліп көрсек, көпшілік қауымға қызық біраз жайттарды кездестіреміз. Мәселен ол бокспен тым кеш, Отан алдындағы борышын өтеп болғаннан соң ғана айналысқан екен. Ол ең алғаш бокс өнеріне телевизордан Петр Заевтың жекпе-жегін тамашалай отырып қатты қызығады. Кейінірек Мәскеу олимпиадасының күміс жүлдегері атанған Заевтың қимылына тәнті болған зауыттағы шебердің оқушысы, жас Абаджян өзінің алдына биік мақсат қойды. «Заевтың қолынан келгенде, менің қолымнан неге келмейді?» деп белін бекем буынған ол кештетіп болса да, бокс әлеміне осылай қадам басқан болатын. Көп ұзамай-ақ воронеждік жұдырықты мәскеуліктер де мойындай бастады. Және ең бастысы, өзіміз жоғарыда сөз еткендей, Әлем кубогында жұлдызы жанып, жеңістің ең биік тұғырынан табылды. Кейінірек Одақ көлемінде аса ауыр салмақта өзіне тең келер қарсыластың жоқтығын бірнеше рет дәлелдеп бақты.
Абаджянның кезінде ағылшындық Леннокс Льюисті де ұтқаны жылнама беттерінде жазылған. Ол бертін келе кәсіпқой бокстың жарық жұлдызына айналған әйгілі Льюисті тіптен нокаутпен тұқыртқан еді. Бұл оқиға 1986 жылдың күзінде Герман Демократиялық Республикасындағы халықаралық турнирде тіркелген болатын. Спорт мамандарының пікірінше, дәл сол жылдары Абаджян нағыз спорттық бабына енген. Бокс жанкүйерлері екі жылдан соң алауы тұтанар Сеул Олимпиадасында ел намысын Валерипй қорғайды деп нық сенген-ді. Бірақ 1988 жылғы олимпиадалық ойындарға дейін Абаджян үлкен спортпен қош айтысып үлгерді. Мұның алдында Лос-Анджелесте өткен Олимпиадаға да қатысуды тағдыр оған жазбағаны мәлім. КСРО кейбір социалистік елдермен бірлесе отырып, АҚШ елі қабылдаған ойындарға қатысудан бас тартқаны баршаға аян. Әйтпесе Абаджянның омырауына Олимпиада жүлдесінің бірі тағылар да ма еді? Сол жолы бір-бірімен ұстасқан екі түрлі жүйенің құрбандығына айналса, Сеулге бару-бармауы да өзгелердің қолында болған көрінеді. Осы тұрғыдағы пікірін көпшілікке жеткізген Абаджян, оңтүстік Кореяда өтетін байрақты жарысқа өзінің барарына сенімсіз болғанын айтады. Спортта көп нәрсе билік тізгінін ұстаған кейбір пысықайларға тәуелді екенін өкіне еске алады.
Міне осындай түрлі себептермен иегінің астында тұрғандай болған екі бірдей Олимпиададан қағылған Абаджян өзінің барлық мүмкіндігін толығымен паш ете алмады. Кейінірек оны спорт арқылы ақша сапыруды көздейтін кәсіпқой бокстың өкілдері де айналсоқтап көрді. Бірақ кеңестік, дәлірек айтсақ, соцтиалистік идеологияның әсеріне әбден берілген Абаджян олардың ұсыныстарына құлақ аспады.
Үлкен спорттан қол үзгесін ол өзі алты жасынан бастап тұрған сүйікті қаласына біржолата келіп, орнықты. Көптің бастамасымен жаңадан құрылған Кикбоксинг федерациясын басқарды. 90- жылдары жастар жаппай бет бұрған осынау спорт түрінің Воронежде мықты мектебінің қалыптасуына зор үлес қосты. Осы қаладағы оқу жоғары оқу орындарында ұстаздық етіп келеді. Бір ұл және бір қыз тәрбиелеп өсірген әке.
2009 жыл.