Сенбі, 23 Қараша 2024
Білгенге маржан 52367 7 пікір 6 Тамыз, 2021 сағат 14:51

Махамбеттің Баймағамбетке айтқаны

Осыдан 96 жыл бұрын шыққан қазақтың алғашқы педагогикалық журналы «Жаңа мектептің» алғашқы сандарын парақтап отырып қазақтың өткен тарихы мен әдебиетіне қатысты бірталай тың дүниелермен танысуға болады. Мысалы, Абай Құнанбайұлының кітаптары 1928 жылы ақпан айында Қызылордадағы «Мемелекет баспасы» жағынан 40 баспа табақ көлемінде 10 мың тиражбен басылу жоспары болғаны сияқты деректер еді. Солардың арасында тағы бір назар аударғаным «Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға айтқан сөзі» деген жыры болды. Өзіміз мектепке оқып өскен «Махамбеттің жырына» ұқсамайтын ұйқастары бар бұл жырды оқырман назарына да ұсынуды жөн санап, теріп дайындап, жариялап отырмыз. Жыр соңында, «Басқарма» жағынан түсініктеме жазылған. Онда: бұл жырды 1894 жылы Ахмет Бірімжанов Орынбор маңында жазып алғаны айтылады. Бұл жылдары Ахмет Бірімжанов Қазан уинверситетінде студент еді.

Ахмет Бірімжанов 1891 жылы Орынбор гимназиясын, 1895 жылы Қазан уинверситетінің заң факультетін бітірген. 1906 жылы  және 1907 жылдары  Ресей  І және ІІ мемлекеттік думасына Торғай облысы атынан депутат болған. Алашорда үкіметінің мүшесі. 1928 жылы 5 қаңтар күні Ленинградта қылтамақ науқасымен қайтыс болған.

Төменде Махамбет жырының Ахмет Бірімжановтан жеткен нұсқасы:


Баймағамбет правителге Беріш Махамбет батырдың айтқан сөзі

Баймағамбет сұлтаным,
Сұлтандардың ішінде,
Сендер бір атадан
Анайы туған сұңқарым.
Сендер бір қайыңға,
Қарсы біткен бұтақсың,
Шауып едім балтам кетілді,
Қайрап едім тағы жетілді,
Атпай, шаппай олжа еттің,
Махамбет сынды жетімді.
Заманымда болған патшам деп,
Алдияр тақыр әділ хан,
Айта келдім өтілді.
Қасарған жерден қан алған,
Қас патшам сен едің.
Қамалғанда қап түбінде жатпасаң,
Қас қарашың мен едім.
Ойлай білсең тақсыр-ау!
Қарашығыңның қай бірінен кем едім?
Есіктегі күңің мен құлыңа теңедің.
Бетіме жетіміңдейдей қарадың;
Ханнан кегім ала алмай,
Арқаның алпыс екі саласына барғаным;
Қас үліктей нар керек,
Біздің бүйткен бұл іске
Қабырғасын қаусатып,
Бірін – бірі сөксе де
Қабағын шытпас ер керек.
Біздің бүйткен бұл іске,
Атаңа нәлет айттырып,
Ат басына соқтырып,
Біздің қазақ баласы
Бүйткен лағнет жүрісің.
Айда қардай арбадың,
Арбадың да қалмадың,
Қайрат қылар ерің біз болсақ,
Заманымда болған сұлтаным,
Алай ма сұлтан алай ма?
Астыңа мінген арғымақ,
Аяңдай түсіп жарай ма?
Арғымақ деген жығылғыр,
Найза бойы жар көрсе,
Жабыдайын жалтаңдап
Жануар түсер жерін қарай ма?
Арғымақ атқа айдай таға қақтырсам,
Кілегей қатқан Еділдің,
Көкше мұздан таяр ма?
Атаның ұлы жақсыға,
Малың бер де басың қос,
Басыңды қос та бек силас;
Күндердің күні болғанда,
Жетесі жаман болмаса,
Шыбын жанын аяр ма?
Қалы кілем қара нар
Жарасады қатарға:
Аруана жисаң жарасар,
Ол күнінде сапарға.
Қамалаған көп дұшман
Халықта бар да менде жоқ,
Арызымды айтарға.
Күмісті мылтық қолға алып,
Көлден қулар ұшырдым
Қолымдағы құсымды.
Қапылдықпен ұшырдым,
Алтыннан айбат тор жасап,
Ақырда қолға түсірдім.
Қызғыш құс ау, қызғыш құс
Қанатың қысқа байғұс құс
Сені көлден айырған,
Аң сұңқар құстың тепкіні.
Мені елден айырған,
Хан Жәңгірдің екпіні:
Қаршыға деген бір құс бар,
Қанаты айдың астында
Ұясы оның саяда
Қарағай қайың басында.
Аңқау өскен ер едім,
Бұла болып жасымда,
Бұ қонысқа қондырған
Ата-бабам оңбасын.
Теңдікті сұрар күн болса,
Отырамыз үкімге,
Таңда сират басында,
Айналайын ақ Жайық
Ат салмай өтер күн қайда?
Еңсесі биік боз Орда,
Еңкейе кірер күн қайда?
Қара бұланның терісінен
Етік қылар күн қайда;
Күдеріден бау тағып,
Сауыт киер күн қайда?
Күмбір-күмбір кісінетіп,
Күреңді мінер күн қайда?
Толғамалы ақ мылтық,
Толғап ұстар күн қайда?
Алты құлаш ақ найза,
Ұсына шаншар күн қайда?
Садақ толған сайгез оқ
Масағынан өткізіп,
Басын қолға жеткізіп,
Созып тартат күн қайда?
Кетбұғадай билерден,
Ақыл сұрар күн қайда?
Бізді тапқан ананың,
Асыраған атаның,
Ыразылықпен жайласып,
Қолын алар күн қайда?
Еділдің бойын ен жайлап,
Шалғынға бие бір байлап,
Орындықты сабадан,
Боз бала мен күліп ойнап,
Қымыз ішер күн қайда?
Балдағы алтын, ақ болат,
Салайын десем қында жоқ;
Жағасы алтын кіреуке,
Киейін десем ода жоқ;
Тар қолтықтан оқ тисе,
Тарыққанда қайырылар
Қарындасым және жоқ.
Сөйле-сөйле дедің бе?
Заманында болған сұлтаным.
Ит алған құт асында жоқ,
Таудай болған талаптың
Назары қайтқан күн болған.
Жібектен бауыр көтеріп
Ақ сұңқар ұшқан күн болған.
Жағаналы боз Орда
Еңкейіңкі күн болған;
Еділден шыққан сыз ашық
Біз көргенде тізеге
Жетер-жетпес су еді.
Телегейдей теңіз етсе тәңірі етті
Жағасына біткен құба тал
Үй ағашқа жарар жарамас
Жапырағын жайқалтып,
Терек етсе тәңірі етті.
Алқалаған жер болса,
Азамат басы құралса,
Машурат кеңес сұралса,
Машурат берер ер едік,
Бізге сізді кіріптар етсе тәңірі етті,
Кеткенім жоқ олжа үшін.
Кетіп едім елімнен,
Атаңа ләнет Жәңгір мен
Бір ауыз айтқан сөз үшін.
Баданамды баса бөктеріп
Қасыма жаттан жолдас ертіп
Күн қатып жүрген мен
Ана Нарында жатқан
Жас баланың қамы үшін.
Алаш-алаш болғалы,
Алашқа хан болғалы
Көк иірімде суарып
Көк қамысқа ат байлап
Алты күндей алаулап
Он екі күндей ой ойлап,
Ақылды алыс жаққа жаптырып,
Ақылы жөнге келген соң,
Толғай-толғай жүгірген,
Топырағын суарған
Ертеден салса кешке озған,
Ылдидан салса төске озған,
Қой мойынды көк жұлын
Көк жұлынды жетектеп,
Қисық жерден төтелеп,
Қабырға, қол сөгіліп
Арғымақ ат бүгіліп,
Әзіреттен ант ішіп
Ақыретте жанға байланып,
Талай жүрдік далада.
Әділ жаннан түңіліп.
Ереуіл атқа ер салмай
Егеулі найза қолға алмай
Еңку-еңку жер шалмай
Қоңыр салқын төске алмай
Құбыланы төрт күл оңға алмай,
Ерлердің ісі бітерме?
Тебінгіні терге шірітпей,
Терлікті сүттей ірітпей,
Өлеңді төсеп ет жемей
Ұлы түске ұрынбай,
Жанға салған малтаның,
Бір  түйірі ас болмай
Атыңды байлап келгенде
Қатын, бала жат болмай,
Түн қатып жүріп төс қашпай,
Темір қазық жастанбай,
Қу тоғалай бастанбай
Ерлердің ісі бітерме?
Біз неткен ер, неткен ер
Сергелдең мен өткен ер,
Еділ менен Дендерден
Сағыз менен Жемдерден
Онан талап еткен ер.
Арқада Әлім барды деп,
Қайыспас қара нарды деп,
Онан талап еткен ер.
Біз ер едік, ер едік.
Ен нарында жүргенде:
Еріккенде ер едік,
Ерінгенде би едік,
Баймағамбет сұлтаным,
Ашыққан күні кез келсең,
Сендей қалмақ шатысқандарды,
Қабыландай қайырға соғып,
Етіңді талай жер едік.
Қата кетті бұл сөзім,
О, осы жолы не дедің
Біз Өтемістен туған он едік,
Сол онымыз жүргенде,
Мың сан әскер қол едік.
Біздің жәйді сұрасаң,
Ертеден көшіп кеш қонған,
Салқара көшіп шек қонған,
Санаулы санды Орданың бірі едік.
Күн қақты ердің астында,
Көп жүгіретін көлік бар:
Көн садақтың ішінде,
Сауытты бұзар жебе бар;
Қабағын қара бөрік басқан,
Жауырнына күшіген жүнді оқ шанышқан,
Қарайғанның сұлтаным,
Бәрін кісі демеңіз,
Күпе күндіз тайраңдап,
Түзге шықпас ерлер бар.
Тауда болар тарғыл тас
Тарықса шығар көзден жас,
Ордалыға көз салма,
Оғы қалса жоғалмас.
Таптан озған тарлан боз,
Турасынан айырылса,
Тасты басып тұра алмас.
Асылдан болат ұл туса;
Екі жақ болып тұрғанда
Егескен жерде шарт кетер
Жауырыннан өтіп алса да,
Жамандарға жалынбас.
Ай тақсыр ау, тақсыр ау
Бойың жетпес биікті;
Болатқа жетпей шарт сынбас
Айта келген сөзім бар,
Не қылсаңда жасырман.
Қарық қылар деп тақсыр ау
Аяғыңа бас ұрман,
Шамдансам жығар асаумын,
Шамырқансам сынар болатпын,
Кескілеспей басылман.
Айырдан туған жан боз бар
Жүгін нарға салар ма?
Нардан туған қоспақ бар,
Хайуан десе нанар ма?
Ай астында бір көл бар,
Ат шаптырса жеткісіз.
Ортасында алуа шекер бар
Татқан қулар кеткісіз.
Қарада да қара бар,
Хан ұлы сұлтан басып өткісіз.
Алланың бір-бір күні бар
Бір жарым айға бергісіз
Өзіңдей жақсы болмаса,
Менің айтқан бұл сөзім,
Құлқынға жаман жеткісіз.
Боз Орданы тіктім деп,
Боз ағашты жықтым деп,
Ханым-ханым дегенге
Көтермеңіз бұтыңды,
Көптірмеңіз уытыңды.
Күндердің күні болғанда
Өзіңнен мықты табылса,
Заманымда болған сұлтаным,
Ту сыртыңнан жармай алар өтіңді
Кеше бір зынданда жатып құбылдық;
Қамалаған көп дұшпанда қор болдық.
Орыстың біз тас үйінде жатқанда
Терезеден телміріп;
Ағайын мен туғанды,
Бір көруге зар болдық.
Кешегі күлдір күреңімнің барында
Қазақтың көлігіне жалынбан.
Жайықтың бойы көк шалғын,
Күзерміз де жайлармыз.
Күмістей сынды күреңді,
Күдірейтіп күнде байлармыз.
Құдай істі оңдаса,
Ісім жөнге келгенде
Қамалаған көп дұшман,
Әлде болса күң мен құлдай қылып айдармын.
Аспандағы боз торғай
Бозаңда болар ұясы
Бозаңның түбін су алса,
Қайғыда болар анасы;
Қара лашын, ақ тұйғын,
Қайыңда болар ұясы.
Қайыңның басын жел шалса,
Қайғыда болар анасы.
Айланбастың Алатау
Бауырында болар саясы.
Тоқсан тараудан су ақса,
Дария болар сағасы.
Сан шерулі қол болса,
Патша болар ағасы.
Аз сөйлетіп көп тыңда,
Қасы асылдың баласы.

Басқармадан: Бұл өлеңді 1894 жылы Ахмет Бірімжанұлы марқұм Орынбор аузындағы Ахмет деген жырау аузынан жазып алған.

Ахаң айтуына қарағанда бұл өлеңді Махамбет Баймағамбеттің алдына шақыртылып келіп отырғанда айтқан болса керек. Исатайдан айырылып, Махамбет жалғыз жүргенде Баймағамбет шақыртады. Қасында Үбі тағы басқа басты адамдармен Махамбет Баймағамбеттің ордасына келеді.

Баймағамбет төрде жастыққа шынтақтап жатыр екен. Басқаларға көрісіп, кіріп келіп ұмысынған Махамбетке қолын бермейді. Махамбет қару-жарағымен, жүгініп есікке отыра кетеді; қылышын сүйене отырады. Жұрт тым-тырыс. Баймағамбет те тым-тырыс. Бір аздан соң Баймағамбет Үбіге:

– Осындай сөйлейтінің бар еді – ғой, –  дейді.

Үбі:

Мен не сөйлейін. Махамбет сөйлемесе, – дейді. Баймағамбет:

–  Ендеше, Махамбет сен сөйле! Дейді. Сонда ыза кернеп отырған Исатайдан айырылып налып жүрген Махамбет жоғарғы өлеңді айтқан екен дейтұғын Ақаң.

Махамбет Исатайдың жан жолдасы. Жәңгірге қарсы көтерілген қара бұқараның бастығының бірі. Әрі батыр, әрі шешен, әрі ақын. Осы өлеңінде Махамбет соңына ерген бұқара мен хан тұқымына қалай қас болғанын айқын суреттеген. Исатай –  Махамбет көтерілісі Бөкейліктен басталып, үш-төрт жыл созылған.

Бұл 1936 жыл мен қырқыншы жылдар арасы.


«Жаңа мектеп» журналы. № 7-8 (22-23). 1927 жыл.  51-56 беттер.


«Жаңа мектеп» журналы туралы алдыңғы жазба: 95 жылдың алдында жарық көрген журнал

Әзірлеген Абай Мырзағали

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5347